Арал қаласынан үрлемелі модульді спорттық нысан ашылды

84

0

Фото: Арал ауданы

Бүгін Арал қаласынан бой көтерген үрлемелі модульді спорттық нысан көпшілікке есігін айқара ашты. Спорттық нысанның ашылу салтанатына қатысқан аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев жиналған жұртшылықты жаңа нысанның ашылуымен құттықтады.

– Ардақты ағайын, құрметті жерлестер, қадірлі спорт сүйер қауым! Баршаңызды көптен күткен жаңадан бой көтерген үрлемелі модульді нысанның ашылуымен құттықтаймын! Халықаралық жарыстарда, олимпиадалардан байқап жүргеніміздей, дамыған мемлекеттермен қатар дамушы мемлекеттер де спортқа барынша көңіл бөлуге тырысады. Өйткені, «Спорт – денсаулық кепілі» ғана емес, елдің әлемдік дәрежеде жетістікке жетіп, танылуына үлкен мүмкіндік беретін бұқаралық сипатқа ие ауқымды сала. Бұл кешенде байрақты бәсекелерде, Олимп шыңында көк Туымызды желбіретер даңқты спортшылар жаттығып шығарына сенімдімін, – деген аудан басшысы спорт саласы бойынша ауданда атқарылып жатқан жұмыстардың бірқатарына тоқталып, салауатты өмір салтын ұстану жалпы бұқаралық сипат алуы керектігін атап өтті.

Мұнан соң аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ә.Әйімбетов сөз алып, жаңа нысанның ашылуымен спорт сүйер жастарды құттықтап, саладағы нәтижелі жұмыстарға сәттілік тіледі.

Үрлемелі модульді нысанның лентасы қиылған соң жиналғандар ішін аралап көріп, үстел тенисінен жастардың тартысты ойынына куә болды.

Бұл нысанда еркін күрес және үстел тенисінен үйірмелер ашылып жұмысын бастайтын болады. Қазірдің өзінде еркін күрес бойынша әрқайсысы 14 баладан 3 үйірме жұмысын бастайды. Ал үстел тенисінен әрқайсысы 18 баланы қамтыған 4 топ бойынша үйірме жұмысы басталады.

Мұндағы спорттық үйірмелерде шұғылданған әрбір жастан болашақта мықты деңгейдегі спортшылар шығып, үміт ақталарына сенім мол.

Аудан әкімінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<