Ұлтыңның ұлағатын ұғын, ұлым

Балам Болатқа арналған жырлар

Дем берген кісі қайда кеше келіп?..
Шешең өліп барады,
Шешең өліп!..
Шалғы бауды шошыдым
шеше беріп,
Көк жыландар кеткендей
көшеде өріп...

Құлады құлағынан қан құйылып,
Жазған-ай,
Жанталасты жанды үйіріп.
Қансырады қалғанда таң білініп,
Жер астынан жатыр ма
дәм бұйырып?..

Жегіліп Жебірейіл жетегіне,
Шешең кетті мәңгілік мекеніне.
Өксуменен бұл өмір өтеді ме?..
Жеті күндік тірлікке жетеді не?!

Жыла, балам,
Шараң жоқ жыламасқа!
Шешесі өлген шерменде
шыдамас та...
Қатынсыз қалды әкең мына жаста,
Құлады ғой, қайтейін, Құлақасқа.

Бір анадан телегей төртеу едің,
Төртеуің бір ұяның өркені едің.
Төртеуің күйзелгенде өртенемін...
Келмеске кеткенің бе, Кертөбелім?!

Жетім құлын желіде жетілер деп,
Жұбатардай жүректі жетімдер кеп.
Күнәм болса кеткен жан
кешірер деп,
Жүріп жатыр жер басып
жесір еркек.

***
Қалай болды, балам-ай,
Қалай болды?
Қалай ұшты құсымыз,
Қалай қонды?
Айырылғалы анаңнан жаңа
ай толды...
Тақуа әкең тауысқан талай жолды.

Қазынадан айрылдық құнды деген,
Көздеріңнен мұнартқан
мұңды көрем.
Жылай-жылай көздерің
күлдіреген...
Күшім жетсе, Құдай-ай,
күлдірер ем.

Іздейсіңдер анаңды,
Іздейсіңдер!
Көктем емес,
Жаз емес,
Күздейсіңдер.
Оралмайды ол,
Үмітті үзгейсіңдер...
Жел тұрса желкен байлап
жүзгейсіңдер.

Жаратушы жар болсын,
Жүдетпесін!
Жүдеп жүру –
Жүйке мен жүрекке сын...
...Жаңалықтар боп жатты
жыл өткесін,
Үлкен ұлды ұшырдық түлеткесін.

Ұлағатты ұл,
Болса деп қыз ақылды,
Қиялдасақ қанымыз қызатын-ды...
Қамқоршыдан айрылдық
біз ақырғы,
Ұзамай апаңыз да ұзатылды.

Құда жақтан құлдырап
елші келген,
Дүниесін апаңыз еншілеген.
Үй әперіп ағаңа,
Енші бергем...
Көретінін ұл мен қыз көрсін елмен.

Тарпаң тағдыр сандалтып
салды күйге,
Шешең шалған қай жерде
қалды ине?..
Қарсы аламыз талықсып
таңды бірге,
Қарындасың үшеуміз қалдық үйде.

Шалдан қалған шаңырақ кие десек,
Кім сүйейді үшеуміз сүйемесек?..
Көсеу ұстап көрмеген күйелеш ек,
Кім тұрғызар үшеуміз үйелесек?!

Кімге керек періште пейіліміз?!
Тұрмысқа түк жоқ қой,
Жоқ бейіміміз.
Сирексіген секілді сейіліміз,
Кеп тұрады кей-кейде кейігіміз.

Келер күндер біздерге не береді?..
Шешең шіркін не деген шебер еді?!
Құйттай қыздың қолынан
не келеді?..
Кісідейміз желкенсіз кемедегі.

Жиын жерге, балам-ай,
бару да сын,
Жаутаңдаумен жасиды
жарым жасың.
Қатын ал деп қажайды қаруласым...
Қалай бұған қарайды қарындасың?..

Шұбар толқын,
Шұбар жер,
Шұбар ғалам!
Шырғалаңнан кемеміз
шығар ма аман?..
Шұбар шалдар шауып жүр
шұнаңдаған,
Үйленбесек болмайтын шығар,
балам.

***
Өзгеріп кеткендей ме өмір бүгін?
Тамылжып таңғажайып төгілді үн.
Байқайсың ба, балам-ау, көңілдімін,
Көліме кеп қонғандай көгілдірім.

