Ақылшы досым, aйнымас серігім

 Уа, «Сыр бойым»,

Жан сарайым жасымнан,

Қырға даңқын,

Сырға даңқын асырған.

Сыртта жүрсем ауылдасым сияқты,

Сенсің менің көзіме оттай басылған...

Сырдың сырлы дастанындай «Сыр бойым»,

Оқырманмен мақсатың бір, бірге ойың.

Он бес жаста басылды осы газетте,

Тұңғыш жырым бар болғаны тілдейін.

Құт қонағы күллі Сырдың төрінің,

«Сыр бойым», сен сөзі айнымас серігім.

Арасында Қаратау мен Аралдың,

Шартарапқа шарқ ұрады көңілім.

Айтпау керек әңгіменің қоспасын,

Айтпау керек өткен күнге босқа сын.

Құм ішінде Аманкелді жиеніміз,

Күллі ауылдың таситұғын поштасын.

...Жаңа санын суырғанда ол дорбадан,

Алабұртып сені сол кез қолға алам.

Қолға алам да күллі Сырдың жап-жарық,

Шамшырағы өзің жайлы толғанам...

Талай талант тербетілген бесігім,

Сыр айнасы десем сені несі мін.

Күллі Сырдың шежіресі сияқты,

Елмен бірге жасай берсін есімің.

Төрт бетіңде толған мақсат...

толған жыр...

Таңмен бірге

Сенсің талға қонған нұр.

Сені қолға алған шақта жайраңдап,

Жайнайды кеп

Жан-жағым гүл...

Ордам гүл...

- Не жазыпты?

- Не жазыпты, қарашы,

- Жазған сөзі,

Бәрекелді!

Сара шын!!!

...Үйретеді Үргенішбай шал «оқы» деп,

Біз сияқты балықшының баласын...

Уа, «Сыр бойым», биік болсын шоқтығың,

Қасиетті бесігі сан тектінің,

Тұрмағамбет, Нартай болып ғасырлар,

Қойнауына самғап ұшып кетті үнің...

Қос әріптің қоса алмайтын басын бір,

Қартым үшін

«Сыр бойы» бұл – асыл жыр.

Тентек көрсе тоқтам айтып,

Жалқауға

- Мұнда жазған тап өзіңдей масыл бұл.

Білімдінің жолын кесіп көрмеген,

Ақыл айтып,

Қолын кезек сермеген.

Аңғал,

Адал қартым аттан салады,

Есіл іске,

Кесір іске көлденең.

...Ел жығатын бастықтарға екпіні

- Сөзін сыйла!

Кәзитің бұл текті, ірі!!!

Мысын басып қоятұғын әлгінің,

Қайран қартым

Бір саңқ етіп отты үні...

Мақаланы мақамға сап... жаттап ап,

«Майтұзға» кел!

«Майтұзға» кел!

ей, ақ тамақ!

«Сыр бойынан» қалса бір сәт көз жазып,

Кемпірінің тынышын алар «тап та, тап».

...Көген басы көбейетін жоқ түлік,

Көл жағада

Қауын егіп,

Тоқ қылып,

Күркесінде бізге оқытып өзі мәз,

«Сыр бойы» бұл –

Сырлас досым, – деп күліп.

Жалпақ қырдың жалғыз өзі иесі,

«Сыр бойым» сен,

Сенсің қарттың сыйы осы...

Қағаз қалпақ жасап кисек,

Жалма-жан

Ұрсатұғын «ұрады» деп киесі...

Қағазыңды

Киелі ұғып,

Құт көрген,

Күс-күс табан бізді қартым күтті өрден.

Уа, «Сыр бойым»,

Жанашыр сол қарттан соң,

Талай жүйрік

Топтан озып шықты елден...

Тоқсан жылда тот баспаған асылым,

Сенсің менің сүлей жырым ғашығым.

Ағалардың босағаңды аттаған,

Алшысынан асқақтаттың асығын.

Қайтем айтып қайсысын қатемнің,

Тоқсандағы төл құрдасы әкемнің.

Өзің мені өңменімнен итермей,

Өлең атты патшалыққа әкелдің.

Талай қырдан талмай өтіп әртүрлі,

Жырлай берші Сырда туған халқымды.

Уа, «Сыр бойым»,

Өзің есік қаққанда,

Ойға аламын газетқұмар қартымды.

Күрішті өлкем – ырысты өлкем дедім мен.

Жаса бірге егеменді еліммен.

Тоқсан жастың тұғырына жайғастың,

Тоғыз жасар балаға тән көңілмен.

«Сыр бойы» бұл, «Сыр бойы» бұл жасымнан,

Сырдың даңқын алты Алашқа асырған.

Қаршадайдан қалмай бірге келесің,

Ақылшым боп,

Сырласым боп қасымнан...

Толыбай АБЫЛАЕВ,

Қазақстан Жазушылар 

одағының мүшесі.

ӘДЕБИЕТ 07 қараша 2019 г. 186 0

Едел-Жедел

Күнтізбе

«    Қараша 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930