Жалғыздың жанын түсінер ақын ғана

«Ақ Жайықтың ақ шағаласы» атанған танымал ақын, публицист, белгілі қоғам қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Ақұштап Бақтыгереевамен талантты жерлесіміз, журналист Нұрсұлтан Мықтыбайдың шығармашылық және рухани байланысы әдебиет сүйер қауымға жақсы таныс. Сырбойылық жалынды жастың ақын апасымен студент кезінен басталған таныстығы кейіннен үлкен сыйластыққа ұласып, бүгінде Нұрсұлтан ақұштаптанушы ретінде танылып та үлгерді.
М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің қабырғасында «Ақұштап Бақтыгереева публицистикасындағы ұлттық таным мәселелері» атты ғылыми еңбек қорғаған Нұрсұлтан Мықтыбай ақынның публицистикасын тұңғыш рет зерттеуімен тарихта қалды. Бұл туралы кезінде «Қазақ әдебиеті» газетінде үлкен мақала жарияланды.
Биыл ақын Ақұштап Бақтыгереева 75 жасқа толып отыр. Осыған орай журналист Нұрсұлтан Мықтыбайдың республикалық «Ана тілі» газетінде  «Күтпеген қоңырау» атты деректі әңгімесі жарық көрген болатын. Бүгін оқырмандар назарына аталған әңгімеге белгілі әдебиетші-ғалым Гүлзада Ниетқалиеваның жазған пікірін ұсынып отырмыз.
Қазақ прозасына жаңа есім қосылды. Бұрын әдебиетсүйер жұртшылыққа бейтаныс Нұрсұлтан Мықтыбайдың «Күтпеген қоңырау» әңгімесі осы айтқанымызға дәлел болатыны кәміл. Шығарма оқиғасы бірден басталып кетеді. Әңгімеде автордың, яғни, Нұрқанаттың түсінен шошып оянуы – туындының экспозициясы. Туындыгердің әңгімесіндегі шығармашылық адамының жалғыздығы – бүгінгі күннің трагедиясы. Француз жазушысы Франсуа Мориактың «Париж – миллиондардың жалғыздығы» деген сөзінің астарында түсінген адамға қаншама мұң жатыр десеңізші! Қоғамдағы жалғыздықтан күйзелген басты кейіпкердің Мәскеуге қауіпті дерттен емделуге де жалғыз аттануының өзі – рухани жалғыздықтың көрінісі. Әңгіменің тақырыбы да – рухани жалғыздықпен күрес. Идеясы – адамгершілікті ту ету, кісілік пен адамдықтан аттамай, адал өмір сүру, қолдан келгенше адам баласына жақсылық жасауға шақыру.
Иә, осынау жалған дүниеде адамзат баласы өз мұңымен, өз сезімімен, өз қайғы-дертімен, өз сағынышымен, өз қуаныш-шаттығымен жалғыз екені ақиқат. Әңгіме тақырыбынан жүрек тітіреп, дүние дидарынан түңілгендей жанды танитының рас. Бірақ, әңгіме сарыны бірте-бірте өзгереді. Бүгінгі қоғамда да талтүсте қолына шам ұстап «адам іздеген» Диогендей болып, адам іздейтін жандар бар екен. Ол – алты алаштың ақын Ақұштабы. Қазақта ата-тегін айтып жатпай-ақ атынан алты алаштың барлық баласы бірдей танитын жандар көп емес. Сол аздың ішіндегі бірегейі – Нұрқанаттың ақын апасы.
Түсінде ақын апасының өзіне қиналған кезде қол созғанын көрген Нұрқанаттың ойын ұялы телефонның дауысы бұзады. Өмір дегеннің өзі ғажайып тылсым сәттердің жиынтығы. Олай деуімізге себеп те жоқ емес. Нұрқанатқа телефон шалып отырған жан – түсінде көрген ақын апасы. Бұны психологияда телепатия дейтін бе еді? Адам миының бір-бірімен кедергісіз кеңістікте табысуы. Махамбет: «Қаумалаған қарындас, Қазақта бар да, менде жоқ» деп торықпайтын ба еді? Ауыз әдебиетінде де батырларға әрдайым көмек қолын созатын – қарындастар. Ел қорғаған ерлер алысқа аттанғанда да сыртынан тілекші болып, тілеуін тілейтіндер де – қарындастар. Мәселен, «Алпамыс батыр» жырындағы батырдың қарындасы Қарлығашты алайық. Ол Ұлтан құлдың тепкісінде жүріп те Алпамыстың тілегін тілейді, аман-есен келсе екен деп ағасы үшін Жаратқанға жалбарынады. «Ер Төстік» ертегісіндегі Күңке де Төстік қиналған уақытта көмекке келеді емес пе? Өзіміз талдап отырған көркем шығарманың өзегіндегі ой да осы бағытта өрбиді. О бастан талант адамға таңдап қонатыны рас, өйткені, ақындар – өзгеше жаратылған тылсым сана иелері. Қоғамда адамгершілік тінін жоғалтып алдық па деп алаңдап отырған уақытта дәл осы тақырыпты көтеру – ерлікпен бірдей. Бас кейіпкері – күллі қазақтың төбесіне көтерген ақыны болса, шығарма жүгі одан сайын ауырлай түсері сөзсіз.
Әркім өзінің қара басының айналасынан шыға алмай, қарынына құл болып күн кешіп жүрген уақытта бойына елден ерек талант қонған ақынның қанатымен су сепкен қарлығаштай болып, қиналған жанға моральдық көмек көрсетуі, материалдық жағынан қолдауы – оқырманды селт еткізетін оқиға екені анық. Шығарманың түс көруден басталуының өзі де оқырманды өзгеше бір дүниетаным биігінен қарауға жетелейді. Зигмунд Фрейдтің түс туралы жазбаларында «түс – болашақтың бұлыңғыр елесі» деп келетін де жолдар бар. Ал, қазақ халқы түске қатты мән беретіні белгілі. Ауыз әдебиеті үлгілерінің қайсысын алсаңыз да «түс – түлкінің боғы» емес екеніне көзіңіз жететіні айқын. Түс жору арқылы адамның алдағы өмірін, бүкіл тағдырын өзгертіп жіберуге болатынын айтқан қазақтың абыздары – әулие. Еуропа жұртшылығы түс туралы зерттеулерге он сегізінші ғасырдың соңында ғана келгені де белгілі.
Мәскеуде ота жасатқалы жатқан жастың болашағына алаңдаған ақынның «Жүрегім сезеді ғой, балам» деген бір ауыз сөзі оқырманның да жүрегіне салмақ түсіреді. Шындығында, ақын санасынан сергек сана бар ма әуелі осынау жалған дүниеде? Содан да шығар, Нұрқанат та қаржысы толық төленіп қойған отаны жасатудан бас тартады. Нұрқанат сияқты талай жастың алғысын алып жүрген ақынның кісілік келбеті шағын ғана әңгімеде жақсы ашылған. Деректі әңгіме – эссе деуге келетін туындыдағы оқиғалар өмірде орын алғандықтан, шығарманың өзіне тән ерекшелігі де жоқ емес.
Әңгімеде Мәскеуде аурухана төсегіне таңылған Нұрқанат бір кезек өткен өміріне көз жібереді. Сонда ол өмірден өткен әжесінің орнын басқан абзал адамның өзгелерден гөрі жанына жақынырақ екенін мойындайды. Ақын апасымен тылсым бір сана биігінде табысқандықтан ба, әйтеуір, ерекше бір жақсы көру сезімі бар. Барлық адамның бәріне тән емес ғарыштық сезім – талантты адамның болмысына табиғат дарытқан айрықша қасиет. Осынау киелілікпен ақын апасы оның сонау алыста, Ресейдің астанасында, қиын хәлде жатқанын түйсініп, телефон шалыпты. Бүгінгідей адамдар бірін-бірі түсінбейтін, естімейтін, көргісі де келмейтін керенау қоғамды адамдық биігінен түсірмейтіндер – осындай ақ ниетті абзал жандар.
Бір қараған адамға ешқандай ерекшелігі жоқ болып көрінетін оқиғаның жүректі аунатып түсіретін жері – алты алаш мойындаған Ақұштаптың өзінен кейінгі жастардың өміріне алаңдап, аз да болса болашағына сәулесін түсіруге ұмтылуы. Осының өзі Абай айтқандай «жүректегі сәуленің» бар екенінің айғағы. Шіркін, барлық шығармашылық адамның жүрегі осындай кең, ниеті ақ болса ғой...
Адамды тағдырын талапайға түсіретін тірлікте осындай мейірімге толы жан-дүниесі бар адамның бар екенін ойлаудың өзі ғажайып сезімге бөлейді. Адамзат баласы бір-бірінен алыстап, кісікиік болып кеткен тұста жазылған осынау кішкене ғана эпизодқа құрылған эссе бүкіл жан дүниеңнің астаң-кестеңін шығарып, кеуденің сол жақ тұсындағы бір кесек етті шым еткізеді екен. Сонысымен де құнды.
Нұрқанат – типтік образ. Болған оқиғаға құрылғанымен де ақын Ақұштаптың адамгершілігіне тәнті болған, оны өзінің идеалы еткен жастардың біреуі ғана. Ал, ақынның кісілік келбетіне ғашық жандардың аз емес екені анық. Өйткені, он сегіз мың ғалам жаралғалы, жердің үсті мен аспан астындағы жалған дүние аталатын беймаза тірлікте осы миссиямен жер бетінде қаншама ақын ғұмыр кешпеді дейсіз? Қаншама адамға саясы түспеді дейсіз? Олай болса, ақындар барда тірлікте мән бар. Ақындар барда адамнан адамшылық қасиет алшақтай алмайтынын айқын танытатын дәлел бұл. Қай кезде де «күтпеген қоңыраудан» жеткен лебіз жанды жадыратып, келешек көкжиегіне жетелегей! Деректі әңгіме – эссені оқығанда түйсінгеніміз осы болды.

Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА,
ақын, филология ғылымдарының кандидаты,
Жазушылар Одағының мүшесі,
Махамбет атындағы сыйлықтың иегері.
АТЫРАУ
ӘДЕБИЕТ 12 қыркүйек 2019 г. 755 0