Барады аз ғана өмір бастан заулап

 Барады аз ғана өмір бастан заулап

Барады аз ғана өмір желдей заулап,
Әр жерге әуреледі жығып, аунап.
Бәрін де мал-мүліктің "Менікі!" деп,
Кеседен кісідейміз келген даулап.
Көп арман көңілге алған бітер емес,
Орынсыз ұмтылғанмен омыраулап.
Жаһанның жалғаншысын жаңа біліп,
Нарлардай нарау тартқан қалдық шаулап.
Сұм нәпсі сонда - дағы шыңға шыққан,
Шеңгелдей шындап өскен барад қаулап.
Бір ұшқын бір жағынан тие қойса,
Түрі бар кететұғын жанып, лаулап.
Бітсе уақытың "Өкпе тұсың осы ғой!" - деп,
Өлім тұр оғын кезеп, сырттан аулап.
Ойланып осыларды, өрге шаппай,
Өзіңді күні бұрын қой тұсаулап.
Кетерсің, қайткеніңмен, күнің бітсе,
Ұзатқан қыз сияқты қос отаулап.
Хан, қара, қатын, еркек жатқан жоқ па,
Пішендей қатарласа жиған баулап?!
Көзің жұмылмай тұрып, жалғанды қамсыздықпен өткізбеуді, исі мұсылманға тапсырады. Біз кейде кеудемсоқтық қылып, өмірден өтпейтіндей боламыз. Шын мәнісінде ақиқатқа тік қарауға қорқасоқтаймыз. Тұрмағамбет шайыр, аламзатқа ортақ осы хәлді шынайы жеткізеді. Бұл, ақынның шеберлігі һәм терең білім иесі болғандығында. Бұрынғылардан бізге жеткен сөз бойынша білімнің екі түрі бар. Олар – дүниелік және рухани болып бөлінеді. Осы тұрғыдан келгенде Тұрмағамбет шайырдың білімнің екі бағытына да жетік болғанын байқаймын. Ұрпаққа үлгі болар тәлім қалдырған жандардың иман-нұры шалқысын!

Берік САЙМАҒАНБЕТОВ,

жыршы.

 

ӘДЕБИЕТ 10 ақпан 2020 г. 243 0