Эпидахуал күрделеніп барады

546

0

Елімізде коронавирус инфекциясын жұқтыру жағдайы өткен айдың ортасынан бері көбейе түсті. Бір аптаның өзінде аты жаман індетпен ауырғандардың деңгейі 3,2 есеге өскен.

Мәселен, өткен тәулікте індет жұқтырған 2054 адам тіркелді. Оның басым бөлігі Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары мен Қарағанды облысында анықталды. Ал Нұр-Сұлтан қаласы 21 шілдеден бастап «сары» аймаққа енді. Қалғаны, «жасыл» аймақта.

40 мың доза күтілуде

Вакциналау деңгейі енді «омикрон» нұсқасының ерекшеліктері мен денсаулық сақтау жүйесінің дайындығын ескере отырып жүргізілмек. Аймақтар 100 адамға шаққандағы вирус жұқтырғандар санына қарай емес, ауруханалардағы төсек-орын көрсеткіштеріне қарай анықталатын болады. Олар бұрынғыша «жасыл», «сары» және «қызыл» болып үшке бөлінеді. Бұл туралы Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов ел аумағында коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында айтты.

Мамандардың сөзіне сенсек, аймақ «сарыға» кіргенде бетперде тағуға кеңес беріледі, бірақ оны тағу міндеттелмейді.  Ал «қызыл» аймаққа енгенде Ashyq жүйесі қайта іске қосылуы мүмкін. Шарттары да өзгеруі ықтимал.

Ал жағдайды күрделендірмес үшін дерттен қорғану керек. Оның жалғыз амалы – вакцина алу. Елде COVID-19-ға қарсы вакцина егу науқаны әлі жалғасуда. Қазіргі таңда Қазақстандағы егу пункттерінде вакцинаның 1,6 млн дозасы дайын.

– Бүгінде облыстағы егу пункттерінде барлығы 2530 доза вакцина бар. Оның 115-i «Pfizer» вакцинасы, калғаны «QazVac» екпесі. Денсаулық сақтау министрлiгiнiң бөлiнiсiне сәйкес, алда қосымша 30 мың доза «Sinovac», 10 мың доза «QazVac» күтілуде, – дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Жангелді Мырзагелдіұлы.

Мәселе –

қоғамдық орында

Денсаулық сақтау министрлігінің айтуынша, қазір 19 бен 29 жас аралығындағы адамдар жиі ауырады. Бұған себеп – жастардың көпшілік жиналатын жерлерге, яғни, дәмханаларға, сауда үйлеріне және кинотеатрларға жиі баруы.

– Облыста 205 инфекциялық төсек-орын бар. Соның ішінде ауыр және аса ауыр жағдайдағы науқастарға 36 реанимациялық төсек-орын даярланған. Қазір инфекциялық стационарларда 91 науқас, реанимациялық төсек орындарында 5 науқас ем алуда. Індет күшейген жағдайда инфекциялық стационарлар 3200 адамды қамти алады, – деді Ж.Мырзагелдіұлы.

Қазіргі уақытта аймақтағы эпидахуал мәз емес. Кейінгі бір тәулікте 36 жағдай тіркеліп, 23 адамнан ауру симптомдары анықталған.

– Өңірде эпидахуал тұрақты деп саналғанымен коронавирус инфекциясының пандемиясы әлі аяқталған жоқ. Ай басында небәрі 6 адам ауру жұқтырса, бұл көрсеткіш бірнеше есеге артып отыр. Сондықтан вакцинация мен ревакцинациядан өткен жөн. Жалпы, бұған дейін І және ІІ компонентімен 500 мыңнан аса адам екпе алса,  240 мыңға жуық адам ревакцинациядан өтті. Бұл ұжымдық иммунитеттің қалыптасуына және тұрақты эпидемиологиялық жағдайды ұстап тұруға өз септігін тигізеді, – дейді облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әлия Әбдіқайымова.

Оның айтуынша, қазірдің өзінде 12-17 жас аралығындағы 75 186 жасөспірім «Pfizer» препаратымен вирусқа қарсы екпе алған.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<