«ЯБЛОЧКИ» ...

Автобиографиялық әңгімеден үзінді

Бір күні сабақтан қайтып келе жатсам, базарда бір әйел «Яблочки, яблочки» деп, зар қағып тұр екен. Алманы солай атайтынын «орысша-қазақша тілмаштан» көрген сияқты едім. Бірақ, алманың өзі қандай болатынын көрген емеспін де. Пәтер үйімнің екі қызына бір көрмеген сыйлық жасағым келіп, базарға бұрылдым да әлгі әйелден алманың бағасын сұрадым.
Жалқын қызыл жемісті әйел қолына алды да:
– Екі тиыннан, – деді.
Мен жиырма тиынға онын алдым да қалтама салдым. Жарылып кеткелі тұрған іркілдеген қызыл жемісті барлық қалтама бөліп салуға тура келді. Үшеу-төртеуін шалбар қалтасына да салдым. Қаланың батыс жағында, ағаш арасында киіз үйде отыратын пәтер үйіме жеткенше әр қалтамнан-ақ едәуір сыз біліне бастады.
Ең ауыр халге киіз үйге кірген соң түстім. Үй толы адам жерде шай ішіп отыр екен. Екі қыз самауырдың екі жағында шай құйып отыр. Әлдеқайдан келген жат қонақтар бар. Үй иесі зорлап мені де шайға отырғызды. Мен де малдас құрып отыра бердім, шалбар қалтасындағы қызыл жемістер де бырт-бырт жарыла бастады.
Сығылыса отырған жұрт сырт қалталарымды да езіп жіберді. Киім сыртына қара-қошқыл ылғал шыға бастады... енді мен орнымнан қозғала алмай, мелшиіп отыра бердім. Қыр қазағы қала нанына қандай құмар, шай да ұзаққа созылды. Менің астыма түгел су өте бастады.
Әлден уақытта шай аяқталып, екі қыз отын теріп әкелуге шықты. Пәтер үйімнің оны-мұнысына жеңіл қолғабыс ететін шартымыз бойынша, отынға мен де кеттім. Үйден ұзап шыққан соң, мен қысыла-қызараңдай тұрып қыздарға алған сыйлығымды көрсеттім:
– Алма... Сендерге алып едім, – деп жарылып-жарылып, езіліп кеткен қызыл жемістерді қыздарға ұсындым.
Үлкен қыз қызыл жемісті қолына ала беріп-ақ сықылықтап күле бастады. Кіші қыз ашық мінезді, еркелеу болушы еді, мен ұсынып тұрған қызыл жемісті әуелі қағып жіберіп жерге түсірді де іле өзі еңкейіп жерден алып, үйге қарай жүгірді:
– Aпa, Ғабиттің бізге әкелген базарлығын қара! Помидор, помидор! – деп айғалап, саңқылдап күліп барады. Үлкен қыз күле-күле шек-сілесі қатып, жерге құлай кетті.
Сөйтіп, қызға қырындаймын деген бірінші талабым осы күнге дейін ұмытылмаған ұятқа ұшыратты.
Кейінірек білдім, Қорған жағында помидорды яблочки деп атайтындар да бар екен...


Ғабит Мүсірепов,
Әңгімеден үзінді Құлтөлеу Мұқаштың
 әлеуметтік желідегі парақшасынан алынды.
ӘДЕБИЕТ 10 қыркүйек 2019 г. 299 0