Жастық шақ

Қарап отырсам, жұрт жастық шағын керемет бір əсермен еске алып, мəре -сəре боп жатады. Қызығамын кəдімгідей. Біз де жас болдық, əй, бірақ бізде елжіреп еске алатындай жастық шақ болмаған сияқты...
       Бала күнімізден шығармашылыққа, өнерге жақын болдық. "Əсемпаз болма əрнеге'' - деп Абай атамыз айтса да, ''құлақ аспай'', əсемпаз болдық...Негізінде, ақын да басынан өткесін айтқан ғой. Əр істің басын шалмай, бірінің тізгінінен мықтап ұстауды меңзеген болса керек...
Дегенмен жастық шақта тап басып таңдау жасау қиын. Сондықтан әрнеге əсемпаз болып, әуре-сарсаңға түседі екенсің.
Ә дегеннен əуелетіп əкетпесек те əн-жырға құштар болдық. Домбыра, гитара, сырнай деген аспаптарды тартуды үйрендік. Шала - шарпы болса да, шумақтап бірдеңелер құрайтынбыз. Өзгеге қайдам, өз арамызда тым-тәуір дүние саналатын. Мектеп қабырғасында жүргенде оқушыларды былай қойып, мұғалімдерге достық əзілдер жазып, əжептəуір атағымыз шығып қалды. Ара - тұра аудандық газетке жолдаған шағын жазбаларымыз жарқ етіп шығып жататын...

     Сонау  1992 жылы мектепті бітірдік. Содан-ақ біле беріңіз, біздің жастық шағымыз қандай жағдайда өткенін...Тарихтан білетін Қазан төңкерісіне дейінгі өмір қайтып оралды ғой, несін жасырамыз. Ауылда электр жарығы жоқ, білте шам. Кəмпит - пешеней деген жоқ, оның орнына қауыншек, қауын құрт, талқан. Торт түгілі, тоқаш та жоқ. Өйткені ұн жоқ болатын.  Осы күні мұрнымызды шүйіріп таңдайтын тағам өнімдері (рожки, вермишел) атымен жоқ. Күріштің ұсағынан тамақ дайындайтынбыз. Ақша болса да жоқ, қорадағы қой - ешкіні сатып, қант - шəй қыламыз. Бір күні үйдегілер мені аудан орталығынан ұн əкелуге жұмсады. Үйдің үлкені мен ғой, сондықтан да сеніп тапсырған болар. Содан автобусқа бір ешкіні салып берді. Жалағашта тұратын ағайынның үйіне апарып, олар маған ұнға айырбастап беру керек.
Ол жақтан мені машинамен күтіп алды. Ойламаңыз, бойжеткен қыз аудан орталығында ешкі жетектеп жүр екен деп...Бірақ сол ешкісі құрғыр ол үйдің қорасынан қашып кетіп, əуреге салғаны болмаса...Енді жабыла ешкі іздеп жүрміз. Мен өзім əкеп тұрып, танымаймын ол ешкіні. Бірақ ешкі біздің үйдікі. Құдай қарасып, сол жылдары үйде ешкі көп болатын. Ас-қатықты айырып тұрды. Содан не керек, ауылдан менен бес жас кіші інімді шақыртып, сол əлгі ешкісі құрғырды тауып, бір қап ұнды ауылға алып қайтқан едік...
        Жаспыз. Жүрек шіркін жалын атып тұр. Бұла күшіміз бойымызға сыймай, ұл-қызымыз бірге кешкісін бір уақ ауыл көшелерін аралап ән салып қайтамыз. Қолымызда домбыра, гитара. Бірімізден соң біріміз іліп алып, әнге саламыз. Жастықтың буы басым, содан шығар, көңілімізде қылаудай мұң жоқ. Біз де жұрт қатарлы вешр жасадық. Енді қайтеміз?.. Вешіріміз өтеді өйтіп - бүйтіп, өзімізге қызық сияқты. Білте шамды екі жерден қоямыз. Сусынымыз ''юпи'' ұнтағы кəдімгі. Бір жақсы жері, шамның жарығынан қыздар да, жігіттер де шетінен сұлу, келбетті көрінетін. Содан болар, қатарластарымыздың көпшілігі сол кездерде үйлі - жайлы болып жатты. Енді не қайтсін, оқитын оқу жоқ, жұмыс болса да жоқ...
       Иə, ащы да болса шындық, сол біздің кластастарымыздың ішінен бірен - сараны болмаса, басқасы ешқандай оқу орнын бітіріп, мамандық ала алмады. Білімі жетпегендіктен емес, мүмкіндігі жетпегендіктен. Ел қатарлы отбасыларын асырап жүр дегенмен, ол бір өкініш...Міне, біз осылай ер жеттік, замандастарымыз  біледі. Біз солай, Тəуелсіздік жылдарында жастық шағымызды ''құрбан еткен'' жандармыз.

                                                                                                       Ғазиза ӘБІЛДА

ӘДЕБИЕТ 27 наурыз 2019 г. 1 693 0