Әскердегі әлімжеттік немесе «Ербаян өзі құлады» дегенге ел сене ме?

228

0

Сурет ашық дереккөзден

Ербаян Мұхтар есімін күні кешеге дейін ешкім білген жоқ. Бірақ бүгін жарты Қазақстан атын да, түрін де жаттап алды. Былтыр желтоқсанда әскерде жүріп, жансақтау бөліміне түскен сарбаздың аянышты халі интернетті ақтарған сайын алдыңнан шығады. Аурухана кереуетіндегі атпалдай азаматтың суретін көргенде мүсіркегеннен басқа амалың қалмайды.

Жұмбақ жағдайда басы жарылып, төсекке таңылған Ербаянды туыстары Германияда емдеткісі келеді. Ол үшін халық қарасып, ақша жинап берді. Неміс дәрігерлер Ұлттық ұлан сарбазының диагнозы мен медициналық көрсеткіштеріне қарап, аяқтан тұрып кетуіне 80 пайыз кепілдік беріп отырған көрінеді.

Бірақ біздің бүгінгі әңгімеміз жалғыз Ербаянның емес, әскерге сау барып, үйіне мүгедек болып, кейде тіпті табытпен қайтатын жантүршігерлік жағдайлар, Қазақстан әскеріндегі әлімжеттік туралы өрбімек. Ұлттық ұлан бас қолбасшысының орынбасары, генерал-майор Қайрат Үмбетов сарбаз әжетханаға шыққанда құлап, басын кафельге ұрып алғанын айтқан болатын.

– Қазіргі жағдайы одан емес. Емделу кезінде жұқпалы ауру жұқтырып алған. Біздің қолымыздан, әскери бөлім басшылығынан дәрігерлік көмек көрсетіліп жіберілген. Өкінішке қарай емделу кезінде өкпенің қабынуы, іріңді гайморит сияқты жанама ауруға ұшыраған. Дәрігерлердің кеңесуі арқылы мәжбүрлі түрде жасалған ота барысында осындай жағдайға душар болып отыр, – деді ол «Amanat» партиясы жанындағы жастарды қолдау жөніндегі республикалық кеңес отырысында.

Бірақ Ербаянның ата-анасы өзі құлаған адамның осынша жарақаты болуы мүмкін емес деп есептейді. Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовқа жолдаған депутаттық сауалында «Amanat» партиясы фракциясының мүшесі, депутат Нартай Аралбайұлы да осы сарында сөйледі.

– Ұлттық Ұлан жауынгері Ербаян Мұхтар басынан алған жарақаттан бес ай бойы ес-түссіз жатыр. Жауаптылар болса жауапкершіліктен жалтарып, «Ербаян дәретханаға құлап, жарақаттанды» дейді. Бұған кім сенеді? Жарақаттың салдарынан сарбаздың басының жартысын алып тастауға тура келген. Енді оған тұрақты күтім қажет, – деді ол.

Ербаянның басындағы сияқты әскерге сау болып барып, сал боп қайтқан жағдайлар елімізде жетіп-артылады. Ең өкініштісі, соңғы үш жылда Қазақстанда 270 әскери қызметкер қайтыс болған. Ал соңғы төрт жылда әскерде 86 суицид оқиғасы тіркелген. Тағы 20 әскери адам өзін-өзі өлтіруге оқталған. Депутат адам шошырлық мың сан мысал келтірді.

– 2023 жылғы тамызда әскери бөлімшелердің бірінде командир әскерге жаңадан келген сарбазды орындықпен ұрып, соққыға жыққан. 2024 жылдың маусым айында Жамбыл облысының бір әскери бөлімшесінде әскерде жүргеніне бір-ақ ай болған сарбаз ес-түссіз жансақтау бөліміне түскен. 7 қыркүйек күні Ақтаудағы горнизонда сарбаз Марат Барқұлов есімді бауырымыз көз жұмды. Оны офицер атып жіберген. Бұл қасақана жасалған әрекет пе, жоқ па? Аталған сұрақтың жауабын тергеу орындары әділ зерттеп, нәтижесін қоғамға ашық түрде жеткізуі керек, – деді Нартай Аралбайұлы.

Ол Мемлекет басшысының биылғы Жолдауда: «Әр ата-ана әскерге кеткен баласын мемлекетке сеніп тапсырады. Сондықтан сарбаздардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне, ең алдымен, армия басшылығы және құқық қорғау мекемелерінің басшылары жауапты» деп шегелегенін қаперге салды. Айтуынша, былтыр Қорғаныс министрлігі әскери бөлімдерде 50 мыңнан астам бейнекамера орнатылғанын хабарлаған. Алайда, жаңағыдай бассыздықтар кезінде солардың «соқыр», «мылқау» бола қалатыны қызық. Әйтпесе, талай сарбаздың жұмбақ өлімінің құпиясын ашуда таптырмас құрал екеніне дау жоқ.

«Қазақпарат» агенттігі де ауруы асқынған саладағы түйткілге байланысты Қорғаныс министрлігіне ресми сауал жолдаған екен. Соған орай министрдің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары Шайх-Хасан Жазықбаев сарбаздар өлімінің 90 пайыздан астамы әскери қызметпен байланысты емес екенін алға тартыпты.

– Қазақстанның Қарулы күштеріндегі суицидтік жағдайды салыстырмалы талдау біздің армиядағы суицидтердің саны әлемнің алдыңғы қатарлы елдерінің армияларына қарағанда төмен екенін көрсетеді. Мәселен, өткен жылмен салыстырғанда суицидтің жалпы саны мерзімді қызмет сарбаздары арасында 66 пайызға (3-тен 1 жағдайға дейін) азайды. Суицидтердің басым бөлігі әскери қызмет өткерумен байланысты емес екенін ескеру қажет. Сонымен қатар сарбаздардың өз-өзіне қол жұмсауы әскери қызметшілердің басқа санаттарына қарағанда айтарлықтай аз. Біз Қарулы күштердегі әрбір өлім үшін жауапкершіліктен қашпаймыз. Бұл олардың туыстары мен жақындары, оның ішінде командирлер және жалпы армия үшін қаншалықты ауыр екенін анық түсінеміз. Өкінішке қарай, бір мезгілде әскерге шақырылушылар арасында жарғыдан тыс фактілер де кездеседі. Егер статистикаға жүгінетін болсақ, онда жарғыға жат қарым-қатынастар негізінде қылмыстар саны соңғы үш жылда 28 пайызға төмендеді. Заңсыздыққа жол бергені үшін бірқатар әскери қызметші сотталды, – дейді ол.

Мәжілісмен келтірген деректер жағаңды ұстатса, вице-министр соның тігісін жатқызып, жұқалап жеткізгендей көрінді. Қалай десек те, әскердің жазылмаған заңы бары баяғыдан белгілі. Бірақ ол талайдың түбіне жетті.

Маңғыстаудағы сарбаз өлімінен соң ел тұрғындары міндетті әскери қызметтің жойылуын талап етіп, бас көтерді. Белсенділер петиция жариялап, құжатты министрлікке де жолдаған. Оған себеп ретінде Қазақстан армиясындағы жарғысыз қарым-қатынас пен әлімжеттік аталған. Соның кесірінен өмір мектебінің баспалдағында тұрған жас жігіттердің сағы сынып, тіпті өзін-өзі өлтіруден де тайынбайды.

Таяуда сондай-ақ елімізде әскерге шақыру жасын ұлғайту туралы петиция пайда болды. Құжат авторларының айтуынша, әскерге бұрынғыдай 18-де емес, 20 жасқа толғасын шақыру керек. Осы аралықта адам, психологиялық та, физикалық та тұрғыдан дайын болады. Екіншіден, білім алуына мүмкіндігі болады. Әскерге әбден пісіп-жетіліп барған жігіттердің әскерден қашуы да аз болатын көрінеді.

P.S. Жуырда Қорғаныс министрлігіне қарасты Аягөз гарнизо­нындағы әскери бөлімдердің бірінде қызмет еткен офицердің көз жұмғаны белгілі болды. Аягөз гарнизонының баспасөз қызметі оның денесі үйінен табылғанын, алдын ала болжам бойынша офицердің өз-өзіне қол жұмсағанын хабарлады. Бұған қатысты Қылмыстық кодекстің өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу бабымен қылмыстық іс қозғалды. Кейін 26 жастағы офицердің Арал ауданынан екені анықталды. Марқұм Аягөз гарнизонына екі жылға шақырылған екен, 6 қыркүйекте ғана әскери бөлімнің тізіміне енген. Жас жігіттің денесі Абай облысынан Қызылорда облысына ұшақпен жеткізіліп, өзі туған ауылға жерленді. Azattyq rýhy сайтына берген сұхбатында анасы ұлының өзін-өзі өлтіргеніне сенбейтінін мәлімдеді. Қазіргі күні істің мән-жайы анықталып жатыр.

Назерке САНИЯЗОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<