АЛҒАШҚЫ ӘҢГІМЕ

57

0

Екінші курс оқып жүрген кезім. Оқып жүрген деймін-ау, нақтырақ айтсам, жаңа оқу жылының сабағына, ауыл шаруашылығы жұмыстарынан келіп, енді кірісіп жатқанбыз.Бір күні курстасым әрі жерлесім аралдық жігіт Әмір Оралбаев аудиторияға кіре беріп мені көрді де:
– Несібелі, құттықтаймын, «Ленин жолына» әңгімең шығыпты, – деді қуанышты күйде.
– Қойшы-ей, өтірік айтасың, қайдағы әңгіме, – дедім мен оның сөзіне нанбай.
– Шын айтам, шығыпты, – деді ол салмақты кейіпте.
Мен нанарымды да, нанбасымды да білмей, сәл ойланып қалдым. Сосын барып:
– Ал, шын болса айта қойшы, қандай әңгіме? – дедім оған ұсталған жерің осы дегендей сынай қарап.
– «Сағымжан» деген!
Мен селк ете қалғандай болдым. Санамда жап-жарық сәуле жүгіріп өтті. Мына Әмір дұрыс айтып тұр. Рас болғаны ғой. Егер шықпаса, бұл менің әңгімемнің атын қайдан біледі? Сонда…сонда…Лезде…тез арада…
Менің әрі-сәрі болып тұрған кейпімді көріп жаны ашып кеткен болуы керек, сөзге Қалдыгүл досым араласты.
– Әмір, былай дұрыстап, түсіндіріп айтсаңшы, қайдағы әңгіме, қайдан көрдің оны?
– Қайда болушы еді, скверде, газет ілетін жерде тұр.
– А…а…а…
Сонан құрбым екеуміз бір жұп  сабақтың әуелгі жартысына зорға шыдап, дәріс аяқталар-аяқталмастан айдап отырып бас пошта ғимаратының артындағы газеттер салынып қойылатын тақтаға келдік. Бұл жерде сол кездегі басылымдардың атасы «Правдадан» бастап, өзіміздің республикалық, облыстық газеттер күнбе-күн жаңаланып ілініп қойылады. Қаз-қатар тізіліп тұрған газеттердің арасынан Қызылорданың «Ленин жолын» көп іздемей-ақ таптық. Өйткені осы маңнан әрлі-берлі өткенде, кейде ауылымызды сағынғанда осы араға келіп, әрқайсысымыз өз облысымыздың газетін оқып кетіп жүреміз.
«Сағымжан». Төртінші беттің жартысын алып тұрған туынды көзіме оттай басылды.
– Өй, мынау көлемі әжептәуір әңгіме ғой, – деді Қалдыгүл мойнын соза, көзін сығырайта газетке қарап, – Бұны қашан беріп жүрсің?
– Өткенде, практикаға барғанда беріп кеткенмін.
– Тез шығыпты ғой онда. Қалай жылдам басқан? Кімге беріп кетіп едің, редакторға ма?
– Жо…жоқ, редакторға емес.
– Енді кімге? Студенттің әңгімесін редактордан басқа кім бүйтіп тез шығара алады, әрі қысқартпай…
Газеттің жайын, оның әрбір беті емес, әрбір жолының қасқалдақтың қанындай қымбат екенін, санаулы екенін менен гөрі жақсы білетін досым сұрақты үстін-үстін жаудырып тықсырып барады.
Облыстық газетке шыққан тұңғыш әңгімемді көріп /бұған дейін мақалаларым мен қысқа-қысқа әңгіме, новеллаларым, өлеңдерім аудандық «Еңбек туы» мен республикалық «Қазақстан пионері» газеттерінде ғана жарияланған-ды/ өз көзіме өзім сенбей, я қуанғанымды, я қуанбағанымды білмей, біртүрлі күйде тұрып қалған мені құрбым бүйірімнен түртті.
– Сонда әңгімеңді кімге тастап кетіп едің, кім болса да, мықты біреу болды ғой, – деді ол сұрағын әрі қарай жалғастырып.
– Қомшабай ағайға. Практикам бітіп, кетіп бара жатқан кезде «оқып көріңізші» деп ұяла-ұяла Қомшабай ағайға бергенмін. Мен бұны шығарады деп ойлаған жоқпын.
– Ойламасаң, әңгімең ағайыңа ұнағаны да. Кім болып істейді ол кісі, редактордың орынбасары ма?
– Жоқ. «Мәдениет және әдебиет» бөлімінің меңгерушісі.
– М…м… өзі де жазады ғой, сірә. Ақын ба, жазушы ма?
– Ақын да, жазушы да!
– Е…е… талантты кісі десейші.
– Иә, талантты, өте талантты, маған әсіресе ағайдың әңгімелері қатты ұнайды, өте нәзік жазады.
Міне, қаламгер Қомшабай Сүйенішев мені ең алғаш рет осылайша қуантып, осылайша қанаттандырып еді. Расында мен ағайға «оқып көріңізші» деп беріп кеткен сол шығармамды газет бетінде жариялайды деп күткен жоқпын. Оны басуға жарайды деп те ойламаппын. Тек ағай көз жүгіртіп жіберіп, әңгімем дұрыс па, бұрыс па, кемшілігі неде, құттай да болса жетістік бар ма, жалпы жазуға бейімім бар ма, жоқ әлде менікі құр әурешілік пе, осы тұрғыдағы пікірін білдірсе деген ой-тұғын. Сөйтсем… сөйтсем айналайын ақкөңіл ағайым айды аспаннан бір-ақ шығарыпты. Аспаннан ай шыққан емей не, қаламы қарымды жазушы емес, тіпті маман журналист те емес, небәрі екінші курсқа енді ғана өткен сарыауыз студенттің туындысы бір облыстың беткеұстар газетінде ойып тұрып орын тепсе. Және көлемі көзге көріне қоймайтын оймақтай емес, оқырмандардың көп қарайтын орны – төртінші бетте етектей боп жайылып жатса! Осындай қамқорлық жасап, мырзалық танытқан ағайға қалай риза болмассың, қалай сүйсінбессің!
Қадірлі оқырман ойлап отырған шығар, «Ленин жолына» жарияланған бір әңгімесін сонша жыр қылғаны несі, сол да сөз бе екен деп. Әрине, қазіргідей ақпарат құралдарының айдыны кеңейген, газет дегеннің түрі де, саны да жеткілікті, құнын төлесең туындыңды газетке ғана емес, тұтастай кітап етіп те басып беретін кезеңде, бұл айтып отырғаным күлкілі көрінуі де мүмкін. Ал, ол кезде, яғни жетпісінші жылдары қолына қалам ұстағысы келіп жазудың жайлауына қызыға қарап, солай қарай барсам ғой деп талаптанған жас үшін бұл үлкен жетістік, таудай табыс болатын. 
Сол сәтте, сол таудай табысқа жетіп жүрегім жарылардай болып қуанып, әрі «менің шығармам осы газеттен орын алуға лайық па?» деген оймен сәл-пәл ұялып, біртүрлі түсініксіз, алмағайып сезімді басымнан кешіп тұрып елдегі қаламгер ағай туралы, Қомшабай аға туралы ойладым.
Сол сәтте көз алдыма жылы жүзді, адамға үнемі жымиып қарайтын, мінезі қыздан бетер жұмсақ ақсары кісі келіп тұра қалды. 
Ол кісінің қарамағында мен небәрі бір ай ғана болып, өндірістік тәжірибеден өттім. Таңғалғаным – Қомшабай ағай алғаш көргеннен-ақ бізді (практикаға менен басқа тағы да бір қыз, бір жігіт, үшеуміз барғанбыз) өте жылы қарсы алды. Құдды бізді бұрыннан танитындай, біз бастауыш курстардың студенті емес, бейне бір өзімен қатарлас журналист, жазушылардай, баласынбай, жассынбай қабылдады. Бұлай деп отырғаным – газет-журналдарда, радио-телевидениеде қызмет жасайтын аға, апалардың бәрі студент-практиканттарды бұлай жылы қабылдап, емен-жарқын әңгімелесе бермейді. Өзің редакцияның табалдырығын имене аттап, қалай жүрем, қалай тұрам, қалай жұмыс істеймін, журналист үшін ең бастысы – қалай жазам, берген тапсырманы орындай алам ба, жоқ па деп қорқасоқтап, үркектеп тұрғаныңда, саған мұрнын шүйіре, менсінбей қарап, жекіп сөйлеп, жіберген болмашы қателігің үшін жер-жебіріңе жетіп ұрысып, үрейіңді ұшыратындар аз емес.
Ал, мына кісі, яғни Қомшабай Сүйенішев ағай мүлдем олай емес! Бізге ұрыспақ түгілі – «әй» деп сөйлемейді. Біз ғана емес, жалпы ағайдың табиғатында адамға қатты сөйлеу, кісінің көңіліне келу деген атымен жоқ болуы керек. Мен сол айналасы аз ғана уақыттың ішінде Қомшекең туралы осындай ойға келдім. Өйткені үнемі жүзінен шуақ төгіліп, сөзінен жылылық есіп тұрады. Әсіресе ағайдың жазуға талпынған жастарға деген ықылас-пейілі ерекше екен. Ондай қыз-жігіттердің қай-қайсысымен де тең дәрежеде сөйлесіп, әдебиет, мәдениет, өлең-жыр, өнер турасында ойларын айтып, пікір бөліседі. Сонан да болар, ақын ағаның айналасынан, ізінен ерген іні-қарындастары мен шығармашылық иелері үйіріліп шықпайды. Редакциядан олардың бір тобы енді кетіп жатса, тағы бірнешеуі табалдырықтан аттап жатады. Ағайдың қол астында тәжірибеден өте жүріп, ол кісіден – үлкен ұстаздан жазу-сызуды үйрене жүріп, мен осыны байқадым. Қомшекең қалыптастырған осындай әдеби ортаны көрдім. 
Қаламгер ағаның қамқорлығына бөленген сол практикадан соң арада бес-алты жыл өткенде мен «Ленин жолы» газетіне, Сүйенішев еңбек еткен дәл сол «мәдениет және әдебиет» бөліміне жұмысқа тұрдым. Бірақ, бұл кезде Қомшекең қызмет ауыстырып кетіпті. Дегенде, алақандай қаланың ішіндеміз ғой. Кейде-кейде, әдеби кештер мен жиындарда жүздесіп қаламыз. Сонда ол кісі:
– Нескен, не жазып жүрсің? – дейді.
Мен кібіртіктеп төмен қараймын. Осыдан-ақ менің онша ештеңені мандытпай жүргенімді түсінетін болса керек:
– Жаз, жалқауланба! Сенің жазуың жақсы, – дейді.
– Рахмет, ағай, рахмет! – деймін мен онан әрі ұялып.
Осыдан біраз жыл бұрын, біршама кітаптарым шығып, оны оқырмандар жылы қабылдағасын, «қой, мен де ел қатарлы талаптанып көрейін, мүмкіндік болып жатса Жазушылар одағына мүшелікке өтейін» деген мақсатпен кепілдеме алу үшін Одақтың облыстық ұйымының төрағасы Қомшабай ағайға бардым. Ойымды айттым.
– Дұрыс! – деді ағай салған жерден. – Ту…у…у…Нескен-ай, қызықсың өзің, лайықпынбаң не, баяғыда өтуің керек еді. Сен немене, әлі мүшелікке өтпегенсің бе?
– Жоқ ағай, өткен жоқпын…
– Ту…у…у…, қызықсың-ай өзің, қызықсың-ай…
Ағай күйгелектеніп әрі таң-тамаша болып, қолындағы қалампырын танауына қайта-қайта апарып біраз үнсіз тұрып қалды. Сосын барып:
– Әнеугіде «Жас Алашқа» шыққан новеллаңды оқыдым, удивительно! – деді сұқ саусағын жоғары көтеріп.
– А…а…сіз оны оқыдыңыз ба, сізге ұнады ма? – дедім мен қуанып кетіп.
– Тәйт, оқыдыңызбаң не, мен сенің газеттердегі әрбір шығармаңды қалт жібермей оқып отырам. Тек жаманы – жиі жарияланбайсың. Жан-жаққа бұрқыратып жібере бермейсің бе? – деді кейісті қалыпта.
Мен таңғалдым әрі біртүрлі ыңғайсыздандым. Шынымды айтсам, Қомшекең – осындай қарымды қаламгер, көрнекті ақын, соңғы кездері науқастанып үйден ұзап шықпай жүрген үлкен аға – менің шимай-шатпағыма мән беріп, оқиды деп мүлдем ойламаппын. Ал керек болса! Қысылғанның көкесі енді келді. Маңдайымнан шып-шып тер шықты. Басымды төмен салып, жерден көз алмадым. Менің осы халімді сезіп, ұялмасын, әңгіменің бетін басқа жаққа бұрайын деп ойлады ма:
– Мынау не? – деді бір кезде Қомшекең үстелдің үстінде бүйірі томпиып тұрған менің дорбамды нұсқап.
– Алма ғой, ағай, сізге әкелдім.
– Оны неге әкелдің?
– Енді басқа не әкелетінімді білмедім. Сіз ішімдік ішпейсіз. Құр қол қалай келем…
– Қызықсың-әй, өзің келе бермейсің бе? Кітаптарыңды ала келмедің бе? Газеттер әкелмейсің бе?
– Қайдан білейін, ағай…
– Сенің бірде-бір кітабың жоқ менде. Басқа жұрт шықса болды, бірден кітабын әкеліп көрсетеді.
– Қап, білмедім оны. Сіз менің кітабымды оқиды деп ойлаған жоқпын.
– Әй, Нескен-ай, Нескен-ай! Сенің әңгімелерің деген керемет қой. Просто удивительно!
– Сонда қалай?
– Сен кішкентай нәрсені байқап, көңіліңе түйіп, содан әп-әдемі оқиға өрбіте аласың. Саған Алла тағала сергек сезім берген. Содан да әңгіме, новеллаларың сезімге тұнып тұр. Өте нәзік жазасың.
– Ағай, сіздің де әңгімелеріңіз нәп-нәзік қой.
– О…ой, Нескен-ай, біздер қанша мөлдіретейік десек те, қыздардың жазуындай болмайды ғой. Қыздардың жүрегі жұмсақ, жалпы жаратылысы нәзік қой. Сонан да өнердің қай түрінде болмасын әйелдердің қолтаңбасы үлбіреп тұрады. Ал, еркектер деген… олар қа..та…ал, темірдей…
Қомшекең осылай деп қалампырын иіскелеп әрлі-берлі жүріп кетті. Мен ойланып қалдым.
– Нескен, білесің бе? – деді бір кезде ағай оң қолының сұқ саусағын жоғары көтеріп. – Сенің кейбір әңгімең… мәселен, бір әңгімеңнің өзі бір романның жүгін көтеріп тұр. Бұл сөзді естігенде мен өз құлағыма өзім тіпті де сенбедім. Бір жағынан ойнап немесе мені сынап айтып тұрған болар деп ойладым. Сөйттім де:
– Ой, ағай, қойыңызшы, сіз не мені аяғында мазақ қылайын дедіңіз бе? – дедім ашуланып.
– Тәйт, мазағы несі, Нескен-ау, сен не деп кеттің өзің. Рас айтам. Сенің кейбір әңгімелерің анау-мынау романға бергісіз.
– Иә, сонда қалай? Жәй қысқа-қысқа әңгімелер мен новеллалар ғой, олар қалай роман болады. Неге олай дейсіз?
– Қысқа болса бола берсін. Бірақ, олардың айтар ойы үлкен ғой. Вот, мәселе сонда! Кейбір салақұлаш романдар бар. Бірақ, ішінде ештеңе жоқ, ештеңе. Мен түсінбеймін соларды. 
Ағай алақандарын жайып тағы да әрлі-берлі қозғалды. Сөйлеп жүр.
– Сосын, Нескентай, – деді маған қарай бұрылып. – Мәселе шығарманың көлемінде емес, салмағында, айтар ойында. Осыны ұмытпа! Ал, қазір не жазып жатсың? Сенің нағыз жазатын кезің ғой.
– Ештеңе. Бір кітап шығарсам ба деп, соны…ы… дайындап…
– Кітап дейсің бе? Қандай кітап ол?
– «Құмырсқа тірлік» деген.
– Құмырсқа тірлік? Сенің сондай әңгімең бар емес пе?
– Иә, сол әңгіменің атымен атадым.
