Еліктің ерке лағы

 (новелла)

Қара көзіңнен мөлдір,

Торғай даласын көрдім,

Сен дала боп ендің,

Өр тағдырыма.

Қара көзіңнен мөлдір,

Торғай тауларын көрдім,

Сен тау болып ендің,

Өр тағдырыма.

Үстінде қызыл футболкасы, қара көк джинсы шалбары бар орта бойлы талдырмаш қыз шырқап тұр. Даусы қандай керемет! Қандай әдемі ән! Өнерді сү­йетін, ән мен жырға құмар жан есебінде Ерсайын да қазақтың біраз әнін білетін сияқты еді, бірақ мына өлеңді естімепті. Енді кешеден бері, яғни Алматы вокзалынан пойызға отырғалы бері, тыңдап келеді. Қызығы, бұл қыз әнді пойыздың ішінде айта ма, жоқ па білмейді, себебі бұлар басқа, олар басқа вагонда. Құдай қарасқанда, вагондарының арасы алыс емес. Тағы бір жақсысы – қызыл футболкалы қыз отарба үлкен стансаларға келіп тоқтаған кезде, мініп, түсетін адам аяғы басылысымен тамбурдың кірер аузына келіп тұрады да, жан-жағына жалт-жұлт етіп қарап алып «Е, адам қарасы баршылық екен, бұларға да бір ән салып берейін» дегендей шырқай жөнеледі. Сол кезде...сол кезде құмырсқаның илеуіндей ығы-жығы болып ерсілі-қарсылы жүріп жатқан адамдардың кейбірі қалт тұра қалады, қалт тұрмағандары да мойын бұрып қарамай өтпейді.

 Иә, бұл қызға қарамау мүмкін емес. Өзі де, айтқан әндері де сұлу. Жо-жоқ! Бұл қыз сұлуға жатпайды. Сүйкімді. Өте сүйкімді. Қара торының әдемісі. Қыр мұрын. Қарлығаштың қанатындай қиылған қас. Үлбіреген шиедей ерін. Ал көздері... Көздерін айтпа. Нәркес көздер... Мыңнан бір, миллионнан бір адамда ғана болатын нәркес көздер! Жүрегіңді өртеп жіберетін сол жанарларға сай дене бітімі де нәп-нәзік, шап-шағын, қолдан құйғандай. Қимылының әдемісін-ай! Жарасымдысын-ай! Бір еркелік сезіледі. Бейнебір еліктің лағы дерсің. Иә, иә, енді тапты. Еліктің лағы! Тура еліктің лағы!

Апыр-ай, адамның баласы осындай да сүйкімді болады екен! Мына сүйкімді қыздың жанында кейбір сұлуларыңыз түк емес қой. Жалпы, сұлудан гөрі сүйкімді адам тартымды болады екен. Бұған дейін байқамапты. Кешеден бері, осы қызды көргелі бері осындай ой түйді. Расында, кейбір сұлулар тартымды болмақ түгілі, тас мүсін сияқты сұп-суық болып көрінеді. Айдай ажардан не пайда, дым жылулық жоқ оларда. Көздерінен нұр төгілмейді. Жүздері шуақ шашпайды.

Ал мына қыз... Әй, тоқта, тоқта! Жол бойындағы станса сайын жұртты итере-митере, қаға-маға сыртқа ытып шығып ән тыңдап жүріп, осы қызға ғашық болып қалғаннан сау ма өзі? А-а-ай, солай-ау, сірә. Солай! Әйтпесе не, ән тыңдап, құлақ құрышын қандырып жайына қарап отыра бермей ме? Оның көздерінде, дене бітімінде, қимыл-қозғалысында несі бар? Тіпті шынын айтқанда, өлең тыңдап та жетістіріп жүрген жоқ, қыздың өзін көруге, жарасымды, әдемі, естен тандыратын ерке қимылын көруге, сосын...сосын  нұрға толған, сырға тұнған нәркес жанарларын жолықтыруға ынтық.

– Толғанай, Толғанай, тағы бір ән, тағы бір ән айтып жіберші!

– Иә, солай етші, Толғанай, сусынымыз қансын!

– Әлі жеті минут уақыт бар, тағы бір өлең тыңдап жіберейік!

Ол келте қиылған шашын бір жағына сілкіп жіберіп, айқайлаған студенттер жаққа жалт қарады да, күлімсіреп алақанын көтерді. Мә-ә-ә... Неткен әдемілік! Неткен сүйкімділік! Қандай келісті ерке қылық! Әдеттегісінше екі жақ қапталындағы ұзынша темірді тас қылып ұстап алған ол көп күттірмей әуелете жөнелді.

Ойыл қайда, Жем қайда, Сағыз қайда,

Өткір қылыш, жүйрік ат жанға пайда.

Ат сабылтып алыстан келгенімде,

Қарсы алатын құрметтеп сәулем қайда.

Бұл әнді айтқанда Толғанай тіпті «жанып» кетті. Құтыртып-құтыртып, ша­рықтатып-шарықтатып, ойнақы­лан­ды­рып орындады. Өзі де тас­тан-тасқа секі­ретін лақтай ойнап тұр. Жайнап тұр.

Жоғарғы сөредегі өз орнына келіп сұлай кеткен жігіт шалқасынан жатып, ақ жайманы басына дейін бүркеп алды. Көзін жұмды. Қарашығының ішінде сол қыз. Құлағында әлгі ән...

– Ерсайын, тұрсайшы, қарбыз жеп алайық.

– Жемеймін, өздерің жей беріңдер.

– Не, сен ауырып жатырсың ба?

– Иә, аздап басым-м.

– Ей, сенікі бас емес, жүрек шығар?

– Иә, оның жүрегі ғой, сол қызды көрді де, ауру болып қалды бұл.

– Ғашық-машық па? Оған әлі ерте ғой. Сабағымызды оқып алайық та. Бірінші курсты ғана бітірдік. Тым болмаса екі-үш курсты артқа тастасайшы.

– Соны айтам-ау. Оның үстіне бұл қыз төртіншіге өткен. Бізден үлкен.

– Апасы десейші.

– Иә, әпкеміз ғой.

– Еркош-ау, асықпасайшы, әлі жап-жас талай қыз кездеседі.

– Ертең бірінші курсқа ше, небір уыз­дар келеді ғой, солай емес пе?

– Иә, дұрыс айтасың!

– Қойыңдар, жігіттер, болды енді. Өзі ауырып жатқан адамның мазасын ала бермейік. Қарбызымызды жейік те, біз де демалайық.

Топ жетекшісі Мырзаханның  сөзінен кейін төменде қауқылдап отырғандар сап тыйылды да, ліп-ліп еткізіп қарбыз жеуге кірісті.

Ал Ерсайынның ештеңеге зауқы жоқ. Курстастарының әңгімесінде де, басқада да шаруасы шамалы. Тек өзімен-өзі, жо-жоқ, өзімен-өзі емес, жанарының ішіндегі, бәлкім жүрегінің төріндегі, Толғанай туралы ойлап, қиялданып осылайша жата берсе. Толғанай! Атының өзі қандай әдемі! Әлде... Бұған солай көріне ме? Жо-жоқ! Әдемі ғой расында. Есімі де, өзі де, қылығы да, әні де әдемі. «Әдемім менің! Сүп-сүйкімді еркем менің! Тәйт!  Қайдағы сенікі? Дәмесін қара өзінің. Мұрнының боғын сүрте алмай жүріп. Ха-ха! Немене, сенен басқа еркек кіндікті құрып қалып па? Иә, сені күтіп қарап жүр еді сол, төртінші курсқа дейін. Мынандай «еліктің лағын» қояр жалаңдаған «аңшылар». Не, сенде бар көз өзгеде жоқ деймісің? Бір бақытты жігіт баяғыда жіп тағып қойған шығар».

Шақшадай басына сумаң етіп осындай ой келуі мұң екен, жүрегі дыз ете қалды. Қаны басына шапты. Сосын... сосын ашық жараға тұз сепкендей іші удай ашыды. 

***

Кейінгі екі күнде Толғанай ән салуды сиретті. Тіпте доғарды десе де болады. Әнді былай қойғанда пойыз тоқтаған кезде қасындағы құрбылары сияқты ауа жұтуға сыртқа да шықпайды. Тым болмаса үлкен стансаларда жерге түспесе де, тамбурдың аузына келіп басын қылтитсайшы. Жоқ, қара көрсетпейді. Мұның екі көзі төрт болды. Аңдығаны сол оныншы вагонның есігі. Әй, өзі де әбден зарықты-ау. Бар ұятты жиып қойып, вагонға кіріп барғысы-ақ келеді. Бірақ, не деп барады? Кіммін деп барады? Не жұмыспен келдім дейді? «Толғанай, сізді көруге келдім»-дей ме? Олай болмайды ғой. Жынды ма дер. Ал бірақ көргісі келеді. Жақын тұрып мейірі қанғанша көзін суарғысы келеді...

Ерсайын өстіп өз сезімімен өзі арпалысып, шарасыз күйге түсіп, не істерін білмей жүргенде пойыз соңғы станса – Қостанай қаласына да келіп жетті. Жүрісін  баяулатып, ыс-пыс етіп, өнбойы селкілдеп, қалшылдап барып тоқтаған отарбадан осы өңірге ауыл шаруашылығы жұмысына келе жатқан студенттер жапатармағай түсе бастады. Перрон лезде ығы-жығы жастарға толып кетті. Бұл табаны жерге тиер-тимес­тен жолсөмкесін иығына іле көтеріп, жұртты қаға-маға, итере-митере жан ұшырып алға ұмтылды. Ойы – оныншы вагоннан түскендерден, олардың арасындағы Толғанайдан көз жазып қалмау. Міне, сол вагон. Бірақ студенттер емес, былайынша  жолаушылар түсіп жатыр. Мойнын созып, сәл уақыт қарап тұрды. Жоқ, ешқандай жүзтаныс қыз-жігіт көрінбейді. А-а, демек әуелгі кезекте түсіп кеткен. Алақтап жан-жағына қарады. Вокзал үйін бетке алып ағылып бара жатқан жұрт. Дереу солай қарай жүгірді. Студенттік құрылыс отрядының қоңыр формасын киген лектің соңынан ілесіп отырып вокзал үйінің арғы есігінен шықты. Мұнда да ығы-жығы адам. Анадай жерде қаз-қатар тізіліп, ұзын-ұз­ын «Икарус» автобустары тұр.

– Ерсайын, Ерсайын, бері кел, біз мұндамыз, – деп айқайлады шеткі авто­бус­тың жанындағылардың бірі. Қараса курс­тасы Өміртай бұған қарай жүгіріп келеді.

– Қайда жүрсің, біз сені таба алмай қалдық қой.

