Айтылмай қалған сезімдер

2948

1

Айдар Сайлауов «Сағитжан Бермағамбетов» атындағы жастар сыйлығының, Қызылорда қаласыны әкімінің «Ұшқыр қалам» номинациясының және «Сыр үміті» сыйлығының иегері атанды.

«Әлімсақ» журналының журналисі қызметін атқарып жүрген Айдар жыр додаларында да топ жарып, өлеңімен озық келе жатыр. «Баспалдақ» жыр жинағының авторы. Рүстем Жанаевтың 75 жылдық тойына, «Сыр бойы» газетінің 90 жылдық мерейтойына арналған жыр бәсекелерінде өлең сәйгүлігі бірінші келді. Республикалық «Абай Құнанбаев» атындағы мүшайраның І орын иегері. Жақында ғана ақындарға арналған облыстық шәкіртақыны да қанжығалады.

Айдардың жүрек қылын шертер, сезім тақырыбындағы өлең топтамаларын назарларыңызға ұсынып отырмыз.

ФИЛЬМ СОҢЫ

Көңілімнің күйрегенде күймесі,

Ала-құла күй кешемін кейде осы.

Күліп тұрып жылайтындар көп шығар,

Өмірімнің түсірілсе киносы.

Жағылады қан-қан болып отқа жыр,

Өртенбеген от өлеңдер топта жүр.

Менен асқан бейбақты да көрмейсің,

Менен асқан бақытты да жоқ қазір.

Құшағыңды осы кез деп жаяр тұс,

Өмір-өрнек табылмайды-ау бояр түс.

Тағдырымен ойнап жүрген ақынның,

Рөлінде ойнай алар қай әртіс!?

Менің кеудем күрсінеді сыр бүгіп,

Ішің маған тұрмағасын шын жылып.

Өмірімнің ашпай-ақ қой есігін,

Көңілімнің терезесін сындырып.

Трагедия неге күлкі құраған,

Комедия болса көңіл жылаған.

Біздің өмір бағынбайды жанрға,

Жаным маған ұнағанмен драмаң.

Жібитіндей көрінеді мұзды өңір,

Ізгілікке үздіккенде ізгі өмір,

Көктем көке, көтерсеңші кеудеңді,

Жаз жүректі жабырқатты күз көңіл.

Фильм соңы – сыйлайыншы сізге гүл!

Жүрекке жасырынған жан

Жасырып ішке жаңбыр да сырды,

Жасымық ойлар таң нұрға сіңді.

Сыртынан аяп кетемін кейде,

Махаббаттағы тағдырласымды.

Тербейді мені тағы да түнім,

Бермейді сезім жаныма тыным.

Біздің жүрекке біз қадағандай,

Күй кештіреді сағынатыным.

Бағымның жұмақ бағасы нұрлы,

Жанымның, бірақ, жарасы мұңды,

Аялайсың ба сұлулығыңды,

Аямайсың ба қарашығымды.

Құлжаға ұқсап жандандың таңым,

Үрзада ойға таңдандым жалын.

Сезім сарайы суымайды ғой,

Жүрегі жылы жандардың, жаным.

Ғазизім, нәрім, ғашығым, әнсің,

Әзизім нұрдың асылынансың.

Тілегіме кеп тоғысқан арман,

Жүрегіме кеп жасырынғансың.

***

Арылмадым жүректің жүктерінен,

Күдер үзбей, көріктім, күткенім ең.

Киім тоқып бергізсем киесің бе?

Үмітімнің үзілген жіптерінен.

Талпыныс бар, білесің, талап барын,

Сонда да қайырылды қанаттарым.

Қағаз қайық қылғанмын кеше ғана,

Сағыныштың сарғайған парақтарын.

Содан соң қойылар ма сұрақ қиын,

Сезінгің келген сайын жұмақ күйін.

Сенімдер ақталады шыдағасын,

Сезімдер тапталады, бірақ кейін.

