Күт мені, Қаратерең!

Сонымен, біріңіз білерсіз, біріңіз білмессіз мен жеке студияда оператор болып жұмыс жасаймын. Дәлірек айтсам, ел-жұрттың той-қуанышын бейнетаспаға түсіремін. Бір күні түнде кезекті тойдан шығып, студияға барғанымда іштегі жігіттер:  

– Руся, ауылға сьемка шығып тұр, сенің кезегің екен, барып қайтасың ба? – деді.

– Қай ауыл? – деген сұрағыма «Арал-Қазалыға қарай» деген жауап алдым. Менің аталарым да, әкем де осы өңірден. Ойымда ештеңе жоқ, «ее, жақсы болды, өз ауылымды көріп қайтатын болдым» деп қуандым. Сол күні таң ата жолға шықтық.

Алып бара жатқан адамдар өте қарапайым, жақсы кісілер екен. Әңгімелесіп, жарқырап отырдық. Жосалының биіктеу жотасындағы Қорқыт ата ескерткіш-кешенінен өткеннен соң көзім ілініп кетіпті. Оянсам Әйтеке би кенті тұсында, ұлы жолдың бойындағы жанармай бекетінде тұрмыз.

Жол бастаушы ағадан:

– Келдік пе? – деп сұрағанымда маған жымия қарап:  

– Әлі қайда.... алдымызда ұзақ жол бар, – деді.

– Сондай біз қай ауылға бара жатырмыз?  

– Қаратереңге! 

Көкаралдың ашылуына барған әкемнің «Көкарал: Түнгі қонақ» атты жолжазбасын оқығанмын. «Мәссаған, шынымен де сол атақты бөгет жанындағы ауылға бара жатырмын ба? Алдымызда қанша шақырым бар?»

Жұмыспен Астанаға барып, Алматы мен Шымкент шаһарына бірнеше рет Iove story (махабат тарихы фильмі) түсіру үшін сапарласам да Қаратереңді көрмеппін. Бала күнімде қиян шеттегі Кекірелі деген ауылдағы Күзембай көкеміздің үйіне тойға барғаным, атқа мінгенім есімде. Таң қалғаным,  Қарақалпақстанмен шекаралас жердегі Кекіреліде 7-8 үй тұратын еді.

Содан не керек, жұмыстағыларға қоңырау шалып, "шалғайдағы ауыл қанша шақырым жерде?" деп сұрадым. Біреуі білмейді. «Бір білсе ата-анам біледі-ау» деген оймен үйге хабарластым. Таң алакеуімде үйден асығыс шығып кетіп едім, бір жағынан амандығымды білдіргенім, бір жағынан білмегенімді сұрап жатырмын.

«Ағайынды Дәрмағанбетовтер, олардың ізін ала Бауыржан Омаров шыққан ауыл. Бауыржан ағамыздың «Қаратерең вальсі» кітабы ше үйдегі. Ол әннің сөзін Серік Сейітмағанбетов деген ағаң жазған» деп түйіндеді анам сөзін. Тіпті Ақтөбедегі ақын Талғат Тілеулес, «Хабар» телеарнасындағы Нұрбек Әмиша ағаның да Қаратереңнің түлектері екенін айтып, бір қуантып қойды. Сөйтіп, сөйлесіп отырғанымда жүретін уақыт болыпты. Машинаға отырғаннан кейін:  

– Осы «Қаратерең вальсі» дейтін Бауыржан ағамыздың кітабы бар емес пе?! – деп әңгімені бастап жібердім. Тақырыпқа тамызық табыла кетті. Балықшылар мен ұшқыштар ғана емес қаламгерлер шыққан Аралдағы ауыл туралы, бүгінгі тыныс-тіршілігі жайлы әңгіме өрбіттік. Естігендерімді мен де айтып жатырмын әлімше. Қысқасы, жол қысқарттық.

Түске таяу Қаратереңге де жеттік. Шынымен, ит өлген жер екен. Бірақ, адамдары өте қонақжай, барған бойда үйіне кіргізіп шай берді. Дастархан басында отырмын. Өзім қысылыңқырап отырсам, маған қарама-қарсы екі бойжеткен қыз отыр. Бет біткеннің сұлуы болмаса да, іс-әрекеттері адамды баурап алады екен. Екеуі де қылықты. Бір қыз көзінің астымен ұяла қарап, жылы жымиып отыр. Ішімнен: «Мына қыз неге сонша қарады? Танысқысы келсе, таныспай ма?» деп қоямын. Бір жағынан «Бұлар қаланың қыздары секілді деймісің, өздері келіп таныса қоймас» деп өз-өзіммен сөйлесіп отырғанымда, үстел басындағы адамдар шайын ішіп болып бата бергелі жатыр екен. Сөйтіп, қыз жайлы қиялдың жетегімен шайды да жөндеп іше алмадым.  

Күн батты. Ауыл кеші өзгеше. Ал аулада ертеңгі болатын тойға қызу дайындық жүріп жатыр. Мен не істерімді білмей үйдің ішінде жан-жағыма қарап отырмын. Бір кезде той иесі келді. Мен жаймен ғана:

– Апа, бос бөлме болса, мен демалайын деп едім, – дедім.  

– Иә, иә, балам қазір, – деді де, дауыстап: «қонақ балаға төсек салып беріңдер, демалсын» деді. Сонда бағанағы екі қыз орындарынан атып тұрып, екі бөлмеге кіріп кетті де азғантай уақыттан кейін жаныма келіп, екеуі бірдей:  

– Ана бөлмеге төсек салып қойдым, – деді. Ал енді ойланайын. Бір кезде «тым болмаса қайсысы әдемі соның дайындаған бөлмесіне барайын» деп анықтап қарай бастадым. Олар да менен көз алар емес. Күлімдей қарап, «қайсысымызды таңдар екен?» деп тұрған секілді. Өз ойым ғой, бәлкім қателескен болармын. Ұзақ ойланбастан бірінші қыздың дайындаған бөлмесі – залға барып жата кеттім. Ұйықтап кетіппін. Таң ата әлгі қыз оятып тұр:

– Айып етпесеңіз, мына бөлмеге той дастарханын дайындайын деп едік.  

– Жарайды.

Келесі бөлмеге барсам екінші қыз күтіп тұр. «Ақыры келдің бе?» дегендей қиыла қарап, күлімсіреп қояды. Бірақ, мен бірінші қызды ұнатқан болатынмын. Содан не керек, той да бітіп, қайтатын уақыт таяды.

Әлгі қыздың есімін сұрауға әлі бата алмай жүрмін. Ұялып-ұялып қайтып барамын. Сыртқа шықсам, жаңбыр құйып берді. Машинаға қарай жүгіріп бара жатыр едім, жүрегім бірдеңе сезгендей өзінен-өзі аласұрды. Орнымда тұрып қалдым. Бұрылып қарасам, аулада манағы ұнатқан қыз тұр екен. Менен көз алар емес. Жаңбыр болса құйып тұр. «Ақыры ештеңе демей кетіп барасыз ба?» дегендей көзі мөлдірейді. Мен де оған: «Мен сені ұнатып қалдым, сен үшін осы ауылға қайта келем, күт мені!» дедім іштей. Сүйкімді қыздың көзінен бір тамшы жас жаңбырмен жағаласып жерге түсті. Артынша бұрылып үйіне жүгіре жөнелді...

Сол кезде сезінген сезімімді, қандай  күйде болғанымды сөзбен айтып жеткізе алар емеспін. «Оо, ғажап, адамның есімін білмей де ұнатуға болуға болады екен ғой. Университетте 80 қыздың ортасында жалғыз ұл болып оқуға түскенімде мұндай бақытты сезінбеп едім.

Албырт та ұялшақ сезімді екеумізден басқа ешкім білмей қалды. Бәлкім, тосыннан келген толағай бақыт осы болар...

 

Рүстем АЙБОЛАТ,

ҚМУ-дың студенті. 

Қызылорда қаласы.

ӘДЕБИЕТ 06 тамыз 2019 г. 1 721 0