Бәйге бәсекесіндегі береке

112

0

Қызылорда қаласының КБИ шағын ауданының сыртында ат бәйгесі өтті.

Ат жарыс сексеннің сеңгіріндегі Байтұрсын ата батасымен басталды. «Бәйгеқұм», Абай, «Шаған», Н.Ілиясов ауылынан келген шабандоздар ұшқыр бәйге, тай бәйге жарыстарында сынға түсті.

Бәйгені Шиелі ауданының құрметті азаматы, қаламгер-журналист Жүзбай Таңрықбаев марқұм әкесі Ыбырақым мен өмірден өткен бауырлары Мыңжасар мен Тұрманды еске түсіруге арнап берді.

1902 жылы өмірге келген еңбек және тыл ардагері Ыбырақым Таңрықбаев – «Тасшоқы», «Ақтоған», «Жалғызжал», «Жаңақоныс» секілді колхоздардың құрылуына еңбек сіңірген, ел көсегесін көгерткен азаматтардың бірі. «Құмсуат» колхозында бригадир, колхоз төрағасының орынбасары, колхоз бастығы болған. Партия ұйымының хатшысы, ревкомиссия төрағасы секілді қызметтерді атқарған. Колхоздар біріктіріліп, шаруашылық ірілендірілгенде совхоз директорының орынбасары, одан кейін жылқы фермасының меңгерушісі болып, осы жұмысынан зейнетке шыққан. ҚР Құрмет грамотасымен марапатталған.

Тай бәйгеде Бегалы ақсақал баптаған күрең қасқа бірінші болып келді. Сондай-ақ Ислам Спанов, Бексейіт Иманбердиевтің жүйріктері алдыңғы саптан көрінді. Ұшқыр бәйгеде бәйгеқұмдық аттар алдына қара салмады.

«Жеңілген палуанға да бәйге берем, адалдығы сезіліп тұрар болса» дегендей, жүйріктердің бәріне жүлде берілді. Басты мақсат – аруақтарды еске алып, ел-жұрттың ағайындық арақатысы мен бірлігін бекемдей түсу деген қағида алға шықты.

Бәйгемен бірге көкпар тартылып, соңынан жиналған қауымға ас беріліп, аруақтарға Құран бағышталды.

«Көптен әкемнің рухына ас беруді ойлап жүр едім. Оны өзіме қатысты ағайын ішінде ғана өткізбей, алыс-жақынды шақырып, үлкен шара есебінде атқарып шықтым. Бұл әрі ат өнерін дамыта түсуге, салауатты өмір салтын қалыптастыруға сеп болып жатса, менің де ұрпақ тәрбиесіне қосқан бір үлесім деп есептеймін», – деді көпшілікке алғыс айтқан Ж.Таңрықбаев.

Шын мәнінде ат жарыс шарасы ауыл-аймақтың көңіл-күйін көтеріп, рухани серпіліс сыйлады.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<