– Толғанайлар қай автобуста екен, көрдің ба?

– Ей, қайтесің оны, бол тез, қазір жүреміз.

Бұл жан-жағына қарап, шамалы тұра тұрғысы келіп қипақтап еді, Мырзахан да:

– Мініңдер, жігіттер, мініңдер, болыңдар енді, барар жеріміз қашық, онсыз да кешігіп келе жатырмыз, – деп асықтырды.

Осы кезде алдыңғы автобус, сосын онан кейінгісі орнынан қозғала берді.

***

Бұлар Қостанай өңірінде бір ай болды. Қара топырақты, құнарлы жердің кеседей-кеседей картобын жинап, ди­қандар қауымына көмектесті. Жұмыс қиын емес еді. Бұл кейбір жігіттер сияқ­ты қиналып, ауырсынып, әбіржіген жоқ. Өйткені Ерсайын қолын жылы суға малып өскен қаланың ақсаусағы емес, егін егіп, мал бағудың, қара жұмыстың түр-түрін істеп ержеткен ауылдың баласы. Ауылдың осы қарасирақ баласына, бүгінгі елдегі ең мықты, аты дүрілдеп тұрған жоғары оқу орны – КазГУ-дың студентіне, қиын болғаны – Толғанайды, сүп-сүйкімді, еліктің лағындай қызды бір ай бойы көре алмағаны. Әлгі вокзалда қаз-қатар тізілген ұзын «Икарустар» әр топты әр жаққа алып жөнелген. Мырзахан бастаған пәлсапашылар тобы қиян шеттегі бір совхозда болды.

Ой, сонда бұның Толғанайды сағын­ғаны-ай! Ұшы-қиыры көрінбейтін ен алқапта жүргенде құлағынан әні, көз алдынан ерке бейнесі, есті алып, ынтықтыра түсетін әдемі қылықтары мен әнтек қимылдары кетпеді.

Бұл жеті-сегіз болып бірлесіп жұмыс істейтін звенода емес, көбіне бір өзі, алға шығандап кетіп еңбектенді. Өзінің туабітті табиғаты да негізінен оңашалықты қалайтын. Осы жолы тіпті қолайлады. Ондағысы – жүрегін жаулаған сол бір жанмен қиял көгінде жеке «сырласу».  Сөйтіп қиялдап жүріп, оңаша ойланып, армандап жүріп көңілінің жұбанып, медет тұтқаны – Толғанай екеуінің бір университетте оқитындығы. Факультеттері басқа, ол – филологияда, бұл – философия­да. Бірақ бұл айырмашылық еліктің лағы сынды еркені көріп тұруға еш кедергі емес! Өйткені екеуі бір қалашықта тұрады. КазГУ-дің қалашығында. Жатақханалары бір-біріне тиіп тұр. Эх, қандай рахат! Неткен бақыт десеңші! Алақанға салып аялап қана отыратын, сол үшін, сөйтіп аялау үшін ғана жаратылған ғажайып жан жүрген жерде жүру, сол жұтқан ауамен тыныстау, ең бастысы  ─ оны күнде көру – неткен бақыт! Осыны ойлағанда  мұның бақыттан кәдімгідей басы айналып, жүрегі қуаныштан жарылардай дүрс-дүрс соғып, өзі мынау ен далаға сыймастай болып шалқып, тасып кетеді.

Сөйтсе... сөйтсе бұл ғашық жігіттің сағыныштан туған балдай тәтті арманы екен. Күнде көру қайда, күнде түгіл Алматыға оралғалы, міне, айдан асты, Толғанайды әлі бір рет те жолықтырған жоқ. Жолықтырмайтын да жөні бар. Өйт­кені олар, жоғары курс болғандықтан ба, таңертең оқиды. Ал бұлар түстен кейін. Ең болмаса қыз сабақтан шығып келе жатқанда, бұл кіріп бара жатқанда сыртынан болса да көріп қалу бақыты бұйырмайды. Әдебиетшілер Никольский базары маңындағы корпуста, пәлсапашылар бас пошта жанындағы бас ғимаратта оқиды. Оқу демекші, бұл оқуыңыз да оңай емес екен. Әсіресе пәлсапа пәні. Бір тақырып түгілі, қалыңдығы кірпіштей бір кітапты басынан аяғына дейін көз майын тауысып түгел оқып шыққанда бір сөзді ұстап қала алмайды. Құдды жаңылтпаш дерсің. Әлде бұның басы қабылдамай ма? «Сірә, мен көк ми шығармын» деп ойлайын десе, тарихты тамаша түсінеді. Тарих сабағының өзі рахат қой. Бәрі тайға таңба басқандай айқын. Қай дәуірде қандай жағдай орын алды. Қай жылы қандай соғыс болды. Кімдер жеңді, кімдер жеңілді. Барлығы түп-түсінікті. Ал мына философия, сая­си экономия... о-о-ой... айтпаңыз, айтпаңыз!...

Өстіп миы ашып, кітап кеміріп, кітап­хана жағалап, ұзын-шұбақ дәрістер тыңдап, жатақханаға күнді ұясына қондырып барып оралып, мұрнына  су жетпей жүргенде қызды қайдан көре қойсын. Өзі де бір ылдым-жылдым емес. Сылбыр. Момын. Ұялшақ. Әйтпесе кейбір пысықай жігіттер сабағын да оқып, қыздармен де қыдырып, бәріне үлгеріп жүр.Тіпте араларында вокзалға барып жүк тиеп, жүк түсіріп нәпақа тауып жүргендер де бар. Ал бұл...

Бұл, міне, бүгін де № 107-ші автобус­тан түсіп, кітап, дәптер толы зілдей дип­ломатын көтеріп, жұрттың ең соңында жатақханаға қарай ілбіп басып келеді. Түрі тас шапқандай шаршаңқы, басы мең­дуана жегендей мең-зең. Қатарынан болатын алты жұп дәріс ауыр-ақ.

Мұндай күндері жігітіміз қызды ойламақ тұрмақ, кешкі асын әзер ішіп, онан соң кірпігі қимылдап отырып бірер оқулықты парақтап, конспектісін зорға түзеді.

Бөлмесіне келсе ешкім жоқ. Жанындағы жоғары курстың студенті Беркімбай бір жерге кеткен сияқты. Киімілгіште тұратын кәстөм-шалбары орнында емес. Платформа топлыйы да көрінбейді. Бұл дереу шәйнекті газға қойып келді де, қайнағанша жүрек жалғай берейін деп нанға маргарин май жағып жей бастады. Ойы – шай ішіп болысымен төсекке құлай кету. Оқу-жазуды таңертеңгі тынық мидың еншісіне қалдырмақ. Бір жағынан Беркімбайдың жоғына да қуанды. Ол болса оны-мұны айтып ұйқы бермейді. Сірә, бесіншіге барғанда сабақ оңайлайды-ау, әйтеуір көршісінің оқығаннан қыдырғаны көп.

Он алты тиындық қара нанның жартысын жеп, екі-үш күрешке қара шайды қылғытқаны сол еді, алқын-жұлқын Беркімбай кіріп келді.

– О, Ерсайын, шәйіңді ішіп болдың ба, жүр кеттік, – деді ол әй-шәй жоқ төтесінен басып.

– Қайда?

– Биге, күшті би кеші басталып жатыр. Мен сені алып кетейін деп әдейі  келдім, жүр бол!

– Беке, рақмет, мен қатты шаршап тұрмын, демалайын.

– Шаршағаның  қазір кетеді, күнде өйстіп бөлмеден шықпай отыра бересіңбе?

– Енді, сабағымды оқиын... бүгін де алты парболды, содан өлейін деп...

– Ой, оқисың әлі, үлгересің, қиындығына да үйренесің, рас, екінші, үшінші курстар ауырлау, бірақ солай екен деп бар қызықтан қалуға болмайды, бауырым.  Дабай, кеттік, киін тез!

– Жоқ, аға, шын айтам қатты шаршап отырмын, келесі  жолы болмаса.

– Ей, келесі жолың не, филфакта мұндай кеш бола бермейді. Жылына бір-екі рет ұйымдастыра ма, жоқ па? Сосын оларда қыз көп қой. Әдемі- әдемі қыздар көп. Таныспайсың ба, солармен?!

– Филфак дейсіз бе? Би кеші филологияның жатақханасында болып жатыр ма?

– Иә. Не, ол жақта  біреуің бар ма еді?

– Жо-жоқ!

– Ендеше неге сұрадың?

– Жәй, өзіңіз айтқандай оларда би болмайтын еді ғой. Соған таңғалып...

– Иә, мен де сосын ғой, саған келгенім, көрсін деп. Олар журфак емес. Күнде өлең оқып, думандатып жататын. Жүр енді, барасың ба?

– Мейлі, барсам барайын.

Ерсайын өзіне қайранқалды. Қызық. Жаңа  ғана  шаршап, өлейін деп отыр еді. Бар арманы демалу болатын. Енді, міне, табан астында дүр сілкінді. Тіпті күні бойы тыныққан адам сияқты, қутыңдап кетті.  Беркімбайдың: «Басқа жігіттерге де айтайын» – деп шығып кеткені дұрыс болды. Қысылмай сәнденді.  Су жаңа  ақ көйлегі  мен біркиер көк кәстөмін киіп, соған сай көгала галстугын тақты. Аздап ағасының «Шипрын» сеуіп алды.

Бұлар төрт-бес жігіт болып әде­биет­шілер жатақханасына келгенде би әжептәуір қыза бастаған екен. Батыстық ансамблдің тарсыл-гүрсілі басым екпінді музыкасы «ұрып» тұр. Топ-топ болып неше түрлі қимылға басқан қыз- жігіттер аса көңілді. Бар ынта-ықыластарымен, бар өнерлерін  салып билеп жүр. Беркімбай мұның алдында да келіп бойын үйретіп алғаннан болар, іркіліп тұрмастан бірден ортаға қарай өтіп, үлкен топқа қойып кетті. Қасындағы серіктері де одан ажыраған жоқ. Ал Ерсайын не нәрсеге де бірден кірісе алмай үркектейтін әдетімен шетке қарай жылыстады. Оның үстіне бұның мұнда келгендегі мақсаты ербеңдеп билеу емес  қой.

Бір ыңғайлы жер тауып алып, қабыр­ғаға тақалып тұрды. Осы арадан бәрі  анық көрінеді екен. Еңкейіп,  шалқайып, кейбіреуі қолдарын кеуде тұсында, кейбіреуі  аспандата сермеп, қос аяқпен  кезек- кезек жерді ұрып  жан алысып, жан беріскендер. Бір қарағанда алысып-жұлысып  жатқан сияқты. Соңғы уақытта шыққан бидің осы бір түрін бұл ұнатпайды-ақ. Бірақ, амал не, ырғақты, әдемі қимылдан ада осы биді жастар бірден қабылдап, іліп әкетті. Құдды жын-бақсының ойыны дерсің. Кімнің қайда екенін, кімнің кім екенін айырып болмайсың. Құр изеңдеп, екі иықты жұлып жеп, оңды-солды секіре беру – осы да би ме?! Мұның жанында бала  кездері алдыңғы аға-әпкелерінен көріп үйренген твист, шейк, олардан да ілгері толқынның факс­трот, чарльстон деген билері  «төреге табақ  тартқандай» екен ғой. Ал би әлемінің  падишасы вальстің жөні бөлек! Сүйегі кәрі, жаны жас вальс – нағыз өнер! Сұлулықтың, толқынды тербелістің, ырғақты да  үйлесімді  қимылдың королі! Жаны жас дейміз-ау, бірақ қазіргі қыз-жігіттердің көбі сол сұлу вальс­ті білмейді де. Өкінішті, әрине. Неге екені белгісіз, кейінгі кезде жастар жеңіл-желпіге әуес болып  барады.

Оның осылайша сабақтала бас­таған ойын ышқырып-қышқырып, қаң­ғырлап-гүңгірлеп барып кілт тына қалған дыбыс бөліп жіберді. Біртүрлі селк ете қалғандай болды. Миы зың-зың етеді. Күндікке кіржиіп, сығырайтып тұрған көзін кеңірек ашып ортаға барлай қарады. Орындарында сең соққан балықтай селтиіп-селтиіп тұрып қалған «бишілер» енді  анық көріне бастады. Расында, жігіттерден қыздар көп екен.  Қызылды-жасылды  киініп, беттерін әрлеп, шаштарын бұйралаған бойжеткендердің бірінен-бірі өте ме, қалай? Жаңа ғана есерлеу әуенге еріп, «екі иықтарын жұлып жеп»  жатқанда қазақтың қаракөз арулары емес, перінің қыздары сияқты еді, енді моп-момақан болып, періштелерге ұқсай қалыпты. Кенет... Жабықтан түскен айдың сәулесін көргендей көзі жарқ ете қалды. Толғанай! ... Сол...сол...тап соның өзі! Жүрегі дүрсілдеп қоя берді. Бишілер емес, енді аузын ашқан күйі бұл сілейді де қалды. Кірпігі қағылмады. Сол...сол! Сүп-сүйкімді қалпы, әдемі қалпы. Жо-жоқ! Бұрынғыдан да әдеміленген, сұлулана түскен.

Құлақты жарардай болып келесі музыка ойнады. Селтиіп тұрғандарға «жан бітіп» жыбырлай бастады. Жанындағылармен бірге Толғанай да билей жөнелді. Міне, қызық! Жаңа ғана осы биді жек көріп, жұртқа жыны келіп тұр еді. Енді қара, Толғанайдың билегені басқаша әсер етті. Қимылы өзіне сондай жарасады. Басқалар құсап жұлынып, ебедейсіз ербеңдеп, біресе шалқайып, біресе еңкеймейді. Ритммен жеңіл қозғалып, әдемі қимылдар жасап, ара-арасында лып-лып етіп секіріп-секіріп жібереді. Құдды тас­тан-тасқа секіріп, ойнақтап жүрген еліктің ерке лағы. Неткен нәзіктік! Неткен сүйкімділік!

Бұл өстіп көптен көрмеген еркесімен «көзайым» болып, оның әдемі биіне рахаттана, сүйсіне қарап бақыттан басы айналып тұрғанда күтпеген жағдай болды. Жаңа, музыка тоқтағанда дәл жанында тұрған, енді онымен қарама-қарсы келіп билеп жатқан дәу сары жігіт лып етіп секіре берген Толғанайды жоғарыдан қағып алғандай қылып қаусыра құшақтады. Сөйтті де, қыздың мойнына тұмсығын тығып жіберіп иіскеп пе, сүйіп пе, әйтеуір жабысып тұрып қалды.

– Өй, мынасы несі?

Ерсайын даусының қалай шығып кеткенін байқамай қалды. Даусы емес, тура жаны шығып кеткендей.

– Махмуттың өзінің сүйген қызы ғой, елжіреп кеткен де, ондай-ондай болады енді, – деп күлді қасында тұрған бейтаныс жігіт.

– А, сүйгені қалай? Олай болуы мүмкін емес!

– Солай! Олар біраздан бері жүреді. Жақында үйленеді. 

Ерсайынның жүрегі аяғының басына түскендей болды. Кеудесі шаншып кетті. Тынысы тарылды.

– Сіз...сіз...сіз, – деді тілін әзер икемге келтіріп. - Сіз оны қайдан білесіз? Қалжыңдап тұрған шығарсыз?

– Қалжың емес, шын. Екеуі де менің курстастарым.

– Қойыңыз.

– Неге қоям. Нанбасаң жүр, өздерінен барып сұрайық.

Ол мұның қолынан ұстап, алға қарай тарта берді де, кілт тоқтады.

– Ау, мыналар кетіп қалыпты ғой.

Қараса шыннан да екеуі де орындарында жоқ. Жаңа оларға жыны ұстағаннан жүзін тайдырған. Бұл күйікті көруге дәті шыдамаған.

– Ал, інішек, өзің Толғанайдың кімі боласың? Жерлесісің бе? Шыр-шыр етіп өліп кете жаздадың ғой, тіпті.

– Мен кетейін, сау болыңыз!

– Ей, әлі ерте ғой, билемейсің бе?

– Бүйткен биі құрысын!

Жылдам басып сыртқа шықты. Қара күздің салқын ауасы лап етіп бетіне ұрды. Тарылып кеткен тынысы кеңейгендей болды. Сәл ілгерірек жүрді де кілт тоқтады. Шалқайып көзін жұмды. Терең демалып, ауыр күрсінді. Ішіне біреу қып-қызыл шоқ тастап жібергендей, кү­йіп барады.

***

Осы би кешінен кейін Ерсайын Толғанайды ұмытуға бекінді. Әдебиетшілер жатақханасына мүлдем қарағысы жоқ, көргісі келмейді. «Өзімді-өзім азапқа салып, ауырып, менікі не әурешілік осы? – деп ойлады. – Біртүрлі қызды кінәлайтын сияқ­тымын. Бірақ оның түк кінәсі жоқ. Тіпті ол мені танымайды да ғой. Кімді сүйеді, кімге тиеді өзінің еркі. Ал ана дәу сары жігітті иттің етінен жек көреді. Атарға оғы жоқ. Бірақ адамгершілікке салып ойласа – ол да кінәлі емес. Кешіккен мұның өзі. Осы қалашықта, дәл іргелес үйде тұрып жатқанына бір жылдан асып барады. Осы бір жылдан астам уақыт ішінде сол филфактың жатақханасына бір рет бас сұғып көрді ме? Көрген жоқ. Ендеше, кімді жазғырғандай? Тіпті әрбірдесін тыныш жүрмей сүйкімді қызға көз салып несі бар еді. Тағы өз қатарым да емес, жоғары курстыкі. Басымды қатырып құр қиялдай бермей, сабағымды оқиын да. Болды! Бітті осымен! Бәрі бітті!»

Ол осылайша өз-өзіне уәде берді. Әйт­песе ауып кететін түрі бар. Жалпы, не нәрсеге де тыйым болғаны дұрыс па деп ойлап қалды. Әсіресе сезім, ұнату, ғашық болу жағына аса абай болып, ол «бәтшағарлардың» жетегіне ере бермеу керек екен. Өзі де анау-мынауға елп ете қоймайтын, оңайлықпен адам баласын ұната қоймайтын, жанына, жүрегіне жақындата бермейтін кірпияз саяқ еді. Мына қызға қалай «тұтқын» боп қалғанын білмейді. Әй, бірақ өзі де тұтылмасыңа қоймайтын жан ғой. Оның ерке қылықтарын, жып-жылы жүзін, нәп-нәзік болмыс-бітімін қалай байқамассың. Байқаған соң қалай ұнатпассың, ынтықпассың! Ал нұр төгіліп тұрған нәркес көздер ше?! Басын әнтек бұрып, ойнап тұрып салатын әндері ше?! Негізі өзі тұнып тұрған сұлулық екен ғой. Бастан-аяқ бір мін жоқ! Тура кішкентай елік. Еліктің ерке лағы...

Ойбай! «Ұмытам. Болды. Осымен бәрі бітті. Енді қайтып оны ойламаймын. Есіме де алмаймын» – деп ант-су ішкені қайда? Тіпті ынтығып, елжіреп, еріп барады ғой.

Иә, Толғанайдай сирек кездесетін сүйкімдіні ұмыта қою оңай емес екен...

Қыс өтіп, көктем келді. Жер-Ана жонын буып, сірестірген мұз құрсаудан арылып, бусанып, балбырап жатыр. Әр жер – әр жер көгіс тартып, ағаш бұтақтары бұлтиып-бұлтиып бүр жаруға жақын. Ауада осынау ғажайып мезгілдің төрге таяғанын сездіретін әдемі леп бар. Осындай, күннің нұры молынан құйылып, айналаны да, адамды да жылы шуағына бөлеген мамыражай күндердің бірінде бұлар сенбілікке шықты. Ерсайын тазалық жұмыстарымен айналысатын тек өздері, яғни пәлсапашылар ғана шығар деп ойлаған. Сөйтсе жоқ, күрек, тырмаларын, ұзын-ұзын сыпырғыштарын алып шыққан бұлар ғана емес, басқа факультеттер де, тіпте осы қалашықтағы жатақханалар тұрғындарының бәрі дерлік жиналған. Ана жерде де, мына жерде де топ-топ қыз-жігіттер. Олар жүргіншілер жолдарын сыпырып тазалау, гүлзарларды тырмалап, шөп-шаламдардан арылту, төңіректі жасыл желекке бөлеу үшін жас шыбықтар отырғызу жұмыстарына білек сыбана кірісіпті.

– Неғып кешігіп жүрсіңдер? – деді профорог Мырзахан бұларды көрген  бойда.

– Жұрт жұмысты бағана бастады. Бізге берілген жер үлкен. Үлгіре алмай қаламыз. Кәне, тез іске кірісіңдер. Марат пен Қойлыбай екеуің арықтарды тазалаңдар. Ал, Ерсайын, сен тырмашыларға көмектесіп, қоқыстарды тележкаға тасы.

Расында, Мырзахан айтса - айтқандай, бұлар ертеңді күнді кеш қылып, керіліп-созылып жүргенде өзгелер әжеп­тәуір жұмыс істеп тастапты. Ескі жапырақтар мен шөп-шаламдарды әр жер – әр жерге үйіп қойыпты. Ерсайын оларды екі шелекке нығыздап, күрегімен басып-басып салып таси бастады. Биік тіркемені егесі ауланың кіре берісіне қалдырыпты. Үстіндегі екі жігіт тасушылардың шелегін лып еткізіп алып, тез-ақ босатып береді. Келушілер де аз емес. Бірін төгіп үлгермей-ақ екінші, үшіншілері шелегін ұсынады. Қаппен әкеліп жүргендер де бар. Кейбір қыздардың мықшыңдап бойлары жетпейді. Ондайда бұл өзінікін жерге қоя тұрып, олардың қоқысына қол жалғап жібереді. Міне, мынабір талдыр­маш келген орта бойлы қыз да өкшесін көтеріп, әп-әйдік шелегін жоғары ұсынып жатыр. Қалай көмектеспессің?

– Қарындас, әкеліңіз, ме-е-ен...

Әрі қарай дыбысы шықпады. Аузы ашылып қызға қараған күйі қатты да қалды.

– Ей, жігіт, мына қыздың шелегін әперіп жіберсеңші!

Әмірлі дауыстан есін жиды.

– Иә, қазір, міне, міне.

Құданың құдіреті, бұл әрекеттің қапелімде ойына қайдан келе қойғанын білмейді. Әперген шелекті босатып қайтып берген кезде иесіне ұстатпады. Шелегіне қайта-қайта жармасқан қызға:

– Тұра тұрыңыз, қазір берем, қазір берем, – деді. Сөйтті де өз ыдыстарын төктіріп алып, үш шелекті ұстап алға қарай адымдап жүре берді.

– Інішек, шелегімді берсеңші, – деді қатарласа берген қыз шелектің  баулығынан тартып.

– Бермеймін, бере алмаймын!

– Неге?

– Себебі... себебі мен сізді сүйем!

– А?

– Мен сізді сүйемін деймін. Шын айтамын, сізге өлердей ғашықпын.

Беті лып етіп қызарып, нәркес көздерінің нұры төгілердей болып шүпілдеп кеткен қыз жүрісін тоқтатып, қалт тұра қалды. Бейнебір әлденеден үркіп, жан-жағына қарап тың тыңдай қалған еліктің лағы дерсің. Әдемісін-ай! Сүйкімдісін-ай!

– Қой, айналайын, олай деме, апаңмен ойнама, сен мені танымайсың ғой. Ұят болады, – деді бір кезде ренішті үнмен.

– Кешіріңіз, мен сізді жақсы танимын. Әніңізге де, өзіңізге де сыртыңыздан ғашықпын. Еліктің лағындай бол­мыс-бітіміңізге, түр-тұлғаңызға, сүп-сүйкімді жүзіңізге, сұлу жанарлары­ңызға, бәріне-бәріне ғашықпын! Түсінесіз бе, Толғанай?! Осыны сізге көптен бері айта алмай жүр едім. Бүгін, міне, сәті түсті. Өзіңізді дәл өйстіп бетпе-бет көріп, жаныңызда тұрғаныма, осылай сөйлесе алғаныма, жүрегімді өртеген сезімімді айта алғаныма қуаныштымын, бақыттымын. Шын айтамын, дәл қазір өзімді сондай бақытты сезініп тұрмын. Сізді бір көрудің өзі, ешкімге ұқсамайтын дәл осындай қалпыңыз­бен дүниеде бар болғаныңыздың өзі, мен үшін үлкен бақыт!

Сәл уақыт үнсіздік орнады. «Бәрін түсіндім, бірақ амалым қайсы?» дегендей Толғанайдың жаңа ғана нұрға тұнған көздері мөлт-мөлт етіп мөлдір жасқа толып кетті. Алақанымен бетін басып, жүзін бұра берген ол ештеңе деместен шелегіне қолын созды. Жүрегі езілердей болып, не істерін білмей қалған жігіт еркінен тыс шелекті ұсына берді. Неге екені белгісіз, ыдысты ұстай берген қыз жалт етіп мұның бетіне қарады. Күтпеген бұл қарастан кеуде тұсы шым ете қалды. Өнбойынан қан ба, тоқ па, белгісіз бір нәрсе жүгіріп өтті. Секунд. Бұл бірдеңе деймін дегенше, ол бұрылды да тез-тез басып кете барды.

***

Ойда жоқ бұл кездесу Ерсайынның тыныштығын алып кетті. Бұрынғы бұрынғы ма, енді ол жатса да, тұрса да, үйде де, түзде де Толғанайды ойлайтын болды. Тек ойлау емес, сонымен бірге жүрген сияқты, дәл жанында сияқты сезінетінді шығарды. Оны айтасыз, тіпті Толғанай енді бұған бұрынғыдай алыс, қол жетпейтін емес, жақын секілді, өзінікі, «бұл менікі» деп меншіктеген, жіп таққан адамы сияқты көрінеді. Сол сәттік қана кездесу бар мәселені шешіп, екеуін мүлдем жақындастырып жібергендей болды. Сәті түскен ендігі бір жолығысуда екеуі кәдімгі ғашықтардай табысатын секілді. Өйткені ол мұның өзіне деген сезімін, ынтықтығын, «Толғанай» деп соққан жүрегін, тек сонымен ғана бақытты бола алатынын естіді ғой.

Қыз да қарсы емес, жек көрмейді. Тіпті «інішегін» жақсы көріп қалды-ау. Бұл көкірегін жарып шыққан бірер ауыз оттай ыстық лебізімен жүрегін жаулады, сірә! Әйтпесе шелекті ұстай беріп жалт етіп неге қарады? Жек көрсе, бұның сөзіне жыны келсе көгереңдеп, шелекті қолынан жұлып алып жұлқынып кете бермей ме? Сосын... сосын ол жылады емес пе? Көз жасы шарасынан төгіліп кетердей болып мөлт-мөлт етіп тұрды ғой.

Апырым-ай, көздерінің сол кездегі кереметін-ай! Бұрында да әдемі еді. Ал сол бір сәтте... Қап-қара нәркес жанарларға шүпілдеп мөлдір жас толғанын кім көрген?! Ешқашан ұмытылмайтын, есіңде біржола, мәңгілік қалып қоятын қайталанбас сурет!

Күн сәулесіндей осынау шуақты ойлар, тәтті үміт Ерсайынды көңілдендіріп, жігерлендіріп жіберді. Екі иығына да,көңіліне де қанат біткен тәрізді. Қиял құсы ақ шарбы бұлттардан  да әрі асып, көкте қалықтап жүр. Енді оған тек қыз ғана емес, дүниенің бәрі-бәрі сұлу болып көрінді.Төңірек түгел құлпырып, айнала гүлденіп кеткендей. Ал анау жап-жасыл жапырақтарын жая бастаған тал-теректерге қонақтап, шықылықтаған құстар ән салып жатқандай, өмір әуенін, махаббат әуенін шырқап жатқандай.

Осындай ғажайып көңіл-күйде, сезім құшағында жүріп ол енді ғашығымен кездесуді ойластыра бастады. Ойлап-ойлап ақыры тапты. Бір тоқтамға келді. Көп ұзатпай, алдағы жексенбіде «Арман» кинотеатрына шақырмақшы болды. Өзінің  осы шешіміне, осы батылдығына өзі сондай қуанып жүр. Міне, нағыз жігіт деген осындай болар!

Асыққанда уақыт өтіп болмайды екен. «Арманның» орта тұсынан ойып тұрып екі орынға билет алып қойған. Сенбінің кешіне «мойнын созып» зорға жетті. Сабақтан келісімен сөмкені атып ұрып, апыл-ғұпыл тамақтанды. Сосын көк кәстөмді киіп, қалтасына қос билетті салып, Беркімбайдың көзін ала бере «Шипрді» сеуіп, сыртқа шықты.

Жаңа ғана қарсы келген жауынан да тайсалмастай болып батылданып тұрған жүрегі жатақханаға жақындай бергенде дүрс-дүрс соғып, аяқ-қолы дірілдеп кетті. Тоқтай қалды. Көз алдына анадағы би кеші елестеді. Сондағы әнебір дәу сарының Толғанайды құшақтағаны...ій-ій-и, құрысыншы, оны есіне алмай-ақ қойғаны дұрыс. «Иә,енді оның бәрі артта қалды.  «Қымызды кім ішпейді, қызға кім сөз айт­пайды» деген емес пе?! Қой, бүйтіп әр нәрсені тізе бермей, тезірек ерке лағыма жолығайын. Билеттерді көрсетіп, қуантайын». Осы ой басына келуі мұң екен, әл-әзірдегі батылдығы қайта оралып, өз-өзін жинақтап ішке кірді.

– Саламатсыздар ма?

– Саламатсыз ба?

– Аманбысың, балам?

– Мен төртінші курстағы Толғанай деген қызға келіп едім, шақырып жібересіздер ме?

– Нешінші бөлмеде тұрады?

– Білмеймін.

– Фамилиясы кім, журналдан қарайық.

– Кешіріңіз, апай, оны да білмеймін.

– Әй, қарағым-ай, қарағым-ай, бәрін дұрыстап сұрап алмайсың ба?!

Жерлесің бе еді?

– Ж-ж-жоқ...

– Төртінші курстар екінші қабатта тұрады ғой, мен барып іздеп келейін.

Вахтершаның жанындағы кезекші студент жоғары қарай жүгіріп кетті. Бұл анадай жердегі қаз-қатар тұрған орындықтарға барып отырды. Арада төрт-бес  минут өтті ме, өтпеді ме әлгі жігіт «жерден жеті қоян тапқандай» алып-ұшып жетіп келді.

– Толғанай бұнда тұрмайды екен.

– Қой, тұрады, тұратын тұғын.

– Иә, тұрған, бірақ ол бұдан бір жеті бұрын күйеуге тиіп, күйеуі екеуі пәтерге шығып кетіпті. Үйленгендерді жатақханада тұрғызбайды ғой. Қажет болса адресін...

Ерсайын бұдан әрі ештеңе естіген жоқ. Басы зың-ң етіп, құлағы бітіп қалды. Орнынан қалай тұрып, есіктен қалай шыққанын білмейді.

Беталды лағып келеді. Қайда бара жатқаны белгісіз. Қатыгез біреу жүрегіне қанжар сұғып алғандай. Қан тамшылап келе жатқан сияқты.  Іші ана жолғыдай, жо-жоқ одан да қатты, одан мың есе қатты күйіп, өртеніп барады. Алқымына тас тірелді. Көз алды көлкілдеп кетті. Дүние буалдыр тартты.

Жоғары жаққа қарап еді, аппақ шыңдары менмұндалап асқақ боп тұратын Алатау аласарып, алыста-а-ан мұнар­ланып көрінді.

Несібелі Рахмет, 

Қазақстан Жазушылар 

одағының мүшесі.

ӘДЕБИЕТ 20 маусым 2019 г. 127 0