Отарбаев аралы

Елдік пен ерлікті қаламына арқау еткен тұлғалар аз емес. Қалам қуатына сенген қаламгер ғана ұлы тұлғалардың ғұмырдариясына терең бойлай алады. Шығармаларында тұлғалар аллеясын жасаған сұңғыла суреткер  - Рахымжан Отарбаев еді.

Теңіздің қуысында, Құдайдың уысындағы Қанішкеннің топырағынан түлеген талант иесінің шығармашылығына терең бойлағаныма үш жылдың жүзі бопты. Үш ұйықтасам түсіме кірмейтін қайсар рухтың бойыма қуат дарытып, қолыма қалам алғызған сәтінде көңілдегі көп ойлардың ақ қағазға түсеріне сенімім мол еді.

 Балалықтың балауса шағы ақ сүтін берген әзиз анасы, қырдың қызы Шәмсияның ертерек дүниеден өтуімен басталды. Қос бауырынан қатар айырылған пенденің ойы сан – саққа жүгірді. Осынау қысылтаяң шақта көк аспанға әлсін – әлсін көз тастап, мая етіп үйілген пішеннің үстінде жатқан бала Рақымжанның өзі ашқан қиялдағы аралында кесек – кесек ойлар түйінделіп, ұлы шығармалар жазуға  сол бір қас – қағым сәт әсер еткен шығар деп ойладым.

 «Әке көрген оқ жонар», - дейді қазақ. Әкесі Қасымғали қарт Атырау өлкесінің тарихына алтын әріппен жазылған шопандардың бірі. Сол замандағы үрдіске сай жылдық жоспарларды жоғарғы көрсеткіштермен тәмамдаған шопан Қасымғалидың есімі архив қорында таңба болып басылған. Ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп, елдің аузын аққа тигізген, Каспий теңізінің қолтығына сұғынысқан Майыр ауылында қызмет атқарған Қасымғали қарттың ұлы әлем танитын қаламгерге айналды.

 Әдебиет әлеміне алғашқы қадам Теңіз аудандық (Атырау облысы, қазіргі Құрманғазы ауданы) газетінен басталды. Аудандық газетте он айдай қызмет атқарып, Алматыға аттанады. Ару Алматыға аттануының өзі де бір хикаятқа жүк болар әңгіме деуге әбден толық негіз бар.

 Жалындаған жиырма бесінде қолды бір сілтеп, редакциядан ұзаған Рақымжанның асқақ арманы ару Алматымен тығыз байланысты еді. Аудандық газетте қызмет атқарған сәтінде Құрыш Елемесов, Тұрар Құрманғалиев сынды тұлғалардың мектебінен өтті. Бас редакторлардың ауылда еңбек етіп жүрген балықшылар мен сауыншылар хақында мақала жазу тапсырғанда: «Мақтауға тұрмайтын жандарды жазып қайтемін?», -деп өзінің қаламынан туған әңгімелері мен өлеңдерін бастырған деседі.

  Алматының әдеби ортасы қолға қалам ұстаған қаламгердің шабытына шабыт қосты. Мүйізі қарағайдай жазушылармен иық тіресіп, журнал бетіне жарқ етіп шығу арман еді. Сол  кезеңде «Жалын» журналына өлеңдері мен екі поэмасын журналдың бас редакторы Тұманбай Молдағалиев пен поэзия бөлімінің меңгерушісі Жұматай Жақыпбаевқа апарып тапсырады. Саясаттың салқыны бір өлеңді дәлдейді. Көркемдік кеңестің уақытында «Киіктер» деген өлеңі сынға түседі. Өлеңдегі соңғы шумақ:

«Тағыма әсте балама,

Жанары қандай тұп – тұнық.

Алдыңды туған даладан,

Кестірмей жүрсең мықтылық», - деп аяқталады. Бұл өлең журнал бетіне жарияланған соң, сол кездегі идеология жөніндегі хатшы, Атыраудың тумасы Саттар Имашевтың қолына арыз түседі. Бас редактор Тұманбай Молдағалиев «жаздым, жаңылдым»,-деп әрең құтылады. Тұманбай мен Жұматай ағасының амандығы үшін Рақымжан ағамыз поэзияға нүкте қойып, проза жанрына ауысады. Жоғарыда аталған Саттар Имашев атындағы мектеп Атырау облысы, Құрманғазы ауданы, Бірлік ауылында (ел әлі де «Утера» деп атайды) орналасқан.

 Алматыны қадам басқан сәтінде құшақ жая қарсы алған Жұмекеннің алар орны ерекше. Абай даңғылының бойындағы «Баспалар» үйінің алдында күтіп тұрған Рақымжанды көрген сәтінде мінезі тұйық, сезім атаулының бәрі көркемделген өлеңі асқақ, Жұмекеннің: «Қызуы бет шарпыған Қошалақтан отыз жылдан соң бір құлын еріп келді –ау...»,-деп кең құшағына басып, қамқорлық танытуы бүгінгі заманда туғаныңның қолынан келмейтін іс шығар деп ұғындым.

 Заңғар жазушы Әбіш Кекілбайұлына жиырма жылға жуық хат жазған кезеңін еске алсақ, көңілді құлазытып жібереді. «Буынды шөптің үстінде, бұлтты көктің астында сіздің болғаныңыз қандай жақсы», - деп еркелейді. «Көйлегім емес, көңілім тозды,аға»,-деп құлазиды. Елдегі алуан түрлі оқиғаларды хатқа арқау етеді. Әбіштей ұлы суреткердің қолына түспей қалған хаттарды жеткізуге үлес қосқан Жұмабек Мұқановтың орны ерекше еді. Жұмабек Мұқанов бұл туралы «Жүз күндік жалғыздық» атты (Ә.Кекілбайұлы хақында) еңбегінде анық баяндайды. Бүгінде әулие Әбіш те, қаламдас досы Жұмабек те, қара қылды қақ жарған Рақымжан да жоқ...

 Рақымжан ағамыздың әр шығармасы өзектілігімен ерекшеленді. «Соғыстың соңғы бомбасы» - бір ғұмырдың жүгін көтерсе, «Өмірзаядағы» - тұқымның соңғы тұяғы Тайшығараның образы терең суреттеледі. «Шайтанқара» әңгімесінде ауыл тұрмысы, Ерғали мен Қабылдың басынан өткен оқиғалары, Жауынбек байдың қылыштай қиып түсер сөздері ғажап суреттеледі. Жазушы Төлен Әбдік «Актриса» атты әңгімесі күлкілі болмысты сипаттайтын, зілсіз әзілді әжуалайтын шығарма деп бағалайды. Мәдениетті прозаға арқау болатын, динамикамен басталып динамикамен аяқталатын шығармалардағы күрделі образдарды жасақтаған дарын иесі деп тұжырымдайды. Қаламгер қауым «Американың ұлттық байлығы» әңгімесін классика деп бағалайды. «Ауылдас аға» әңгімесіндегі  әйелқұмар Шайқының, «Көрші шешей» шығармасындағы Жәмиғаның образы ғажап суреттеледі.

 Драматургиялық қыры күллі әлемге аян. «Сұлтан Бейбарыс», «Бас», «Жәңгір хан», «Әміре», «Нарком Жүргенов» сынды тарихи тұлғаларға қалам тербей келіп, әлеуметтік тақырыптарға да қалам сілтейді. Бір әулеттің жалғыз ұлы нашақорлықтың құрсауында қалған қасіретті оқиғаны «Көлеңкесіз жолаушы» шығармасында бейнелейді. Бұл пьеса Қырғыз елінде жоғары сұранысқа ие. Ағамыз өз естелігінде: «Жыртыс дәм еткен кемпірдей, жылтыңдап театрға бара бермеймін»,-деп жазады. Бұл сөздің астарында пьесаны жаздым, ендігі еңбекті режиссердің шеберлігіне тапсырдым деген ұлы ой жатыр.

 Шығармалары оқырмандардың ойына ой қосып, көңіліне күмбез тұрғызып, санасына сәуле түсірді. Суреткердің нақ өзі еді. Тілі көркем, ойы жүйелі болатын – ды. Отарбаевтың қиялдағы аралына сапар шегу үшін біздің өреміз мүмкін жетер, бәлкім жетпес . . .

 Ғасырдың жүгін арқалаған арда азаматтың асқақ ойлары, прозалық шығармаларының әр сөйлемі ұрпақтың іздеп оқитын ұлы қазынасына айналады.

 Балғын шағы Болдыға барғанда қыр бойында дамылдап жатқан туғандарын жан дүниесімен құшақтайтын – ды. Ағаның ғұмыры Шора өзеніндей жылжып өте шықты. Шөліркеп жүрген оқырман қауым ел еншілеп берген «Рақымжан» көліне бас сұғып, ағаның өсиетін есіне алатын шығар. Тәңір адам жанын суаруға мүмкіндік берді. Айтар сөз, қойылар сұрақ  көп. Радионы қосқан сәтте ағаның сүйікті әні – «Балапан қаз» естіледі, ұранға айналған «Бейбарыс баба» әні рух береді. Өзі де «Аспандағы ақ көбелектерге» ілесіп кете барды...


Әділбек Өмірзақов,

ҚР Журналистер Одағының мүшесі.



 

ӘДЕБИЕТ 16 қазан 2019 г. 575 0

Едел-Жедел

Күнтізбе

«    Қараша 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930