Бас маман

(әңгіме)
Аспан айналып жерге түседі. Ауадан от соғып тұр. Дәулетбек көшеде емес, бейнебір жан-жағынан жалын үрлеп тұрған үлкен пештің ішінде келе жатқандай. От, тура от! Қалтасындағы қарабақырын үнемдеп автобусқа мінбеп еді. Мына күннің дәл бүйтіп жанып кететінін білмеді. Азанда ерте шықты ғой. Әй, бірақ сол автобусың да оңып тұрған жоқ. Қапырық. Әсіресе қазіргідей түстің кезінде, о-о-ой айтпа. Түстік асқа асығып, қойдай топырлаған жұрт. Бір-біріне амалсыз жабысқан адамдар. Неше түрлі иіс-қоңыс. Тердің, қолтықтың, жуылмаған ауыздың, бұзылған тістің, шуаш аяқтың... И-и-и, кәпір. Денесі тітіркеніп, түршігіп кетті. Қой, одан да осы жаяуы дұрыс. Енді бір он минутта үйіне де жетеді. Әттең, көшелерде жөнді тал-теректің, сонан да сая болар көлеңкенің жоғын айтсайшы. Егерде анау Шымқаладағыдай көкке оранған көшелер болса, бұл түк те қиналмай, жаз айларында да алаңсыз жаяу жүрер еді. Мынау ғой енді, бірдеңеден құр қалғандай, қақ төбеге қасқайып шығып алған от сәулелі күн шекесін тесіп, миын қақтап барады.
Ол өстіп бой-бойы шығып, самай тері сүмектеп, шыжғырылып жүріп отырып баспанасына да жетті. Көпшілік «Хрущевтің үйлері» атап кеткен бетон тамдардың бірі. Бесінші қабат. Подъезге басын сұға бергенде өжіренің жыл он екі ай бойы кетпейтін жүрек айнытар жаман иісі бетіне лап ете қалды. Тыржыңдаған күйі жылдамдатып жоғары көтерілді. Есігінің алдына келіп сәл демін басты. Ішке кірді. Сөйтсе үйі де жетісіп тұрмапты. Сырттан айырмашылығы жоқ. Қайта далада аз да болса ауа бар және құрғақ қой. Ал пәтері... Нағыз монша дерсің.
– Мынау үй сауна болыпты ғой, – деп күңк ете қалды терге малшынған көйлегін шеше беріп.
Сол-ақ екен, әйелі Есенкүл:
 – Әй, енді тамақ істеп жатқан жоқпыз ба, шәйнек қайнады. Қыз­дар су ысытып кір жуды, үтік бас­ты. Не дейсің маған, аядай жер осылай болмағанда қайтеді? – деп баж ете қалды.
О, сорым десейші. Саунаны айтып несі бар еді. Осы үйдің монша болып кететінін бірінші рет көргендей. Қазан асса болды сөйтеді ғой. Тамақтың өзі ғана емес, үй де қоса қайнайды. У-у-уһ, енді мына қатынның «тормызы» ұстай қойса болар еді, жаңа бекер «қоттады». Әне-әне... «жылдамдығын арттыр­ды»:
– Сен қатарлы еркектердің барлығы бая­ғыда жер үй салып алды. Менің қақсауымның кемі жоқ. Кежегең кейін тартады да тұрады. Я өзің ұмтылып қимылдамайсың, я жұрттың айтқанын істемейсің. Отыр енді осылай саунаға түсіп, ыбырсып. Қазір де ештеңе емес. Ертең ана бала қатын әкелгенде көресің қызықты. Келініңмен башпайыңды түйістіріп жатасың...
Дәулетбек үй киімдерін алып жуынатын бөлмеге кіріп кетті. Сар еткізіп суды ағызды. «У-у-уһ, жақсы болды ғой. Есенкүлдің бажылдаған даусынан судың осы сарылы дұрыс» деп ойлады. Сонан соң қолын, бет-ауызын сабындап жуды да, әрі қарай шыдамай, су бүріккішті қосып астына тұра қалды. Айхай! Айхай! Әуелгі сәтте ысып тұрған денесі салқындау суға аздап тітіркеніп еді, артынша үйреніп кетті. Салқын дегенде, бұлардың суы анау айт­қандай мұздай емес. Пәленбай шақырым жердегі су айдайтын қоймадан жетемін дегенше күннің қызуымен жылып, үйге томыртқалағандай болып келеді. «Бұл да болса Құдайдың қарасқаны шығар», дейді бұл өстіп рахаттанып жуынып жатып. Әйтпесе қалалықтар баяғыда құрғызып алған «Аристон» деген су ысытқыш та жоқ бұларда. Ал онсыз, бұлай жуынбақ түгілі, мұздай суға саусағыңның ұшын да тигізе алмайсың. Қызығы – қайнаған жаздың өзінде қаладағы барлық үйдің суы бүйтіп жыли бермейді. «Шығыс» шағын ауданында тұратын інісі Нияз­бектің үйіне барғанда көріп жүр ғой, қырық күн шілдеде де суларының «сағы сынбайды». Шекеңді жарып жіберетіндей тастай. Жер астынан бұрғылау арқылы алынатын су дейді. Ал бұлардыкі басқа жақтан келеді. Әлгі «Арис­тонды» құрдырайын деп ойлайды. Бірақ, соның бір сәті түспей-ақ қойды. Бір жағынан ыстық су беріп қала ма, деп те үміттенеді. Қайдан білсін, әйтеуір осы жерге әкім болып келген дөкейлердің бәрі алғашқы жасаған жиындарындағы алғашқы сөзін: «Облыс орталығын ыстық сумен қамтамассыз етемін» деп бастайды ғой. Бұл соған кәдімгідей сенеді.
