ЕЛ ҚОРҒАҒАН ЕР ЖАЙЛЫ ТЫҢ ТУЫНДЫ

212

0

Жанқожа бабаның 240 жылдық тойы қарсаңында
шығармашылық топ мүше­лерінің жұмыстары жайлы айта кетуді жөн көріп
отырмыз. Бүгінде Жанқожа ба­ба туралы
«Наркескен» трилогиясы Ал­ма­тыда баспадан шығарылып, оқыр­ман­дарына жол
тартқалы әзір тұр. Трилогия авторы, жазушы, Қазақстан Жазушылар одағы мен
Авторлар қоғамының мүшесі, тарихшы, жазушы, аудармашы Әбдісаттар Оспанов 1941
жылы Арал ауданы, Ұялы ауылында дүниеге келген. Қазақ ССР Тарихи және мәдени
ескерткіштер қорғау қоғамы Орталық кеңесінде аға нұсқаушы, қоғамның Қызылорда
облыстық кеңесі төрағасының орынбасары, «Қайнар» бас­па­сында аға редактор,
республикалық кі­тап мұражайының, «Маржан», «Қоғам және қылмыс» ЖШС директоры
болған.

Ә.Оспановтың «Жанқожа батыр», «Хан Сырлыбай» тарихи
романдары, «Кәнеки, тілім, сөйлеші» (екі томдық), «Ұлағат сөзім ұрпаққа» атты
жыр жинақтары (араб әрпінен қазіргі әріпке түсіріп), «Өмір неткен тәтті
едің…» естелік-эссесі, «Адамдықтың арқалап ауыр жүгін…», «Адам! Қайда
барасың?!», «Кішкене» атты өлеңдер мен дастандар жинақтары жарық көрген.

Тарихи романның өзегі – Қоқан, Бұқара, Хиуа хандықтары
мен патшалық Ресейдің отарлық езгісіне қарсы шығып, ұлт-азаттық күресіне бар
өмірін арнаған, сол замандағы Ресей басқыншы­ла­ры­ның өздері мойындап, өз
саяси мақсаттарына пайдаланғысы келген соңғы дала батырларының бірі Жанқожа
Нұрмұхамедұлы және онымен тізе қоса
күрескен қаруластары: Ақтан Ақайұлы, Дабыл Бекшеұлы, Толыбай Мыңбайұлы,
Дәрменқұл ахун Қосымұлы, Бекарыстан би Амалдықұлы, Шабақ би, Есет Көтібарұлы,
Қы­зылбас палуан, Сырлыбай Шабақұлы, Бекмырза хан Әлдиұлы, Төремұрат жырау
Еспембетұлы сынды т.б. ерлердің батырлықтары, адалдық пен әділдік жолындағы
имандылық істері. Әсіресе, 62 жыл бойы адалдық пен ар жолында халық басын
біріктіре отырып, бір сәт те тыным таппаған Жанқожа батырдың күрес жолы, сол
жылдардағы халық басындағы ауыр тұрмысты
баяндап, Сыр өңірінің сонау XVIII ғасырдың жетпісінші жылдары мен XIX
ғасырдың елуінші жылдары ара­сындағы тарихын бүгінгі ұрпаққа жет­кізеді.

