Нартай Қайбуллаев. Өлеңдер

Қайбуллаев Нартай Төреханұлы 1998 жылы Жаңақорған ауданы, Төменарық елді мекенінде дүниеге келген. 2017 жылы жас ақындар антологиясына өлеңдері кірген, сонымен қатар бір неше мүшәйралардың жүлдегері. 
Қазіргі таңда Қазақ Ұлттық аграрлық университетінің 4-курс студенті.


 

 

*****

Жалындаса жүректе қапыдағы от,
сонда да көз салмадым атына көп.
Маңайдағы жүретін ешкімдердің,
Сені мендей сүюге хақы да жоқ.

Таңдарымды қайтемін арайлатқан,
Бас тартамын сен үшін талай бақтан.
Көз тастасаң мендегі бұл сезімге,
Кіршіксізі секілді жаңа ай дақтан.

Толса-дағы еріксіз жанар мұңға,
Сезімді өлше, мендегі тоналдым ба?
Жоғалса егер сезімім бір минутта,
Қажеті жоқ жыр жазар қаламның да.

Бір бейнені сағынып, күндіз көріп,
Бір бейнеге ұмтылып күндіз көріп,
Содан бері, тұруға түнгі аспанда
Тырысамын барынша жұлдыз болып.

Қажеті жоқ деймін-ау қаламымның,
Отын сезбей өзімдік жанарымның.
Жыр жазуға қаламым болмаса да,
Жармасамын масағына дала гүлдің.

Жалындаса жүректе қапыдағы от
Сонда да көз салмадым атына көп.
Маңайдағы жүретін ешкімдердің,
Сені мендей сүюге хақы да жоқ.

Білмедім де,
сүйкімсіздік жатты етерін,
Білерім сол, сезімсіз бақ кетерін
Ұғынғаным сіздік сүйкім мұншалықты,
Махаббаттан əріге тəтті екенін.


Театр және сомдаушы


Жеңісім - адам кейпін сомдағаным,
Жолдағаным еріп, тасып хаттарды
Болады ғып жібереді болмағанын
Болмашы дүние-ай!
Əйтеуір ақталды:
Не үшін?
Не себеп?
Сомдаушылар біз айтатын жоқ па əлгі?
Қойшы бəрін ақтарылма, ақталма
Алапат күш бəрібір де күтері хақ қапталда
Себебі, бұл сұм ғасыр
Хат дейміз-ау, жасырамыз жырға сыр
Жыр дегенің əсілінде хат емес пе?
Ақындарға хаттан бөлек мұң да асыл
Біздерде солай, сіздерде қайдам,
сіздерде қайдам ұқпаймын?
Е, əйтеуір адам кейпін сомдаушыны құптаймын.
Себебі ол - əртіс,
Əртістердің бəрі маған асылдан,
Сəуле қылып түсіргендей ғасырға

 

 

Қиял

Бастап барды ойлар тағы жолдан ізгі,
Тап ортада дүбаралар қолдан үзді.
Соншалықты төмендеуі иманының,
Əсілінде халыққа сол маңызды.

Байғұс отыр біреуден сорладым деп,
Байғұс отыр сорланғанды зорладым деп,
Пасық ойдан туындаған шексіз отты
Өзіміз ғой жалындатқан қолдан үрлеп.

Таптаурында тапталған таптық арым,
Жартыжылдық неке көріп аптығамын
Жарты миллион ақсақал шет қалғанда,
Жарылуға ішімнен шақ тұрамын.

Өмірімнің қонар ма екен соңына құт,
Жағаласып кетіп барад(ы) ғұмыр ағып.
Адамзаттың кейіпінде жаратқанша.
Жаратпады неге мені құмыра ғып?

Аласұрдым, мен осылай аласұрдым,
Болар ма екен кесірлі мəні ашудың?
Ашуды ма?
Қоя тұр құмырада,
Көрерім хақ тазалығын қара судың.

Бір отбасы, байқап тұрсам, алысуда,
Сыйластық-ай кетті тағы салы суға
Түсінгенім иман, əдеп азайғандай
Бұл өмірдің мағынасы - бəрі шу ма?

