Баламалы энергия көзін жасады

1433

0

Қызылордалық өнертапқыш Марат Палмахов баламалы энергия көзін тапты. Бұл мақсатқа ол қарапайым заттар мен құралдарды пайдаланды.

Отыз жастағы өнертапқыш өзі жасап шығарған қоз­ғалт­қыш­тың өндірісте өнім­ді­лікті арттыратынына сене­ді. Оның ойынша, осы жетіс­тіктің нәтижесінде үлкен қала­лардағы экологиялық ахуал­­ды жақсартуға мүмкіндік бар.

Өнертапқыш бұл жобаны бес жылдан бері жоспарлап жүрген. Алдымен идеясын қағаз бетіне түсіріп, оның формуласын жасап шығарды. Құрылғы сумен қуат өндіре алады. Сол арқылы ірі өндіріс ошақтарын жарықпен қамтамасыз етуге әбден болады.

Айтуынша, жобаның қы­рыққа тарта нұсқасы зер­делеуден өткен. Әрбірінен табылған қателіктер түзелген. Бірнеше сынама жасап көрді. Құрылғы тек электр қуатын өндіріп қоймайды. Ол сумен қамтуға да мүмкіндік туғызады. Осылайша, оны екі функцияны атқаруға пайдалануға болады.

Өнертапқыш аталған құ­рылғыны шалғай елді ме­кен­дерде электр қуатымен жаб­дықтау мақсатында пайдалануға болатынын айта­ды. Сондай-ақ, биік жерде орналасқан егіс алқаптарын аталған құралды пайдалану арқылы суаруға мүмкіндік бар. Ол климаттық жағдайға ешбір тәуелді емес. Оған күннің сәулесі мен желдің күшінің қажеті жоқ. Су көзі мен оның сағасы болса жетіп жатыр. Сондықтан артық шығын кетпейді. Өнертапқыш экологиялық таза құрылғы алдағы уақытта өндіріске енгізілетініне сенеді.

Әділет ТАЛАПТАН

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<