Осы жолда жазушы жарты ғасырдан астам саналы ғұмырын
сарп еткен. Нә­тижесінде – кешегіні көз майын тауыса зерттеп, бүгінгі ұрпаққа
жеткізе білуге талпынған құнды тарихи еңбек шыққан. Туынды автордың ізденіс
үстінде жинаған тарихи құжаттарына негізделген. Еңбектің құндылығы: «Алтау ала
болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деген халық пәлсапасы
трилогияның бүкіл өнбойында өріліп отырады. Қылышбай ханның басын Жанқожа балтасының шабуы «алтын көрсе
періште жолдан таядының» керінен, Жылқайдар бидің Тықы батырдың қолынан қапаста
қаза болуы, есер інілерінің ессіздігінен, ал Жанқожа бабаның қазасы, кейбір
батырлардың ел тағдырынан, өздерінің жалған намысын жоғары қоюынан болған
трагедия екендігі табиғи түрде жеткізілген. Жазушы, осы және трилогиядағы
азаттық жолындағы күресте, толып жатқан бұлардан да басқа сәтсіздікке тірелген
көптеген шиеленісті оқиғалардың барлығының арғы жағында, «қазақтың жауы –
қазақтардың өзі» – деген уәжді әдеби шеберлікпен дәлелдеп, ел билеудің, елдің
серкесі болудың жөні таққа, сәті түсіп қолы жеткен баққа, байлыққа мастану емес
екендігін естілердің есіне қайта-қайта түсіріп отырған. Романда, Қылышбай хан
өз әділетсіздігінен, бала Жанқожаның ұзын сапты айбалтасынан жарақат алады. Ұлт
дәстүрі бойынша ағасына қол көтергені үшін інінің құрбандыққа шалынуымен
аяқталуы тиіс. Бірақ әл үстінде жатқан Қылышбай хан өз үкіміне «…Қыран
қартайса, тырнағынан қалар, адам қартайса ақылынан танар деген. Мен ақылымды
атақ-мансапқа жеңдірген екенмін. …Жеңдірген емей немене, бүкіл Шектіге
әділдігі тараған Қылышбай, бүгін әділетсіздігі үшін жазасын баладан алып
отырса. Жау қолынан жазым болсам, арманда кеттім дер едім. Енді бүгін өлсем де,
армансызбын. От пен судан келген ажалдан санаулы адам өлер. Ту жығылса, тұтас
елден тұқым қалмас. …Әділдік туын көтерер, көш бастар бала дүниеге келген
екен, соған қуаныңдар. … Жанқожа сау тұрса, ел шетіне жау келмес.
…Әділетсіздігім үшін, бүгін маған сілтеген балтасы, ертең жауға қарсы
сілтенер. Аруағым риза болсын десеңдер, бетіне келмеңдер! Анталап тұрған дұшпан
көп, алауыз болып жүрмеңдер!» – деп жеткізіп, әл үстінде жатып Жанқожаға ақ
батасын береді. Романда осындай – елді өзінің алмастай өткір сөздерімен бастап
ұйыстыра білген Ысмайыл, Өтеген, Шабақ, Бекарыстан, Нұрбай, Шөже, Тәбекен
билері мен Қосым қожа әулиенің немересі Дәрменқұл ахун Әбжелұлы, Шаймағамбет
ишан, Төремұрат жырау мен қаралпақ Маман бидің
тапқырлықтары және оған керсінше жөнсіз шешімдерімен елге ылаң болып
тиген Хангелді батырдың, Құттық баласы Кенжеғұлдың шөбересі Мырзалыұлы Көлбай
бидің – Жаман мен Өтеген ұрпақтарының үгітіне еріп Жанқожаға ойластырған
қаскөйлігі, Бабажан сартты арқа тұтып,
ашу үстінде өз кінәсінен қапыда өлген Майданмен бірге туған Кежеғұлдың ұрпағы
Сырлыбайдың кегін алу мақсатымен Раманқұлдың өз туысы Ақмырза биді қол-аяғын
байлап, киімінің ішіне шым толтырып дарияға тастап өлтіруі сияқты іс-әрекеттері
суреттелген. Еңбектің тағы бір ерекшелігі, тарихи тұлғалар мен тарихи жер су
аттарының молдығы. Бұл зерттей бастаса, сайрап жатқан шежіре ретінде, өңір
тарихын толықтыра түсетін бай қазына екендігі сөзсіз. Сондай-ақ Қазақстандағы
ұлт-азаттық көтерілістерінің бірі, әрі 70 жыл бойы азаттық жолында ат арқасынан
түспеген батыр тұлға бейнесі сомдалған бірегей еңбекті Қазақ елі тарихының бір
бөлігі ретінде мектеп оқулығына енгізуге де болады. Бұдан ұтпасақ, ұтылмаймыз.
Ұрпақ рухани байи түседі.

Шарафадин
АЛТЫНБАЙҰЛЫ,

ҚР
Журналистер одағының мүшесі.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз