ҚАЗАҚ ҚЫЗЫ

92

0

Ойпырмай, ойлы жанар қарашығы-ай,
Ақ маңдайға тұруын жарасып-ай.
Қаршықтан халқымның көзі қарап.
Шашқандай өн-бойынан дала шырай.
Сөзінен  суырылып ақыл, білім,
Қашқандай кеудеңдегі қапыл мұңың.
Көргенімді көркемдеп сөйлей алсаң,
Мен саған қарыздармын, ақындығым!
Тініне өрген өрнек гүлден шынар,
Жаннан жалқы өзі екен, түрден сыңар.
Жалт етіп бір-ақ рет қарағаны,
Жүз жігіттің түсіне кірген шығар.
Тағдырдан сыйың болса қалап алған,
Кеудеңде мұнан өткен бола ма арман.
Жүргенде жел үстімен қалқып барып,
Ақ мақта алақанға қона қалған.
Екі беті алмадай тұрып піскен,
Күлкісі гауһар тастай сынып түскен.
Таппайсың тал бойынан қылаудай мін,
Еріксіз айырады ырық-күштен.
Бекзаттық бояуына бойы қанық,
Орныға қалар көркі ойыңа нық.
Жүрегіммен көрер ем осы аруды,
Қос көзімді тастаса ойып алып.
Қылығы сіңіреді жаныңа нәр,
Бұрымы белдік сынды тағып алар,
Осындай перизатқа жолықпаған,
Пәндәуи тіршілігім адыра қал.
Дүйсенбек АЯШҰЛЫ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз