Боқтампаз Әйекеш

 «Ауру қалса да әдет қалмайды» деген рас сөз. Бүгінгі әңгімеміз әдетке қатысты. Төбелесті көксеп, шатақты аңсап жүрудің өзі де сүйекке сіңген әдеттің бірі болса керек. Ескілікті сөздерді зерделесек, мұндай нақыштағы мол хикаяға кенелер едік. Қармақшы ауданының қазіргі Тұрмағамбет ауылы атанған топырақта ілгеріде Әйекеш деген кісі өтіпті. Оны елден ерекшелейтін  бойындағы жалқы қасиеті – сұмдық боқтампаз екен. (Осы жерде жазушы-ғалым, марқұм Ақселеу Сейдiмбековтiң «Жынды Ысқақ» деген этнографиялық әңгімесінің кейіпкері - боқтампаз Ысқақ шал еріксіз еске түседі).

Әйекеш аузын ашпайды, егер аша қалса, салғанан жеті әкеден кетеді. Сонан бір заулайды дейсің... Кімді не үшін боқтап отырғанын бір құдайымның өзі білсін.  «Ой, әкеңнің аузын ...» деп қаралай қызынып, жанды-жансызысын қосып тұздықтап боқтайды да жүреді екен. Інісінің бұл сорақы әдетінен әбден зәрезап болған ағасы Жолдыбай бір жолы оны ауылдағы дін жолын ұстанған тақуа адам Алдашбай ахунның баласы Омар мақсұмға алып барыпты. Ойы – бауырын теріс әдеттен арылту болса керек.  Омар мақсұм амандық-саулықтан соң Жалдыбайдан не мақсатпен келгендерін сұрайды. Сол кезде боқтампаз Әйекеш алды бұрын дереу тіл қатып:

   – Молда деген әкеңнің аузына емдетеміз деп әкеліп отыр ғой, - депті.

– Болды, болды, Жолдыбайжан. Бұған ешқандай ем жоқ. Әйекештің жағымсыз әдетінен ешкімге залалы келмейді. Өйткені оның сөзінің зілі жоқ. Бұл өзі Жаратқанның берген мінезі. Оны өзгерте алмайсың, осылай кетеді, – деп ауылдастарын жылы шығарып салыпты.


Д.ЕЛУБАЕВ,

Қызылорда қаласы.

ӘДЕБИЕТ 21 шілде 2019 г. 1 223 0