«Сыр дәптері»

Ғабиден Мұстафиннің өмірінің соңғы кезеңінде жазып қалдырған естелігінен үзінді


"Абайдан кейін біздің заманымызда, қазақтан туған білімді, талантты адамдардың ішінде аты мәлім адамдар атаусыз ұмытылып барады», – дейді ол бір жазбасында. Олар - Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов, Шәкәрім Құдайбердиев. 
Қазір уақыт өзгерді. Қауым жаңарды. Тарихымызға сынай қарап, дұрысын-дұрыс, бұрысын-бұрыс дейтін шақ келді.  Сонда да Ахмет, Мағжан, Жүсіпбек, Шәкәрімдердің ғылыми, әдеби тамаша еңбектері әлі көмулі жатыр. Мен осы жәйді бес-алты жылда өзіміздің ОК (Қонаевқа) үш рет кіріп айттым. Кірген сайын бір сағат, жарты сағат әңгімелесетінмін. Пушкин, Толстой, Горький сияқты алыптары бар орыс халқы Бутин, Есенин сияқты әдебиет алдаспандарының қателескендерін кешіріп, қатарына қосып жатыр. Олардың еңбектері халықтың игілігіне айналуда. Біз неге сөйтпейміз? Орыстан мәдениетімізбен біліміміз кем бе? Әлде бізде талантты адамдар аз ба? Неге көмулі қазынамызды ашып бере алмай келеміз деген сауалды Қонаевқа қойдым. Әдебиетте мен сияқты Кеңес дәуірінің бұрынғысымен қазіргісін басынан кешіріп, әдебиетті бүркеп келеміз, кейінгілерге не дейміз? Біз бүркегенмен олар ашады. Қазақ тарихы, қазақ әдебиеті жойылмаса Ахмет, Мағжан, Жүсіпбек, Шәкәрімдер жойылуы мүмкін емес. Тарихымыздың төрінен орын алады олар. Сондықтан мен «Сыр дәптеріме» жазып кеттім. Кейінгілердің қарғысына ұшырамауды ойладым. Дүниеден өзім кеткеніммен ізім қалса болғаны. Сол ізбен келіп, сырымды ашады кейінгілер».
Бұл сөзді ол 1979 жылы 6 ақпан күні жазыпты. Қандай көрегенділік, данышпандылық танытқан. Мұралардың ең қымбаты – сөз. Сол күн шалмас қараңғы көңілді шалады. Күн жылытпас суды, көңілді жылытады. Сөз құдіреті ақты қара, қараны ақ етуге жетеді. Асыл адам да, асыл нәрсе де тозады, жоғалады. Асыл сөз мәңгі жасайды. Оның сөзі мақал-мәтелмен байытылып офоризмге толы еді. Аумалы-төкпелі 1937-1938 жылдары Қазақстан Жазушылар одағының партия ұйымын басқарған кездері Қасымның, Әбілданың, Қалижанның партиялығын қараған жиналыстарда Ғ.Мұстафин оларды қорғай білген тұлға.
«Шығармашылық қателік кімде жоқ. Бірақ бұлар жау емес». Еңбекке төзімді болмайынша, ұзақ түндерде көз майын таусып отырып, бір жолды, бір бетті сан рет өшіріп, көшіріп жазуға шыдамайынша нағыз жазушы болу мүмкін емес. Ғ.Мұстафиннің кітаптары одақ, дүние жүзі кеңістігіне кең тарады. Көптеген кітаптары шет тіліне аударылды. Бұл тұрғыда ол одақтық дәрежедегі үлкен жазушы болды.    
Рысбай КӘРІМОВ,
                                                                                 зейнеткер.
ӘДЕБИЕТ 13 мамыр 2019 г. 1 153 0

Едел-Жедел

Күнтізбе

«    Желтоксан 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031