Алыптың портреті

93

0

«Түсі игіден түңілме» дейді қазақ ата баласы. «Адамды түр-түсіне қарап күтіп алады, ақылына қарап шығарып салады» дейді орыс ағайын.  Сол түр-түс дегені адамның портреті болуы керек. Әдетте радио мен теледидарға сұхбат бермейтін, өзі жайлы жазылған шығармаларды бірде оқып, бірде оқымайтын Әбеңнің фотосуреттері көп, дегенмен, сол суреттердің көпшілігінен ағаның кейбіреулердей алға итініп, игі жақсының ортасында қасқиып отырғанын көре алмадық-ау. Ал портрет мәселесіне келсек… 
Жалпы студенттік рефераттар мен диссертацияларды қоспағанда, Әбең жайлы жазылған толыққанды көркем  шығарма жоқ. Өзі жайлы түсірілген бірнеше деректі фильмдердің жарыққа шығуына рұқсат бермей отырғаны тағы бар. Портрет мәселесіне келсек, оны суретші бауырлары Салахиддин  Айтбаев пен Қайырбай Зәкіров  салуы керек еді, олардың салған-салмағанын білмедім…
Ал енді қыл қаламмен де, бояулы қаламмен де емес, кәдімгі қара сөзбен салынған мына портретке қалай қарайсыз?
«…Оның ақылман адамдарға тән әде­мі бет-жүзінен, түптеп келгенде, ұлттық бел­гілерден гөрі зерделілік табы айқын байқалып тұрады. Оның көз жасының түсіндей ашық көз жанары уақыты түскірі өзі де байқамай, енді болмаса жалт беріп бостандыққа шығып кетеді-ау деп, жан-жағын тас қамау қоршап тастаған кәрі, кә-рі қасқырдың көз жанары секілді.
Оның бәрі-бәрін қалт етпей көріп тұра­тын көздері мен әлі күнге қуатын жоғалтпаған қайратты бұйра шаштары бір-біріне тіптен де үйлеспейді.
Маған уақыт ойынынан тыс­қары осындай адамдар ғана ана жақта жер бетіндегі тірлікке еш қатыссыз жаңа тіршілігін қайта жал­ғас­тыратын секілді сезіледі…»
Бүгінде орыс арасында абыройлы, қазақ арасында қадірлі Георгий Пряхин атты сыншы Әбең портретін осылай бейнелепті. Георгийдің жазған элегиясының аты да
жойқын:  «Гранит пен мрамор»  деп аталады.
Кім гранит, кім мрамор екенін кім
білсін, ал Әбеңнің түп бастауының нығыз екені анық.
Апырмай-ай, «ана жақта жер бетіндегі
тірлікке еш қатысы жоқ жаңа тіршілігін қайта жағас­тыратын секілді» деген сөзді
есту үшін кім, к-і-і-м болып тууымыз керек? Әрине, Әбең болып…
Менің қызылордалық жазушы ағам Айжарық
Сәдібек Әбең жайлы жазған элегиясында Әбеңе емес, ағасының  түп-тамыры­на деген қадір-қүрметін, тіптен
бар-ау перзенттік сағынышын жасыра алмайды. Өйткені өзі де сол ортада туып
өскен, өзі де ағасы секілді тегін таз емес қой, таз-тақырға, тас-тақырға
құнарлы шөп шықпайтынын білген соң айтатын шығар… Ендеше…
 