Шабыттанып шашқандай
күн шуағын,
Шешек атып,
Тербеліп тұр шынарым.
Құлыншақтай құлдырап.
Құлшынамын!..
Қарағым,
Қайта жанды бір шырағым.

Қуанып құрдастарым құрақ ұшқан:
– Көз жазып қалма, – деген, –
мына құстан...
Су жағалап сұлулар сыр алысқан,
Қазды қағып қайтуға қыран ұшқан.

Бал-бұл жанған бақшадан
ұрладым гүл,
Жүрегімді жұлқиды
бір жалын жыр.
Сызылып сәлем берген
сырғалым бұл,
Жырлайтын кезің келді,
Жырла, бұлбұл!

Жерде ме екен сұлу саз,
Көкте ме екен?!
Көңілденген кездерім көктем
екен...
Өкпелеген!
Қайтейін өкпелесең?!
Екінші рет үйленем деп пе
екем мен?..

Қу тірлікті жалықтым
жалғыз құрап,
Жыпылықтап жанатын
жалғыз шырақ...
...Жарасына қызым жүр
жалбыз сұрап,
Жанарында тұрғандай
жалғыз сұрақ.

***
Жарандар келіп жатыр,
Жаны ашиды...
Қайтадан тіккендейміз
қараша үйді.
Қайталап қатын алған данасиды,
Кім білсін, қай қатыннан
бала сүйді?..

Тірліктің жүрген жанбыз
жорығында,
Әкеңіз тұрғандайын торуылда.
Жаңалық болдым, балам,
қорығымда,
Анаңның отыр кісі орынында.

Кезінде кер жорғаға мінген едім,
Көлеңкем түсер енді кімге менің?
Ұл-қыздың көздерінен
мұң көремін,
Мұңайған үйде қалай күн көремін?!

Жарымыз жаңа түскен
жаутаңдаған,
Жандайын айтатынын
айта алмаған.
Кездер-ай айғыр да аман,
Байтал да аман...
Жайым бар жауыр аттай
қайқаңдаған.

Келер күн,
Кербез басып келші деймін!..
Кен қазған шекарадан кеншідеймін.
Екі елді елдестірер елшідеймін,
Емдеген елермені емшідеймін.

Анасын аңсап қызым алаңдаған,
Құлындай құйрық-жалы
таралмаған...
Жандаймыз барар жерге
бара алмаған,
Жарасып жүріп жатсақ жарар,
балам.

***
Үш жылдан барады асып үйленгелі,
Кермарал келіншегім үйге енгелі.
Кеудені көңілді бір күй кернеді,
Көрікті көрінеді күймемдегі.

Бүлдірмей,
Бүтін өтіп бұрылыстан,
Ұл-қызбен секілді бұл ұғынысқан.
Бірі дос,
Былайғының бірі дұшпан...
Жетер ме биігіне бұрын ұшқан?..

Жеріме жетсем деген
жеткендеймін,
Шырағым,
Шүкіршілік еткендеймін.
Көңілді күндерімді көктем деймін,
Кім білсін,
Келгендей кім?
Кеткендей кім?..

Күнде той,
Күнде жиын жүрген жерің,
Жөн болар, ұлым, енді үйленгенің.
Келіннің көрейік те үйге енгенін...
Немене?
Көп жүрістен күйген бе ерін?!

Аңдап бас аяғыңды, айналайын,
Сен сүрінсең,
Мен қалай жайланайын?!
Демейтін қолтығыңнан қайда
ағайын?..
Сарбаздай сапта тұрған
сайланайын.

Байыпты бағытынан бұрылмаған,
Жуасып жұлдыздары жымыңдаған.
Шығады шың басына
шығымды адам,
Ұлтыңның ұлағатын ұғын, балам...
ІІ
Кенжелеп келіп әкең ақын болған,
Жыршының жайлауына
жақын қонған...
Тәйірі, тірлігім аз тақым толған,
Шиырлап шыға алмай жүр атым
жолдан.

Шын шайыр шығар ма екен
шырайлы елден?
Құлпырып құлан-өлең
құлай ма өрден?..
Жырыма Сырбай ақын
сыңай берген,
Күшіген секілдімін құмайға ерген.

Бұл істің бұлдыр-бұлдыр бұралаңы,
Жыртықты жамайтындай
жыр адамы.
Қайым жыр, қалқам,
солай құралады,
Маманға майысып мың бұралады.

Ұлағат жыр жаза алмай ұлғайғанда,
Әкеңіз өлең атты жүр майданда.
Бұл заман бетін бері бұрғандай ма?
Салатын келер күнге
сырғам қайда?..

Сезімім сең секілді сірескендей,
Көзіңе көрінбеспін күрескердей...
Жан балам,
Жанарыңа гүл өскендей,
Іс қайда ілгеріге ілескендей?..

Қатарың қаз-үйректі қайырып жүр,
Қақсайшы қанатыңды
қайырымды ұл...
Қайраңда бергендейін
қайығым сыр,
Шырағым,
Шаршағандай шайырың бұл.

***
Қара өлең қайырғаным,
Айдағаным...
Белдеуге боз бестіні байламадым.
Ұл-қызға сәнді сарай сайламадым,
Дүние-ай,
Қайда мүлкім?
Қайда малым?!

Он-онбес жыр жинағы жинағаным,
Шайырдың шамалар
кім ширағанын?..
Серілер – сертке берік
сыйлы адамым,
Тектіге теңеу таппай қиналамын.

Шалқыған шабыт керек
шебер ерге,
Бурасы буырқанар шөгерерде...
Көктемде көк терегім көгерер ме?..
Бейімдеу болмадың-ау сен өнерге.

Жүк артып жүрген жанмын
жүрегіме,
Көшкенде күш түсердей күреңіме...
Түнесе деп ем өлең түлегіме,
Бұл өнер бұйырмады-ау біреуіңе...

Талантым тексіз бе деп кектенесің,
Балаңның баласына кетпегесін,
Жалғасып жеті атаға жетпегесін.
Шаршайсың,
Шау тартасың,
Шектелесің...

Тірліктің тауқыметін түйгендеймін,
Келе алмай күйіме
мен күйбеңдеймін.
Киелі кәсібіме күлгендей кім?..
Жыр емес,
Жылан жайып жүргендеймін.

***
Ұлымен жететіндей ұшпаққа адам,
Құсбегі секілдімін құс баптаған...
Байларға балам барда ұқсап бағам...
Қу дүние-ай,
Құйрығынан ұстатпаған!

Бабалар баласына бата қылған:
Озсаң оз,
Қалмағай деп қатарыңнан!..
Жалқаудың жарты жолда
аты арыған,
Атың қалып қоймасын атанымнан.

Сен маған секілдісің күнде бала,
Ұлым-ау,
Ұқсағансың кімге ғана?
Алакөңіл әкеңнің мінген ала...
Кеудеңе нұры сіңсін,
Күнге қара!

Жас жүрек жайдан-жайға
жайлана ма?
Барасың бағыт ұстап қайда ғана?..
Ақ сәуле себелеген айналаңа,
Адассаң, айналайын, айға қара.

Белді буған екенсің,
Бекембісің?!
Жарқыным,
Қай шамаға жетер күшің?..
Бұлдырап,
Бұлтқа сіңіп кетермісің?
Желпініп жекеніңе жетермісің?..

Көз салған көкжиекке көгенінде,
Қайрылып қараймын кеп
көкөрімге...
Бәйгеден келгеніңді көремін бе?
Төріне шығармысың төренің де?..

***
О баста бауыр бастық даланы біз,
Ауыл ғой аңсарымыз,
Алаңымыз...
Тартпады тағдырымыз,
Таланымыз!..
Қалада қайрылыста қалады ма із?..

Бай-бай-ай,
Бала күнгі дала қандай!
Жұмаққа жаз жайлауды
балағандай.
Төрт түлік бауырынан жарағандай,
Керімсал кекіліңді тарағандай.

Жүйрігі жылқышының тұсалмаған,
Аңшы аз айна көлден құс аулаған.
Қоңыр қаз қоңдылықтан
ұша алмаған,
Үйіріліп үстімізде құс аунаған.

Ағаның аң ауладық ақылын ап,
Қоянды ататұғын шақырып ап.
Айрылған аяғынан аты құлап,
Жүруші ек жылқышыға
жақынырақ...

Бал дәурен,
Бала күнді сағынамын,
Жалбыздың жапырағын
жамыламын.
Алдымнан шығатындай ақ лағым...
Алпыс асып барамын,
Не қыламын?!

Қыр асып кеткендеймін
қас қағымда,
Қарттықтан қайда барам
қашқанымда?..
Анам ұшып жүргендей
аспанымда...
Мен әлде бала бола бастадым ба?..

***
Кісінің сыңайынан сыр аңдаған,
Шал қайдан шықсын менен
шұнаңдаған.
Қу дүние – қызыл түлкі қылаңдаған,
Құрығыр құбылып мың
құралмаған.

Тектінің тараған ек кіндігінен,
Кімді көріп жүрмін мен?
Кімді білем?..
Төріне төсегеннің құнды кілем,
Ай аймалап,
Күн күлген түндігінен.

Жүргендер жау шапқандай
жағаласып,
Апыр-ай,
Ат оздырды амалы асып.
Кеткендей ақ пен қара араласып,
Қара су ішіп жүрміз қара басып.

Болар ма бұл заманға
бейімделмей?..
Несіне ерте тудық,
Кейін келмей.
Жүйрігім жүк арбаға жегілгендей,
Текеге секілдімін телінгендей.

Керенау көрінермін,
Кінәлама!..
Адам-ай,
Айналдым-ау дүбараға.
Ту толқын тулап шетке шығара ма?
Тұншықсам түсетіндей кім араға?..

Тұсында топқа түсіп тоқыраған,
Ойлылар ойын бағып отыр аман...
Озып тұр оқығаннан оқымаған,
Ал біздер секілдіміз соқыр адам.

***
Шайырлар шаруаға шалағаймыз,
Буыны бекімеген баладаймыз.
Шақтарда шабыттанған
шала баймыз...
Апыр-ау,
Неменесін алалаймыз?!

Ізіне ере алмаған ірілердің,
Шырағым,
Шайырлардың бірі менмін...
Шау тартқан шақта, бәлкім,
сүрінермін,
Тірлігін жасаймын да тірілердің.

Іскерлер іліккенді иеленіп,
Түсуде талапайға түйе беріп...
Жұмысың жүрмесе де жүйеленіп,
Сүрінген кісі көрсең сүйе келіп.

Өлеңмен ес білгелі егіз өстім,
Әкеңнің жыры жасық дегізбеспін...
Шыққанша шырқап көкке
көз ілмессің,
Ұлысқа ұлың нашар дегізбессің.

Қараймын жанарыңа жайраңдаған,
Жабықсаң жаны әкеңнің
жайланбаған.
Қос белбеу беліңе бос байланбаған,
Сау болса сандуғашың сайрар,
балам.

Біздің хал – хан базары тарағандай,
Қасқа аты қайтар жолға
жарағандай...
Барамын дараланбай,
Сараланбай!..
Балам-ай,
Жүрсем жарар жараланбай.

***
Айналайын,
Арамға араласпа!
Адал бата жүрмейді арам асқа...
Бағаналы бұлағың – балабақша,
Балбұлақтан су іштің бала жаста.

Балбұлақтан су ішкен бала жаста:
Қайнарына қайырылып қарамас па,
Қырандайын қанатын тарамас па?..
Жақсы қылық жігітке жарамас па?!

Жалын көрсем деп едім
жанарыңнан,
Тауды көрсем деп едім
талабыңнан...
Қайғы бұлты ұшпасын қабағыңнан,
Бала күшік тартпасын балағыңнан.

Аласарса арманың асқаралы,
Ақ үміттің жүзінен жас тамады.
Тіршіліктің алдырмас тас қамалы,
Кері кету сондайдан басталады.

Бала емессің жетпеген балағатқа,
Ақыл айтар жастасың азаматқа.
Апармайды алысқа арам ақша,
Жарық күнде жаңылып,
Жаза баспа.

Берік болғай досыңа бірге жүрген...
(Кісідеймін мен қазір кімге
күлген?!)
Іздейінші ізіңді ілгеріден,
Жобалайын жөніңді жүлделіден.
***
Жағада масыл да тұр,
Асыл да тұр...
Жамылып жапырағын
жасын жатыр.
Жарқыным,
Жан сырыңды жасырма құр,
Қайрылып қарлығаштай
қасымда тұр.

Жас дәурен – жалындаған жарыс,
балам,
Қалмайды қатарынан қарыштаған.
Арынды ағын судай алыстаған,
Тағдыры тұлпарлардың таныс
маған...

Қосынға қос құнанды
қосқандаймын,
Қос ұлды –
Қос тұлпарды тосқандаймын.
Жиреннің жетер жерін
жоспарлаймын,
Жетекке ап жететіндей
дос қамдаймын.

Сыр тартар секілді ғой сыр аңдаған,
Қолдашы құлынымды
қыран-дарам.
Ұясын ұшарында қия алмаған,
Құстайын қалықтар ма ұяң балам?..

Түлегің түлеп түсіп тұрмағасын,
Шытырман сезімдерге
шырмаласың...
Қияды қиянатқа кім баласын?!
Шыдашы, шырақтарым,
Шыңдаласың.

Бел асар бесті ме екен?
Құнан ба екен?..
Мұндайда болжам жасау
күмәнді екен,
Шарықтап қос қыраным
шығар ма екен,
Сондайда шіркін жүрек
шыдар ма екен?..

***
Бозбастау бойдақ дәурен
ырықты алған,
Жігітсің жар жағалап
жүріп қалған...
Сыр ашып сұлуларға сұрыпталған,
Біріне секілдісің құрық салған.

Үй болу басталады үйленуден,
Үкілің құтты болсын үйге кірген!
Асылдар айнымаған сүйгенінен,
Үмітің үзілмесін үйдегіңнен...

Отырмыз ортамызға олжа салып,
Келін түсті,
Керемет той жасалық!..
Оу, енді осы жағын ойласалық,
Қойшым қайда қоятын
қойға салып?..

Болмаса бес бересің,
Алты аласың,
Қашан да қазақы той қалтаға сын...
Кеңіді, балам, бүгін арқа-басым,
Тамашаң таң атқанша тарқамасын.

Алаңдап ала киген,
Құла киген,
Қауыштық құдалармен,
Құдағимен.
Жарқырап жанғандайын
шырақ үйден...
Арыла алмастаймын мына күйден.

Серпілдім сен үйленген күні балам,
Жүрегім көптен бұлай
жылымаған...
Ұрпақсыз ұлысымның күні қараң,
Төрт тиын тіршіліктің құны маған...
***
Толағай толғап, тойыңды күткем,
Қолдады Құдай,
Қойылды нүктең.
Кезім жоқ сенен ойымды бүккен,
Көрінсе деймін бойың биіктен.

Тулап та тұнған тұнығым менің!
 Серінің сені сынығы дедім.
Жүрегім жұмсап,
Жылыды демім,
Құт болсын құсың,
құлыным менің!

Абыройыңды асыра келген,
Қайырлы болсын, қасыңа ерген!
Бақ деп біл мұны басыма берген,
Қарлығаштардың қасынан өрген...

Қарлығаш үйге ұясын салды,
Қарындас үшін жиясың малды...
Қиялым қырдың қиясын шалды,
Қиялмен қалай қиясың талды?!

Балапан барда,
Балақан барда –
Нұр құйсын Алла алақандарға!
Ағарып атқан ала таңдарда,
Жем тасып жүргей балапандарға.

Қосынға талай қосқан құласын,
Толғанып көкең тосқан мұрасын...
Жарасымдарың дос-жарға ұнасын,
Қосыла ұшшы, қос қарлығашым!

***
Жауынсыз жазда жерің құрғаған,
Егінші дейтін ерің жырғаған.
Мейірімсіз мезгіл мені де ұрлаған...
Нені жазғанмын?
Нені жырлағам?!

Жетім жырларым,
Жетім күндерім!
Жетім құс еді жетілдіргенім.
Жете алмағаным,
Жетіп жүргенім –
Өтінем, енді өкіндірмегін.

Жарқын күндерім,
Жарқын жырларым!
Намысқа шапқан
мен нар тұлғамын...
Парасаттының парқын жырладым,
Аймаңдай ұл-қыз
артылдырғаным...

Болатжан,
Соның біреуі едің,
Тектілік саған түнеді дедім...
Біледі дедім,
Іледі дедім,
Түлкіге түсер түлегім менің.

Жүйріктің көрдік жүрісін небір,
Ірі ойлар елдің ірісінде жүр.
Майдасын да біл,
Ірісін де біл...
Шырқашы көзім тірісінде бір.

Жарыңның жарты жүрегіндейсің,
Таяныш тұтар тірегіндейсің...
Тұлпарым қашан түледі дейсің...
...Көкеңіз қанша жүреді дейсің...

Әскербек Рахымбекұлы.
ӘДЕБИЕТ 05 қараша 2019 г. 372 0

Едел-Жедел

Күнтізбе

«    Қараша 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930