Күрең шәлі (әңгіме)

Ол кезде Кәусар бес жаста еді. Бал балалықтың базарында сайран салып жүрген шағы. Монтиған сәби жүзіне майда-майда бұйра шаштары жарасып-ақ тұратын. Сондықтан болар әжесі оны «Ақ қозым» деп еркелететін. Күнделікті кешкісін сабақ дайындауға кірісетін екі әпкесінің бірде қаламын, бірде дәптерін тартып алып ойнайтын кішкентай Кәусарды олар да ренжітіп көрген емес. Үйдің кенжесі болған соң әкесі мен анасы да оның қалауын екі етпей, айтқанын қылып отыратын. Бірде анасы Айзатқалаға біраз уақытқа кетіп қалды. Оның кетуі мұң екен,–үйдің іші көңілсіз боп шыға келді. Әкесі де жұмыстан кештеу келеді, ал тамақты үлкен әпкесі Жанар жасайды, кіші әпкесі Самал үй жинайды. Кішкентай қыз анасын сағына бастады. Пештің түбінде күрең жіпті домалатып тастап, шәлі тоқып отырған әжесінің қасында жақындап келіп, оның бауырына кіріп кетті.

– Әже, апам қашан келеді?

– Ертең келеді, күнім. Ол саған бөпе әкелмекші.

– Бө-пе? Кәусар әжесінің жүзіне аңтарыла қарады.

– Иә, күнім, бөпе. Мынандай кішкентай ғана,–әжесі оған қуыршақты ұстап көрсетті. Сен оны бесікке салып тербетесің, ән айтып бересің. Сосын сол бөпені сен «бауырым» деп атайсың.

– Ал ол мені «Кәусал» дейді ме? Ол әдеттегідей «р» дыбысын «л»-ға айналдырып жіберді.

– Жоқ, Ақ қозым, ол әзір сөйлей алмайды.

Сол түні Кәусар біраз уақытқа дейін ұйықтай алмай жатты. Ертеңіне апасы келетінін, оның қолында кішкентай ғана бөпе болатынын елестетті. Сонан соң ол бөпені көтеріп әкеліп, қуыршағының жанына қояды. Бұған қарап ол «Кәусал» дейді. Екеуі қосылып ән айтады, би билейді. Тәтті қиялдардың жетегіне ерген кішкентай қыз сәлден кейін ғана ұйқы құшағына еніп кетті.

Таңертең Кәусар оянған кезде бәрі мәре-сәре болып жүр. Жанар базардан әкелген тәттілерді үстел үстіне қойып, әжесі бауырсақ пісіріп жатыр. Самал да әдетінше үй жинап жүр. Бәрінің жүзінде қуаныштың ізі бар. Ол орнынан тұрып, қол жуғышқа жақындай бергені сол екен, сыртқы есік ашылып, әкесі мен апасы кірді. Апасының қолында–БӨПЕ! Кәусар жүгіріп барып апасын құшақтай алды. Жанарына үйіріліп үлгірген сағыныштың жасы кішкентай кірпіктерінен үзіліп түсіп жатыр. Апасы қолындағы сәбиді әкесіне ұстатып, қызын бауырына басты. Ол тұңғыш рет анасының ыстық құшағын, оның таңғажайып иісін сезінді. Кішкентай саусақтарымен оның жүзін аялай ұстап, әлсін-әлсін бетінен сүйіп жатыр. Жандарына келген әжесі:

–Әй, шырақтарым-ау, сағыныштарың басылған шығар. Батырымызды ортамызға алайық. Ішке кіріңдер,–деген кезде барып, анасы мен қызының құшағы әрең ажыраған.

Нағыз қызық содан кейін басталды. Құндақтағы сәбиді барлығы бірінің қолынан бірі алып, қуанысып жатыр. Екі әпкесі де бөпенің жүзіне ерекше ықыласпен үңіле түсіп, бұған назар да салған жоқ. Әкесі мен апасы да оның жанынан айналшықтап шықпайды. Кәусардың қабағы түйіле бастады. Ішін біртүрлі сезім билеп кетті. Өзін ешкімге керек емес екенмін деп ойлады да, төргі бөлмеге қарай жүгіре басып кіріп кетті. Жаюлы тұрған көрпеге құлаған күйі, өксіп-өксіп жылап жіберді. Оның дауысын естігендер дереу жанына жетіп келді. Әсіресе, әжесі бәйек болып жатыр.

– Ақ қозым, не болды саған? Күнім-ау, неге жылайсың? Біреу ұрысты ма?

Ол болса өксігін баса алар емес. Бар айта алғаны: – Мен... мен ешкімге келек емеспін. Мені ешкім жақсы көлмейді.

Бұл жылайды, ал қалғандары оған күліп жатыр.

– Қошақаным-ау, біз сені бәрінен артық жақсы көреміз. Ол бөпе–сенің бауырың ғой. Біз оны саған өскен соң көмектеседі, сенің айтқаныңды тыңдайды деп алып келдік емес пе?! Ал сенің бұл қылығың қалай? Сен енді кішкентай емес, үлкен қыз болдың! Бұның бөпеден ұят болады. Ол сені естіп жатыр,–деп анасы арқасынан сипап жұбатқаннан кейін ғана жылауын еріксіз тоқтатқан. Сонан соң екі көзін алақанымен уқалай түсіп, бөпенің жанына келді. Оны кішкентай құшағына алып, томтиған бетіне ұзақ қарап отырды.

– Апа, ол менің «бауылым» екен ғой,–деді шаттана тіл қатып.

 Үй іші дастарқанда ұзақ отырды. Бәрі Айзат жоқ кезде үйде не қызық болғанын жарыса айтты.Тек Кәусар ғана ұйықтап жатқан бөпесінің жанынан шықпай қойған. Жолдасы жұмысқа, қыздары мектепке кеткеннен кейін от жағуға қамданып, сыртқа қарай беттеген Айзаттың жанына Майра әже келді.

– Айналайын, келін, сен жас босанған жансың. Өзіңді жылы ұстап жүр. Мына шәліні сен кеткен түні тоқып бастап едім. Бүгін бітірдім. Беліңе байлап жүр,–деп күрең шәліні келінінің қолына ұстатты. Айзаттың жүзі алабұртып кетті де, енесін құшақтай алды.

– Рахмет, апа! Ризамын сізге!

– Е-е, жарығым. Абайлап жүрші.

Даладағы қыстың аязына қарамастан кішкентай үйдің қызуы мол болатын. Былдырлаған сәбидің тілі, ана мен баланың махаббаты, ене мен келіннің сыйластығы, отбасының ынтымағы–бәрі-бәрі шаңырақтың шаттығын кіргізіп, ерекше бір нұрға бөлеп тұратын. Сондай бір күні сыртта ұйытқи соққан ақ боранның үскірік желі ұядай ғана үйдің ішін бір қарып өткендей болды. Кішкентай Арманды емізіп болып, беліндегі күрең шәліні бесікке қымтай жауып далаға шыққалы жатқан Айзат есік тұтқасын ұстаған күйі ұзынынан жерге сұлап түскен. Оқыстан шыққан дауысқа елеңдеген Майра әже бұл көріністен жүрегі атқақтап шыға келді. «Айналайын-ай» деп жылап жүріп, оны үйге сүйрей кіргізген де, дереу ұлы Мараттың жұмысына хабарласқан. Маратпен бірге жеткен жедел-жәрдем Айзатты зембілге салып алып, ауруханаға қарай аттанған. Ештеңеге түсінбей аңтарыла қарап тұрған Кәусарды әжесі мен әкесі бесіктің жанына отырғызып, өздері де асығыс сыртқа беттеген еді.

Кәусар сәбидің жылаған дауысынан оянды. Дереу Арманның жанына барып, бесікті тербете бастады. Сол кезде ғана әлі от жағылмаған үйдің суықтығын сезіп, денесі де тоңази бастаған еді. Қанша тербетсе де, кірпік ілмей «іңгәлап» жылай берген бауырының үстін анасының күрең шәлісімен қымтай берді. Ал, сәби болса жылағанын қойған жоқ, керісінше, үдете түсті. Оны қалай жұбатарын білмей қиналған кішкентай қыз бауырын аяп, онымен бірге қосыла жылады. Сол мезетте мектептен келген екі әпкесі Жанар мен Самал да табалдырықтан аттай сала бір орында қозғалмай тұрып қалған. Сәлден кейін ғана екеуі сөмкелерін тастай салып, кішкентайлардың жанына жүгіре жетіп, бауырларын жұбата бастады. Әпкелеріне мән-жайды түсіндірмек болған Кәусар:

– Апам құлап қалды. Оны білеулел алып кетті. Әжем мен әкем де олалмен білге кетті,–деді екі көзі жаутаң-жаутаң етіп. Екі әпкесі бір-бірінен көз айырмай қараған күйі үнсіз отырып қалды.

Сол түні үй іші кішкентай Арманмен бірге қосыла жылады. Өйткені, Айзат сол күйі оралған жоқ. Аяқ астынан көтерілген қан қысымы тіке миға шапшыған. Апасын сұраған Кәусарға бәрі «ол алысқа кетті, енді келмейді» деді. Ал, Кәусар оларға сенген жоқ.

–Өтілік, ол маған бөпе әкелуге кетті. Елтең келеді,–деп апасының күрең шәлісін қолынан тастамай ұстап жүрді. Бірақ, апасы Ақ қозысына қайтып келмеді. Ал әжесі болса, төтеннен келген қайғыны көтере алмай, төсек тартып жатып қалды.

Сүреңсіз күндер сырғып қана өтіп жатты. Кәусардың әкесі күнде жұмысынан кеш келеді. Жанар әпкесі тамақ дайындайды. Ал Самал үй жинайды. Тек Арман ғана қайта-қайта жылай береді. Айзаттың қайтқанына екі жыл өткеннен кейін туған-туыстары жиналып, «ауру апаңа, кішкентай балаларыңа қарайды» деп Маратты қоярда-қоймай үйлендіріп тынды. Үйге келген Лаура–бір қызы бар келіншек.

Бірде сабақтан келген Кәусарды тосын жай күтіп тұрды. Сөмкесін тастап, бөлмесіне кірген ол өз төсегінің үстінен Лаураның қызы Анарды көрді. Қолына үлкен қайшы ұстаған ол күрең шәліні қиып отыр екен. Кішкентай жүрегі шым ете қалған Кәусар дереу барып оны шапалақпен салып қалған. Ерке қызының аңырай жылаған дауысына жүгіріп жеткен Лаура Кәусарды жұлқылай ұстап:

– Өлген шешеңнің шәлісімен бірге жоғал!–деп, есікке қарай итеріп жіберген. Жас жүрегін тұңғыш рет кек кернеген қыздың көзінен сонда жас шықпай қойған. Тек жерде жатқан шәлінің қиындыларын қолына жинай берген еді.

Үш жылдан кейін әжесі де дүние салды. Ал бұларды әкесі интернатқа орналастырды. Тағдыр оларды тым ерте есейткен еді. Әпкелері бірінен соң мектеп бітіріп, қалаға оқуға кетті.

Бірде Арман Кәусарға қуанып келді. Қолы толған тиын.

– Әпке, қарашы, сыныптастастарым жәрмеңкеден түскен ақшаны маған берді! Күшті емес пе? Кәусардың бойын ашу кернеп кетті. Намыстан кішкентай қолдары дір-дір етеді. Арманды жетелеген күйі оның сыныбына жетіп барды да, апайының үстеліне тиындарды тастай салды.

– Кешіріңіз, біз көмекке мұқтаж емеспіз! Рахмет! – деп сыртқа беттеді де Арманға қарап:

– Ешкімге жалынышты болма! Еңсеңді тік ұстап жүр!–деді.

Содан кейін бөлмесіне асығып жеткен ол апасының шәлісін құшақтай ұстап булыға жылады. Насымтан өртеніп жылады. Сәл уақыттан соң көз жасын сүртіп тастап, сабағына кетті.

Сол түні Кәусар біраз уақытқа дейін көз ілмеді. Анасына, әжесіне құран оқыды. Бауырларының амандығын тіледі. Жастығының астынан күрең шәліні алып, кеудесіне қойды. Сонан соң оған «Біз бақытты боламыз, апа» деп іштей серт берді де, жайлап жанарын жұмды. Анасы елестеді. Қызын бұрынғыдай бауырына тартып, бетінен сүйіп жатыр. Ал Кәусар кеудесіндегі шәліні құшақтады.

Уақыт-керуен өтіп жатты. Әпкелері тұрмысқа шықты. Өзі қалаға оқуға түсті.Арман үлкен азамат болды.

Жатақхананың балконында үлкен қаланың жолына күлімдеп қарап Кәусар тұр. Қолында күрең шәлі. Ішінен әлдене деп күбір етті.

Кейін ол шәліні ешкім қайшымен қия алған жоқ. Ал Кәусардың жүрегін ешқандай қыстың аязы тоңдыра алмаған еді.

                                              

                                                                          

                                                                           Әсем ҚҰЛМАНОВА, 

                                                                                     Астана қаласы

ӘДЕБИЕТ 10 қараша 2018 г. 474 0