Құрбан айттың қадірі

304

0

Барша мұсылмандар үшін қасиетті саналатын құрбан айт мерекесі биыл 9-11 шілде аралығында атап өтіледі. Мереке қарсаңында аймақтағы аз қамтылған және мұқтаж отбасыларға тегін құрбан етін үлестіру мақсатында арнайы тізім жасақталды. Құрбандық шалу рәсімі оффлайн және онлайн форматта жүзеге асады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Мира Қазбекова мәлімдеді.

– Мерекеге байланысты облыс әкімінің орынбасары арқылы іс-шаралар жоспарын бекітті. Биыл құрбан шалу рәсімі оффлайн және онлайн форматта өтеді. Онлайн форматта жүргізу үшін ҚМДБ-ның qurban2022.kz сайты іске қосылды. Құрбан малына тапсырыс беру және мұқтаж жандар құрбандық етін алу үшін осы сайтқа өтініш бере алады. Айт күндері мал бағасын шарықтатпауға және азық-түлік бағасын көтермеуге тиісті мемлекеттік органдарға тапсырмалар берілді, – деді басқарма басшысы.

Брифингте ҚМДБ-ның облыс бойынша өкілі, «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің бас имамы Болатбек Әбуов айт күндері мұсылмандар үшін ең жақсы амал – құрбан шалу екенін атап өтті.

– Облыс бойынша барлық мешіттерде таңғы 06.00-де айт намазы оқылады. Одан кейін құрбан шалу рәсімі басталады. Мұқтаж жандарға теңдей мал етін үлестіру үшін «Бақытты отбасы» орталығы арқылы тізім жасақталды. Қызылорда қаласы бойынша 2000-нан астам отбасының тізімі дайындалды, – деді Болатбек Әбуов.

Сондай-ақ, мерекеде қоғамдық тәртіпті сақтау мақсатында мешіттер мен белгіленген құрбан шалу орындарында құқық қорғау қызметкерлері рейд жұмыстарын жүргізеді. Бекітілмеген орындарда, оның ішінде мешіттердің аумағында мал шалуға тыйым салынады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<