Жүрек менде тілім де тілім бе еді,

Тылсымға сүйрелейді түнім мені.

Саусағыңа сахина тағайын ба?

Сары алтыннан сабырдың түбіндегі.

Жыр жанымды бермей-ақ жас қайыңға,

Жалғыздықты түнімен жастайын ба!?

Есімім де есіңе түспес үшін,

Аспаннан айды өшіріп тастайын ба!?

Айтылмай қалған сезімдер

Шерленсе зағип бұл өкпе,

«Бауырым» дер ме ем жата қап.

Адамның жаны жүректе,

Жанның жүрегі – махаббат.

Қоңырлан, қоңыр, өзгер үн,

Сезімнің сол сәт мол шағы.

Махаббат – сенің көздерің,

Көздерің – құдай моншағы.

Моншақты үзбе безбенде,

Мұң шағы мұның орасан.

«Сұлусың» деген сөзден де,

Сұлу болуды қаласаң.

«Жүрек – сен!» дегем өлеңге,

Өлеңнің жанын сезінді ел.

Атылмай қалған берен бе?

Айтылмай қалған сезімдер.

Айтамын бәрін күз келсін,

Сезімді мынау сенделген.

Жүрегің болса іздерсің,

Іздерім қалған жерлерден.

СУРЕТ ЖІБЕРШІ

Көңілдегі кимеген көйлекті берші,

Сырдарияның сұп-сұлу сөйлетті кеші.

Көрмегелі көп болды көркіңді керім,

Сурет жіберші!

Жүрегімнен арнадым жалынын жырдың,

Күлтесімен өлшей ме сабырын гүлдің.

Қол ұстасып жаныңда жүрмек түгілі,

Сағынып жүрмін.

Мөп-мөлдір жас жанардан құламасыншы,

Сынамасыншы сабырды дұғаға сыншы.

Менің көзім тәуекел сенің жүрегің,

Жыламасыншы.

Сүйкей берер ақынның қаламы мұңды,

Даралығыңды байқаушы ем жанары нұрлы.

Махаббаттың арнасы көрсетпей жүр ме,

Жаңалығыңды.

Тәтті жанның, қалауым, тілегін аңғар,

Жұбатқан боп жаныңда жүреді жандар.

Неге сонша сарылып сағынады екен,

Жүрегі барлар.

Жырақта жүрмін қынжылған қалпыңды жазып,

Қалқыған сәтте ете ме тау түнді ғашық.

Сурет жіберші жәй ғана қарап жатайын,

Мауқымды басып.

Тұз бен қыз

Көңілің көрік бермес айқай-шуға,

Көбінің қолы жетпес жүзің ай шын.

Сөздерің ап-ащы ғой байқайсың ба,

Өйткені сен, Аралдың тұзындайсың.

Сосын ба дәміңізден татпақ ерін.

Жүрегіңе жанымды тап қыласың,

Аралдық ақ сазандай әппақ едің,

Аруым, сен тұздан да аққұбасың.

Қожа жүрек сөйлесе жан-жақты еді,

«Саған қарай жүгір» дер бұзауына.

Мінезің де не деген салмақты еді,

Қыз ауыр ма ұқпаймын тұз ауыр ма!?

Татымды ойдан табылса жүрек емі,

Дәм беруден өмірге ерінбеңіз.

Сай-сүйекті сыздатып жібереді,

Жанымның жарасына себілген тұз.

САҒЫМДАҒЫ СҰЛУ

Тәңір қойса сүйгенді айыпты қып,

Морт сынам ба, бұл маңда тайып тынып.

Күлкімді жиып алам жанарымнан,

Құшағымды өзіңе жайып тұрып.

Құстар өсек таси ма «дабырласып»,

Құштар көңіл, ал гүлге жаным ғашық.

Жаңбыр неге жаумайды жанарыңнан,

Кірлеген ғаламшардың шаңын басып.

Мұңға төзім тал сынды қармайды кеп,

Шыңға сезім шарықтап бармайды дөп.

