Қазақтар тойға, өзбектер тірлікке бара жатыр

Жақында Қызылордаға қарай жолға шықтым. Құдай бере салған «Семей-Қызылорда» пойызы баяғы. Семейден келе жатқаны бар, Алматыдан мінгеніміз бар, вагон жолаушыға лық толы. Қарап отырмай қасымдағылардан сұраймын: «Қайда бара жатырсыңдар? Қайдан келе жатырсыңдар?» деп. Бірі тойға, енді бірі асқа бара жатыр. Үшінші біреу құдалықтан қайтып келеді. Ал мына біреуі беташарға ғана қатысыпты. Мен де сол тойшының біреуімін.

Келесі күні тойды бітіріп Қызылордадан Алматыға шық­тым. Мұнда да сол, тойға бара жатқандар, тойдан келе жатқандар. Үстел үсті толған тойдың асы. Ағайындар сарқытты аямай салып жіберген.

Жолай Шымкенттен кеудесін жапқан сақалы келбетіне жарасқан бір өзбек ақсақал мінді. Жанында кемпірі. Құрметтеп төр ұсындым, ыстық-ыс­тық шай тасыдым. Ақсақал ықылас қо­йып, бері бұрылды. Маған керегі әңгіме, сұрақ қойып, суыртпақтап сыр тартамын. Самарқан облысында тұрады екен. Жасы сексенге толыпты. Кемпірі жетпіске енді келген.

– Бәрекелде, жас қызды қақ­қан екенсіз, – десем, иығы селкілдеп күледі.

Шай ішіп, терлеген ақсақал пойыз терезесінен кең жазира жерімізге сұқтана қарап, басын шайқайды. «Не деген кең жер! Бәрі бос жатыр!» деп таңыр­қайды. Бір бекетке келгенде:

– Қазақтар жалқау ғой, тым болмағанда үйлерінің маңайына жайнатып жеміс егіп қоймай ма? – деді ренжіп. Расында бекет басы ыбырсып жатыр. Ырымға жалғыз ағаш көрінбейді. Көлеңке біткен бекет басынан тиянақ таба алмай, бет-бетіне безіп кеткен.

– Бізде су жоқ, су болмаған соң жеміс өсе ме? – дедім.

Ақсақал не дер екен деп әдейі айттым.

– Жалқауға сылтау көп. Жердің асты толған су емес пе? Бізде –  Самарқанда да су жоқ. Скважина қазып алғанбыз, екі гектар жерімізді сонымен суарып отырмыз, – дейді ақсақал тағы да басын шайқап. Бұл жолғы басын шайқап таңырқауы жердің бос жатқанына емес, жалқаулықтан басқа ештеңе жоқ деп таңырқағанға ұқсап кетті.

Бұдан арғы әңгіме жерге, егіншілікке байланысты өрбіген. Төрт ұлы бар екен. Төртеуі де отбасын құрған, балалы-шағалы. Барлығы-дағы бір үйде тұратын көрінеді. Жалақы алып, ешқайсысы жұмыс істемейді. Жабылып айналдыратыны екі гектар бақты күту, соның жемісін сату. Төрт отбасын сол екі гектар жер молынан асырап отырған көрінеді.

– Екі гектар бақ төрт отбасын асырауға қалай жетеді? Мүмкін емес! Ақсақалды сөйлетпек боп, әдейі солай деймін.

– Әй, қазағым-ай, – дейді ақсақал таласпай. – Жер алдамайды, еңбегіңді еселеп береді...

Арада апта өтті ме, өтпеді ме, тағы бір тойдың хабары жетсін. Қазығұрттағы қарындасым мен күйеу бала келін түсіретін болыпты. Қалай бармайсың?! Шымкентке қарай пойызға отырдым. Көршім мақтаншақ шал, есіп сөйлеп отыр. Алматыдан тойдан қайт­қан беті екен. Той жасаған інісі мейрамханаға бес жүз адам шақырыпты. «Менің ініммен ойнаған екенсің?» деп, сол екі арада мені кінәлі қып қояды. Қасында кемпірі. Екінші бір көршім Шымкентке бесікке саларға асығулы.

Сонымен Қазығұрттағы той­­­ды да тындырып, Сарыағаш жақтан автобусқа отырдым. Ол жақтан да көргенім тойдан қайт­қан қазақтар. Бірақ олар көп емес, жолаушының дені өзбек жігіттері.

– Қайда бара жатсыңдар, тойға ма? Мысалы мына мен тойдан қайтып барамын. Үйлену тойынан, – деймін оларға әдейі не дер екен деп.

Топтанып тұрған өзбектер бір-біріне қарайды.

– Көктемде адам үйлене ме? Есі дұрыс адам күзде үйленбей ме? – дейді бірі.

– Біз тойға емес, тірлікке бара жатырмыз, –  дейді тағы біреуі.

Олар мырс-мырс күледі. Мен де күліп тұрмын. Бірақ менің күлкім басқа күлкі.

Өзбек туралы әңгіме қозғалып қалған соң, мынаны да айта кетейін.

«Бұрын өзбекті саудагер халық дейтін еді, енді қазақ сауданы өзбектен асырып жіберді» деп пікір айтатындар кездесіп қалып жүр. Білмеймін, біліп айт­ты ма солар, білмей айтты ма, әлде әлдене айтқысы келген соң айта салды ма?

Ресми дерекке сүйенсек, 2 миллион 500 мың өзбек сырт­та жұмыс істеп, ақша тауып жүреді екен. Нақты саны бұдан әлдеқайда көп екені анық. Өйткені есепте жоқтар есепте барға қарағанда қашан да артық қой. Олардың Қазақстанда жүргенін айтып қайтейік, көпшілігі Ресейден нәпақа теріп кеткен. Еуропа кезіп кеткендері де көп. Оңтүстік Кореяда, АҚШ-та және біз біле бермейтін тағы басқа жерлерде де жүре береді. Олар тапқан табыстарын оңды-солды шашпайды, дереу банк арқылы еліне жөнелтеді. Оны өз көзіммен көрдім.

Енді қарапайым есепке жүгінейік. Әр өзбек айына үйіне банк арқылы орта есеппен 500 доллар жібереді делік. Сонда 2 500 000 адам × 500 $ = 1 250 000 000 $. Бұл қандай сан? Қателес­песем, 1 миллиард 250 миллион доллар. Бұл ай сайын Өзбекстанның банкісіне түсіп жатқан қаржы. Ай сайын! Қалай? Қазақстанға келді деп бөрікті аспанға ататын мынау деген ин­вес­тицияңнан асып тұрған жоқ па?

«Азаттық» радиосының сө­зіне сенсек, «тек ресми банк аударымдарын ғана тіркейтін Ресей орталық банкінің дерегі бойынша, 2012 жылы мигранттар Өзбекстанға 5,7 миллиард АҚШ доллары шамасында қар­жы аударған» екен. 

Осынша ақшаға олар не сатты? Білегінің күшін сатты.

Ал біздің қазақ не сатып өзбектен озып жүр? Қазақтың сау­дагерлері шетелдің бұйымын (көбісі қытайдың заты) елге тасып, қазақтың ақшасын сыртқа қарай ағызып әлек.

Өзбектің саудагерлері болса, ақша дариясын өздеріне бұрып қойған.

Бұл енді сауда жөнінен өзбектен асып кеткендік пе, жоқ па? Білектің күшін сату қай қазақтың ойына келіпті?

Нұрлыбек САМАТҰЛЫ,

жазушы.

 

ӘДЕБИЕТ 19 мамыр 2019 г. 1 357 0