Үкілі үмітіміз еді...

Көп кітаптың бұрыш-бұрышын тышқан кеміріп тастағандарын біртіндеп лақтыра бастағанмын. Ішім удай ашиды-ақ. Арқалап қайда бармадым бұларды. Ендігі жатқан жері – қараңғы жертөле. Кейбірін әлі оқып та үлгермеппін. Біртіндеп лақтырып отырғаным қимағаным шығар. Қимайтындай-ақ дүние! Көбісі студент шағымда жиған кітаптарым.
Үйілген кітаптың арасынан қымбат бір дүниенің көзіме оттай басылғаны. Студент шағымызда өзіміз шығарған жұп-жұқа қолжазба журнал. Оның да төменгі жақ бұрышын тышқан мүжіген. Қолыма алып, бас-аяғын ақтарып көз алмай ұзақ қарадым. Екінші нөмірі. 1989 жылғы наурыз-көкек айларында жарық көрген. Бірінші нөмірі де жадымда. Жадымда болатыны, оның жалғыз-ақ данасы жарық көрген-ді. Сол жалғыз дана журналды дәрісхана қабырғасына жіп тағып, іліп қойғанбыз. Шығармалар кәдімгі шарикті қаламмен әдемілеп тұрып жазылған. Кім жазды екен? Ұмытыппын. Мүмкін өзім жазған шығармын. Әйтеуір Дүйсенбек пен Елубайдың жазбағаны анық. Дүйсенбектің қолтаңбасы біркелкі болғанымен тышқанның ізіндей ұсақ, ал Елубайдың жазуы өзінің жүрісі сияқты, әріптерінің бірі шалқайып, екіншісі еңкейіп, жел шайқағандай ұйпа-тұйпа болады да тұрады.
Қабырғаға ілген альманахтың сол алғашқы нөмірін студенттер үймелесіп құмарта оқып тұратын. Біз альманағымыз аман ба екен деген әлде қауіппен, әлде қызығушылықпен ауық-ауық дәрісханаға бас сұғып, қарап кетеміз.  
Альманахтың осы екінші нөмірі енді қолмен жазылып емес, баспаханада басылып шыққан-тұғын. Міне, соңғы бетіндегі жазу: «Подписано в печать 03.05.1989 г. О.О.П. Вычислительного центра. Зак – 132. Тир – 50.»
«Жалын» альманағына ұқсатып шығаруды ойлаған түріміз. Бірақ қазақ қолжазба журналы тарихында 1915-1918 жылдары Бейімбет Майлин ұйымдастырып шығарған «Садақ» қолжазба журналынан кейінгі екінші журнал екенін білмеппіз. Ойымызды ұстазымыз, филология ғылымының кандидаты Темірхан Тебегенов ағайға айтқанда, ол кісі жанып түскен. Сөйтіп альманахтың аға кеңесшілігі «қызметіне» Темірхан ағайдың өзін тағайындап жібергенбіз. Редакция алқасына Нұрлыбек Сафин, Лена Әбдіхалықова, Елубай Әуезов, Сәуле Жүсіпова, Гүлбану Шамахова, Гүлбибі Есқараева, Алмас Әбсадықов, Дүйсенбек Беркінбаев, Гүлжаһан Домбылова деп тізімдедік. Оллаһи, шынымды айтайын, мен өзімді сонда бас редактор деп жазғым-ақ келген. Бірақ жазбаппын.  
Альманах – 40 бет. Бет көлемі – 15×20 см. Мұқабада «Үкілі үміт» деген басылым атауы, нөмір санын білдіретін 2 деген сан жазылған. Одан төмен ашық жатқан дәптердің суреті. Оның жанында үш тал гүл кескінделген. Екінші бетке «Қалайша жүрем жастықтың жырын толғамай...» деп басталатын ақын Мұхтар Шахановтың бір шумақ өлеңі. Қолмен жазылған. Өз қолтаңбам. Үшінші бетте: «Н.В.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институты. Тарих-филология факультеті, «Қазақ тілі және әдебиеті» бөлімінің жанынан құрылған Ә.Қоңыратбаев атындағы әдебиет үйірмесінің екі айда бір рет шығатын әдеби-көркем қолжазба альманағы. 1988 жылдың ноябрь-декабрь айынан бастап шығады» деген жазу бар.
О, дариға! Содан бері отыз жыл өмір өтіпті. Альманах отыз жыл бұрынғы тарихқа айналып үлгеріпті. Айтуға тұра ма, тұрмай ма?
Міне, «Беташар» айдарымен ақын Сейіл Боранбаев ағамыздың «Үйірмеден басталған мөлдір бұлақ...» атты мақаласы. «...Әуелбек Қоңыратбаев атындағы әдебиет үйірмесінің «Үкілі үміт» атты көркем альманах шығару сияқты игі істі қолға алуы біз үшін де қуаныш. Сондықтан мен үйірмеге, оның альманағына «жолдарың болсын, жас қалам» деп сәт сапар тілеймін» деп аяқталыпты мақала. Одан әрі «Проза» айдарына кезек беріледі. Дәуіржан Елубаевтың «Үміт сәулесі» атты новелласы. Одан кейін  менің «Бақыттысың ба?» атты новеллам. Дәуіржанның дәл сол кезде Эчмиадзин қаласында әскерде жүрген кезі. Оның мына новелласын сонда одан бір жыл бұрын алып қалған болып тұрмыз. Бұл дерек біздің альманах шығару идеямыздың әлдеқайда ертерек пайда болғанының дәлелі.
Одан кейінгі бес бет «Қонақкәде» айдарымен М.Мәметова атындағы педучилищенің ақын қыздарына арналыпты. Айгүл Қалниязова, Дамира Ибрагимова, Рая Жақыпованың өлеңдері, Фатима Дәулетованың юморы берілген. Қазір қайда екен сол қыздар?
Институттағы ақынымыз Елубай Әуезовтің  өлеңдері келесі үш бетті тұтас алыпты. Алғашқы өлеңі – «Тастанды бала». Келесі өлеңдері «Тағдырға», «Толқытты мені» деп аталады.
«Есейін алға қарай ескегімді,
Өткізейін аз ғана кештерімді,
Сарқа айтуға ойымды уақыт бер,
Содан кейін өзің біл не істеріңді», – дейді «Тағдырға» атты өлеңінде.
Сөйткен Елубай шашы аққудың мамығындай аппақ болып, жасы елуден асса да поэзия ескегін есуден шаршаған емес. Облыстық теледидарда, «Сыр бойы» газетінде, «ҚазАқпарат» агенттігінде журналист болды. Бірер кітабы жарыққа шықты. Өзім қазір басқарып отырған республикалық «Таң-Шолпан» әдеби-көркем, көпшілік журналының былтырғы бесінші санына топтама өлеңін жарияладым. Әне-міне «Түпсана жаңғырығы» атты тағы бір жыр жинағы жарық көргелі тұр.
Одан әрі Раушан Шопанованың «Қимаймын сені», «Менің далам», Маржан Хизированың «Анама сыр», «Құрбыға», Гүлжаһан Өксікбаеваның «Сағыныш», «Дос туралы», Мира Дөненқожаеваның «Анаға арнау», «Кейде бір уақ...», «Аяқ асты төселіп...», «Жабырқаулы айнала...» атты өлеңдері жарияланыпты. Қазір оқып отырсам, сол бір балауса жырлардан тап-таза мөлдірлік байқалады. Қай-қайсысында да сәтті шумақтар жетерлік. Республикалық әдеби журналдың талғамымен қарағанда дәл осындай студент жырлары үлкен басылымға жариялауға бүгін де жарап тұр.
Альманахтағы келесі бір қы­зықты дүние – сол тұстағы «Ленин жолы» облыстық газетінің бөлім меңгерушісі, ақын ағамыз Мұ­хамед­жан Нұрхановтың «Бастауы мөл­дір бұлақтар» атты мақаласы. Онда ол жас талапкерлердің балауса өлең­деріне пікір айтып, сәт сапар тілейді.
Сол жылдары жазушы Қази Данабаев ағамыздың «Гүлдәурен» атты прозалық кітабы жарық көрген еді. Осы кітапты Арменияда әскерде жүрген Дәуіржанға да салып жібергенмін. Оған  повесть туралы пікір жаздырыппыз. Мұхамеджан ағамыздың мақаласынан кейін сол пікірге орын берілген. Осы күндері Дәуіржан «Сыр бойы» облыстық газетінің жауапты хатшысы.  
Қазір қалай екенін қайдам, ол кезде факультетте әдебиетке құ­мар, шығармашыл студенттер көп болатын. Ондай адамның жаны нәзік, жүрегі сыршыл келетін әдеті емес пе. Бірінші курс студенті Гүлмараш Жайықбаева, айналайын қарындасым, жаны мөп-мөлдір, мінезі жібектей ерекше жан болатын. Ұялшақ та еді. Дүйсенбек өзі ақыл-кеңесін айтып жүріп Гүлмарашқа «Гүлдәурен» туралы пікір жаздырып әкеліпті. Соңғы бетке оның осы пікірі жарияланған.
Әне бір жылы журналист Нұрлан інім Қазекем ағам туралы естелік кітап шығарғанда осы екі мақала есте болмапты. Әйтпесе екеуі де кітапқа енуге жарап тұр еді.
Альманахты шығаруға Дүйсен­бек, Алмасбек, Леналар (Елена Әбдіхалықова) білек сыбанып атсалысты. Дүйсенбек қазір «Сыр бойы» облыстық газетінің аға тілшісі. Алмасбек Әбсадықов бүгінде Ахмет Байтұрсынұлы атын­дағы Қостанай мемлекеттік универ­ситетінің проректоры. Филология ғылымының докторы.    
Елена сол кездің өзінде айтыс­кер, әнші аты шыға бастаған еді. Облыстық «Ленин жолы» газетіне «Лена деген бір қыз бар» атты мақалам жарық көргенін осы арада айта кетудің иіні келіп тұр. Кейін композитор ретінде елге кең танылды. «Есіңе мені алғайсың», «Көздеріңе ғашықпын», «Сыр елі» және тағы басқа әндерін білмейтін жан жоқ. Бірнеше жыр жинағы жарық көрді. Өзім редакторы болған 10 томдық «Жыр маржаны» қазақ поэзиясының антологиясына өлеңдері енді.  
Шыққанына отыз жыл болған альманахтың жалғыз данасын қолыма алып отырып, алуан-алуан ойға берілдім. Көкірегімді сағыныш кернеді, бөгде ойлардан ада, арманшыл әрі сол арманға жететініне еш шүбәсіз сенетін бозбала кезімізді қимастықпен еске алдым. Күлкілі жағдайға тап болған бір оқиға да ойға оралады. Ақын Жанұзақ Қожабергенов ағамызға «Жастардың тырнақалды туындыларына пікір жазып беріңіз» деп қолжазбаларды ұсынғанбыз ғой. Жәкеңнің қызмет орны орталық алаңда орын тепкен биік үйдің төртінші әлде бесінші қабатында, облрадиомен қанаттас. Біздің альманах шығармақ болып ентігіп жүргенімізді естігенде кәдімгідей-ақ шошып кеткен-тұғын. Сөйтсек, ағамыз сол жылдары цензуралық қызметте (лито) екен. Ол жағын біз қайдан білейік.
Альманахтың екінші данасын тасқа бастырып, көбейтпек болған ойымызды Темірхан Тебегенов ұстазымыз қатты қолдады. Темірхан ағай қазір Алматыдағы Абай атындағы Қазақ Ұлттық педа­гогикалық университеттің профессоры. Филология ғылымының док­торы. Академик. Көптеген ғы­лы­ми-зерттеу еңбек жазған білікті ғалым.
О кезде Қызылордада қазақ әріптері бар жазу машинкасы қат. Ал, біз альманағымыздың қазақ әріптерімен басылғанын қаладық. Бұл тығырықтан да алып шыққан Темірхан ағай. Обком жағынан машинкасы қазақша бір апайды тауып берді. 40 бет қағазды кім тегін басып берсін, сол үшін редакция алқасы тізімінде тұрғандар ақша жинамақ болғанбыз. Соны естіген Темірхан ағай сөзге келместен қалтасынан тұтас 25 сомдықты суы­рып алып, қолыма ұстата салды. Сөйтіп ұстазымыз «Үкілі үміт» альманағының аға кеңесшісі ғана емес, бүгінгі тілмен айтсақ қаржылық демеушісі де болған.
Қазақша терілген беттерді сол кездегі «Дом бытаның» қарсы бетінде орналасқан «Вычислительный центрде» көбейтіп, түптеттік. Ұстазымыз берген ақша альманахтың 50 данасын жасауға жетті. Есептеп қарасам, әр данасы 50 тиынға түсіпті.  
 Өкініштісі, «Үкілі үмітіміздің» өмірі 2 данамен шектелді. Неге олай болды деп ойласам, мен 5-курсқа көшіп, жаңа жылға дейін педпрактикаға Павлодар облысына аттаныппын. Редакция алқасының ішінде ыңғайлысы, баспагерлік жұмыстың ыстық-суығына төзетін адам Дүйсенбек еді. Бірақ ол осы жылы, бірінші курс студенті болса да облыстық Кеңестің депутаттығына сайланды. Жиналысы көп, сабағы тағы бар. Өзі отбасылы, бәріміз кезек-кезек көтеретін Рүстем атты ұлы бір жасқа енді толған. Алмасбек 4-курсқа көшкен, шамасы дипломдық жұмыстан бас ала алмай жүрсе керек. Елубайдың болса да қиялы аспанда. Ленаның қолына домбыра алып, ақындар айтысына араласқан кезі. Инс­титут бітірген соң біздің бәрімізден бұрын газет шығару ісіне кіріскен бірге оқыған досымыз, қазір «Сыр медиа» ЖШС бас директоры, филология ғылымының кандидаты Аманжол Сақыпұлы ғылыми жұмыспен айна­лысып жүрді. Студенттер ара­сында өткен республикалық ғы­лы­­ми жұмыс байқауынан бірінші орын алғаны есімізде. Альманах жұ­мы­сына қатыса алмау себептері ғы­лыми жұмыстарына байланысты болар.
Бір бұрышын тышқан кемірген «Үкілі үмітім» біртін-біртін алыстап бара жатқан студенттік шағымды көз алдыма әкеле береді. Арманшыл шағымыздың қолтаңбасы көңіл толқытады. Әдебиет әлеміне бет бұрған кездегі жүрек лүпіліміз сезілетін қымбат ескерткіш көзге де, көңілге де сондай ыстық.
Көркем әдебиетке біз осы «Үкілі үмітпен» келдік. Сол себепті 40 беттік «Үкілі үмітті» қазір өзім бас редактор боп жүрген республикалық «Таң-Шолпан» журналынан, сірә, кем көрмеймін.

Нұрлыбек САМАТҰЛЫ,
республикалық «Таң-Шолпан» әдеби-көркем,
көпшілік журналының бас редакторы.
ӘДЕБИЕТ 29 наурыз 2019 г. 1 098 0