Сырдың сазы Алатауда асқақтады

526

0

Демалыс күндері Алматы қаласында Қызылорда облысының өнер күндері өтті. Былтыр Сыр өнерпаздары Астана қаласында Қызылорда облысының өнер күндері аясындағы концерттік бағдарламасымен елордалықтардың ыстық ықыласына бөленген еді. Бастаманың жалғасы ретінде өңірдің өнер шеберлері Алматыға шақырту алған болатын.

Өнер күндеріне орай ұйымдастырылған іс-шараларды облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, мемлекет және қоғам, өнер қайраткерлері, шығармашылық және зиялы қауым өкілдері, Алатау бөктеріндегі ару қаланың өнерсүйер жұртшылығы тамашалады.

«Сыр өңірі – Түркі өркениетінің алтын бесігі»

Республика сарайындағы мереке шымылдығы «Сыр өңірі – Түркі өркениетінің алтын бесігі» атты көрмемен ашылды.

Сыр өңірінің тарихын баяндайтын 6 бөлімді көрмеге ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енген Қорқыт ата мұрасы, ХІХ-ХХ ғасырларда Сыр бойы қазақтары пайдаланған құнды этнографиялық бұйымдар, музей қорындағы теңдесі жоқ зергерлік бұйымдар коллекциясы қойылды. Сонымен қатар, тарихи тұлғалар Бұқарбай батыр Естекбайұлының, Қалмұхаммед ишан Маралұлының, Ер Сейітпенбет әулиенің, Сердалы би Бекшораұлының, Құлболды ишан Сұлтанұлының қару-жарақ, мөр, кітап, қолжазба, шежіре сияқты пайдаланған жәдігерлері әкелінген. Сыр елінен шыққан белгілі тұлғалардың домбыралар коллекциясы және «Алтын домбыра», жаңғырған жәдігерлер көпшілік назарына ұсынылды.

Атап айтсақ, өткен жылы жасалған «Шірік Рабат сақ жауынгері» реконструкциясы және оған тиесілі бұйымдар, облыстық музей қорындағы Шірік Рабат, Бәбіш мола қалашығынан табылған алтын жапсырмалар, қыш ыдыстар орналастырылған. Сондай-ақ көрмеден «Сығанақ ханшайымы» реконструкциясы және маржан көзді алтын сырғалар, көгілдір ақық көзді цилиндр формасындағы тұмар, тамшы формасындағы түймелер және маржан моншақтардың түпнұсқа коллекциясы, қыш ыдыстар мен глазурлі қаптамалар, құмыралар орын алған.

Биыл қайта жаңғыртудан өткен «Түгіскен көсемі» мен «Жетіасар ақсүйек әйелі» реконструкцияларының да тарихы терең. Түгіскен көсемінің мүрдесі Оңтүстік Түгіскен ескерткішінен өткен ғасырдың 60-жылдары С.П.Толстовтың жетекшілігімен жүргізілген Хорезм археологиялық-этнографиялық экспедициясы кезінде табылған. Ал Жетіасар мәдениетін зерттеген Л.Левинаның жетекшілігіндегі археологиялық экспедицияға әйел адамның қаңқасы және әшекей бұйымдары, киім қалдықтары кезіккен. Көрмеге биыл жасалған «Түгіскен көсемі» реконструкциясы және Оңтүстік Түгіскен ескерткішіне жататын музей қорындағы қыш бұйымдар мен ыдыстар қойылған. Мәскеу қаласындағы Миклухо-Маклай атындағы Антропология және этнология институтының қорында, Мәскеу қаласындағы музейлерде сақталған Жетіасар ескерткіштерінен табылған археологиялық материалдар негізінде жасалған «Жетіасар ақсүйек әйелі» реконструкциясы да келушілер назарына ұсынылды.

Сонымен қатар, көрмеге келушілер оғыздардың астанасы болған Жанкент қалашығынан табылған қыш дастарқанды, саптыаяқтар коллекциясын, қыш қазандықты, керамикалық ыдыстарды, ортағасырлық Қышқаладан табылған глазурлі қаптамаларды қызықтады.

Осылайша Сыр бойындағы ежелгі өркениет іздерін, Тәуелсіздік жылдарында Шірік Рабат, Сығанақ, Түгіскен, Жетіасар, Жанкент, Қышқала, Асанас қалашықтарына жүргізілген кешенді археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесі туралы көпшіліктің танып-білуіне мүмкіндік жасалды.

«Сұлу Сырдан – ару Алматыға»

Өнер күндері Алматыдағы Республика сарайында өткен Сыр өңірі өнер шеберлерінің «Сұлу Сырдан – ару Алматыға» атты гала-концертімен жалғасты. Бұл – қызылордалық өнерпаздардың Республика сарайындағы тұңғыш концерті.

Ән-жырдың ту тіккен ордасынан жеткен өнер майталмандары еліміздің басты сахналарының бірінде өтетін концертке тыңғылықты дайындықпен барды. Алматылық талғампаз көрерменнің назарына ұсынылатын әр нөмірге жете мән берілді.

Сахна шымылдығы ашылғанда орындалған «Отан-ана», «Сыр елім», «Сырдың Қараторғайы» әндері тыңдаушысын баурап алды. Жерлесіміз, ҚР Еңбек сіңірген артисі Ғани Құлжановтың, театр артисі Нұрдәулет Баймаханның туған жер тақырыбындағы монологі әрбір адамның кіндік қаны тамған топыраққа деген сағынышын оятқаны сөзсіз. Бейнебаян арқылы Сыр бойының тарихы мен бүгіні, Қызылорданың жаңарған келбеті айшықталды. Қасиетті жерден түлеп ұшып, қазақ өнеріне қызмет еткен Т.Жүргенов, Р.Бағланова, Ә.Нұрпейісов, Қ.Қожықов, Н.Бекежанов, С.Майқанова, К.Дүйсекеев, М.Ерәлиева, Б.Шөкеновтің жарқын бейнелері жұрт жадында жаңғырып өтті.

Сыр бойының бойтұмарындай болған жыраулық, жыршылық дәстүрдің ұрпақтан ұрпаққа жеткен асыл мұралары кез келген өнер мерекесінің сән-салтанатын аша түседі. Осы концертте де дәстүрлі өнер шеберлерінің шеруін күткендер Тұрмағамбеттің «Тәлімін», Нұртуғанның «Жырауларға өсиетін», Нартайдың жыр бастауын, З.Дәулетбаевтың «Сыр сүлейлерін», Сәрсенбай жыраудың термесін Руслан Ахметов, Шолпан Бимбетова, Ақмарал Ноғайбаева, Майра Сәрсенбаева, Серік Жақсығұловтың орындауында тыңдап, бір серпілді. Айтыскер ақын, «Алтын домбыра» иегері Мұхтар Ниязов арнау айтты.

Тұрмағамбет атындағы халық аспаптар оркестрі Р.Балмасовтың дирижерлігімен концерттік бағдарламаны сүйемелдеп, М.Сыздықовтың «Батыр баба», И.Ысқақовтың «Күрішшілер биі» туындыларын орындады. Ғасырлар қойнауынан жеткен қазынаны сахна төрінде жарқыратқан өнер ұжымына көрермен қауым зор қошемет көрсетті.

Оркестр облыстық филармония жанынан 2007 жылы құрылған. Сыр сүлейі Тұрмағамбет Ізтілеуұлының 125 жылдық мерейтойы қарсаңында тұсауын кескен ұжымға шайырдың аты берілді. Содан бері оркестр рухани құндылығымызды дәріптеу, ұлттық өнерді өрістету жолында жемісті жұмыс жасап келеді. Негізгі құрамда кәсіби білікті мамандар еңбек етеді.

Репертуарында халық әндері және Қазақстан композиторларының туындылары, классикалық шығармалар бар. Оркестр облыс әкімдігінің қолдауымен бірнеше мәрте шетелдерге гастрольдік сапармен барды.

Бүгінгі концертте де халық әндерін, күйлерді домбыра, бас домбыра, қобыз, қылқобыз, басқобыз, контрабас, қобыз, жетіген, сырнай, сазсырнай, сыбызғы, шаңқобыз, үрмелі аспаптармен түрлендіріп, тыңдарманнан жоғары баға алды.

Гала-концертте симфония оркестрі де өнер көрсетіп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Өткен жылы аймақ басшысының қолдауымен кәсіби музыканттардан өнер ұжымы құрылған болатын. М.Әмзе жетекшілік ететін оркестр классикалық өнер туындыларын орындап, шеберлігімен тыңдаушыларды тәнті етті. Ішекті, үрмелі және соқпалы музыкалық аспаптарды меңгерген 50 музыкант әлем классиктерінің шығармаларын орындаудан халықаралық байқауларға да тұрақты қатысады.

Концерттік бағдарламада «Мәңгілік мұра» этномузыкалық композициясы, әлемдік классикалық музыкадан топтама, Алматы туралы әсем әндер шырқалды. Баян, рояльмен орындалған туындылар, «Томирис» би ансамблінің сахнаны көркемдеуі өнер мерекесінің өрнегін әсемдей түсті.

Мереке жерлесіміз, ақын, композитор Е.Әбдіхалықованың «Қазақ елі» әнімен қорытындыланды.

Алматы аспанын әдемі әндерімен, саф өнерімен тербеген Сыр өнерпаздарына көрермен қауым қошеметін аямады.

«Жыр – қазына, күй – күмбез»

Қызылорда облысының Алматыдағы өнер күндері Құрманғазы оркестрінің концерт залында өткен «Жыр – қазына, күй – күмбез» атты Тұрмағамбет атындағы халық аспаптар оркестрінің концертімен қорытындыланды.

Концертте Сыр сүлейлерінің жыр-термелері шеру тартып, ақындар өлең оқыды. Қорқыт бабадан бері үзілмеген қобыз сарыны тыңдарман жүрегіне жол тапты.

Осылайша Алатау баурайындағы әсем қаланың аспанын екі күн бойы Сыр елінің жыр сәлемі тербеді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<