Мидың жаттығуы – көркем әдебиет оқу

Көркем әдебиет оқу туралы әңгіме болғанда Украинада әскер қатарында жүрген кездегі бір оқиға ойыма орала береді. 

Бір жарым жылды артқа тастаған шақ. Бір күні казармадан, кім әкелгенін қайдам, «Жалын» журналын тауып алайын. Кәдімгі өзіміз сүйіп оқитын – «Жалын». Қуанып кетіп, қойныма тыға қойдым, кешке КПП-ға нарядқа барғанда бір рақаттанып оқиын деп.

Сонымен КПП. Түн. Қала да, әскери бөлім де тегіс ұйқыда. Мен ғана ояумын. Дивизия дарбазасын күзететін үйшікте отыра қалып «Жалынға» жабысайын. Бірінші бетті зырылдатып, салған жерден оқып тастадым. Екінші бетке ауысқанда ғана бірінші бетте не оқығанымды түсінбегенімді ұқтым. Иә, иә, түк түсінбеппін. Әңгіме не туралы, көзім оқығанымен, миым тоқымапты. «Апырай, ә! Бұ қалай?» деп, басынан бастап қайта оқуға кірістім. Зау­латып оқып жатырмын. Тағы сол. Масқара, басыма қиқым түссе, не қыл дейсің?! Оқыған-оқығанымша миыма қонбастан әлдеқайда ұшып кетіп жатыр. Үшінші рет ежіктеуге көштім. Басыма тағы да түк тамбады. Оқып отырам, көзім «Жалында», басым басқа жақта лағып жүреді. Басым бас емес, басқа бірдеңе сияқты. Мысалы, жүн тыққан дорба сияқты.

Төртінші рет, енді тікемнен тік тұрып, бөгде ештеңеге назар аудармауға барынша тырысып, ой-зейінімді алдымдағы журналға ғана аударып, дауыстап оқи бастадым. Бұ да бекершілік боп шықты. Көзім оқып тұрғанмен, басым қабылдамайды. Оқи бастасымен басқа жаққа қыдырып кете беретінін парақты аударғанда бір-ақ аңғарам.

Оқығаным сонда ғылыми мақала сияқты қиын нәрсе де емес, махаббат хикаясы. «Маған не болған, – деп енді таңғалудың орнына, ызадан жарыла жаздағаным. – Мен жәй бір қарапайым солдат емеспін, әскерге дейін филология факультетінің бірінші курсын бітірген студентпін ғой. Жәй студент емес, әңгіме, өлең жазып жүрген, көркем әдебиетпен «ауырған» студентпін».

«Жалынды» тағы да қолға алайын. Масқара! Түк кірмейді.

Мен сонда өзімді баяғы кітап­құмар студент емес, миы өздігінен ойлауды біржола қойған, бұйрықты орындаудан басқаны білмейтін солдат болып қалғанымды түсіндім. Солдат бейшараның оңға, солға бұрылуын да командир айтып отырады ғой. «Шәйт» десе, өретін қой сияқтымыз.

Кейін, әскерден босап келген соң Әзиз Несиннің «Армия адамды топас етіп тастайды» деген сөзін бір жерден оқып, өзімнің шынымен де топас бола жаздағанымды еске алдым.

Адам кітап оқымаса, кітап оқу деген тамаша ләззаттан мақұрым қалатынына кейінгі жылдары тағы да көзім жете түсті. Бұл кезде мен дәрумендер сататын бір шетелдік компанияның менеджері едім. Жұмысым – дәрумендердің адам ағзасына аса қажет екенін  халыққа түсіндіру. Қай дәрумен қандай қызмет ететінін ұқтыру.

Сәт сайын компанияға топ-топ болып келіп жататын клиент­терге аузым көпіріп, таңертеңнен кешке дейін лекция оқимын. Мен сияқты семинар өткізетін бір келіншек, көп сөйлегені сондай, тіпті үні шықпай, сыбырлап қалған да жағдай болған. Мен де сөйтіп, үннен айырылып, аузын ашқан балық боп қалармын деген қауіп ойлап қойып жүрдім. «Анықтамалық кітапшалардан оқып алыңдар» деймін кеңес беріп. Олардың бәрі орысша. Тілімді алып, бір-бір кітапша сатып алады. Кейбіреуі болмаса, көпшілігі кітапшаны ашпайтын тәрізді.

– Оқыдыңдар ма? – деймін.

– Орысша ғой, – деп жақау­ратады.

«Олай болса...» деп, отыра қалып, әлгі кітапшаларды түсінікті тілмен қазақшаға аударып, оны жеке-жеке қағазға шығарып, тарата бастадым. «Осыны оқып алыңдар» деймін. Оқи ма, оқымай ма, білмеймін, семинарға тағы да келіп отырғаны.

– Ау, оқыдыңдар ма? Қазақшалап бердім ғой.

– Оқығанмен түсінбеймін, – дейді біреуі шынын айтып.

Біреуі емес, екеуі емес, бұндайлар көптеп ұшырасты. Бая­ғы әскерде өз басымнан өткен жай сол кезде еске түссін. Содан келіп әлгілерден шұқылап сұрай бастаймын ғой.

– Жарайды, мынау дәрумен туралы дейік, сен өзі әдеби шығарма оқысаң,  түсінесің бе?

– Бәрібір ұқпаймын, – дейді.

– Қалай?

– Солай. Маған айтып берген дұрыс.

– Демек, сен көптен кітап оқымағансың ғой?

– Иә, мектептен соң ештеңе оқымаппын. Кеше сенің жазып бергеніңді оқи бастап едім, басқа нәрсе ойлап кетіппін.

Күліп жібердім. Таныс жай. Бұлар да баяғы әскердегі мен болып қалған.

Кейін тағы бірнеше адаммен осы тақырыпта сөйлестім. Олар да сол... оқығаннан ұқпайды, біреу айта бастаса бірдеңе түсінген сияқтанады.

Кітап оқымайтындардың осы осалдығын психологтар та­маша пайдаланады. Олар өз­деріне бизнес-тренер, моти­ватор деген сияқты шулы атау­лар қойып алып, әлгі кітап оқымайтындар мен оқыса да ұқпайтындарға майын тамызып ақыл айтуды кәсіп қылып алған. Айтқан ақылы тегін емес, қымбат тұрады. Ол үшін оларды кіналай алмайсың. Алдына өзі барады, ақшасын өзі ұсынады. Кітап оқымайтындар кітап оқитындарға осылай жем болып жатады. Кітап оқымайтындар ол ақылды кітаптан оқып алуға болатынын білмейді. Егер оқыса, білер еді. Мысалы, Абайдың қара сөздері кез келген өзін халықаралық бизнес-тренермін деп жүргендерден асып түсері анық. Өзбектер мектептерінде Абайды оқытып, Абай туралы кино түсіріп жатқаны  сондықтан. Мен бұны өзім де әлгіндей бизнес-тренердің біреуіне білместікпен жем болып көргендіктен айтып отырмын. Әрине, бизнес-тренерлердің адамға берері көп, алайда кітаптан одан да зорды алуға болады.

Бір көзім жеткені – көптен кітап қарамағандар бірдеңе оқып-түсінуден мақұрым қалады екен. Мейлі, кезінде инс­титут, университет бітірсе де. Оқудан бір қол үзіп алған адамның миы қабылдауды тоқтата бастайтынын өз басымнан өткен жайдан білемін. Миы өз бетінше әлдене ойлауды қойған ондайлар бара-бара ақшалы бизнестен сырттап, баяғы өздерінің қара жұмыстарына кетуге мәжбүр болысты.

Содан бастап миды жаттықтырудың жалғыз жолы оқу екеніне көзім анық жетті. Кейін осыған байланысты қызықты ғылыми зерттеулерді де ұшырастырдым. Кино көргенде ми жұмыс істемей, керісінше демалады екен. Ал оқығанда оянып, әрекеттене бастайтын көрінеді. Қазақ бекерге «Әрекет түбі – берекет» демейді ғой.

Ғұламалар айтады: «Күнделікті өмірден мида жиналып қалатын лас ойларды кітап оқу ығыстырып, тазалай бастайды» деп. Тазарған миға тамаша ойлар, тың идеялар содан соң ғана келе бастайды екен. Миды жаттықтырудың оңай жолы – көркем әдебиет оқу. Дене шынықтыру жаттығуларын күн сайын жасаған адам қандай ширақ болса, күн сайын оқуға көңіл бөлген адамның миы да сондай тұнық болады. Ондай адамдар қанша ұзақ жасаса да, алжи қоймайды екен.

Ендеше, не тұрыс, кітап оқиық!

Нұрлыбек САМАТҰЛЫ,

республикалық «Таң-Шолпан» әдеби-көркем, көпшілік журналының 

бас редакторы. 

 Алматы қаласы
ӘДЕБИЕТ 27 шілде 2019 г. 591 0