Жағаласып кетіп барад(ы) ғұмыр ағып
Жаратпадың мені негі құмыра ғып?

Таяз ойдың жетегінде ескірген ше,
Харам ойлы алпауыттан сес көрген ше,
Өшер едім құмырада өшкім келсе
Өсер едім құмырада өскім келсе!

*****

Жаным, аға,
Күрсінісім сиятындай мағынаға.
Қаратаудың топырағы - тау әкеңді,
Сенің де ақ жүрегің сағына ма?

Тұғыр алдан,
Шығатындай ұмтылдым шыным Алла.
Қаумалаған қатігездік арқасында,
Жаңылғанмын құбыламнан.

Серідей боп,
Шарықтадым, бойымда тек үрей көп
Құсалықтан таусылдым, ал мінезім.
Бұрынғыдай қайтпайтын бөрідей жоқ.

Жігер-күшім
Таусылмайды, жұтқан ба бір ерді сұм?
Ағатай-ау, қорқауларша мына інің
Өмір сүріп көрмеген біреу үшін

Қайдан ғана
Сағындым, бұрын тіпті ойланбағам.
Мінезділік өшпейді-ау, шаршап біттім,
Тау әкеге - сағыныш, ойдан да, аға.

Жаным аға,
Күрсінісім сиятындай мағынаға,
Қаратаудың топырағы - тау әкеңді,
Сенің де ақ жүрегің сағына ма?

Күнім - түсім,
Қаратауым бейнелейді бұрынғысын.
Алатаудан келе жатқан сол ініңе,
Қаратаудың көрінеді шөгіндісі.

Қаратаулық топыраққа айналғасын
Сол тауымның шөгілгенін ағатайым
Тірі тұрса көрмесін қайран басым!

*****

Сені ойлаған сəттерде құбылғанмын,
Құлауға да шақ қалдым тұғырдан мың.
Түскім келіп тұғырдан өзің жаққа,
Ұшқым келіп жартасқа соғылғанмын.

Апыр-ау мен биіктен қалықтағам,
Сен туралы жырлардан жалықпағам.
Жерге жеттім аңсарым ауа беріп,
Елге жеттім, япыр-ай талып барам.

Боладысы қызық қой жаңа əдеттің,
Сүю - жетімсіреп қалғаны əлеуеттің.
Бұлақтарға барғанда еске түсіп,
Жырақтарға келген еді ала кеткім.

Менің үшін сендегі құт - алыс төр,
Сағынышқа сергелдең сұраныс тұр.
Əкімге жар болсаң жақұт тұнар,
Ақынға жар болсаң қуаныш - көр.

*****

Жоқшылықтан шаршадым бірі десе,
Арасынан сытылып мың адамның.
Жоқ дегенді ұмытып күні кеше
Бақ дегенді Тәңірден сұрап алдым.

Таң бозарған, бозғылт тым, боз балақай,
Алақайдан безінген бүгін неге?
Түн тұрпатын байқаса көз оп-оңай,
Ақ қолдардың керегіне үңілмеген.

Есерсоқтай еңкілдеп керегі не?
Жоқ дегенді ұмыту бар болғаны
Қол созғанда Тәңірге себебімен
Болмасы хақ, тән қорлауы...

Маңдайыңа қорлықты жазбас адам,
Түсінсеңші, балақай, бақты мынау.
Ұмыт, ұмыт, жүрегің маздаса одан,
ұмыт, ұмыт, қайғыны тәтті ғып ал.

Өзім құсап жарлыны ақ көремін,
Ақ көремін, көңілге сақтап алып.
Негізінде қуанатын сәт - бәленің
Жоқшылықты еңкілдеп жоқтағаны

Мен секілді өмірге үңілмесең,
Шаршайсың дауысынан жылағанның.
Жоқ дегенді ұмытып күні кеше,
Бақ дегенді Тәңірден сұрап алғын!


Нартай Қайбуллаев 
ӘДЕБИЕТ 19 сәуір 2019 г. 818 0