Қазақ жайлы жыр

Мұңайтпас атамыз өмір бойы мал бағып, егін еккен, шар­­уашылықтың озат еңбеккері атанып, ауыл-аймағына сыйы артқан адам. Туған жері, қазіргі Сырдария ауданының А.Тоқмағанбетов атындағы ауылдың өсіп-өркендеуіне зор үлес қосқан кісі.
Атамыз жас кезінен-ақ өлең-жырға бейім болып, кейін бойындағы осы қабілетін ауылдастарының жақсысын асыру­ға арнап, еңбекшілерді қолдап отыр­ған. Шаруашылықтың жиындары, мерекелік шаралар атамның екі ауыз сөзінсіз басталмаған. Ол кісі кезінде аудандық, облыс­тық газеттерге де мақалалар жазып, қоғамдағы ілгерілеу­шілікке қолдау танытып отыр­ған. Іздеген адамға газеттердің сарғыш тартқан тігінділерінен Мұңайтпас Жүнісов деген есімді де кездестіруге болады.

Мен бүгін атамның бір-екі өлеңін көптің жадына түсіруді жөн көрдім.

Қазақпын

Мен – қазақпын,
Бірге жасап келемін, ата салты дәстүрмен,
Батырларша белді буғам жас күннен.
Ақылымда өсиеті бабаның,
Тақымымда тулаған тай бас білген.
Мен – қазақпын,
Майқы болып, Мөңке боп,
Келешекті болжап білген көреген.
Біржан салдай кең далаға еркелеп,
Сахараны ән мен жырға бөлеген.
Мен – қазақпын,
Қаһарманмын, хаспын мен,
Бауыржандай ар-намысын тас түйген.
Арамдыққа, аярлыққа қаспын мен,
Адалдыққа қол қусырып, басты игем.
Мен – қазақпын,
Сөз апшысын қуырған,
Ақиқаттан сөз семсерін суырған.
Қазақ деген атқа лайық боламын,
Жөргегінде қасиетпен жуынған.

Дайындаған Зәуре ӨКСІМБАЕВА,
Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың студенті.
ӘДЕБИЕТ 21 мамыр 2019 г. 532 0