Биік парасат иесі

116

0

Биік парасат иесіТуған жерін, оның төл тарихын, әдеп-ғұрпы мен салт-дәстүрін, тілі мен ділін жан-тәнімен сүйіп бойына сіңірген, тәңір берген дарыны мен күш-жігерін тәуелсіз еліміздің, ұлтымыздың игілігіне арнаған, парасат-пайымы биік, болмысы бөлек қазақтың қабырғалы қаламгері Дүкенбай Досжан ағамыздың дүниеден озғанына да біраз уақыт болыпты.

Жылы жүзі мен сырбаз міне­зі көзден кетсе де көңілден кет­пес Дүкең ағамен соңғы кезде­су­леріміз өткен жазда Шымкент пен Түркістанда болғаны әлі көз ал­дымда, күні кеше сияқты көрі­неді.

Жыл сайын 15 тамыз күні Шым­қалада Шәмші скверін­де атақ­­ты сазгер Шәмші Қалдая­қов­тың туылған күніне арнап «Арыс жа­ғасында» атты ретрофестиваль өте­ді. Сол күні, яғни, 2013 жыл­дың 15 тамызында осы ән кешін та­машалауға Дүкенбай аға мен Сәуле жеңгей де келген екен. Осында кез­десіп, ән тыңдап, әңгімелесіп ұзақ отырдық. Қоштасарда Дүкең: «17 тамыз күні түскі сағат 13-00-де қа­сиетті Түркістан қаласында «Иса-1» тойханасында әкем мен анама арнап ас бермекшімін, міне шақыру қағазы, құранда бірге болсаң дұрыс болар еді. Көптен ойымда жүрген шаруа еді. Түркістан қасиетті қала, қазақтың терең тарихы осында. Менің туып-өскен жерім де Түркіс­танға жақын, мынау Қаратау бөк­те­рінде, Қызылорда облысы Жаңа­қорған ауданы Құланшы ауыл­ында. Бір жағы Шымкентке де алыс емес. Дүкенбай әке-шешесіне Түркістанда ас беріпті деген аты да бар» – деп толғана сөйлеп, маған шақыру билетін ұсынды.

17 тамыз күні Түркістанға ба­рып Дүкенбай ағаның әке-шеше­сіне арналған асқа қатыстық. Адам көп жиналыпты. Алматыдан, Ас­та­надан, Қызылорда, Шымкент қа­лалары мен аудандарынан келген қонақтар өте көп.

Асты Дүкенбай ағаның өзі ашып, әкесі мен анасы туралы 15 минуттық деректі фильм көрі­ніс­терін микрофон арқылы түсін­діріп тұрды.

Дүкең ағамыздың әкесі бір ұжым елді ашаршылықтан алып қа­лып, соғыстан кейінгі әлсіреген ау­ылдың тұрмысын көтеру үшін ат үстінен түспегенін, ат бапкері бо­лып, бәйге ат ұстағанын, жасы 87-ге келіп дүниеден озғанын, анасының белі бүгіліп бие сауып еңбектеніп, ел құрметіне бөленіп 100-ге ке­ліп, «Ел анасы» атанып қайтыс бол­ғанын тебіреніп, толғанып тұ­рып айтты. Ас барысында жақсы тілектер айтылып, құран аяттары оқылып, қоштасқан болатынбыз.

«Шіркін, бір кем дүние-ай» десеңізші. Сонда кім білген, тура бір айдан соң осы жылдың 17 қыркүйегі күні Астана қаласының Хазірет Сұлтан мешітінде Дүкеңнің дүниеден озуына байланысты ас бе­ріліп, дұға оқытылатынын. Алла Тағаланың бұйрығына, тағдырға не айтуға болады. Амал нешік, өзінің бірталай жоспарларын жүзеге асы­ра алмай, келместің кемесіне оты­рып, ортамыздан кетті де қалды!..

Дүкең ағамыз өмірде де, өнер­де де алдыңғы қатарда жүріп, на­ғыз толысқан шағында өмірден оз­ды. Оның талай жоспарлары, ой­ла­ған жобалары бар болғаны анық. Жазғандары аяқталмай, ой­ла­ғандары толық орындалмай, жоба­лары жазылмай қалғаны да белгілі.

Дүкенбай Досжанов Қазақ халқының терең тарихына әдебиет арқылы тұңғыш түрең салған, шығармалары ондаған тілдерге аударылып, ұлтымызды әлемге таныстырған, соңынан өлмейтұғын із қалдырған нар тұлға, сөз зергері еді.

Елдікті, тарихты, ұлтжанды­лық­ты тереңнен қозғап, өндіріп, жаз­ған, ойшыл да ізденімпаз ағамыз 11 роман, 20-дан астам повесть, 100-ге тарта әңгіме жазыпты, олар 76 кітап болып шығыпты.

Дүкең туындыларының таралы­мы ең көп және ең көп оқылатын жазушы. Оның ондаған шетел тіл­деріне аударылған еңбектерінің кө­лемі 9 миллион данаға жуық.

Дүкенбай ағамыз табиғатынан сезімтал, жаңалыққа жаны құмар, ізденгіш, не нәрсені үйренуге бейім, көп білуге құштар, дарынды, адамгершілік қасиеті жоғары, мейі­рімді, кез келген нәрсеге балаша қуа­натын еді. Ол көбіне ойдың үс­тінде жүретін, терең ойлап, терең­нен сөз қозғайтын, байыппен, бай­салдылықпен елдің, жердің жағ­­дайын, арғы-бергі тарихын, тағ­дырын жақсы білетін абзал аза­мат еді. Дүкең ақкөңіл, адамға сен­гіш, қақаң-сұқаңмен, өсек-аяң­мен ісі жоқ, ешкімнің көңілін қал­дырмайтын, біреудің алдын ке­сіп өтпейтін, асып-тасымайтын, жа­зу десе бәрін ұмытатын, жаны тын­байтын үлкен дарын иесі, қаламгер еді.

Дүкең ағамыздың әрбір шығар­масы әдеби ортаның сын тара­зы­сынан өтіп, оқырмандардың жо­ға­ры бағаларына ие болды. Бі­лім-парасаты биік, ой-зердесі те­рең жазушы, мемлекет және қо­­ғам қайраткері ретінде Дүкен­бай ағамыздың ұзақ жыл­дар бойы атқарған жемісті еңбе­­гі мем­лекет тарапынан жоға­ры ба­ғаланып Қазақстан Мемле­кет­тік сыйлығының және М.Әуе­зов атындағы Ұлттық сыйлық­тың лау­реаты, «Құрмет», «Пара­сат» ордендерінің, Ресей жазу­шы­ла­ры­ның М.Шолохов атындағы сый­лығының иегері болды. Оның есі­мі АҚШ-тың «Әдебиет пен өнер адамдары» энциклопедиясына ен­­ген. Түркістан қаласы мен Оты­рар және тағы басқа бірнеше аудан­дардың «Құрметті азаматы».

Дүкеңнің Тәуелсіз Қазақстан тарихында, мәдениеті мен
әдебие­тінде алатын орны ерекше. Дана Абай айтқандай «Өлді деуге бола ма,
айтыңдаршы, өлмейтұғын ар­тында сөз қалдырған» дегендей. Ар­тында терең ой мен
сөз қал­дырған Дүкенбай Досжанов аға­мыздың
аты еш уақытта өшпек емес, оның қарапайым, аяулы бей­несі ел есінде сақталады.
Қа­зақ әдебиетінің алтын қорына қо­сылған үздік шығармалары оқыр­мандармен
бірге жасай береді.

Қуаныш АЙТАХАНОВ,

ҚР
Парламенті Сенатының депутаты.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз