Мен ауылдың ұлымын

  

(Басы өткен санда)

Бәс тігу ме, бас тігу ме?

...Қаланың қаттылығынан ада деп бағалайтын ауыл дейтін әдемі дүниенің ішінде карта деген кесір ойын пайда болыпты. Айтпақшы, той-томалақтың соңында қырықтан асып, елуге жақындаған ағалар, оның ішінде елдегі «қаймақтарға» ғана «жарасатын» бұл  ойынға  неге қазір жас пен жасамыс құмар болып алған?!

Сізге мен айтып отырған карта ойыны таныс шығар. Талай "алтылық" пен "бестік" (петух), болмаса "Қазбайды" қазып, "Қарақатын" деген қисық ойынның мазағына да ұшырап көрген шығарсыз. Осының ішінде ең күрделі һәм қауіптісі "күліс" не "үштік" деп аталатын ойын. Неге дерсіз?! Олай болса, мына бір оқиғаны тыңдап көріңіз.

Біздің ел жақта ертеректе атышулы "картожник" болды. Атын атап, түсін түстеп қайтеміз. Бұл жалғаннан баяғыда кеткен сол ағамызбен өз ауылдастары тұрмақ, жақын жердегі ауданнан да ешкім карта ойнай қоймайтын. Себебі, ұтылады. Қолы да шыққыш. Әйтеуір, чемодан толы ақшамен по­йыз жағалап не өзге қалада ойнап ұтып жүрген. Машина да мінген, дүниені де жинаған. Ал енді бар жағдайын жасап алғанымен, ақыр соңы не болғанын білесіз бе?! Үй көрмей, құмар ойынның жетегінде кеткен оның бала тәрбиесіне мүлде атсалыспағаны бесенеден белгілі. "Тәйт" дегенді естімеген балалары бұзық болды, кейбірі сотталды. Ағайын арасына қадірсіз болды. Ең сорақысы, сол "картожник" айықпас дертке шалдықты. Білетіндердің айтуынша, өзі өлер алдында үйдегі барлық картамен келген дүние-жиһаздарды далаға шығартып тастапты. Сұрағандарға, "әрқайсысы маған қарап жылай береді" деп қамыға жауап берген. Тіпті, өз астындағы көрпе-төсек, жастығына дейін солай еткен. Қарақан қу басы жалғыз бөлмеде, еденде жатқан көрінеді. Ұзамай бұл кісі қайтыс болады. Аға­йын-туғаны басын қарайтуға да шамасы жетпей, өз үйінің екі бөлмесін бұзып, моласын солай тұрғызған дейді. Әне, кісінің көз жасы. Жібермейтіні анық па?! Анық. Бар өмірін кісі ақысын жеп, алдап-арбап, еңбексіз ақша тауып, құмар ойынның жетегінде кеткен "картожниктің" кейінгі өмірі осылай біткен.

Өзім ауылға барғанда қатар-құрбыңнан бөлек, аға буынмен де әңгімелесудің сәті түсіп жатады. Сондағы еститінім мынау. «Кеше бес мың теңге жібердім», «пәленшенің қолы шыққыш екен, үш тұз бен санға толып отырды» немесе «қолым шықпады», «сыпырылып қалдым», т.с.с. «Күліс» деген карта ойынын түсінетін кей адамға мұндай сөздер өте таныс. Енді қараңыз, сол ауылда жас баладан 80-ге тақап қалған шалға дейін жантайып жатып карта соғады. Ақшаң бар ма, жас па, кәрі ме, санасу жоқ. Сартылдатып ойнай бер.

Ауылдағы құрдастарым арасында «Уатсап» желісінде арнайы топ бар. Сондағы топта тек карта ойнаушылар тіркелген. Жазда саябырситын бұл ойын, күз түсіп, қыс басталысымен құлпырып сала береді. Жиылып алып карта соғады. Таң атқанша. Күлетін түгі жоқ.

Батасын берер қария, жөн айтар аға дейтін жұрттан күтетінің ақыл емес, ақшаға құмартқан карта болса басқаға не жорық?! Құмар ойындардың ең қорқынышты түріне әуестенгенбіз. Ауылдағы үш картаны санап, «күліс» ойнаса, қалада бұның түрі көп. Соның ішінде «покер» деп аталатын түрі ойын­ханаларда үлкен сұраныста. Алдамшы ойыннан байып кеткен ешкімді көрмеппін, есесіне «екі алақан, бір бет» болып, соры қайнағаны жетерлік.

Бүгінгі қоғам, әсіресе жастардың көпшілігі құрдымға жіберетін осындай құмар ойын­ға (карта, спорттық ойындарға бәс тігу, т.б.) құмартып жүр. Бәс тігем деп өміріне бас тіккендерге не айта аламыз? Құмарлық деген құлқынға біраз қазақ қау­қарсыз болып тұр.

Ержан ҚОЖАСОВ.

«Сыр бойы».

(Жалғасы бар)

ӘДЕБИЕТ 14 қаңтар 2020 г. 108 0