Жетім жүрек

Осы бір үйге кірсем қою көлеңкелі көрініс еңсемді басады да тұрады. Ә дегеннен ұнжырғам түсіп, шекем тырысатыны қызық. Қайсыбір жылдары қорадағы бес ірі қараның төртеуін тып-типыл қылғанда «басқа ешкімнен емес, осы көршіңнен келді» деген талайды көрдік. Көріпкелдің «ұры алыстан келген жоқ» деген сөзі де елдегілердің сөзін қуаттаған. Соның бәрі Батыржанды көрсем, жота жүні үрпиіп, тісін ақситқан алабайдай боп қалатыныма себеп болса керек.

– Батыржанның әйелі қайтыпты.

Бұл хабар жұртты таң қылды. Әншейінде анау-мынау еркегіңді жұдырықпен бір түйіп құлатарлық қауқары бар Қарлығашпен жеңгелеп қалжыңдауға да жүрегінің түгі бар қайнылары болмаса, бойына шыр бітпес біз алыстан амандасып, абыройсыздыққа тап болмайық деп тайып тұратынбыз. Иә, оның ауыратынын қайдан білейік. Жүрек ауруымен жүрегі барлар ғана ауырады деуші еді... Тәйірі, өлген адамның жаманы да жоқ.

Содан бері Батыржаннан маза қашты. Қарлығаштың қазасы есеңгіретіп жіберсе керек. Қанша жұрттың малын «үнсіз сұрап» алып, ізім-ғайым қылса да оның пұшайман күйі жаныма қатты батты. Аузынан сүт дәмі кетпеген алты айлық баланы ұстаған күйі жарын қара жерге тапсырды. Оған да біраз уақыт өтті...

Төрт бірдей ұлды өзі жетілдірді. Өсірді. Үлкенін оқытты. Бірақ балаға қанша айтсаң да, айтқаныңды емес, істегеніңді істейді емес пе?! Үлкен ұлы әжептәуір аты дардай оқу орнында оқып жүріп, ауылға демалысқа келгенде мал ұрлап, әкесінің қателігін қайталады. Сөйтті де, төрт жылға темір торға тоғытылды.

Қаршадай ұл көшеде ойнап жүр. Үстіне алба-жұлбасы шыққан жұқа жемпірді іле салыпты. Беті де торлап кеткен. Тырнағы өсіпті. Шашы да көптен бері жуылмағаны байқалады. Ал аула ішінде қолына бір шөлмек арақты ұстаған күйі Батыржан да қалың ұйқыға кеткен.

Ей, тәкаппар дүние-ай...


Аян СПАНДИЯР.

 

ӘДЕБИЕТ 13 наурыз 2019 г. 1 175 0