Депрессияны елемеуге болмайды

1268

0

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, әлемде 300 миллионнан астам адам осы аурудан зардап шегеді. Бұл ресми тіркелгендер ғана. Әдетте, көп адам психикалық денсаулығына назар аудара бермейді.

Депрессия салдарынан жыл сайын (құрамына Қазақстан да кіретін Еуропа аймағында) 140 мың суицид оқиғасы тіркеледі екен. Елімізде кем дегенде 190 мың ересек пен 35 мыңға жуық бала психиатрда есепте тұрады. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығының мәліметінше, елімізде шамамен 800 мың адам депрессиядан зардап шегеді.

Бұл – тек ресми статистика. Демек, көрсеткіш бірнеше есе жоғары болуы мүмкін. Сонымен қатар, Қазақстан суицид саны бойынша әлемде үшінші орында және Орталық Азия елдері арасында бірінші орында. Ал, мүгедектікке әкелетін аурулар арасында депрессия екінші орында. ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитет келтірген дерекке сенсек, 2019 жылы 15 пен 29 жас аралығындағы 887 қазақстандық өзіне қол жұмсаған. Былтыр жастар арасындағы өлім-жітім күрт өсіп, бұл мәселені халық қалаулылары Үкіметке хабарлаған болатын.

Оған себеп – психикалық бұзылулардан көпшіліктің емделмеуі. Біле тұра, өз бетімен жеңіп шығамын деп ойлап, әбден асқындырып алады. Дегенмен, психикалық денсаулыққа бей-жай қарауға болмайды. Бір ғана мысал, күзде әрбір екінші адам жеңіл күйзелісті бастан кешіреді екен. Осылайша, маусымдық депрессияның өзінен қаншама адам зардап шегеді.

Психолог Сымбат Әбдірахманова бұған әртүрлі жағдайлар әсер етуі мүмкін екенін айтты.

– Депрессия – ауру, оның кәдімгідей МКБ-10 бойынша медициналық шифры бар. Жеңіл, орта және ауыр түрге бөлінеді. Орта және ауыр түрлерін психиатр дәрігерлер арнайы антидепрессанттар тағайындап, емдейді. Депрессияға әртүрлі жағдайлар әсер етуі мүмкін. Мысалы, әйелдерде босанғаннан кейінгі депрессия деген бар. Көп адам оның шын мәнінде не екенін білместен, «мен депрессиядамын» деп айтып жатады. Бірақ, өз ерекшеліктері бар. Стрестен бірінші айырмашылығы – ұзақтығы, яғни, бір стрестік жағдай орын алса, көп уақыт өтпей адамның көңіл-күйі орнына келеді. Ал, депрессияда олай болмайды. Оған ештеңе, ешкім әсер ете алмайды. Негізгі белгілеріне келетін болсақ, біріншісі – ұйқы бұзылысы. Қорқынышты түстер көру, ұйықтай алмау немесе шамадан тыс ұйқы. Екінші белгісі – тәбеттің бұзылуы. Үшінші – өмірге қызығушылықтың төмендеуі. Егер осындай белгілер байқалса, біз – психолог мамандар оны психиатрға кеңес алуға жолдаймыз, – дейді.

Депрессия көптеген аурулардың себепшісі болуы мүмкін. Егер уақытында мән беріп, емдемесе, көптеген соматикалық ауруларды күшейтеді. Кейде емделмеудің аяғы өзіне қол салумен бітеді, болмаса алкоголизм, нашақорлыққа итермелейді. Ер адамдарға қарағанда әйел адамдар көптеп ұшырайды. Қарттар арасында да көптеп кездеседі.

Облыстық психикалық денсаулық орталығының психологі Гүлмира Ақтаева қоғамда бұрыннан психиатр маманға тек психикалық науқасы бар адамдар ғана барады деген түсінік қалыптасқанын айтады.

– Осы стериотиптен шыға алмаған жұрт өздерінде, жақындарында психикалық проблема байқалса, маманға баруға қорқады. «Сол маманға барып көрінсем өмір бойы соның есебінде қалып, психикалық науқасы бар деген таңба басылады. Бүкіл жолым жабылып, жұмысқа тұра алмай, отбасын құрып, өз-өзіме қызмет ете алмай қаламын» деген қате ұғым бұрыннан қалып қойған. Көп жағдайда жасырып, әбден асқындырады. Жақындары да оны әлеуметтік ортаға бейімдеудің орнына үйінде жасырып ұстап, бүкіл өміріне балта шабады. Алайда, дамыған елдерде әр отбасының өз психиатр маманы бар екенін ғаламтор, әлеуметтік желі арқылы біліп, біздің азаматтар да өз проблемасын айтып мамандарға келе бастады. Айталық, адамның жүрегі ауырса кардиологқа, тісі ауырса стоматологқа барады. Кейінгі жылдары бізде де психиатр, психолог, психотерапевт маманының керек екенін түсініп, келіп ем қабылдайтын болды, – дейді маман.

Психиатр психикалық аурулар мүлде жазылмайды деп ойлау түбірімен қате екенін атап өтті. Қазіргідей медицинаның дамыған шағында көптеген ем-шаралар бар. Мысалы, невроз ауруларының өзі қазір емделетін ауруларға жатады.

– Тіпті емделмейтін өте ауыр психикалық жағдайлардың өзінің алты ай, бір жыл, одан да көп уақытқа созылатын ремиссиялық кезеңдері болады. Науқас емнің жақсы әсерінен кейін денсаулығы уақытша болса да жақсарып, отбасына оралып жатады. Ал, қайтадан стреске ұшырап, басқа да жағдаймен науқасы белгі берсе, келіп ем алады. Қазақ халқы депрессияны ауру деп есептемейді. Сондықтан асқындырып алады. Ал, шетелде қандай да бір көрінісі байқалса дәрігерге жүгініп, алдын алып жатады, – дейді Гүлмира Ақтаева.

Қазір өңірдің денсаулық сақтау саласы бұл мәселеге шындап көңіл бөліп отыр. Барлық емханаларда психиатр мамандар, Қызылорда қаласының өзінде 4 емханада психиатр кабинеттері бар. Осылайша, халықтың біртіндеп көзі үйреніп келеді. Аталған мамандарға тек психикалық проблемасы бар адамдар ғана емес, невроз, қатты күйзеліс, стреске тап болған адамдар да барып, кеңес алуда. Сондай-ақ, облыстық психикалық денсаулық орталығының диспансерлік бөлімінде ересектер және балалар психиатрлары бар.

Көп адам депрессия тек қолы бос, «басқа проблемалары жоқтарда» болатын ауру деп түсінеді. Осынау қате түсінік аурудың стигматизациясына әкеледі. Ал, шынында кез келген адамда депрессиялық бұзылулар болуы мүмкін. Сондықтан ауруды уақытында тану, маманға көріну және емдеуді бастау қажет екенін мойындау маңызды.

Биболат Сәтжан,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<