– Дәулет, тамағың суып қалады ғой, тез шықсайшы.
– Қазір, қазір, міне, болдым.
Мына судың жағып бара жатқаны-ай! Тіпте шыққысы жоқ. Жанның рахаты дерсің. «Қой, Есенкүлдің жынына тағы да тимей тұрғанда тезірек шығайын. Өзінің үні де жаңағыдан біраз бәсеңдепті. Дауыс температурасы мына су құсап жылып кеткен бе, қалай?» Ол киініп жатып жымиып күліп қойды.
Дастарқанға келіп отыра бергенде кіші қызы Меруерт:
– Папа, телевизордың антені бұзылып қалды. Быж-быж етіп түк көрсетпейді. Жөндеп берші, – деді.
– Иә, айтпақшы, уақытың болса жөндеп кетші, әлгі сериалымыз бар ғой көретін, – деді әйелі де қызының сөзін іліп алып.
Бұл үндеген жоқ. Не десін. Аузын ашса болды, Есенкүл бастап, қыздар қостап жамырай жөнелетіні белгілі.
– Жұрттың «Отау-ТВ» қосып алғандары қашшан. Біз отырмыз қолдан істеген ескі темірмен быж-дыж, қырт-шырт еткізіп.
Расында, бұлардан басқаның бәрі сол «Отау» дегенді құрып алды-ау, сірә. Өйткені үйдің шатырында, кейбір балкондарда үлкенді-кішілі «домалақтар» қаптап кетті. Обалы не керек, Есенкүл де, балалары да көршілер арнайы мамандарын шақыртып құрғызып жатқанда: «Біз де қалмайық, құрғызайық», – деп айтудайын айтты. «Соның не керегі бар?» – деп көнбей қойған мұның өзі. Жөнде енді, жаман әнтеніңді!
Мырс етіп күліп жібергенін Дәулетбек өзі де байқамай қалды.
– Не болды? – деді әйелі таңыр­қай қарап.
– Жәй, ештеңе емес, есіме бір нәрсе түсіп кеткені. Жөндеймін қазір. Сен шай құйып қоя бер, суый тұрсын. Мен жөндей берейін.
– Тамағыңды жеп алсайшы.
– Иә, арасында жей берем ғой.
Ол орнынан тұрып, анадай жердегі теледидардың жанына барды.
Чебурашканың құлағы тәрізді қалқайған антеннаны түбінен ажыратып алып жарықтау жерге, терезенің алдына таман келіп отырды. О жақ, бұ жағын қарады. Ештеңе көрінбейді. Бәрі орнында сияқты. Мүмкін кінәрат теледидарға қосатын тетікте шығар? Иә, тапты. Соған жалғанған өзек сым үзіліп кетіпті. Айналасындағы майда сары сымдар ғана ұстап тұр. Бәрін ашып өзек сымның резеңкесін жонып, ұзартып жалғау керек.
– Пышақты берші. Меруерт, астына төсейтін газет әкел.
Резеңкені пышақпен жона бастап еді, қиқа-қиқасы шықты.
– Өй, мына біреу добалдай, дұрыс өтпейді ғой, жұқалау пышақты әкелші. Бағдат, сен балконды ашшы, күн түссе түссін, өкпем қысылды. Уһ, мына күннің қайнауын-ай!
Ол мойнындағы сала құлаш сүлгісімен маңдай терін сүртіп, бір ұшымен желпіне бастады. Осы кезде ана бөлмедегі шалбарының ышқырында ілулі тұрған ұялы телефоны әндетіп қоя берді. «Кім екен бұл, әбеттің кезінде де дамыл бермей жатқан? Өзі әнтенін жөндей алмай отырса». Жыны келсе де амал жоқ, барып алды. Бірге жұмыс істейтін Айтжан деген жігіт екен.
– Әлө?
– Дәулетбек, жаңалықты естідің бе?
– Жоқ, ол қандай жаңалық?
– Қазір айтам, бірақ құлап қалма.
– Иә, болсайшы енді, әлі ша­йымды да дұрыс ішкен жоқпын.
– Біздің комитетке кім бастық болғанын айтайын ба?
– І-і, кім болыпты?
– Сенің курстасың Нұрлан ­Маханбетәлиев!
– Қойшы ей?!
– Иә, жаңа Астанадағы жігіттер звандады.
– Қой, шын ба?
– Шын болмағанда. Қайраттың өзі айтты.
– А-а, Қайрат айтса, солай ғой онда.
– Қой, жақсы, шайыңды  іш, қалғанын келгесін айтармыз.
– Жақсы, жақсы.
Дәулетбек телефонын орнына салды  да, сол жердегі диванға сылқ етіп отыра қалды. «Мә-ә, қалай, ә?! Қалай, ә?! Өзімен бірге оқыған жігіт комитет төрағасы!...»
– Папа, міне пышақты әкеліп қойдым.
– Дәулет, шайыңды ішсейші енді суып қалды ғой, тамағыңды да дұрыс жеген жоқсың.
– Иә, міне, бара жатырмын.
Ол орнынан самарқау көтерілді.
– Не болды? Жайшылық па?
Сірә, бетінде өзгеріс бар-ау.
– Жәй, әшейін. Анау Астанадағы үлкен бастығымыз ауысыпты.
– І-і. Мейлі ғой, саған бәрібір емес пе, кім болса да.
– Иә, иә, дұрыс айтасың, маған бәрібір, Иван болса да!
Дәулетбек осылай деді де, кеседегі суып қалған шайды сіміріп салды. Сосын жаңағы орнына барып отырып антенна мен пышақты қолына алды. Іші алай-дүлей. «Қызық-ай, ә! деп ойлады. – Қызық-ай! Нұрлан. Өзімен бірге оқыған кәдімгі Нұрлан. Комитет төрағасы. Анау-мынау емес, еліміздің есеп-қисап жөніндегі комитетінің бастығы! Оған барлық облыстардағы басқармалар қарайды. Барлығы соның қол астында. Мұның жұмысы – сол көп басқармалардың бірінде. Бас маман. Пішту, жетісіп қалыпсың. – Ырқ етіп күліп жіберді. Еркінен тыс. Артынша газет бетіне тырс-тырс етіп бірер тамшы үзіліп түсті. – Өй, әк-ке-е...
Сүлгісімен мойнын, қолтығын сипады. Сөйтті де резеңкесі жонылған өзек темірді түзетіп, жанындағы ұсақ сары сымдарын екі жаққа бөліп біріктіріп бұрай бастады.
– Иә, – деді осы кезде ішкі ойы қайта жалғасып. – Нұрлан, институтта бірге оқыған Нұрлан Маханбетәлиев енді төраға. Бұлардың ең үлкен, ана-а-ау биіктегі бастығы. Мұның отырысы мынау. Жер мен көктей айырмашылық! Расында ғой. Аралары аспан мен жер! Қаласаң да, қаламасаң да, мойындасаң да, мойындамасаң да, шындық осы! Қызығы, бұл алдына газет жайып жіберіп чебурашканың құлағы тәрізді қалқиған ескі антеннасын жөндеп, терге малшыне-е-еп отырғанда Нұрлан курстасы ана жақта комитет төрағасының орынтағына жайғасып жатыр. Ойпырым-ай, ә?! Негізі біздің жігіттер жарайды! Шеттерінен ірі. Мү­йіздері қарағайдай. Біреуі агенттік бастығының креслосында. Тағы бірі үлкен холдингтің президенті. Жеке бизнестерін дөңгелетіп, біреу ғана емес, үшеу-төртеуден серіктестіктер мен компаниялар құрып алып, бүкіл әулетін, тұқым-зәузатын, қала берді жора-жолдас, ауылдастарын жұмыспен қамтып көптің ықыласына бөленіп, өзін де, өзгені де жарылқап жүрген жігіттер қаншама?!
– Папа, болдың ба? Анандидің киносы басталып кетеді ғой.
– Иә, иә, болдым, қызым, болдым. Қазір қосамыз.
«Ғыж-ғыж, дыж-дыж, қытыр-шытыр, пытыр-пытыр». У-у-уһ, неше түрлі дыбыс шығарып барып қосылды-ау, әйтеуір. Өй, мыналардың бет-ауыздары қиса­йып кетті ме, немене?
Ол «қалқан құлақты» оңға, солға бұрап, теледидарға жалғасатын жерін қайта-қайта нығарлады.
– О, енді жақсы болды!
Меруерт қуанғанынан екі қолын шапаттап-шапаттап жіберді.
– Біздің папамыз бәрін біледі,біздің папамыз маладес! – деді сосын бұның белінен құшақтап.
– Ал енді көре ғой, мен жұмысқа кетейін. Мыналарды жинай сал.
– Кеткені несі, шайды ысытып әкелдім, бір-екі кесе ішсейші, қазір шөлдейсің ғой, – деді әйелі шыр-шыр етіп. – Мына бір әнтені құрғырда...
– Жоқ, ішпеймін, кешігіп қалармын, кете берейін.
Дәулетбек қолын сабындап жуды да, быршыған мойнын, кеу­десі мен арқасын алақанымен ысып-ысып жіберіп, сүртінді. Сонан соң тез-тез киіне бастады. Кенет... Көңілі құлазып сала берді. Біртүрлі. Ештеңеге зауқы болмай, ешқайда барғысы келмей қалды. Ілкі сәт түк түсінбей аңырып тұрып қалды. «Бұл не? Не болды маған? – деп ойлады. Білмейді. Ештеңе білмейді. Ешқайда барғысы келмейді. Бірақ, жұмысқа баруы керек қой. ­Жо-о-оқ. Барғысы келмейді. Түк те барғысы келмейді. Ей, мейлі, бармасам бармай-ақ қоя­йыншы. Бір рет, жарты күн қалғаннан ештеңе болмас. Тіпті сол, анау айтқандай алып бара жатқан да жұмыс емес. Комитет төрағалығының қызметі емес қой, ол.  
Қалай тез киінсе, солай тез шешінді де, гүрс етіп диванға құлай кетті. О-о-ох. Қандай рахат! Жұмысқа бармайтыны қандай рахат! Көзін жұмды. Ештеңе ойламау­ға тырысты. Осылайша қара буалдыр дүниенің ішінде дым сезбей, меңіреу күйде жатқысы келді. Неге екенін білмейді, дәл қазір бұған ешнәрсе қажет болмай тұр. Сынық сөз де, оймақтай ой да. Ешнәрсе, ешнәрсе қажет емес!
– Бағдат, келсейші тез, Ананди басталды. Әдемі көрсетіп тұр. Бұрынғыдан да әдемі.
Қап, есікті дұрыстап жабуды ұмытып кетіпті-ау. Ашылып кеткен ғой. Ол да қайбір есік дейсің. Көтеріп барып итермесең кәсегімен жымдасып жабылмайды. Әй, өзі де алаңсыз үйіне қарауды қойған екен. Бүгін соны қатты сезінді. Мына балаларына қандай обал. Әлі баяғы арты тоңқиған ескі телевизорды көріп отыр. Антеннасының түрі анау. «Біздің папамыз бәрін біледі, біздің папамыз маладес», – дейді байғұс бала қуанып. Қайтсін енді. «Сенің әкең маладес емес, екі аяқты біреу әйтеуір жыбырлап жүрген. Сенің әкең бәрін білмейді, түк те білмейді, боқ та білмейді», – деп айтатын адам жоқ-ау оған. Бір-екі рет естіп қалып еді, бірақ соған онша мән бермепті. Ауылдағы ағайындарының бір келіндері бұны «Лаж қайнаға» деп атайды екен. Дұрыс айтқан. Қалай дәл тапқан, ә?! Дәл тапқан! Лаж ғой шыннан да, лаж. Әйтеуір кеудесінде жаны бар. Басқа ештеңе жоқ. Ештеңе! Әйтпесе не, анау төраға болып жатқан Нұрланнан бұның  қай жері кем? Ол да осы сияқ­ты ауылдың баласы. Бірге оқыды, бірдей оқыды. Тіпте екеуі жақсы дос та болған. Тоқта... тоқта. Енді есіне түсті. Ол сол кезде-ақ удай пысық еді. Көзге түскенді, бірдеңелерді басқарғанды тәуір көретін. Түрі суық-тұғын. Бірақ соған қарамастан, кісіге жұғысқыш болатын. Ал, бұл керісінше. Ешкімге жоламайды. Көзге түскенің не, қайта «Түспесем екен, ешкім мені көрмесе екен». Міне, бар арманы осы. Кісікиік. Нағыз кісікиік! Түрлі жиындарда, басқосуларда жұрт лауазымды адамдармен, басшылармен жапатармағай амандасып, сәлемдесіп, хал-жағдайларын сұрап іші-бауырларына кіріп жатады ғой, бұл... жоқ-жоқ, қақиып қалады. Шырт түкіріп шіреніп жүрген шекпенділерді көрсе, тіпті шайтаны ұстайды.
Нұрлан. Міне, нағыз жарайтын, орысша айтқанда «молодец» әке – Нұрлан. Ол бұған дейін де жәй жұмыс істеген жоқ. Кілең басшылық, орынбасарлық қызметтерде келеді. Сонан да оның балалары, бұның жалғыз ұлы сияқты колледжде емес, шетелдерде, Кембридж, Окс­форд университеттерінде оқып жүр. Ал отбасы тұратын вилланың сән-салтанатын онымен қатысатын жігіттер айта алмай отыр.
Жарайсың Нұрлан! Сен бүгін комитет төрағасы, яғни мына бас маман курстасыңның зәу биіктегі бастығы, ең үлкен бастығы болып қана қойған жоқсың, оны үлкен ойға қалдырдың. Расымен де, осыған дейін сол орынға талай адам келіп, талайы кетіп жатыр. Бірақ солардың ешқайсысы әсер етпейтін бұған. Олар кім, қайдан келді, еш шаруасы жоқ-тұғын. Ал мынау... қызық екен. Дәулетбек өзінің кім екенін, қай деңгейге келгенін бүгін ұқты. Алғаш рет.
Қалта телефоны сыңғырлай жөнелді. Өй, сөндіруді ұмытып кеткенін қарашы. Жұмыстан іздеп жатқан шығар. Иә, солай екен. Айт­жан ғой.
– Әлө?
– Дәулетбек, қайда жүрсің? Бас­тық іздеп жатыр сені. Тез келсей.
– Ауырып қалды дей салшы. Басым біртүрлі болып тұр шынымен.
– Жұмысқа байланысты іздеп жатқан жоқ. Саған бірдеңе айтамын дейді. Қазір өзі хабарласады онда.  
– Иә, жарайды.  
Ұялыны үстелдің үстіне қойды да, қайтадан қисайды. Шалқасынан жатып аяқ-қолын созып, керіліп-керіліп алды. Денесі біртүрлі дел-сал болып қалған сияқ­ты. Айт­пақшы, Есенкүл: «Жұмысыңа бармайсың ба? Бұл не жатыс?» деп неге бір соқпай жатыр. Әлде ұйықтап қалды ма екен? Жо-жоқ. Киноның қызығына түсіп кетіп, бұның шыққан-шықпағанын байқамай қалды-ау, сірә.    
Телефоны тағы да дыбыс берді. Айт­қандай-ақ бастығы Саймағанбет екен.  
– Әлө?
– Дәулетбек, сені құттықтайын деп звондап отырмын.  
– Неге?
– Ау, курстасың Нұрлан Тастыбайұлы біздің комитеттің төрағасы болды ғой. Естіген жоқсың ба?    
– Естідім ғой. Менің басым ауырып, мазам болмай... Сонан жұмысқа бара алмай...
– Басыңды жазамыз. Жұмысты қайтесің. Қазір бір сағаттан кейін «Яксарт» кафесінде күтем. Жуамыз.
– Мен бар-р-м-м...    
– Дук-дук-дук...
Өй, мынау. Ү-ү-үһ. Не болды мына бас­тыққа? Көңілді ғой өзі. Ұрысатын шығар десе. Әшейінде жұмыстан бес минут кешіксең: «Ұялмай қалай нан жеп жүрсіңдер. Тамақтарыңнан қалай өтеді? Бұл күнә емес пе?» – деп жерден алып, жерге салып, ит терісіңді басыңа қаптайтын еді. Ал бұлардың Құдайдың құтты күні кешкі сағат сегіз-тоғызға дейін және сенбі күндері ақысыз-пұлсыз жұмыс істейтіндерін қаперіне алмайды. Енді неғып өзгеріп қалған? Айтпақшы, не деді, жуамыз деді ме?  
Иә, обалы  не керек, қанша «өзінше әлем» болса да, кейде-кейде, көңілі соққанда, өстіп екі-үш жігіттің басын қосып ащылайтыны бар. Сыйлас дегендерімен, әрине. Бұл да анда-санда сол «сыйластардың» қатарына кіріп қалады. Өйт­кені Саймағанбет бұдан екі курс кейін оқыған. Яғни, әлгі Нұрлан, бұл – үшеуі НарХоз-дың бір факультетін бітірді.    
Түк зауқы соқпаса да Дәулетбек әрі-бері ойланып, «қой, барайын» деп шешті.Әйтпесе бастығы ренжіп, қитығып қалуы мүмкін. Оның үстіне жарты күн жұмысқа бармаған айыбы бар. Ендеше кібіртіктемей тезірек шыққаны дұрыс. Жетем дегенше әлгі айтқан уақыты да болады.
 Күн әлі от болып тұр екен. Қайтпаған. Көйлегінің жағасы су болмасын деп беторамалын ұзынша қылып бүктеп мойнына салып алды да, «тегін көлігімен» тартып кетті. Бұл тұратын шағын аудан мен «Яксарт»  кафесінің арасы едәуір жер. Шындаса 35-40 минутта, ал ауанымен, орташа жылдамдықпен жүрсе 50-55 минутта баруға болады. Бұл орташаны қалады. Жанығып не бар, оның үстіне күннің түрі мынау. Ертең күз түсіп, ауа райы сәл салқындасыншы, «жылдамдықты арттырудың» көкесін көрсетеді сонда. Эх, жаяу жүрудің өзі бір рахат қой. Әсіресе жанға жайлы қоңырсалқын кездер мен қыстың күндері. Көгала шаң көтеретін дауыл емес, жерде қар барда соғатын жел, оған бетіңді тосып қарсы жүру рахаттың рахаты. Жүзіңді қарып, жігеріңді жаниды, өң бойыңды дүр сілкіндіріп, денеңе қуат береді, рухыңды көтереді. Сол сәттегі керемет сезімді бастықтар білмейді-ау деп ойлайды бұл. Өйт­кені басекеңдер өмірі мәшинеден түспейді. Қарға адым да жаяу жүрмейді. Бейнебір шешелері мәшиненің ішінде туған сияқты. Сонан ғой, әуелі бастық болған кездерінде әп-әдемі, жіптіктей жігіттер көп уақыт өтпей-ақ қарын байлап, аяғы ауыр әйелдер құсап шыға келеді. Ілуде біреуі, онда да ауру-сырқауы болмаса, арық бастық көрдіңіз бе? Емге таба алмайсыз. Бәрі шұжықтай ғой, шұжықтай. Кейбіреулері осы «ш» әріпінен келетін әнебір жануарға ұқсайды. Пілдейлері де аз емес. Бұл ондай шенеуніктерді жаман аяйды. Ха-ха-ха! Ойының түрін қара. Кімді кім аяғандай десейші. Олар бұны аяйды әрине... «О, байғұс түрін қара, өмірі шыр бітпейді. Қайдан бітсін. Қысы-жазы жаяу жүреді. Ең болмаса, арзан мәшине алып мінбей ме?» дейді ғой. Дейді! Оған сөз жоқ. Мейлі, десе дей берсін!
Иә, осы «Десе дей берсін» ғой мұны құртқан. «Жұртта нем бар? Бірдеңе жасаса жасай берсін. Алса ала берсін.Үй салса, сала берсін. Қызметін өсірсе, өсіре берсін». Маған бұлардың ешқандай қатысы жоқ. Ештеңенің керегі жоқ. Күнделікті жұмысы мен тапсырылған шаруаны тап-тұйнақтай етіп орындап, бір ізбен барып, бір ізбен қайтса болды. Басқада шаруасы жоқ.
О, ақымақ! Қандай ақымақ еді! Өзімен бірге оқығандар әне. Тіпте кейін бітіргендер ше? Шіренгенде аяқтарын баса алмайды. Неге? Өйткені қолдарында азды-көпті биліктері бар. Ал биліктері бардың байлықтары да бар. Олардың кедейлері болмайды.
«Ой жол қысқартады». Бұл Дәулетбектің өзінің шығарып алған тәмсілі. Ой дегеніңіз әңгіменің үнсіз түрі емес пе? Міне, діттеген жеріне де жетті. Сағатына қарады. 53 минутта келіпті. Көлеңкеге тұрып сәл демін басып алды да ішке кірді.
Төр жақтағы оңаша столда Айтжан мен бастығы отыр. Бұл жақындағаннан Саймағанбет ұшып тұрып:
– Дәуке, кел, мұнда отыр, – деді ілтипат білдіріп. Сөйтті де қолын алып, құшақтап амандасты. Бүгін түске дейін бір-бірін көрмеген.
– Дәуке, терлеп кетіпсің ғой. Күн қайнап тұр, ә?
– Ыстық жаман. Жаяу келіп едім. Қазір басылады ғой.
– Қойшы, сенің үйің «Көк­жиек» шағын ауданында емес пе?
– Иә, «Көкжиекте».
– Сонан жаяу келіп жүрсің бе? Маған айтпадың ба? Машинаны жіберетін едім.
– Ой, рақмет. Үйренген жүріс қой.
– Жо-оқ. Болмайды бұл, Дәуке. Жасың ұлғайып келе жатыр. Бала емессің шапқылай беретін. Вообще то, менің бұрынғы көлігімді списаниеге шығарып жатырмыз. Орынбасарыма берем ба деп жүр едім. Соны алсай онда. Құжаттарының бәрін реттеп беремін.
– Жоқ-жоқ. Маған мәшине керек емес.
– Неге? Тегін зат қой. Мініп ал. Қашанғы жаяу жүресің?
– Жоқ, керегі жоқ, керегі жоқ! Рақмет!
– Дәулетбек, бұның не? Сәкең берем деп отыр. Алып алмайсың ба? Бір мәшинелік еңбегің сіңді ғой, – деді шыдамай кеткен Айтжан сөзге араласып.
– Соны айтам-ау. Замға берсем қуана-қуана қағып алар еді. Қой, жігіттер, бұл мәселені кейін талқылармыз. Ең әуелі тамағымызды жібітіп мынаны алып жіберейік.
– Алсақ, алайық!
Айтжан дереу стаканын ұстап, соғыс­тыра бастады. Екеуі «шөлдеп» отыр екен, демалмастан қағып салды. Дәулетбек орталады.
– Жо-жоқ, Дәуке, болмайды, болмайды, алғашқыны түбіне де­йін. Оның үстіне бүгін сіздің мерекеңіз. Сіздің курстасыңыз комитетіміздің төрағасы болып жатыр, – деді Саймағанбет көңілі түскен кезде «Дәуке», «Сіз» дейтін әдетіне көшіп.
– Мен тамақ жеп алайыншы. Сосын ішем.
– Жейсіз, жейсіз. Мынаны астына тас­тап жіберіңіз.
– Жарайды. Қоймадың ғой.  
– Міне, міне, енді дұрыс болды.
Бұл стаканды босатты да, шанышқыны қолына алып тамаққа кірісті. Біртүрлі қарны аш сияқ­ты. А-а, енді есіне түсті. Бағана түскі асын дұрыстап ішпеген екен ғой. Бәсе-ау, мезгілі болмай, ішегі шұрылдай қоймайтын еді.
– Жігіттер! – деді көп ұзамай Саймағанбет қолына стаканын ұстап. – Бүгін біз үшін қуанышты күн. Головнойға бастық боп өзімізбен бір институтта, мына Дәукең ағамызбен бір курста, бірге оқыған еліміздегі мықты экономистердің бірі, бұған дейін де ірі-ірі, аса жауапты қызметтер атқарған Нұрлан Тастыбайұлы тағайындалды. Бұл біздің бағымыз деп ойлаймын.Осы тостты Нұрекеңнің денсаулығы үшін алып қояйық!
– Алсақ, алайық!
Айтжан тағы да бірінші боп қолын созды. Сөйтті де жылдамдатып түбіне дейін қылғытып жіберді. Бастығы да одан қалысқан жоқ.
– Сіз не, Нұрлан Тастыбайыбыштың денсаулығына қарсысыз ба? – деді Саймағанбет мұның таусылмаған арағына қарап.
– Алам, алам қазір жайлап.
– Дәуке, менің тәртібімді білесіз ғой. Алғашқы екі стакан до дна.
– Иә, білем.
Амал жоқ, бұл қалғанын да баратын жеріне жіберді.
– О, жарайсыз. Нағыз азаматсыз. Мына басыртқыны жеп жіберіңіз.
Бастығы бір тілім қазыны алып ұсынды.
– Дәуке, – деді ол сәлден соң бұған барлай қарап. – Естуімше, сіз бір кездері Нұрланмен қатты дос болыпсыз ғой, ә? Солай ма?
– Ей, баяғыда ғой ол. Қашшан.    
– Енді сол достықты қайта жалғастырасыз.
– Жалғастырғаны қалай?
– Ертең сіз екеуміз Астанаға жүріп кетеміз. Мен Нұрлан Тастыбайұлымен бұрын-соңды қатысқан емеспін. «Темірді қызған кезінде соқ» демей ме? Біз алғашқылардың қатарында барып құттықтауымыз қажет. Сый-cыяпатымызды жасаймыз. Сөйтіп көзге түсуіміз керек. Түсіндіңіз ғой, ә, Дәуке?  
– Жоқ, ешнәрсе түсінген жоқпын. Оған мен неге баруым керек?
– Қызықсыз. Сіз оны жақсы танисыз ғой. Міне, нағыз қамшыны басатын кез келді. Өзіңіз де көрінесіз, көңілін аулайсыз. Мені де жақынырақ таныстырасыз. Жалпы, сіздің жолыңыз болайын деп тұр.
– Жо-оқ, керегі жоқ. Бармаймын!
– Қой бармағаны несі? Ойнап айтып отырсыз ба?
– Шыным, шын айтамын. Бармаймын. Ол жақтан не аламын мен?
– Ойбай, Дәуке, бала болып кеттіңіз бе? Адамның бағы жанатын мұндай мүмкіндік екінің біріне беріле бермейді. Бүкіл осы облыста Нұрлан Тастыбайыбышпен бірге оқыған сізден басқа ешкім жоқ екен. Мен жігіттерден сұрап білдім.
– Иә, ол рас. Аққорғаннан төрт-бес бала оқыдық қой. Бірақ олардың бәрі өзің сияқ­ты бізден төменгі не жоғарғы курстарда болды. Ал бір курс, бір группадан жалғыз мен ғана.
– Міне, көрмейсіз ба, не деген бақытты адам едіңіз. Сөйтіп отырып, «бармаймын» дейсіз.
– Сәке, мыналарды мөлдіретіп құйып қойдым. Арасы ұзап кеткен жоқ па?
– Дұрыс айтасың, Айтжан. Арасы ұзады. Ал енді осы тостты есептеу ісінің білгірі, басқармамыздың қара нары, қадірлі Дәулетбек Қойшыбекұлының денсаулығы үшін алып қояйық!
– Рақмет, Саймағанбет, рақмет!
Тамақ жеп алғандікі ме, жоқ әлде өзінің денсаулығы үшін дегесін тәбеті ашылды ма, Дәулетбек бұл жолы бастығын жалындырған жоқ. Анау екеуі боса да тамшы қалдырмады.
Ащы салатпен басыртқы жасаған бас­тығы аз-маз уақыт үнсіз отырды. Сонан соң «уһ-уһ» – деп жөткірініп алып:
– Дәуке, сонымен ертең жолға шығамыз, билеттерді брондап қойдық, – деді.
Дәулетбек оған таңғала қарады.
– Нанбай отырсың ба, мен бармаймын дедім ғой. Бармаймын дегесін бармаймын!
– Өй, Дәулетбек, қызықсың-ей, мен сенің орныңда болсам бүгін бар-р-рар ед-д-ім, – деді қыза бастаған Айтжан.
– Айтжан дұрыс айтады. Тіпті бүгін кетуіміз керек еді. Моментті пайдаланып қалу керек қой. Кейбір пысықтар бүгін-ақ жеткен шығар.  Жарайды, ертең де кеш емес. Солай емес пе, Дәуке?
– Ту-у, Cаймағанбет, түсінбедің ғой, бармаймын дедім ғой. Ондайды ұнатпаймын мен.
– Дәулетбек Қойшыбекұлы, барасыз!Ал келгесін мен сізге үлкен сюрприз жасаймын.
– О-ол қандай сюрприз? Айт­саңызшы, бізде біліп отырайық.Үшеуміз енді д-д-дос емеспіз ба?
– Иә, доспыз. Бірақ мына Дәукең ғой, сол достығымызды онша бағаламай отыр­ған.
– Бағалайды ғой. Әлгі с-сю-сюрпризіңізді айтып жіберсеңіз тіпті бағалайды. Айтыңыз енді.
– Бірақ, жігіттер, әзірге құпия болсын.
– Ой, Сәке, қорықпаңыз, біз Дәулетбек екеуміз де достыққа ­бер-р-рікпіз ғой. Ішімізде и-ит өледі.
– Олай болса айтайын. Астанаға барып төрағаны құттықтап, тіркеліп келгеннен кейін Дәукеңді басқармадағы ең козерный бөлім – аудит бөлімінің меңгерушісі қылмақпын.
– Мә-ә, мынау күшті жаңалық қой. Аудит бөлімі деген майсөк жер емес пе? Дәулетбек, осы бастан өтініш беріп қояйын. Мені бө-ө-ліміңе алшы. Шамалы іш-ші-шімді майлап алайын.
– Ала алмаймын! – деді осы кезде Дәулетбек даусын көтеріңкіреп.
– Неге? Достығымыз кәне с-сонда? Екеу­міз бұрыннан жолдас емеспіз бе? Не-не жамандық көрдің менен? Неге алмайсың?
– Өйткені мен бөлім меңгерушісі болмаймын. Сонда қалай алам сені?
– А-а?
– Қой, Дәуке, не дедіңіз?
– Бөлім бастығы болмаймын деймін!
– Дәуке, ойланыңыз. Айтжан айтып отырғандай, аудит бөлімі – ең табысты бөлім.
– Мейлі! Табыстың керегі жоқ маған. Қой, мен кетейін. Әңгімелерің біртүрлі болып бара жатыр.
– Ойбай, отырыңыз, отырыңыз, Дәуке!
– Жоқ, Саймағанбет, айтқаныңның ешқайсысына келіспеймін. Астанаға да бармаймын, аудитке де ауыспаймын. Өзімнің жұмысым жарайды. Енді мен кете берейін. Біраз отырдық. Іштік, жедік. Ал жақсы.
Бастығы бірдеңе деймін дегенше бұл орнынан түрегелді де, қайқайып кете берді.
– Дәуке, Дәуке...
Дәулетбек артына бұрылып қараған жоқ.
Сыртқа шықты. Ыстық ептеп басылыпты. Бірақ ауа тымырсық. Үп еткен жел жоқ. Кафенің сол жағына бұрылып, бағанағы келген жолына түсті. Адымдап жүріп келеді. Жыны ұстап, ішкі ойымен арпалысып келеді: Миымды ашытты ғой, екеуі екі жақтап. Астанаға барасың да барасың деп қоймағандай-ақ. Нұрлан немене мені сағынып отыр ма екен? Екеуінің арасы қазір аспан мен жердей. Бұны қайтсін. Кеткен шығар танауы көк тіреп. Ол комитет қазір министрлікпен пара-пар. Ха-ха! Сонда министрдің деңгейіндегі курстасының алдына барып сүмеңдеп, мүсәпір мысық құсап тұрса. Ол ненің азабы?! Айтшы, ненің азабы?! Бұл сияқты қатардағы жәй адамдарды айдай сұлу Астанадағы білдей комитеттің төрағасы түгілі, осы ақ шаңы шыққан Аққорғандағы басқарма, бөлім, бөлімше бастықтары, тіпті оны айтасың шенеуніктерді былай қойғанда, анау әкімшілік деген әйәй сарайдың ішінде бір кабинеттен екінші кабинет­ке қағаз тасуға ғана жарап жүрген, әліпті таяқ деп білмейтін боқмұрындардың өзі, менсінбейді. Мына Саймағанбетің де мұны адамсынбайды. Белгілі ғой. Бұл білмегенсігенмен, көзқарасынан, іс-әрекетінен, әңгімесінен анық сезеді. Тек осындай бір керек боп қалған, ісі түскен кездерде ғана азамат қатарына еніп, «Дәуке» атанады.
Аудит бөлімі. Ха-ха! Мойнына мініп алайын деп отыр ғой сосын. Әр аудан, мекемелер отчет тапсыр­ған сайын соны «жемдеп» отырса, ә? Ал, жемдемей көр. Соңыңа түсіп алып ішкеніңді ірің, жегеніңді желім қылсын. Сонда бұл әлгі жазығы жоқ есеп тапсырушылардан «бірдеңе» алып қолын бір былғайды, оның жартысы да емес, біраз бөлігін оған апарып беріп, осыған дейін қылау жұққызбаған қолын тағы ластай ма? Тапқан екен ақымақты! Қандай жиіркенішті жұмыс еді. Құрысын пәлекет! Айтжанды қарасайшы, «ішімді майлап ала­йын» дейді. Ішті майлаудың оп-оңайын-ай, ә? Бетің қалың болуы керек ол үшін. Бет те ештеңе емес, арды айтсайшы. Аппақ арыңды былғауың керек! Былғай алмас! Кеу­десінде жаны болса, арын кірлете алмас!
Осы қылығына, яғни бастығының айт­қандарына көнбегеніне жұрт «Ақымақ, нағыз ақымақ» деп күлер. Айтжан аман болса жаңағы әңгіме оның «ішінде өліп қалмас». Мейлі күлсе күле берсін, десе дей берсін. Бұл қорықпайды да, өкінбейді де. Өйткені мұның «майлы жілікті кеміруден» бұл бірінші рет қашқаны емес. Майы шылқып тұрған талай жілік ұсынылған. Бірақ оның бірде-біреуін алмаған. Бүгін де алмай қайтты. Ү-ү-үһ. Сонысы дұрыс болды-ау. Қандай рахат!
Осыны ойлауы мұң екен, Дәулетбек өзін сондай еркін, сондай бақытты сезініп кетті. Сосын кеу­десін кере дем алып, алға басқан адымын ширата түсті.

Несібелі РАХМЕТ,
Қазақстан Жазушылар
одағының мүшесі,
 Қазақстанның құрметті журналисі.
ӘДЕБИЕТ 02 қаңтар 2020 г. 482 0