Әдебиеттің Ерен тұлғасы

88

0

Өткен ғасырдың 70 жылдары­ның орта тұсында, мектепте тарих­тан дәріс берген, халық арасында «Музей адам» аталып кеткен ұста­зым Асантай Әлімұлына сәлем бе­ре үйіне барып қалдым. Ақтөбе об­­лысында үш жылдай еңбек етіп қайтқан кезім. Елді, жерді, ел адамдарын сағына келгенмін, ар­са­лаңдай аулаға кіре, ағайға дау­ыстап сәлем бердім.

Жаз кезі, ауылда күн ыстық, оның үстіне біз өскен темір жол бе­кетінде тал да сирек, өйткені ағын су тұрмақ ауыз су да тап­шы­лау. Ауыл бойынша бір-ақ жер­­де те­міржолдың су колонкасы бар, күнара темір жолмен бір ва­гон су келіп тұрады. Ағайлар тұрғын үй­­дің көлеңкесіндегі нарға көрпе жайып, демалып, жайланып отыр екен. Қауқылдасып қалдық, төр­де сымбатты келген, отыздан ен­ді асқан жас жігіт отыр екен, аман-саулықтан соң таныстырды: жазу­шы Дүкенбай Досжанов – Оты­рар жайлы шығармалар жа­зып жүр, бо­лашағынан көп үміт күттіретін азамат деді. Асантай ағай шын мә­ніндегі шынайы тарихшы еді. Жаз бойы тапқан-таянғанын жаратып, Отырар қаласының орнында қазба жұмыстарымен айналысатын еді. Бір өзі – бір экспедицияның атқа­ратын істерін атқарып жүрді десем, аса көп жаңылыса қоймайтын шы­­ғармын. Аудан орталығында ашыл­­ған тарихи-этнографиялық му­­зейдің негізгі базасы Асантай ағай тапқан экспонаттар екеніне ха­­­лық куә, ел куә. Сондықтан ел ол кісіні «Музей адам» атап кеткен.

Сол ағай жас айырмашылығына қарамастан Дүкенбай Досжановпен аса бір қимас, ықылас ниетті сый­лас болып кетті. Себебі өз ісі­не бе­рілген еңбекқор адам, өзі тек­тес азаматты танығаны болар. Дү­кең­нің әдебиетке берілгендігін, тұла бойында туа біткен қасиет бар еке­нін, кез келген кісінің тө­­зім­­ділігі шыдас бермейтін еңбекқор­лығын сезген болуы керек. Араларында ағай­ынға бергісіз сыйластық, бір-бі­ріне деген риясыз сезім Асан­тай ағай дүниеден өткенше үзіл­ме­ге­ніне ел куә.

Дүкенбай Досжан ағаның шы­ғар­маларының әдеби құндылығына баға беру әдебиет сыншыларының үлесі, өйткені оған менің өрем же­те бермес.

Қазақша айтқанда «Көтере ал­май­­тын шоқпарды беліме бай­ла­­май-ақ қояйын». Өмір ғой, оның үс­тіне менің мамандығым құры­лыс­шы, құрылысшыларда қысы-жа­зы науқан. Науқан кезінде күн­ді күнге, түнді түнге ұрып деген­дей, тіптен үй көрмей кетеміз. Бұ­ны айтып отырғаны сол 70 жыл­дар­дағы таныстықты әрі қарай өрбіте ал­май қалғаным өкінішті-ақ, өзекті өртейді.

Тек 2002 жылдың қара күзінде Дүкеңнің 60 жылдығы аталып өтіп жатқанда іздеп Астанаға келдім. Ол кезде Отырар ауданының әкімі қызметіндемін. Ауыл ақсақалдары, ел арасының сөзін сөйлеп жүрген қариялар «Дүкенбай Отырардың бол­мысын ашуда, елдің елдігін, жер­­дің киелігін көрсетуде аз еңбек ет­кен жоқ. Етпеттеп жатып жазған шығармаларының шоқтығы биікте­рі­нің қатарынан Отырар туралы, Оты­­рардың тарихы, табиғаты, ел­дің салт-дәстүрлері, азаматтары ту­­ралы жазылған шығармалары ойып тұрып өз орнын алады».

«Ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ер қайдан шығады», –деген ел ағаларының ойы мені Астанаға жетеледі.

Астанада К.Байсейітова атын­­дағы опера және балет теат­рын­да кездесудегі халықтың ықы­ла­сы, әріп­тестерінің ізгі ниет­тері, за­ман­­дастарының Дүкең еңбек­те­рін жоғары бағалауы маған те­рең ой салды. Егерде халықты сүйе біл­сең, ұлттық рухыңды баға­лап, пай­ымдап көтере білсең, адам­зат баласынан келген қиянатты қа­­рым­та қайтармай қара нардай кө­тере білсең, елге еткен еңбегіңді міндет етпесең, халқың да сені алақанға са­лып аялап, құрметтейді екен-ау де­ген тұжырымға келдім.

Жиірек хабарлас болу 2007 жылы қызмет бабымен Астанаға кел­геннен кейін басталды. Әр-кез жиындарда кездесіп жүрдік, маң­­ғаз отырысы, қазақи қасиет аз сөйлеп, көп тыңдау, сөйлеп отыр­ған адамды зерделеп тыңдау, сол кісінің ішкі жан дүниесіне тере­ңірек үңіліп, оның болмысын зерттеу бай­қалып тұратын еді. Менің пай­­ым­дауымша, жазушы адам психо­логиясын сезіне отырып, жазып отыр­ған кейіпкерінің образына ене білуі, дүниеге сол кейіпкердің бол­мысымен қарай білуі, яғни әр­бір кейіпкердің дүниетанымын бес саусақтай сезінуі керек сияқ­ты. Ал Дүкең әрбір отырыста сон­да отырған адамдардан әрқайсысының мінезіне, өмірлік көзқарасына, жал­­пы адами болмысына мағына бе­­ріп, пайым жасап отыратындай, бо­­лашақ кейіпкерлерін іздеп оты­ра­тындай көрінетін. Мүмкін шын мә­нінде де солай шығар.

Ал Дүкенбай ағаның бір бақыты – өмірлік қосағы, жан-жарының да әдеби ортада өз орны бар, ақын, журналшы, жазушы болғаны да шығар. Себебі адам өмірінде та­бысқа жету үшін, әсіресе шы­ғар­­машылық адамдарының бойында­ғы таланты толыққанды ашылу үшін отбасының әсері өте маңыз­ды болады. Дүкеңнің ақадал жары Сәуле Мағазбекқызы өмірдің та­лай толқындарынан сүрінбей өт­кен, туабітті болмысымен шығар­машылық адамы. Жазушының жан дүниесін жақсы түсініп, талан­ты­ның ашы­луы­на барынша жағдай жасай біл­гені айдан анық.

«Тау алыстаған сайын биіктей түседі» дейді дана халық, сол айт­қандай Дүкенбай Досжан уақыт өт­кен сайын биіктей беретін қазақ әдебиетіндегі Ерен тұлға екені дә­лел­деуді қажет етпесе керек.

Шалатай Мырзахметов,

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз