Жол сапасына бақылау күшейді

256

0

Халықтың өмір сүру дең­гейін жақсарту деген ауқымы кең ұғымның бір парасы ол – сапалы жол. Бүгінде бұл тақырып жиі қозғалады. Өйт­кені, шалғайдағы ауыл мен қала­ны жақындататын трассаларды қалыпқа келтіріп, қайта жаңғыртуға жыл сайын мемлекет қазынасынан қыруар қаржы бөлініп келеді. Алайда, жол құры­лысы үшін миллиардтап ақша алатын компаниялар өз мін­деттерін қаншалықты дұрыс атқарып жүр?

Жасыратыны жоқ, кейбір жаңа жолдар бір маусым өтпей жатып, ой-шұқыры шығып, асфальтымен қоса мемлекеттің ақшасы да желге ұшып жатады. Мұндай олқылықтарды тоқ­­татып, жол құрылысын ба­қы­лауды күшейту мақса­тын­да былтыр елімізде «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» құрылды. Рес­пуб­ликаның әр өңірінде орталықтың филиалдары ашылып, осы бағытта пәрменді жұмыс атқаруда. Мәселен, былтыр Сыр өңірінің жол мамандары заманауи жылжымалы зертханамен 400 мәрте көшпелі тексеруге шығып, барлығы 120 кемшілік анықтады. Ал жолдардың сапасын зерделеу үшін алынған 626 сынаманың, 136-сы белгіленген нормаға сәйкес болмай шықты, яғни, бұл асфальт төсеуде салғырттық танытатындар әлі де азаймай отыр деген сөз.

Атап айтсақ, республикалық маңызы бар «Қызылорда-Жезқазған-Павлодар» бағытындағы А-17 трассасы (12-216 шақырымы) мен М-32 «Самара-Шымкент» тас жолының (1240-2057 шақырымы) облыс аумағынан өтетін аралығын күтіп ұстау бойынша 43 олқылық анықталып, тапсырыс беруші мен мердігер компанияға тиісті ескертулер берілді. Соның нәтижесінде, 42 кемшілік қайта түзетіліп, біреуі кейінге қалды.

«Батыс-Еуропа – Батыс-Қытай» халықаралық автодәлізі жобасы бойынша кепілдік мерзімі бітпеген жол учаскелеріне ішінара бақылау жүргізіліп, анықталған 2 олқылық қалыпқа келтірілді.

Ал ең сорақы заң бұзушылықтар облыстық маңыздағы ішкі жолдарды жаңғырту жұмыстары кезінде көптеп кездеседі. Өткен жылы мамандар республикалық бюджеттен қаржыландырылған аймақтағы автожолдардың құрылысын тексеру барысында 61 талапқа сәйкес келмейтін олқылықты анықтаған. Орталық мамандары құзырлы орган өкілдерімен бірлесіп, аудандық маңыздағы жолдар мен көше асфальт­тау жұмыстарына 7 мәрте тексеруге шығып, 12 стандартқа сәйкессіздікті анықтаған. Бүгінде орталық мамандары ескертуді елемейтін жол құрылысшыларына қатаң шаралар қабылдауға мәжбүр. Сапасыз жол салып, мемлекет қаржысын немқұрайлы игерген компаниялардың тізімі тиісті орындарға жіберілген. 

Жалпы жол активтерінің ұлттық сапа орталығы елдегі жолдардың құрылысын қадағалауға мықтап кірісті. Бұл бағытта жүйелі жұмыстар биыл да жалғасын табады. Ең басты талап – сапалы жол. Жол-көлік логис­тикасы дамыған елдің әлеуметтік-экономикалық әлеуеті де арта түсетіні анық.

«СБ» ақпарат.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<