Келін іздеген кемпір

Ауылдың адуын кем­пірі немересіне қыз қарап шықты. Көрші ауылда бір үйдің бойжеткен үш қызы бар дегенді есітіп, соны сынап көрмек болды. Сөйтіп анасының рұқ­сатымен оларға зер салды.

– Қызым, қонаққа шәй әкел, – деді шешесі үл­ке­ніне.

Ол ибалы түрде дас­тархан жайып, шәй ұсынды. – Астарыңыз дәмді болсын, – деп жылы сөзін де жеткізді.

– Қызым қалай, ұнады ма?

– Екіншісін көрейін. Сосын айтайын.

Шешесі екіншісіне де шәй әкелші деді. Ол да үлкен құрметпен шәй ұсынды.

– Бұл қызым қалай?

– Үшіншісін көрейін. Бағасын содан кейін айтамын.

– Ол қызымды ұнат­пай­сыз. Мінезі шатақтау еді.

– Мейлі. Сонда да көрейін.

– Қызым, шәй әкелші, – деді шешесі кенжесіне.

Ол ыстық шәйнекті дастарханға тарс еткізіп қойды да: – Шәйға қашан қанасындар? – деп жөніне кетіп қалды.

– Міне, осы қызыңды келін қыламын, – деді кемпір.

– Сонда қалай? Ал­дыңғы екеуі инабатты еді ғой.

– Жоқ. Ол екеуі жасанды мінез көрсетті. Жасан­дылық қашанда жасанды. Ал, кенжең болса, туабітті мінезін байқатты. Одан жақсы келін шығады.

Шынында, әлгі кенже қыз кейін бір әулеттің сүйікті келіні болған екен.

Қаныбек ӘБДУОВ.

 

ӘДЕБИЕТ 05 наурыз 2019 г. 1 027 0