Жыласаң жыла, тарасын шерің…

916

1

Қара шаңырақ

Кіндікті ер туған жерін сағынады,


Сағынғанның белгілі сабылары.

Қазақ қана қасиет, кие тұтқан,


Бабалардың ол қара шаңырағы.

Өтер ғұмыр өлшеусіз дөңгеленіп,


Сонда да бақытты ойлап сөнбеді үміт.

Құрақ құрап анау жер анам отқан,


Жылап келгем, өкшеме шөңге кіріп.

Көпке тоймас ғұмыр ғой, азға налып,


Кенже қалса қара ошақ маздары анық.


Өтіп кеткен қалайша өкпек желдей,

Болмашыға таң қалар бозбалалық.

Уақыт арбап жылдардың жетегіне,


Сендірді өмір өткінші екеніне.


Мезгіл өтіп көктем де қайта келді,


Жыл құсындай ұя сап мекеніне.

Қалмай өмір көшінің күймесінен,


Қыр астым, қала кездім сый несібем.


Қара орманның қадірін ұқтым қайта,


Иісі сіңген әкемнің жейдесінен…

Бақ қайда, бақыт қайда дұрысында?!


Шамаң бар ма, тағдырмен жұлысуға?!


Бала күннің көзі әлі жәутеңдейді,


Ескі үйдің, ошағының бұрышында…

Бейуақыт

Арбалған сезім,тым аңқау жүрек,


Ақпанда қайта жан енді.

Жек көріп бəрін, ызадан күлед(і)


Кешіріп сосын, əлемді…

Сағындыр, сүйдір, аңсатсаң-аңсат!


Жарқ еткен сəуле жасын ба ең?


Жүректі суғап отырам кей сəт,


Жанардан аққан жасыңмен.

(Өмірді осы бекер-ақ сүйдім,)


Ғашықтар өткен арманда.


Сұлу періштем кезіктің неге?


Пенделер жүрер жалғанда.

Түндерде мұңлы,түстерде бірдей


«Түс – түлкі», теңе асылға.


Бермеген саған гүлдердің ылғи,


Жүремін таңдап қасында.

Жыласаң жыла, тарасын шерің


Түнгі ойлар азап таң келмей.


Тағдырды сөкпе таппасаң теңің.


Сағынба ешкімді дəл мендей…

Алтынбек Қыстаубаев

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<