Қалжыңдары халқымен қайта қауышты

Қазақстанның халық жазушысы, драматург, публицист, сыншы, аудармашы, ақын – қазақтың Қалтайы желтоқсан айында дүниеге келген болатын. Осы қуанышқа тосынсый ретінде ақын Оспан Сейфолла Міркемелұлының құрастыруымен «Қалтайдың қалжыңдары» 13 жылдан кейін халқымен қайта қауышты.

2006 жылы жарық көрген бұл жинақ Қалағаңның ұшан теңіз қалжыңдарының тұтас болмағанымен, денінің сақталып қалуына үлкен пайдасын тигізді. Биыл «Атамұра» баспасынан таралымы 3000 дана болып «Қалтайдың қалжыңдарының» қайта шығуы – дүниеден өтсе де рухына, талантына қамқорлық көрсетіп келе жатқан көрнекті мемлекет қайраткері, ғалым Мұхтар Абрарұлы Құл-Мұхаммедтің еңбегі. Ол Қалағаңның көзі тірісінде үш томдық таңдамалы жинағын 1998 жылы өз қаражатына шығарып, қазақ әдебиетіне үлкен сыйлық жасады. Жазушының 70 жылдық мерейтойын Алматы, Тараз, Түркістан және Қызылордада атап өтуіне зор үлес қосты.

Төрт бөлімнен тұратын кітапты тәптіштеп айтсақ, оқырмандарға қызық та болмас. Оны өздеріне қалдырып, кейбір ерекшеліктеріне ғана тоқталайық. Бұрын жарық көрген «Қалағаңның қалжыңдары» толықтырылды. Алғашында үш бөлімнен тұратын кітап кеңейтіліп, бір бөлім қосылды.   «Ел аузындағы әзіл-қалжыңдар»  аталатын  екінші бөліміне  іні-шәкірттері: Сейфолла Оспанның, Көпен, Толымбек, Дидахметтің жазғандары қосылды. «Қалағаңның қағидалы сөздері» деп аталатын үшінші бөліміне еңбекті құрастырушы Сейфолла аға мен Жаңабек Шағатайұлының естерінде қалған Қалағаңның қағидалы сөздері енді.

Бұл жинақтың тағы бір ерекшелігі – Қалағаңның ақындық талантына көбірек мән берілгендігі. Әдебиет жанрларына, аға-інілеріне арнаған пародиялары, Халил Мұхаммед деген бүркеншек атпен жазған жырлары мен толғау­ларына кітаптың төртінші бөлімінен орын беріліпті. Бұл сөз жоқ, Қалтай ағаның бабасы Күдеріқожа Көшекұлына тартқан ақындық талантын көпшілікке таныта бермек. Уақыт өтер, Қалағаңның  бейнесі ел есінде осындай шығармаларымен қала бермек. Мүмкін бірнеше жылдардан кейін Қалтайдың қалжыңдары келер ұрпаққа да жол тартар. Лайым солай болғай. Аталған еңбек сүйсініп оқитын, оқып-тоқығаныңды елге жеткізуге асықтыратын дүние екеніне ешкім дау айта алмас.

 

Қазбай Құдайбергенов, ҚМУ-дың профессоры,

Қалтай Мұхамеджанов кітапханасының ғылыми кеңесшісі.

ӘДЕБИЕТ 31 желтоксан 2019 г. 444 0