Әбең жасаған портрет
Әбеңнің өзі өмірі көрмеген, бірақ қазақ
қауымы жақсы танитын Нұрлан Әбдібек ақын Әбеңнің шығармаларындағы кейіп­кер
портретін қаузаған еңбек жазыпты. Балаң күніндегі сол еңбегінде Нұрпейісовті
әлем­дегі (иә, әлемдегі) теңдессіз порт­ретші ретінде бағалайды. Себе­бін
сұрғанымда: «Ол кісінің кітап­тарында келіп-кетіп жататын қосалқы кейіпкер бар
ма?.. Ол кісі жасаған адам портреті жадыңда жатталып қалмай ма?» деп, өзіме
дүрсе қоя бергені… Не айтам?
Әбең жайлы салиқалы сөзді сол Нұрлан
бауырыма қалдырып, ағаның көркем шығармадағы портрет жасау тәсіліне ораламын
ғой баяғы…
«…Қатты ойланатын бір нәрсе – образ
шым көк тастан қашап саландай, көз алдыңыздан кетпей, кесек тұлғасымен баттиып
тұрып алуы үшін анық, айқын порт­рет болуы керек. Сол романда жоқтың қасы» деп,
өзінің ең жақын достарының бірі Та­хауи Ахтановтың кейіпкер сомдау қолтаңбасын
сынай келіп: «Тым құрыса осыдан кейін кейіпкерлерінің портретін толықтыратын
басқа бір сипатын көре қап отырсаңыз екен-ау… Жоқ, болып-толғаны осы ғана.
Келер жолы да осыларды қайталап, қаһармандарының түр-тұлғасының басқа жақтарын
аңғартпай қояды. Тахауи адам жанын нәзік береді, кей жағдайда кісі көзі
шалмайтын елбіреген нәзік құбылыстарды езілдіріп беруге шебер-ақ. Сонымен бірге
қаһармандарының портретін бояуын қанықты­рып берсе, қандай тамаша болар еді!..»
(«Тұла бойы тұңғышы» 1970 жыл.)
Басқаларға осылай талап қоятын Әбеңнің
портретші ретіндегі шеберлігі оның көркем шығармаларынан ғана емес, сөйлеген
сөзінен, айтқан әңгімесінен, естеліктері мен мақалаларынан да айқын көрініп
тұрады.
«…Былайғы өмірде үлкен, ауыр денелі
кісінің бар тұлға­сында баяулық басым болатын. Жарқыраған кең маңдайдың төменгі
жағында, сәл нәрсені жақтырмай шытына қалатын салқын қабақ астында біртүрлі
мүлгігендей боп баяу ғана ашып-жұмып жүретін кішілеу қоңыр көзін сіз шабыт
тұтанғанда көрсеңіз. Не айтатыны бар, жазу столына отырып, қолына
қағаз-қарындаш ұстаса болғаны құдды алар аңын көрген мұздыбалақ қыранша
Мұқаңның көз жанары жайнап қоя беретін» (Ә. Нұрпеис. «Мұхтар Әуезов немесе
ұлылық үлгісі»)
Бұл Әбеңнің өзі «Мұхаңды мен аз білдім
деп те, көп білдім деп те айта алам» дейтін Әуезов портреті. Осы портретке
қарап (оқып емес, қарап) отырып Әбеңнің «Мұхтар жолы» деген роман жазбағанына
өкінесің. Ал өзі көп жылдар етене араласқан ағалары ше?
«Мұстафин жайшылықта жай ойлайды. Боз
кірпік астында ұдайы қалғып отыратын жасаурағыш көзін ашқаннан гөрі жұмғаны
көп… Бір ғажабы, былайғы кезде осы бір мейлінше ұстамды, сабырлы кісінің
творчествосында түлкіге салған қырандай бұрын қимылдайтын шалттық бар»  (Ә. Нұрпеис. «Возвышая наши святыни»)
«Ол кезде Мүсірепов жас еді, сымбатты
еді. Соғыстан соңғы жылдары нашар киінген адамдардың арасынан оның костюмдері
мен көйлектерінің мінсіздігі бізді ерекше таң қалдырды. Сыртқы әсемдігіне оның
сәл-пәл бәсеңдеу көрінер қимылы, қандай да бір жағдайда да шекара сақтауға
тырысатын өзін-өзі сыпайы ұстау үлгісі мен байыптылығы, түптеп келгенде, тек
өзіне ғана жарасар маңғаз қозғалысы қандай. Ал анда-санда дегенмен дәл есеппен
жасалар қимыл-қозғалысына майда  қоңыр
даусы жарасып-ақ тұратын» (Ә. Нұрпеис. «Возвышая наши святыни»)
Ал Әбеңнің көркем шығармаларына
келсек… Сәбит Оразбаевтың асқан таланты өмірге Әбең шығармасынан кейін екінші
рет келген Сүйеу шал мен халық аузында аңызға айналып кеткен Судыр Ахметті,
Сары Шаяны, Көткеншек Көшенді былай қойғанда, 
Әбеңнің Қарақатыны қандай! Сәулетші қауымның Әбе кейіпкерлерінің мүсінін
салуға құлшынып тұратыны бекер-бекер емес шығар. Сол ескерткіштің біреуі Ақтөбе
қаласында тұр, екіншісі – Қызылордада, үшін­шісі Шалқарда қойылмақ.
Өз басым Әбе кейіпкерлерінің мүсін
жобаларының бірнешеуімен таныспын. Сәулетші қашауы қанша дарынды дегенмен,
Әбеңнің қыл қаламына жете алмай жатыр-ау. Иә, иә, мынау – Кәлен… Менің Кәлен
көкем… «…ротмистр Рошаль аласа есіктен кіріп келе жатқан бұжыр қара, ірі
кісіге көз тоқтатты. Жалғыз бұлар емес, басқалар да алдындағы асын қоя сап,
мына бір түрі, түсі бөлек, зор бітімді жойпар кісіге жалт қарады. Ол бірақ
өзіне жан-жақтан анталап қараған үй толы кісілердің біріне назар салған жоқ.
Бет-аузын жүн басып, шаш өсіп, желкесіне түсіп кеткен. Үстіндегі киімдер де бір
түрлі. Қай киімі де өзінікі емес, басқа біреудің үстінен шешіп кигендей.
Бұтындағы шалбардың шолтиған балағы сіңірлі жуан сирағының тұсарлығын жабуға
жарамай, бура сан балтырдың бұлшық еттері жүрген-тұрғанда бұлт-бұлт ойнайды.
«О, ғажап! Мынау нағыз гладиатор ғой», – деді Рошаль зор денелі кісіден назар
айырмай отырып…
…Бұжыр қара Кәлен еді. Түрмеден қашып
шыққалы бір жеті. Сонан бері кісі-қара көзіне түспей, үнемі елсіз-сусыз
жерлермен жүріп, аштықтан әлі құрығасын, бұнда амалсыз бұрылып еді. Көше толған
әскер екен, енді мына офицерлерді көріп қорықса да, сырт өңін салмақты ұстады.
«Іші-сыртымды бірдей ғып тойып алайын, сосынғысын көре жатармын» – деп ойлады
да, алдына келген асты жапырып жеп жатыр еді, әлгінде Рошальдерге тиіскен екі
жігіт түрегелді. Шайқалақтап, аяқтарына әзер тұр. Қолтығынан сүйеген қыздардың
жанында тәлтіректеп кетіп бара жатқан-ды. Бұжыр қараның алдында босап қалған
ыдыстарға көзі түсті де, тұра қалды:
– Мәссаған! Азық-түлік неге құрып кетті
десем… әй, мына Гаргантюя…
– 
Гаргантюя, а-ха-ха!..
Кәлен басын көтермей, алдындағы асты іше
берді. Қыздарға сүйкімді бір қылығын көрсеткісі келді ме, қылжақ жігіттер
Кәленге тап берді.
– Әй, тамыр, тоқта!
Кәлен табақ түбінде қалған қол басындай
етті қарпып асады. Ет сіңір екен. Бұл кезде біраз ес жиған Кәлен ішкен астың
ақысын қалай төлеудің есебін таппай, шиқылдаған көк жасық сіңірді асықпай
шайнап отыра беріп еді, масаң жігіт:
– Мұның аузында бір қойдың еті бар, –
деп күлді де, Кәленді қыл өңештен қыса қойды. Әшейін ойнап тұрған шығар деп
ойлаған Кәлен қарсыласпап еді, жоқ, алқымынан алған қол өңешін сығып буындырып
бара жатқасын:
– Тамыр, қой енді, – деді Кәлен.
Қылжақбас жігіттер қарқ-қарқ күлді.
Кәленнің қара бұжыр беті қатты бұзылды. Ертеден бері көзінің қиығын айырмай
аңдысып отырған ақ офицерлер есінен шығып кеткен-ді; қылжақбас жігітті кеудеден
нұқып итеріп қап еді, ол серейіп құлап түсті. Жұрт тына қалды. Жігіттің мастығы
тарқап кетті. Бұжыр қараға бір өзінің әлі жетпесін байқағасын Кәленге енді
екеуі екі жақтан жабылып, бір-екі қол сілтеді. Оның ар жағында не боп, не
қойғанын жұрт байқамай да қалды. Кәлен шап беріп екі қолымен екеуін жағасынан
ұстады да, басын басына сүзістіріп, сарт еткізіп соқты да, итере тастады…
Кәлен енді өзінен ешкім ақша сұрай қоймас деп отырғанда, ішке әскерше киінген
екі қазақ жігіт кірді. Қолдарында мылтық. Кәлен қозғалмады.
– 
Айда, тұр, – деді олар келе сала.
– 
Қайда апарасыңдар?
 – 
Тексереміз.
– 
Әй, шырағым, мен бір ұзақ жолдан шаршап келе жатқан адаммын. Асымды
ішіп, кішкене әл жиып алайын.
– Сөзді қой. Неғып жүрген адамсың,
өзіңде документ бар ма?
– Орыс болмаса, қазақ өзін қағазға
түсіртіп, пагорнайлатып жата ма.
– Ақсақал, сөзді қой! Давай, документ, –
деп, қырсық қылғанда мына сары шая икемге келмей кіжіңдеп зықын ала бастады.
Кәлен енді кәйтерін білмей дағдарып қалды да, кенет аяқ астынан жадырады.
– Шортснам дейтін жерің еді, құдай қылса
кәйтесін. Докмент дедің ғой, сен өзің құлағыңды бері әкелші, – деді Кәлен.
– Ал, не айтасын? – деді шикіл сары.
Ұмтылып құлағын тоса берген-ді. Кәлен:
– Докмент пе саған керегі? Міне,
докмент! – деп, тырнағы өсіп кеткен күректей қолдың бас бармағын екі саусақ
арасынан шығарып, «мә, иіске!» дегендей мұрнына тоса қойды…» («Қан мен тер»
трилогиясынан).
 
Серік БАЙХОНОВ,
жазушы, Ахмет Байтұрсынов атындағы
Ұлттық сыйлықтың лауреаты
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз