Балабидің бір ауыз сөзі – қара жорғаның жасауы

 Балаби өмір сүрген кезеңде рубасылар да өзін хан ­санаған. Сондай бір хан атағы таңылған Ахмет деген атақты адам бірде Балабиді шақырып алып:

– Маған Бөрібас байдың қара қасқа тұлпарын алып келіңіз, – дейді. Бұл  сөз бұйрықты райда айтылғанымен, Ахметтің Балабиден басқа сенетін кісісі де жоқ еді. Себебі, аузымен құс тістеген тұлпарының бəйгесін ел ішіндегі ишан мен қожаларға ғана байлайтын Бөрібас Ахмет ханға иліге қоймайтын.   Қолының ұзындығын пайдалана білетін қатыгез байға Балабидің де зығырданы қайнап жүретін. Сондықтан би ханның қай райда сөйлегеніне мән беріп жатпады. Ертеңіне қасына сенімді нөкерлерін ертіп Бөрібастыкіне келіп түседі. Байдың боз үйінде Мөңке, Байтас, Жантас деген билер түстеніп отыр екен. Амандасып, дидарласқаннан кейін Бөрібас бай жөн сұрайды. Сонда Балаби:

– Ахмет хан жұмсады,

Жанбай ұлы Бөрібасым.

Берсін деп мені жіберді,

Қара қасқа жорғасын.

Сұлулығы ханшаның

өзіндей,

Семіздігі өзіңдей.

Жорғалығы дəл мына,

Мөңке бидің сөзіндей.

Беріктігі Байтастай,

Жүйріктігі Жантастай.

Жылтыр мұзға салғанда,

Төрт аяғы таймастай.

Сол тұлпарды бермесең,

Хан көнбейді шайқаспай.

Достығың сенің білінбес,

Ат мініп, шапан алыспай.

Дұшпаның тегі иілмес,

Сүңгілеп найза салыспай.

Хан қаһарман ұлығың,

Ұнап тұр ма қылығың?!

Ендігісін өзің біл,

Жанбайұлы Бөрібас би! – депті.

Көптен қырғиқабақ болып жүрген ханнан емес, бидің сөзінен сескенген Бөрібас бай қара қасқа тұлпарын оң жақтағы ару қызындай қас­терлеп, алты қанат ақ отаумен, үйірлі сауын биесімен, бағып-күтушілерімен қоса сұ­раушының алдына салыпты.

«Көз өткен оңалады, сөз өткен оңбайды» дегеннен қорыққан бай сөйтіп Балабидің бір ауыз сөзіне тұлпар атын жасауымен беріп құтылыпты.

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ.

ӘДЕБИЕТ 20 шілде 2019 г. 359 0