Екі жүрек болмайды бір адамда,

Адамдар өз-өздерін алдайды көп.

Жалғыз жанды жұбатты ақын қашан,

Сезім сірә сыйламас ақылға сән!

Оның бірақ, жұп-жұмыр жүрегінде,

Жер сілкініп жатады, жақындасаң.

Өзің іштей сезсеңші қалыпты ойды,

Ғәріп жан керек пе өзі халыққа ойлы.

Жүрегімнен шығатын сөздің бәрі,

Алқымыма тығылып, қалып қойды.

Таң нұрына түнімен тағы асығам,

Қашып шығып түнектің жарасынан.

Қолдарымды жіберме, жан жарығым

Күнәларым төгілсін арасынан.

Сүйгенді аңсайсың ба, қане шының,

Тоқсан мәрте қайталап хақ есімін.

«Жүйкеңдегі тозақтан қашып шық та,

Жүректегі жұмақтың қақ есігін»

Керім бейне, кірпияз, дем берер тек,

Жалғыздықтан сезімдей емделер дерт.

Жер шұқып отырамын сол орында,

Шағыр ұлды көруге сен келер деп.

Тып-тыныш тұңғиықтан тап нұрыңды,

Өзімнен ерте өскен бе бақ бұрынғы.

Түсіңде де жүрмін ғой гүл ұсынып,

Ей тәңір, қайтарып бер ақ гүлімді!

КҮЛШЕ НАН

Ауылға,

Батыр боп таңын атырған шыдар,

Жарқырап сонда от ұлдан шынар.

Күлше пісіріп анам тағы да,

Отынын бұтап отырған шығар.

Күлшедей жанды суреттеп бақшы,

Күлшелі бала сүймекке жақсы.

«Күлше наным» деп атайды бізде,

Ұлтымның тілін сөйлеткен асты.

Қалада бұным күнә болған ба?

Ауылда басқа шұға қонғанда.

Жеті үйге ыстық нан таратамын,

Аптаның күні жұма болғанда.

«Сәлем бердіктен» жалықпай жағым,

«Ас болсын» деп мен халыққа айтамын.

Жеті үйдің қымбат батасыменен,

«Қабыл болсынын» алып қайтамын.

Ойлы едім. Атам, ерке еткенімен,

Үлгі алдым ана үрпек демінен.

Сауапқа байып қалушы едім,

Шешемнің жеті шелпектерімен.

Құлдилап жардың ұшындағы арман,

Бұл – өмір дейтін құсым ба қарғам.

Балалығым әлі ішімде жатыр,

Тоқал ошақтың тұсында қалған.

Ауыл деп тағы ежекте тілім,

Өмір ғой мынау кезек келетін.

Бейсенбі сайын бауырларым да,

Шелпек нан үшін тезек теретін.

Болсада мұнда қауымдап адам.

Жауында қалам, дауылда қалам.

Амандық үшін күлше пісірген,

Аман жүр ме екен ауылдағы анам.

Күлшенің ойға түйші берері,

Ұлтыңды мәңгі сүйші дегені.

Шелпек пісіріп жатыр-ау шешем,

Мұрныма елдің исі келеді.

Сенің сорың

Ескіргенмен, тырналды жараң жаңа,

Ешкімге мен қимаймын, ғаламға да.

Сынған айна секілді көңіліңді,

Мұңға байлап бересің маған ғана.

Жанарың жағып беріп жырға қайғы,

Ылғал демің мұнда да құрғамайды.

Сөзіңнен суып сезім кеткесін бе?

Көзіңнен суық сулар сырғанайды.

Қанатың да қырқылып қорғай тұғын,

Шырылдайды-ау арды айтып торғай тілің.

Саған ғана көбірек айтушы едім,

Адамдарға сенуге болмайтынын.

Басқаға да бермейсің жылуды дым,

Оңай емес жаныңда тұру мығым.

Сенім жолын бөгейтін беймезгілде,

Сенің сорың – өзіңнің сұлулығың.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<