– Интересно! Менің де құмырсқа туралы өлеңім бар. Ертеректе жазғанмын. Кезінде өте жақсы пікір тудырып еді. Жылы қабылданған. Өзгеше бағытта жазылған өлең болатын.
Сол күні Қомшекең әдебиет, поэзия, шығармашылық жайлы біраз әңгіме айтты. Көптен жүздеспегендіктен бе, ақын шешіліп, ақтарылып, қызынып сөйледі. Сөйтіп отырып кеш түскенін байқамай қалыппыз. Бір кезде мен қайтуға ыңғайландым. 
Келгендегі негізгі шаруам біткен жоқ.
– Ертең кел, рекомендацияңды жазып берем, – деді ағай сыртқа шығып бара жатқанымда.
Ертеңіне  рөшкені өзіме ұстатып қойып, кепілдемені өзіме жазғызды. Төраға диктовка жасап, айтып отырды. 
– Ал, жолың болсын, Нескен. Тез апарып тапсыр. Сен Одаққа қалай да өтуің керек. Өзім де Нұрланға звондармын, – деді Қомшекең қағазды қолыма ұстатып тұрып.
– Рахмет, ағай, сау болыңыз!
Мен үйге қарай жаяу тарттым. Көңілім көтеріңкі. Бейне бір аяғыммен жерде жүріп емес, көк аспанда қалықтап ұшып келе жатқандаймын. Қос иығыма қанат біткендей.
Иә, сол жолы шынында менің қиял-құсыма, сана-сәулеме, көкірек-көзіме қанат бітіп еді. Қанаттандырған – жаны жомарт, жүрегі жаз, көңілі баладай, пейілі даладай, өзі әулиедей ақын ағаның бір ауыз жылы сөзі, жақсы ниеті. Ол кісі айтқандай, менің шығармаларым керемет, бір әңгімем бір романға татитындай емес, әрине. Әркім өз әлін өзі біледі ғой. Дейтұрсақ та, Қомшекеңнің туындыларым туралы айтқан сол пікірлері мені біразға, тіпті шырқау биікке көтерді. Өз-өзіме сенімімді нығайтты. Жазуға деген қызығушылығым кеміп, немқұрайлылық басып, босаңсып жүргенімде қайтадан ширығып, қуаттанып, қаламымды қолыма алдым. Ең бастысы – рухым көтерілді.
…Сарыала күзде бастығым Жағыппар Қарабала табан астынан өзіне шақырды. Жұмыс жағдайы шығар деп ойымда ештеңе жоқ, кабинетіне бардым. Есіктен ене бергенімде:
– Сүйінші, сүйінші!
– Құттықтаймыз! – деп әріптестерім бірінен соң бірі құшақтап, қолымды қысып дуылдап ала жөнелді. Орталарында ақын апамыз Қатира Жәленова. Бәрі мәз, мәре-сәре. Үстелдің үстінде кәмпит, пешеней. Мен не болғанын түсінбей, аң-таң болып тұрмын.
– Ал, ресми мойындалған, нағыз жазушы болуыңмен! – деді бір кезде Жағыппар.
– Иә, көптен күтіп жүрген арманың еді. Орындалды. Құтты болсын! – деді Айткүл.
– Осы жаңа ғана Алматыдағы ақын ағамыз Сейфолла Оспановпен хабарластым. Жазушылар одағына мүшелікке өтіпсің, сонан шашуымды алып, жеделдетіп жеттім, – деді Қатира кәмпиттерін маған қарай шашып.
Ақынның бұлай қуанатын жөні бар. Қомшекеңнен кейін «Сенің қалай да Жазушылар одағына өтуің керек» дегенді маған қайта-қайта айтып және оның жүзеге асуына бірден-бір атсалысқан қаламгер осы Қатира апам.
Сол ақжолтай хабарды естіп, қуанып, шаттанып тұрғанымда кенет көңілімді өкініштің қою бұлты торлады. Есіме Қомшабай ағай түсті. «Бұл жаңалық сәл бұрын ғана, бір-екі ай бұрын ғана болғанда ғой деп ойладым сонда. Ең әуелі сол кісіден, Одақтың мүшесі болуыма бірден-бір тілекші болған, ақын ағадан сүйінші сұрап қуантар едім».
Несібелі РАХМЕТ, 
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз