Мұнайшы – еңбектің ер өкілі

132

0

Мұнай-газ саласы – ел экономикасының күретамыры. Мемлекет қазынасын толтыруда да үлесі зор, салмағы басым. Сондықтан Тәуелсіздік жылдарынан-ақ өңірдегі мұнай кенішін зерттеу, оны игеру жұмысы толастаған емес. Бұл межені орындау үшін көптеген компания еңбек етіп, облыстың кіріс көлемін ұлғайтуға әрі білікті кадр әзірлеуге септесіп келеді. Әсіресе, солардың ішінде «ҚОР» Мұнай Компаниясы» АҚ-ның Сыр өңіріндегі мұнай-газ саласын дамыту жолындағы тарихи жолы баршаға аян. Осы орайда компанияның орталық инженерлік-техникалық қызметінің басшысы Бүркіт Доскаринмен сұхбаттасып, салаға қатысты сауалдарға жауап алған болатынбыз.

– Бүркіт Тоққожаұлы, сала ардагерісіз, мұнай-газ бағытындағы біршама бастаманың куәсі де болдыңыз. Жарты ғасырдан аса тәжірибеңізде аймақтағы мұнай өндіру саласын арттыру, қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында еңбек етіп келесіз.   Жалпы «қара алтынға» қызығу,  аталған мамандыққа бет бұруға не түрткі  болды?

– 1955 жылы Атырау облысы Мақат кентінде дүние есігін ашқанмын. Бұл аймақ – мұнайлы өлке. Алғаш ел көлемінде мұнай өндіру де осы аймақтан бастау алды. Мұнайшылардың өмір-салты, қызметіне қанығып өстік. Мұнайшы еңбектің ер өкілі екенін көрдік. Оған қоса мектеп қабырғасында өлке тарихына қызығу салаға ынтамды ашты десек артық емес. Арманымның алғашқы баспалдығы осы  кезеңде  қаланды.

Әрине, армандау бөлек, нәтижеге жету басқа. 1973 жылы жоғары  оқуға түсе алмай, елге оралдым. Ол уақытта Маңғыстаудағы Жаңаөзен қаласында тұратынмын.  Сол сәтте «Өзенмұнай» мұнай өңдеу басқармасына жұмысқа орналасуға  жол түсті.  Басқарма басшысының орынбасары Орынбай Адайұлы Бердіғожинның қолдауымен газ және мұнай өндіру  операторы қызметіне  орналастым. Небәрі 17 жаста саланы  іштен көріп, қызығы  мен қиыншылығын  сезіндім.  Кейін 1974 жылы Совет Одағының әскер қатарына алынып, екі жылдан соң 1976 жылы  қызметімді  жалғастыруға  мүмкіндік  туды. Сондықтан мұнай-газ саласына  келуіме  алдымен  бала арман, кейін елжанды азамат Орынбай Адайұлы Бердіғожиннің  үлесі мол болды.

– Білуімізше, батыс өңірдегі «Өзенмұнай», «Жетібаймұнай» мұнай өңдеу басқармасында, «Қаламқас», «Қаражамбас» кен орындарында қызмет еттіңіз. Сыр еліне табан тіреу тарихыңыз қалай басталды?

– 1991 жылы Қызылорда облысында қызмет етуге «Мангышлакнефть» ӨБ-ден  ұсыныс түсті. Ол жылдары МГӨБ «Құмкөлнефть»  «Мангышлакнефть» Өндірістік  басқармасының құрамында еді.  «Құмкөл» кенішін игеру енді қолға алынған шақ.  Әлеует жоғары, күніне 4 мың тонна мұнай өндіріледі. Алайда ұңғылар саны аз, тәжірибелі мұнай саласының  мамандары  жетіспеді. Сол үшін туған жерден жырақтап, Сыр өңірінің мұнай саласын өркендетуге үлес қосуға келдім.

Алғашқы жылдары «Құмкөл» кенішінде, мұнай және газ өндіру кәсіпшілігі цехының бастығы, орталық инженерлік технологиялық  қызметінде  еңбек  еттім. Артынан «Южнефтегаз» ӨБ  өндіріс бөлімін, жерастын күрделі жөндеу басқармасын басқардым.

Сол тұста Мұрат Саламатов, Роберт Бердіғожин, Жеңіс Жалғасов, Жоламан Мәмбетов, Әлібек Сабырбаев, Есқожа Бергенбаев, Кеңхан Айдарбеков, Үсен Ұлықбаев, Болат Қапанов, Жолдас Нұғманов, Сүлеймен Атаниязов, Мұхамбет Сарыбаев, Сергей Егизгарин секілді білікті мамандармен қызметтес болудың сәті туды.

Сыр елінің жас мұнайшы мамандарыменде үзеңгілес қатар жұмыс жасап тәжірибе бөлістім. Олардың қатарында Жағыпар Жұмахметов, Әділжан Ізтілеуов, Әділ Беклиев, Әбдірей Қалымбетов, Бекмағанбет Утепбергенов, Мархабат Жайымбетов, Әбдіхалық Атаниязов, Ұлсерік Сарыбаева сынды әріптестер болды.

– Кейінгі жылдардағы мұнай өндіру технологиясы, еңбек қауіпсіздігіне қатысты өзгерістермен таныс боларсыз. Жалпы елдегі мұнай кен орындарында заманауи құрылғыларды қолдану қаншалықты нәтиже беріп жатыр деп ойлайсыз?

– Игілікті пайдалана білген жөн. Әсіресе, мұнай-газ саласында жаңа технологияны игеру, өзгерістерді үнемі бақылау маңызды. Мысалы, Қор» мұнай компаниясы» АҚ Роберт Бердіғожиннің бастамасымен жер астынан алынатын мұнай құрамындағы  құм секілді элементтерді тазартуға арналған құрылғыны қолдануда. Бұл өз кезегінде өнімділікті арттырып, сапаны жақсартады. Сондықтан жаңа технологияны пайдаланған жөн.

– Қызметтік бағдар беріп, жол сілтеген алдыңғы буыннан не үйрендім деп ойлайсыз?

– Орынды сауал. Қарап отырсам, салада жарты ғасырдан астам еңбек етіппін. Қатарымызбен кеңесіп, кейінгіге ақыл-кеңес айтуды парыз санап келемін. Бұл – болсын деген азаматтық ниет әрі алдыңғы буыннан көрген өнеге. Осы сауал орайында кәсіби жолымда бағыт көрсетіп, кеңесін аямаған аға буынды атағым келеді.

Социалистік Еңбек Ері Смағұл Жалғасбаев, Еңбек Даңқы орденінің толық кавалері Қаржаубай Сенгралин, Қазақстан Комсомол сыйлығының лауреаты Ақжан Кадимова секілді ұлағатты тұлғалармен бірге еңбек етіп,  тәлім-тәрбие алдым.

Адал  жұмыс пен арлы істі насихаттап, еңбектің мән-маңызын жете түсіндірді деуге болатындай. Олардың  өнегелі  ойларын  көкейге  тоқып,  кәсіби қызметте  ғана  емес, өмір  жолында да  жеңіс тұғырынан  көрінгеніміз  анық.

 Біз де өз кезегімізде кейінгі  буынның  абырой  биігінде  болуы  үшін бар білген-түйгенімізді  айтудан тайынбаймыз.

– Сөзіңізде әкелі-балалы Бердіғожиндер туралы айтып қалдыңыз.  Өнегелі  отбасы  мұнай саласында  айтулы  жетістікке  жетіп,  халықтың  ықыласына  бөленгені мәлім. Өнегелі әулетпен  аралас-құралас,  әріптес болғаныңызды  білеміз. Аталған азаматтар туралы естелік бөліссеңіз.

– Айтып  өткенімдей, мұнай  өндіру  бағытына бет бұруыма  Орынбай Адайұлы Бердіғожин көп  септігін  тигізді.  Ол  кісі темірдей тәртіпті  ұнататын,  нық сөйлеп,  турасын айтушы  еді. Бізге де ережені сақтауды, жұмыс барысында жөнсіз сөйлемеуді талап ететін. Әділ де шыншыл адам болды. Соғыс ардагері, запастағы капитан әскери шені, қатаң  тәртіпті  көрген  тәжірибесі  себеп болғандай. Жұмыс бабында қатал мінезді болғанымен, арда азаматтың көңілі кең, мейірімі шексіз болды. Қайырымдылық ісіне ерекше мән беріп, жетім-жесірге  жәрдем  етуді  назардан  шығарған  емес.  Халық игілігі үшін инфрақұрылым жүргізуде де алда болды. Кейінгіге үлгісі – жұмыста тәртіпке мойынсыну, өмірде мейірімге жақын болу.

Алма ағашынан алыс түспейтіні секілді, Роберт Орынбайұлы Бердіғожинда әкесіндей іске мығым, жауапкершілігі мен адамгершілігі  мол азамат екенін таныта білді. Әріптестер арасында абыройға бөленіп, саланың салмағын сезіне алатын басшы ретінде бағаланды. Мұны қызметтес болған әрбір азаматтың растары сөзсіз.

– Білікті маманды бағалау өзекті. Себебі марапат лайықты адамын тапса, салаға жан бітеді. Осы орайда  кәсіби  жетістігіңізді  тарқатсақ.

– Әрине, еңбекке лайықты баға беру – қуанарлық іс. Бұл тұрғыда мемлекет пен әріптестер қолдауын сезінемін. Бүгінге дейін «КСРО еңбек ардагері» медалі, Қазақстан Республикасының энергетика және минералдық ресурстар министрлігінен «Қазақстан мұнайына 100 жыл» құрмет грамотасы, ҚР Президенті және облыс әкімі мен Қызылорда қаласы әкімінің Алғыс хаты мен құрмет грамотасын иелендім. 2016 жылы «Мұнай-газ саласының еңбек сіңірген қызметкері» төсбелгісі, 2021 жылы «Еңбек ардагері» және өткен жылы ХПА РҚБ Қазақстан секциясының «Алтын қыран» медалін алдым.

– Сөз соңында әріптестеріңізге мерекелік лебізіңізді жеткізсеңіз.

– Мұнай-газ саласындағы барша әріптестерді кәсіби мерекемен құттықтаймын! Ел үшін атқарған еңбектің зейнетін көріңіздер. Кейінгі буынның табанды еңбек, қажырлы қызмет етіп Қазақтың көк байрағын желбіретіп алдыңғы қатарлы ел болуын тілеймін!

Қазақстанның экономикалық локомативіне айналған мұнай саласы өркендеп, өсе берсін!

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

Ерсін ШАМШАДИН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<