Ана рухымен сырласу

Әрбір ана перзентін қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай, қатарынан қалдырмай, бойына бүкіл адами құндылықтарды сіңіріп, өмірде өзіндік орны бар тұлға боп қалыптасуын қалайды. «Қарға баласын аппағым, кірпі баласын жұмсағым» дегендей, кім баласын жаман болсын дейді, ешкім де!

Анашым, сіз де осылай тіледіңіз, ойладыңыз, армандадыңыз. Қолыңыздан келгенше тек жақсылық атаулыны құлағыма құйып, адами құндылықтарды бойыма жиып, зердеме тоқуға тырыстыңыз. Есім кіргеннен бастап:

- Балам, біз ескінің адамамыз (1918 жылы туған), оқи алмадық. Бірақ Жаратушы ием бізге мықты зейін, зерде беріпті. Соның арқасында естігендерімізді тез жаттап алатынбыз. Жыр-терме, қисса-дастан, ертегі, аңыз әңгімелерді жалықпай, мұқият тыңдайтынбыз. Сендердің замандарың, шүкір, тыныш әрі жарқын. Алаңсыз оқуға мүмкіндіктерің бар. Көкең (әкей) сен беске толғанда дүниеден озды. Сенің есейіп, бойжеткеніңді көре алмай кетті. Я, балам, адамның айтқаны емес, Алланың дегені болады. Көзі ашық, көкірегі ояу азамат болып өсуің әкеңнің де арманы еді. Балам, қайда жүрсең де, кім болсаң да, мейлі ғалым бол, мейлі басшы бол, ең бастысы, адами қалпыңды жоғалтпа. Қарапайым бол! - деп жиі айта беретінсіз.

Анашым, өте қарапайым, шын көңіліңмен адал, өте шыншыл болудың мына өмірде қажеті аздау ма дедім?! Өмірде соған көзім жетті! Дүниелік заттарға қатты қызықпа, арты құнығушылыққа, қызғаншақтыққа ұласуы мүмкін, әр күніңе шүкір де, тәубе ет, барыңды қанағат тұт. Адам баласын алалап-бөлме, өзіңнен төмен санама, кекшілдік пен өшпенділік туындауына мүмкіндік берме. Кешірімшіл бол, ешкімге кінә артпа. Кінәні өзгеден емес, өзіңнен ізде, - дегеніңіз әлі есімде.

Анашым, өзімнің де, өзгенің кінәсін өзім көтеріп жүргенімді білесіз бе?! Өзім сезбеппін. Асығыс шешім қабылдама, өкініп қалуың мүмкін, өткенге өкінбе, орнына қайтып келмейді. Армансыз адам – өлген адам. Армандай біл. Бірақ бәрі бірдей орындала бермейді, біріне жетсең, біріне жетпейсің, - дегеніңізде, сөзіңізді бөліп: «Анашым, мен  журналист болуды армандаймын» дегенімде, арманыңа жет, қабыл болсын деп, маңдайымнан сүйіп едіңіз. Амал нешік, ол арманым орындалмады.

Бірде:

- Балам, астың дәмі тұздығында, ал өмірдің тұздығы қиындықта. Өмір бірқалыпты өтпейді. Қиындық көрмей, өмірдің қадірін ешкім түсінбейді. Әр адамның өз жолы бар. Сол жолдың жеңілдігін де, ауырлығын да өзі көтереді. Тек сабыр мен шыдам қажет, - деген болатынсыз.

Анашым, өмірде күтпеген тосын жайттар да болып жатады екен. «Түгенше көріпті, пәленше айтты» дегенді маған айтпа, өсек әңгіме үшін сұрақ қойып, жауап күтпе, - деп, қатаң ескертіп едіңіз ғой. Сонда да тыңдайсыз ба? Бауыр етің – балаң туралы ғайбат сөздерді естігенде, өзгелерді қайдам, өзімнің есім ауып кеткендей болды. Есімді қалай жидым, білмеймеймін. Осы сөзді айтқан адамның да өзі Ана ғой! Бұдан асқан қорлау, басыну, қиянат жоқ сияқты. Ұйқыңнан шошынтып оятып, жаныңды тілгілейтін осындай жайттардан соң, сабырдың сарқылып, төзімнің де таусылатынана көз жеткіздім.

«Қырқына шыдаған, қырық біріне де шыдайды», - деп, Сіз жиі айтатын едіңіз. Не нәрсенің де шегі болады емес пе? Шектен асып кетсе, қадыр-қасиеті жойылады. Өмірімде осыны түсіндім!

Сіздің біреуге қатты сөз айтып, не біреудің сыртынан әңгіме айтқаныңызды көрмей өстім. Үнемі сабырлы, салмақты қалпыңызда ұршық иіріп, жүн түтіп, ескі әуенді ыңылдап отыратынсыз. Союздің кезінде де ораза ұстап, құран оқып, намазыңызды тастамадыңыз. Діни тұрғыдан да аз-кем түсінік бердіңіз. Сізде бір тылсым күш барын сезетінмін. Бірде: - Балам, алысқа кетесің, жаныңда жақын туғаннан ешкім болмайды. Жаратқан ием жар болсын!, - дегеніңізде күліп едім, тура айтқаныңыз келді. Ішімнен «Жаратушы ием жар болсын» деп неге айта береді екен деп ойласам, сөз төркінін енді түсініп жүрмін. Жаным жабырқаған сәтте түн құшағында жатып, «осы кезге дейін Тәжікен тірі болғаныңда ғой» деп, көз жасымды сығып аламын (кейде ойнап әрі еркелеп «Тәжікен» деуші едім ғой).

Иә, Адам деген ұлы есімге әрбір пенде лайықты болғанымен, бәрі бірдей емес екен. Кей адамдардың бетінде «бетпердесі» болады. Шынайы келбетін көрсеткенде танымай қаласың. Екі жүзді адамдардың беті жылтырап, көздері күлімдеп, сөздері әдемі болады, айтқандары сылдыр судай тез ағып кетеді, көкейіңде қалмайды. Қарапайым адамның түрі келіспесе де, қоңыр дауысымен айтқан жай сөздері жағымды естіліп, ұмытылмайды. Кей адамдар қасқыр сияқты бірде ұлып, бірде ақырып, тісін ақситып, не істеп, не айтқанын өзі түсінбейді. Тек өзінше қорқыту... Кейбіреуі түлкі сияқты алдап, арбайды. Қазіргі жаңа заманның адамдарының арасынан осындай адамдарды да кездестірдім.

Анашым, «дос» деп жүргендердің бәрі көңіліңнен шықпайды екен. Басыңа күн туғанда адал дос пен амал достар екшеліп шыға келеді. Күндердің күнінде жауға тастамайтын, дауға қалдрмайтын, қара қылды қақ жарып, ақиқатын айтатын, сыртыңнан емес, тура бетіңе айта алатын нағыз досың қалады. Қалғанының бәрі әншейін жүргендер. Өмірдің өзі көрсетті!

Біздің заман сіздің заманнан басқаша болса, қазіргі жаңа заман тіпті басқа, күрделі. Ел тыныш болғанымен, бай-кедей боп бөлінген, өтірік туын өрге тіккен, шындық шырылдап, шаң қапқан, әділеті аз заман боп тұр.  Арамның қырық өтірігіне сеніп, адалдың мың шындығын жоққа шығарып жүргеніміз өтірік емес. Шың басынды шыңғырып тұрған ащы шындықты мойындамаймыз, мойындағымыз да келмейді!

Анашым, сіз үшін мен әлі баламын ғой, бірақ мен де қарттықтың босағасынан аттап, төріне жаймен жылжып келемін.

Анашым, өмірдегі кейбір келеңсіз жайттарды көріп, жан түршігерлік сөздерді естігенде, жиреніп, Ясауи баба сияқты жапан түзде жалғыз өмір сүргім келіп кетеді.

... Түн тыныштығында мен өзіңізге осылай ойша сыр ашамын...

Бибісара Кенжебекова-Омарова

ӘДЕБИЕТ 23 қыркүйек 2019 г. 283 0