Жаңа мектеп, жайлы тұрмыс, «Қамқорлық» – халықтың игілігі

153

0

«ТӨМЕНАРЫҚ» АУЫЛЫ ТАБИҒИ ГАЗҒА ҚОСЫЛДЫ

Конституция күні қарсаңында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Жаңақорған ауданына жұмыс сапарымен барып, «Төменарық» елді мекеніне газ қосу рәсіміне қатысты.

Аймақ басшысы ауылдарға «көгілдір отын» құбырын тартуда атқарылған жұмыстарға тоқталып, игілікке қол жеткізген тұрғындарды құттықтады.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Аса маңызды мәселелердің бірі – ауылды кешенді түрде жетілдіру.

Ауылдарға нақты қолдау көрсетіп, заманауи инфрақұрылымды дамытуымыз керек» деп тапсырма берген болатын. Президентіміздің, Үкіметтің ерекше қолдауының арқасында бұл мәселе кезең-кезеңімен шешілуде.

Екі жыл бұрын облыс бюджеті 364 млрд теңге болса, бүгінде 733 млрд теңгеге жетті. Бұл қаражат тұрғындардың жайлы тұрмысына ең қажетті игіліктерге,  атап айтқанда, жолмен, ауызсумен, электр энергиясымен, газбен қамтамасыз етуге, әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталды. Биыл аймақта 43 млрд 300 млн теңгеге 300 шақырымнан асатын автомобиль жолдары жөндеуден өтеді. Бұл арқылы жақсы жағдайдағы жолдар үлесі 92 пайыздан асады. Тұтынушыларға электр энергиясын сапалы әрі тұрақты жеткізу үшін 11 млрд теңгенің 38 жобасы қолға алынған.

Осы жылы аймақта 11 елді мекен газдандырылып, «көгілдір отын» тұтыну көрсеткіші 78 пайызға жеткізілмек.  2025 жылдың соңына дейін барлық елді мекен орталықтандырылған ауызсу құбырына 100 пайыз қосылады, – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Газды пайдалануды бастаған ауыл тұрғындарын облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев құттықтап, ардагер Темірбек Құтжанов бата берді. Іс-шарада аудан дамуына үлес қосқан азаматтар мен ардагерлер, мердігер мекеме қызметкерлері облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Айта кетейік, «Төменарыққа» табиғи газ кіргізу үшін республикалық және облыстық бюджеттен 2 299,8 млн теңге бөлінді. Мердігер мекеме «Алия-Сервис» ЖШС 69,3 шақырым құбырды жүргізіп, 10 дана ШРП орналастырды. Осылайша 735 тұрғын үй, әлеуметтік нысандар газдандырылмақ.

Ауылға газ қосу рәсімінен кейін аймақ басшысы тұрғындармен кездесті. Әлеуметтік-экономикалық дамудың бағыт-бағдары, инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асу барысы туралы айтып, ой-пікірлерді тыңдады. Жиналған жұртшылықтың сауалдарына жауап беріп, барлық ұсыныс ескерілетінін жеткізді.

ЖАҢА МЕКТЕП-ИНТЕРНАТҚА 400 ОҚУШЫ ҚАБЫЛДАНДЫ

Нұрлыбек Нәлібаев Жаңақорған ауданына жұмыс сапары кезінде аудан орталығындағы

400 орындық мектептің ашылу рәсімінде тұрғындарды құттықтады. Жаңа мектептің жанында 200 орындық жатақханасы бар.

Аймақ басшысы өскелең ұрпақтың жайлы мектептерде білім алуы, қосымша білім беру ұйымдарында қабілетін шыңдауы үшін атқарылатын жұмыстарды атап өтті. Мемлекет басшысының тапсырмасымен жас ұрпақтың игілігі жолындағы шаруаларға баса мән берілетініне тоқталды.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты. Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс» деп атап өтті.

Биылғы оқу жылы облыс түлектері үшін жемісті әрі нәтижелі болды. Өңіріміз соңғы төрт жылда Ұлттық бірыңғай тестілеудің орташа балл көрсеткішімен республикадағы алғашқы үштікке енген еді. Биыл жиырма өңірдің ішінде бірінші орыннан көрінді. Мемлекеттік грант конкурсына қатысқандардың 76 пайызы, яғни 4 752 оқушы еліміздің жоғары оқу орындарына түсті. Бұдан бөлек, тұрмысы төмен отбасы балалары үшін аймаққа қажет мамандықтарға облыс әкімінің 100 гранты бөлінді. Алдағы уақытта да дарынды балаларымызды, талантты жастарымызды қолдау шаралары жалғасын табады, – деді аймақ басшысы.

Салтанатты рәсімде Қазақстанның Құрметті құрылысшысы Самұрат Имандосов жаңа білім ошағының ашылуымен құттықтап, қоғам қайраткері Әбдіғаппар Әмірғалиев бата берді.

Іс-шара соңында қонақтар жаңа ғимаратты аралап көрді.

Айта кетейік, биыл Сыр өңірінде білім саласына бөлінген қаржы 262 млрд 100 млн теңгеге жетіп, облыс бюджетінің 35,8 пайызын құрады. Президент бастамасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында өңірде 21 мектеп салу жоспарланған. Оның 10-ның құрылысы биыл аяқталса, 11 мектеп келер жылы пайдалануға беріледі.

«Білімді қолдау қоры» есебінен Қызылорда қаласында дарынды балаларға арналған физика-математика мектеп-интернатының құрылысы жүргізілуде. Өткен аптада Шығармашылық-инновациялық орталығының іргетасы қаланды. Арал ауданы Тоқабай ауылындағы апатты, «Ақшатау» ауылындағы бастауыш мектептің жаңа ғимараттары жеке инвесторлардың демеушілігімен бой көтеруде. Облыстық бюджет есебінен 8 мектеп ғимараты күрделі жөндеуден өтті.

Өңірде жеке білім беру ұйымдарының желісі артып келеді. Биылдың өзінде олардың саны 7-ге көбейеді, осылайша жаңа оқу жылында жеке мектеп саны 40-қа жетеді. Соның бірі – бүгінгі зияткерлік мектеп-интернат. Білім ошағы заманауи талаптарға сай қажетті құрал-жабдықтармен толық жарақтандырылған. Қазір 400-ден астам оқушы қабылданды, оның 64-і мектеп табалдырығын алғаш аттайды.

Ашылу рәсімінен кейін аймақ басшысы  тұрғындармен кездесіп, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуындағы бастамаларды, қолға алынған жобаларды, алдағы атқарылатын жұмыс жайын талқылады.

«ҚАМҚОРЛЫҚ» ОҢАЛТУ ОРТАЛЫҒЫ

Осы күні Жаңақорған кентіндегі «Қамқорлық» оңалту орталығы да ашылды. Іс-шарада «Қазақстан халқына» әлеуметтік қоры денсаулық сақтау және әлеуметтік қолдау саласындағы бағдарламаларды басқару орталығының басшысы Гүлзия Бидатова, «Қамқорлық» корпоративтік қоры директорының орынбасары Гүлмира Әбілдинова болды.

Аймақ басшысы тұрғындарды жаңа нысанның ашылуымен құттықтап, «Қамқорлық» қоры басшылығына алғыс білдірді.

– Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында медициналық көмекті қолжетімді ету, ана мен бала өлімін азайту, балалар мүгедектігінің алдын алу бағытында нақты міндеттер жүктеді. Біз адам жанының арашасы болған дәрігерлерді жан-жақты қолдауға әрдайым мүдделіміз. Қазір ел Президентінің, Үкіметтің қолдауымен өңірімізде ана мен бала саулығын сақтауға бағытталған маңызды жобалар сәтті жүзеге асырылуда. Биыл денсаулық сақтау саласына 140 млрд теңге қаржы бөлінді.

Бұл мақсатқа бюджеттен тыс ресурстар да тартылуда. «Қазақстан халқына» қоғамдық қорымен тұрақты әріптестік байланыстамыз. Қор соңғы екі жылда өңірдің денсаулық сақтау саласына 2 млрд теңге қаржы бағыттады. Бұл қаржыға облыстық балалар ауруханасы базасында «Қамқорлық» реабилитациялық орталығы ашылып, аса қымбат дәрі-дәрмек алынды. Қор облыстық онкология орталығын республикада 3 облыста ғана бар, құны 1 млрд 100 млн теңге тұратын скринингке арналған жылжымалы медициналық кешенмен қамтамасыз етті. Бюджет қаражатын оңтайлы пайдалану мақсатында осы «Қамқорлық» оңалту орталығының ғимараты күрделі жөндеуден өткізілді. Озық үлгідегі жабдықтармен жарақталды.

Орталықта жылына 2000-ға жуық баланы оңалтуға мүмкіндік бар. Жоғарыда атап өткеніміздей, осындай заманауи орталық бұған дейін облыстық балалар ауруханасының жанынан ашылған. Ол жүйелі және кешенді тәсілдермен жұмыс жасап, тиімділігін көрсетті. Сондықтан біз мұндай орталықтарды аудандарда да ашу туралы шешім қабылдадық. Алғашқысын Жаңақорған ауданында пайдалануға бермекпіз. Дәл осындай нысан жыл соңында Арал ауданында да ашылады, – деді аймақ басшысы.

Салтанатты іс-шарада Г.Бидатова, Г.Әбілдинова жаңақорғандықтарды орталықтың ашылуымен құттықтап, қоғам қайраткері Әбибулла Ахимов бата берді. Мұнан бөлек, ардагерлер мен белсенді азаматтар, «Қамқорлық» оңалту орталығының қызметкерлері облыс әкімінің Алғысымен марапатталды.

Іс-шара соңында қонақтар орталық жұмысымен танысты.

Айта кетейік, Сыр өңірінде «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 27 нысан салу жоспарланған. Өткен жылы елді мекендерде 15  дәрігерлік амбулатория, 1 медициналық бекет ел игілігіне табысталды.

«БАЙКЕНЖЕДЕГІ» берекелі сәт

Қос мереке қарсаңында «Байкенже» ауылындағы 150 орындық мектептің де ашылу рәсімі өтті.

Аймақ басшысы жұртшылыққа ізгі тілегін білдіріп, ауыл тұрғындарының игілігіне арналған жаңа ғимараттың пайдалануға берілуімен құттықтады.  

– Бүгін, қос мереке қарсаңында жаңа білім ошағының салтанатты ашылу рәсіміне жиналдық. Президентіміздің, Үкіметтің Сыр өңірін ерекше қолдауының арқасында соңғы жылдары білім саласында маңызды жобалар жүзеге асырылып, заманауи жаңа білім ошақтары көптеп салынуда. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Жаңақорған ауданында 2 мектеп бой көтереді.

Бүгін пайдалануға берілетін мектеп құрылысы былтыр басталған. Бұл жұмыстарға облыстық бюджеттен 936 млн теңге қаралды, – деді аймақ басшысы.

Салтанатты іс-шарада қоғам қайраткері Сұлтанбек Тәуіпбаев ауыл тұрғындарын құттықтап, ардагерлер ұйымының төрағасы Балтабай Серкінбайұлы бата берді.

Іс-шара соңында қонақтар жаңа ғимаратты аралап көрді.

Рәсімнен кейін аймақ басшысы жиналған жұртшылықтың ұсыныс-пікірлеріне кезек беріп, мәселелерін тыңдады. Аймақтың, ауданның әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерінен мысал келтіріп, алдағы жоспарлар туралы айтты.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<