Тау тұлғалы Тұрмағамбеттің өлең жолдары

Көп екен көргенімнен көрмегенім

Көп екен көргеніңнен кермегенің,
Жақсы екен бәрінен де өлмегенің!
Болғасын атың — Адам, асылың — лай,
Бола ма бақылауға көнбегенің.

Еркі бар егіншінің тегістеуге,
Жерінің шұқыр – шоқат, дөң дегенін.
Шаршатып шаруа да бас білдірер,
Аты мен атанының "жөң" дегенін.
Өзіне ұсталар да міндет көрер,
Көздігін келістіріп өңдегенің.
Болса олай, "болған іске болат болып",
Ұнайды ой-қиялды бөлмегенің.
Ақ отын ақымақ қанша үрлесе де,
Әркім де айтқан шығар сөнбегенін.
Өзің де екі бастан байқадың ғой,
Еш нәрсе уайымнан өнбегенін.
Түбінде түкті жүрек, туымды ерсің,
Табынан тайып төмен, төнбегенің.
Онан да өңің бұзбай отыр да ғой,
Бірдей боп ұзының мен көлденеңің.
Неше рет есің болса есіттің ғой,
"Шамасыз шапағаты оның мол" дегенін.
Кісінің көңіліне келіспейді,
Сырқаудай сылтауратып көнбегенің.
"Сары алтын — сабыр түбі" деген болып,
Көрерсің ісінді Хақ жөндегенін.
Осылар онда ойыңнан ұмытылар,
Толайым тілладай боп теңдегенің.
Көрсет деп кеңшілікті кешіктірмей,
Қоюлы көкіректе қол дегенің.
Ойыңа өтірік деп ала көрме,
Өткеннің: "Көп тілегі — көл" дегенін.
Қанығып қымызына қуаныштың,
Шат болып, шалықтарсың шөлдегенің.
Кешікпей кеңесте де есітерміз,
Бәрің де бұрынғыдай бол дегенін.
Қосылып Құдай қосқан қосағыңа,
Көрерсің ұл-қыз тауып төлдегенін.
Айырып, атын атап алып қалар,
"Осында, обалың жоқ, өл" дегенін.
Шыдайық, әзіріне ете берсін,
Өзінің заң мен жоба, жол дегенін.
***
Не нәрсенің ақырын жеткеруші, Алла ғана. Бола қоймады деп асығамыз, бірақ болдыра алмаймыз.  Пенделікпен көп нәрсе айтып, тіл жеткен жерді үйітіп жатамыз, есебі күмәнсіз болады. "Көп тілегі көл" деген, бәле-жала аулақ кетсін! Аурудан төнген қауіп сейіліп, жарқын өмір кешуді Алашыма нәсіп етсін! 

ӘДЕБИЕТ 22 наурыз 2020 г. 288 0