Әйелдерге Әлжіктен «подаркі»

Мақта, мақта, мақтай бер.
Ісін, жайған қамырын.
Сонда ғана әйелдің,
Тап басасың тамырын.

Кем болса да тұздығы,
Асаған боп жеп жібер.
Аумаса да мыстаннан,
«Қыз Жібексің» деп жібер.

Арқасынан қағып қой
Деп «бәріне иесің»
Сен әйелді алмайсың,
Сен әйелге тиесің.

Көп нәрсені ұғасың,
Жасың келе бұғасың.
Жігіт боп кіріп қолына,
Сәмсіреп шал боп шығасың.

Одан асып ешқашан,
Кете алмайсың ірі боп.
Мысықша басып жүресің,
Көп баланың бірі боп.

Жолына дейін сызасың,
Келтірме ашу, ызасын.
Бекерге онда үйіңнің,
«Погодасын» бұзасың.

Білесің оның бойында,
Қуаты бар атомның.
Құдайым өзің сақтай гөр,
Жарылғаннан атом-қатынның

Мақтап өмір сүресің
Одан енді қысылма
Әйеліңнің қабағы,
Тіліңнің тұр ұшында.

Осы өлеңді жазып мақтанып
Жарылуға шақ қалып
Әйелге айттым: – Жаным-ау
Арнадым саған ода,
Ал ол болса бұрқылдап берді;
– Сол ма қазір мода.
Подаркі ма со да
Жазғанша маған ода
Әпермейсің бе одан да,
Кір жуатын сода
... О, тоба!

Дейтіндер

Түскен келін шағын болса дейді,
Қайдан тапқан «шұнтитып».
Түскен келін ірі болса дейді,
Қайдан тапқан «дүңкитіп».

Сынайды өзінше кісі боп.
Сол шұнтиған мен дүңкигеннен,
Туғанымен ісі жоқ.

Таңырқау

Қыз еді қылдырықтай,
Аппақ ақша қардай.
... Әйел бопты жардай,
... Ой, Алла-ай.

Кім бай, патша?

Әйелі шәйін қайнатса,
Дастарханын жайнатса,
Сол еркек – бай, патша.

Ұғу

«Әйелден пайғамбар
шықпайды».
Десем әйелім ұқпайды.
«Зато,
Пайғамбарға болады жүкті»
Деп ем, ұқты.

Ұрсу

– Қызық біздің мама да.
Ыңқытып ерніне,
Жағып апты помада.
Қарамай ма шамаға.
Жүргені енді,
Күлкі боп бала-шағаға.
Қалдырып бізді табаға.
Помадамды жағып құртты,
Алып ем қымбат бағаға.
Пәшти, екі есесіне, –
Деп елудегі қызы
Ұрсып отыр,
70-тегі шешесіне.

Балайшаға

Балайша,
Қаттысың сен қалайша
Күйеуіңді жұмсайсың,
Басқа теуіп малайша.

Тағы да, әйел жайлы
Әйел кетсе жыраққа.
Тым құрыса бір апта.
Тыным келер құлаққа.

Үйленгеннің ариясы
Әйел менен балаға,
Керегі тек тиын екен.
«Папа» болу қиын екен.

 Азапқа түскен жан
– Орысша өскен келін
Қазақшаға қайбір епті
Жатарда атасына,
«Жатқан жеріңіз жайлы болсын»
депті.
Демократия заманы.
Не десе де ерікті
Әйтсе де ол
«Жайлы жатып жақсы тұрыңыз»
Деп айтқысы келіпті. –

– Кеше  көрші қазаққа
«Жеті нан» деп күлше берсем
Дегендей мені алдады.
«Шетелдің нанын жемейміз» деп алмады.
Қойсаңшы бұл кісілікті.
Сөйтсек ол жеті нанды.
«Вьетнам» деп түсініпті.

Орындалған арман

«Тауып бер деп ковалерді»,
Бір қыз маған пара берді.

Болсын деді сұңғақты.
Ажарлы һәм сымбатты.
Болсын деді көлігі,
Әлемде жоқ қымбатты.

Өзі ақылды кемелді.
Абыройлы, беделді.
Музыкант та, ақын да,
Скульптор  шеберді.

Асқақ болсын арманы.
Биік болсын талғамы.
Үйі болсын қос-қостан,
Толық болсын карманы.

...Қыз арманын іздедім көп.
Алға салып төзімді.
Ақырсында тауып бердім,
Тауып бердім – өзімді.

Қиын-түйін

Кей қызға жігіттер қарамайды.
Кейбірі өздері қаламайды.
Таңдап алалайды.
...Қаламай, алалаған.
Қайтіп балалайды.

Кеден ене

– Жақпадым екен неден.
Төркініме «зытырайын» десем,
Жібермеді кеден.
– Кеден деген немене.
Жабысып-ап денеңе,
Қан соратын кене ме?
– Кеденнің
Орысшасы «Таможня».
Қазақшасы – кеден.
Кеден деген – енем.

Ұқсату

– Менің де, әйелім кір жуады.
Алты айда бір жуады.

Естір сөз

Әйелдің супер-салақ.
Естір сөзі – «Талақ».

Агрессор әйел

Әйеліме: – Әй, Айна
Нәскиім қайда? –
Демеймін, десем,
Басталады «война».

Ұнату

– Апай спектакль ұнады ма
Көрермен күлді ма, жылады ма?
– Бір, екі адам жылады.
Спектакль ұнады
Есесіне,
Антракті дегені ұнады.
Спектакль қалды жайына,
Тапсырдым оны байыма.
Антрактіге шығып-ап,
Буфеттің тойдым шайына.

Тойға бара жатқан еріне
әйелінің айтқаны

«Шашуыңды бер, тосыңды айт.
Ләйліп кетпей, сосын қайт».

Еркелеу мен
жекелеу

Жұмыстан келсе ертерек
Әйелің шығар еркелеп.
Әгәрәки, кешіксең.
Оқыранып жер тебед.

Бұйырмаған билік

«Билік қашан тиеді»
Деумен өлді күйеуі.
Тірісінде бейбақтың,
Үйінде әйел би еді.

Алып шығар екеу

Қиын сәтте күйіңді ұққан
Алып шығар қиындықтан.

Бірі – миың басыңдағы
Бірі – әйелің қасыңдағы.

Әйелің мен миың
Қолдамаса қиын.

Орынбасар ӘЛЖІК,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.
ӘДЕБИЕТ 07 наурыз 2020 г. 245 0