Арманым орындалған күн

90-жылдардың орта тұсы еді... Ауылдағы жалғыз орыстан сатып алған тоқал тамның кішкентай терезесінен күн сәулесі көмескіленіп көрінетін. Ауласы да қоршалмаған ауыл шетіндегі осы үйді әкем «менің бала кезім өткен үй. Мына үкімет берген қосалқы үйдің не ауласы, не қорасы жоқ. Сол жақтан үлкен зәулім сарай салып берем» деп алған. Әдепкіде бұрынғы үй жақтағы достарды қимай біраз қиналдық. Сонда ескі тракторге көштің жүгін артып, ауылдың о шетінен бұ шетіне шықтық. Кәрі Құтжол соңымыздан ере жүгіріп келеді. Байғұс ит бәріміздің жапатармағай шыққанымызға қарап көшіп келе жатқанымызды сезсе керек.

– Апау, мына қампиттың сыртында «Мечта» деген жазу тұр. Ол не сөз? – дедім.

Жеті жас үлкен әпкеммен таласа-тармаса әріп танып, оқи алатыным болмаса, орысшаға жетпеген едім.

– Балам, осы қампитты жеп арманыңды ойласаң, орындалады, – деді жүзінен нұр төгілген анам.

Мен ішімнен «әкем үйге келсінші» деп тіледім. Қарапайым шаруа адам еді. Үстіне жала жабылып, уақытша қамау изоляторына қамап тастағалы бір айдан асқан. Жанарыма жас толып, күн сайын іздеймін, сағынамын. Үйдегілер бала ғой деп алдаса да, іштей бәрін сеземін. Ал содан бірнеше күн бұрын анамның түпкі бөлмеде үнсіз жылап, көз жасын сығып отырғанын көрдім. Бірақ көрмегендей болдым. Ол кезде не деп жұбатарымды да білмеген едім. Бүгін анам менің «Мечта» барбарисін жеп отырғанымда күлімсіреп отырып арманымның орындалатынын айтты.

Ағаш терезе. Оның үстіне бір қабаты сынған. Көне үй ғой. Әйнектің сыртынан қабаттап қалың целофан қағып тастағанбыз. Желдің өтінен қорғап, жылуды сақтап тұрады. Біреу терезені қаққандай болды. Бірақ сұлбасы ғана көрінді.

– Әкем келді, – деген даусым қаттырақ шығып кетті-ау деймін. Үйден төрт бала төрт жақтан, анашым ас үйден бәріміз есікке жүгірдік.

Бала күнде осылайша «Мечта» барбарисін жеп, менің арманым орындалған. Ал сіздің арманыңыз орындалды ма?

Аян СПАНДИЯР. 

ӘДЕБИЕТ 20 қараша 2019 г. 963 0