Сенім мен серпіннің нық қадамы

413

0

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған әрбір Жолдауы елдегі экономикалық, саяси, әлеуметтік және мәдени дамудың басты бағыттарын айқындап, халықтың әл-ауқатын жақсартуға, реформаларды жүзеге асыруға және мемлекет дамуының ұзақмерзімді стратегияларын жүзеге асыруға бағытталады. Әрбір Жолдаудан халық қоғам өміріне қатысты жаңа серпіліс күтетіні анық. Мемлекет басшысының жыл сайынғы халыққа Жолдауы – оның Ата Заңда бекітілген конституциялық міндеті ғана емес, ол мемлекеттік саясатты қалыптастырудағы ең маңызды институт болып табылады.

Президент 2 қыркүйектегі «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» деп аталатын Жолдауында елдің экономикалық тұрақтылығын нығайту, инфрақұрылымды дамыту, білім беру мен денсаулық сақтау салаларын жетілдіру, цифрландыруды ілгерілету, сондай-ақ, саяси жүйені жаңғырту мәселелерін басты назарға алды. Бұл ретте, шағын және орта бизнеске қолдау көрсету, ауыл шаруашылығын дамыту және экологиялық проблемаларды шешу де маңызды орын алады.

Президенттің халықты әлеуметтік қорғауға және әділ сот жүйесін құруға бағытталған реформалары ерекше назар аударады. Сонымен қатар, Қазақстанның сыртқы саяси бағыттары да жаңартылып, аймақтағы және әлемдегі серіктестіктерді нығайту қажеттілігі туралы айтылды.

Жолдау барысында мемлекетіміздің дамуына қатысты өте мықты ұсыныстар және тетіктер айтылып, банк жүйесіне байланысты маңызды мәселелер көтерілді. Ол банктердің экономикаға ықпалын арттыру керектігін атап өтті және осы салаға қатысты жаңа заң қабылдауды ұсынды. Жаңа заң цифрлық активтер айналымы мен банк секторындағы инновацияларды реттеп, оларды қауіпсіздік талаптарына сай енгізуді қарастырады.

«Біріншіден, экономикалық белсенділікті ынталандыру және финтех секторын одан әрі серпінді дамыту бойынша ағымдағы міндеттерге жауап беретін банктер туралы жаңа заңның қажеттілігі. 1995 жылғы «Банктер және банк қызметі туралы» қолданыстағы заң мүлде басқа жағдайда қабылданды. Екіншіден, жаңа Салық кодексі бұрыннан бар жүйені қайта іске қосуға арналған. Ережелерді әртүрлі түсіндіру мүмкіндігін болдырмау үшін кодексті оңайлату және оның ережелерін барлық экономикалық белсенді азаматтарға түсінікті ету өте маңызды».

Сонымен қатар, Президент банк акционерлерінің дивидендтерге сәйкес әділ салық төлеу қажеттігін айтты. Бұл шешім мемлекет тарапынан банктерге көрсетілген көмектің орынды нәтижесі болуы тиіс деп түсіндірді.

Сондай-ақ банктердің экономикалық белсенділік пен финтех саласын дамытуға ықпал ететінін атап өтіп, осы бағытта реформалар жасалатынын айтты.

Осыдан 7-8 жыл бұрын жұмыс сапарымен Сингапур елінде болып, елдің білім беру саласы мекемелерінің жұмыстарымен танысқанбыз. Арасында банк қызметкерлерімен де кездесіп, елдегі банк жүйесінің жұмыстарын да сұрастырғанбыз. Сонда аңғарғанымыз, Сингапурде банктік несиелер бойынша пайыздық мөлшерлемелер несие түріне байланысты өзгеріп отырады екен. Мысалы, жеке несиелер бойынша ең төменгі пайыздық мөлшерлемелер жылдық шамамен 2,79%-дан басталады, ал, тиімді пайыздық мөлшерлеме (EIR) 3 жыл ішінде шамамен 5,27% құрайды. Бұл тарифтерді DBS, OCBC, UOB және Standard Chartered сияқты банктер ұсынады.

Тұрғын үй несиелеріне келетін болсақ, қаржы компанияларының 15 жылдық ипотекасы бойынша орташа пайыздық мөлшерлеме нарықтық жағдайларға және несиенің нақты шарттарына байланысты шамамен 3,5%-дан 4%-ға дейін ғана ауытқиды. Дегенмен, белгіленген депозиттер бойынша мөлшерлемелер мен жинақ шоттардағы пайыздар әдетте әлдеқайда төмен, кейбір банктер жылдық 0,05%-дан 0,5%-ға дейін мөлшерде несие ұсынады.

Қоғамның, халық тұрмысының дами түсуі үшін кәсіптің жағдайын түзету керек екені жеткілікті айтылып жүр. Ал отандық өнім нарығына жол ашатын кәсіпкерлердің күні банкке байлаулы. Олар банкке қоятын кепілдік пен төлейтін өсімнің көптігінен еткен еңбектің қарымын қайтара алмайды. Дәл осыған қатысты Президент: «Ақша-несие саясаты мен фискалды саясаттың арасындағы үйлесімсіздікті жою қажет. Қазір нақты секторға несие әлі де ойдағыдай берілмей жатқанын ашық айтуымыз керек. Шағын және орта бизнесті жеткілікті қаржыландыру мәселесі де шешімін тапқан жоқ. Бұл жағдай еліміздегі іскерлік ортаның белсенділігіне, экономиканың тұрақтылығына және дәйекті дамуына кедергі келтіріп отыр. Үкімет пен Ұлттық банк бірлесіп, осыған қатысты оңтайлы шешімдер ойластыруы керек. Банктердің экономикаға көбірек қаржы құюына жағдай жасау қажет.

Сонымен бірге жеке қарыз алушылар жағдайына қатысты да мемлекеттік тұрғыдан мән берілуі халық тұрмысына алаңдаудың алдыңғы шарттарының бірі деп санаймын. «Қазір көптеген азаматтың мойнында бірнеше несие бар екені жасырын емес. Бұл – өте өзекті мәселе, қоғамдық қатер десек те болады. Сондықтан осы бағытта арнайы заңдар қабылданды. Халықтың әл-ауқатын жақсартуға септігі тиетін басқа да көптеген шара қолға алынды» деді Президент.

Президент атқарушы билік шешуге тиіс мәселелерді тоғыз тармақпен көрсетіп, әрбірінде Парламент депутаттарына да тоқталып өтті. Бұл бір жағынан проблемаларды шешуде заң шығарушы және атқарушы билік жұмылуы керек дегенді білдірсе, екінші жағынан депутаттарды Үкімет жұмысын қадағалауда белсенді болуға шақырумен байланысты. Жолдауда келелі ұсыныстар айтылып, сол жерде оны іске асыруда ескерілуге тиіс тәуекелдер де көрсетілді. Жалпы құжат мәтінінде экономикалық дамуға басымдық берілгенімен, «дағдарыс» сөзі кездеспеді, ал «инфляция» деген сөз бір-ақ рет «қарқыны баяулады» деген контекстте айтылды.

Саяси құжатта көптеген бағыттар бойынша атқарылатын міндеттер алға қойылды. Соның ішінен, ең алдымен келесі жылдың «Жұмысшы мамандықтары жылы» болып жарияланғанын айтуға болады. Соңғы жылдары қарапайым жұмысшылардың тапшылығы айрықша көрініс беруде. Бұл олқылықтың шешімін табу жолында бүкіл ел болып жастарымыздың болашақ мамандықтарын дұрыс таңдауына ықпал етуіміз керек. Бұл мамандықтар жастар тарапынан қызығушылық танытатын деңгейге жетуге тиіс.

Жолдауда әдеттегідей білім саласына көп көңіл аударылған. «Жайлы мектеп» жобасымен заманауи талаптың бәріне жауап беретін білім ошақтарының ашыла бастауы – осы сөзіміздің айғағы. Енді балаларымыз сапалы білім алып қоймай, оны одан әрі дамытуға да мүмкіндік алмақ. Олардан ертеңгі күні елге қажетті білікті мамандар шығатынына сенім мол.

Қорыта айтқанда, Жолдау еліміздің тұрақты даму бағытына жаңа серпін беріп, болашаққа деген сенімді нығайтады.

Бауыржан ЕЛЕУСІНОВ,

«Өрлеу» БАҰО» АҚФ Қызылорда облысы бойынша

Кәсіби даму институтының директоры

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<