Наурыз нақыштары

Келді жайнап, келді жайнап,

Мерекесі көктемнің.

Сездіреді, сезіледі,

Қыс ызғары кеткенін.

 Дала жасыл, абыр - сабыр,

  қыз - келіншек, бозбала. 

Жер оянды, гүлге оранды,

исінді әлем боз дала.

Халқымызбен бірге жасап,

 тойлануда Наурыз  мейрам.

Тұсау  кесу,  атан  жарыс,

үлкен - кіші  мәз -  майрам. 

 Асық  атып,  арқан тартып,

 алтыбақан тебеміз.

Бақшамызға, саяжайға,

алуан гүлдер егеміз.

 Кейуана әжеміздің ,

 кимешегі көркем - ақ.

Немересі бесіктегі,

 ержетеді ертең - ақ.

 Ару қыздың үкі таққан,

 сәукелесін қарашы.

Бестас  ойнап құрбысымен,

 отыр олар жарасып.

 Жарқырайды  жеңгеміздің,

білезігі, шашбауы.

Жерошақта Наурызкөже,

берекенің бастауы.

Ақ жаулықты әзиз – Ана піспегімен

 күмпілдетіп күбісін.

Алаша  мен Өрмек тоқып көрсетуде,

 ата -  баба үлгісін.

 Киіз үйде ағаларым,

шаңқобызбен жыр -  жырлап.

Алқа таққан апалардың, 

 шолпылары сыңғырлап.

 Зер шапанды абыз - Ата,

 күңірентіп қобызын.

Ши ораған бойжеткендер,

 шаршамайды күнұзын.

 Көз тартады бұрымдының,

қарсы ілгекті камзолы.

 Наурыз көктем, жылдың басы,

 мерекенің абзалы.

 Керемет - ақ сәйгүліктер ,

 аруана, нар желідегі

Бұрқырайды тары исі,

қасиетті келідегі.

Сазсырнаймен күй тартылып,

       домбырамен ән салып.

Кесте төккен жас бикештер,

тамашалар тамсанып.

Сақиналы, сырғалы  қыз,

Қамажайды  билеп жүр.      

Қаражорға

Наурыз  жігіт жас  аруды,

Әткеншекке  сүйреп жүр.

Шыр  айналған  тас  диірменді,

Тамашалап,  таласып,

Талқан  жеген  балақайлар,

  Қуанысып  тарасып.

Тұскиіз  бен  жүн  қоржынның,

 Өрнегі  өте  сәнді  екен.

Мұралары бабалардың,

Мазмұны  терең, мәнді  екен.

Кесте  тоқып,  ою  ойып,

 Жіп  иіріп,  жүн  сабап.

Болашаққа  бағдар  берсек,

Ұрпақтарға  мол  сабақ.

Құмырамен  қымыран,  қымыз

 Қыз  келіндер тасып  жүр.

Құрт,  ірмішік, ақбауырсақ,

Ақтілек  шашу  шашып  жүр.

Алып  астау  жүз  жылқылық,

Жігіттерде дәу  қауға.

Келеді  әне  әз  Аталар,

Наурыз  тойын  бастауға.

Қанжар, қылыш, айбалталы,

Найза, күрзі  асынған.

Батырлары ­­­­– ел қорғаны,

Жаралғандай жасыннан.

Теңге алу ,жамбы ату,

Қызұзату, қыз қуу.

Ұлы дала ұлан асыр,

Шат-шадыман ду да ду.

Оразбай Қосанов.

ӘДЕБИЕТ 16 наурыз 2019 г. 1 251 0

Едел-Жедел

Күнтізбе

«    Желтоксан 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031