ЕРЕУІЛ АТПЕН ЕЛ ҚОРҒАҒАН

92

0

Кіші жүздің ханы Әбілқайыр сонау 1730 жылы-ақ Ресей
патшасына бодан бол­са да, одан кейін де Арал теңізі мен Сыр бойында орыс
әскерінің баса-көктеп билік құра бастаған кезінде, яғни, 1847 жылы Арал
бекінісі салынған уақытта Ре­сейге бағынды. Дегенмен, Сырдың тө­менгі ағысы мен
Қарақұм, Борсыққұмда көшіп-қонып жүрген кіші жүздің бір бөлігі Жанқожа батырдың
бастауымен біресе Хиуа ханының, бі­ресе Қоқан ханының шапқыншылығы мен жорығына
қарсы төтеп беріп, орыс­тардың билігіне мойын ұсынбаған. Зама­нында қаншама
жекпе-жек шай­қас­тарды басынан өткізіп, жеңіліп көр­меген Жанқожа батырдың
ерлігіне, қай­раттылығына, әділдігіне достары түгіл дұшпан жаулары да риза
болған.

Хиуа, Қоқан хандары, сол кездегі Орын­бор әскери
губернаторы мен айрық­ша Орынбор корпусының командирі, ин­фантерия генералы
Обручев, граф Пе­ровский сияқты орыс мемлекетінің өкіл­дері Жанқожа батырмен
санасып, есеп­тесіп отырған. Қазақтың соңғы ханы Кенесары Жанқожа батырмен
бірлесіп, қоқандықтарға қарсы соғысқан.

Қазақтың кейбір би, бай, сұлтан, бо­лыстары Ресей
патшасының ұлықтарына мол сыйлық беріп, ақ патшаның шапан, халат, грамоталарын
мәз болып алып жүрсе, Жанқожа орыс мемлекетінің берген әскери атағын да, жылына
та­ғайындаған екі жүз сом күмістей пұлын да (мың шапан келер еді) алмаған. Орыс
мемлекетінің алдау-арбауына көнбеген, сатылмаған. Алғашқы кезде орыс
ұлықтарымен жақсы қарым-қатынаста болған Жанқожа батырға кейіннен ақ патша
орнатқан жаңаша билік халықты кемсітумен, қанаумен болғандығы жү­ре­гіне
жазылмас жара салған. Халқын небір қанқұйлы дұшпандардан қорғай білген, еліне
пана болған Жанқожа осынау қорлыққа шыдай алмай, жасы сексеннен асса да,
сүйегінің асыл бекзат екенін көрсетіп, соңына бірнеше мыңдаған сарбаз ертіп,
ата жауымен арыстанша айқасты. Сайын даланың ұлы батыры, төбесінде бұлты бар
әулие Жанқожа осы шайқаста мерт болған.

Орыс зиялысы И.В.Аничков сол кезде-ақ Сыр бойына келіп,
өз еліне қарсы соғысқан атақты Жанқожа батыр жайлы деректер жинап, очерк жазып,
жоғарыдағыдай баға беріп, алғашқы рет 1894 жылы жарияланған. Бұл очерк қазақ
тіліне аударылған.

Он бес жасынан әділетсіздікке көнбей, сол әділдік үшін
өзінің жақын атасын, бір елдің ханын мерт қылған Жанқожа өле-өлгенше елдің
қамын ойлап өткен жан. Кенесарымен Созақты жаулап алатын жолы Жанқожа батыр қоқандықтарды
шауып, Кенесары ханға «бұқара халықты мазалап, ренжіте көр­ме” деп тілек
айтқаны осының дәлелі.

Заманында батырмен бірге болған Төремұрат, Мұсабай
жыраулардың жыр толғауларында шайқас оқиғалары, ба­тыр бейнесі көрініс тапқан.
Төремұрат жырау Созақ оқиғасын Кенесары хан алдында айтқанда, мынадай жыр
жолдары ұшырасады:

…Үш жүзден Жанқожа ағам аруағы асқан,

Жәкеңе айбаты асқан, кім таласқан?!.

Ал, Лұқпан Кенжеұлы жас батыр Жан­қожаның алғашқы
жекпе-жегін былайша өрнектеген:

…Тобылғы торы
астында,

Өзі он жеті
жасында,

Арғы атасы
Киікбай,

Нұрмұхаммедұлы
Жанқожа,

Шыға шапты
майданға.

Әлдеқалай болады
деп

Халқы күмән
қылғанда,

«Қайт!” дегенге
қайрылмай,

Ұмтылды бала
арланға.

Айқасып қалған
кезінде,

Айбалтамен
ұрғанда,

Жалаңдаған
Тықының,

Тұрмады жаны бұл
маңда.

Ақбоз аттың
саурынан

Аунады Тықы ақ
шаңға…

Ал, фольклорист
ақын Жөкей Шаңғытбаев былай жырлаған:

Заманында
Жанқожа ер,

Қадірлі болған
халқына,

Таңырқатып
талайды,

Жер жарылған
даңқына.

Дұшпанын қойдай
үркітіп,

Тау сілкінген
зарпына,

Жақынды-жатты
айырмай,

Бірдей болған
жалпыға,

Елін жауға
бермеген,

Биікке қолын
сермеген,

Қайраты сыймай
қанаға,

Әруағы өрлеген.

Талай дұшпан
торлаған,

Аламын деп
зорлаған

Қайратымен сонда
да,

Жетім лағын
алдырмай,

Жан-жағын жаудан
қорғаған.

Әділдікті
жақтаған,

Халқын қорғап
сақтаған.

Белгілі дұшпан
болмаса,

Бекерге қылыш
шаппаған.

Тар жерде талай
ерлік қып,

Халқының тұзын
ақтаған.

Естекбайұлы
Бұхарбай батырдың Жанқожа батырға арнауынан батыр ағасын қалай сыйлағанын
көреміз.

Алатаудың мен
қайттым ар жағынан,

Қамалады жау
дұшпан жан-жағымнан.

Тар жерде алып
шыққан тура ажалдан,

Ақ Жәке,
айналайын аруағыңнан…

Жанқожа батыр
туралы жазылған, айтылған жыр-толғаулардың кейбіреу­ле­­рінің түпнұсқалары
толық сақталмаса да, батыр туралы мағлұматтар оны қо­шеметтеп, дәріптеуге
жетерлік. Сон­дықтан, тарихи-танымдық туындыларды кейінгі ұрпаққа
насихаттаумен қатар, ерлігі мен даңқын халыққа жеткізетін белгілі шаралар
қажет.

Биылғы күзде
бабаға арналған үл­кен мерейтойлық шаралар өткізіледі. Жа­қында Жанқожа батыр
ескерткіші бой көтеретінін есітіп қуаныш құшағына бө­лендік. Көпшіліктің пікірі
ескеріле келе, батырдың ереулі аттың ерінде отырған ескерткішінің жаңа жобасы
жасалады деп есіттік. Ел қорғаған ердің қайсар бейнесі, қаһарман рухы
ұрпағымызға ұран, ұлтқа өнеге болмақ.

 

Әділхан
ЕРЖІГІТҰЛЫ,

Еркін АҚҚАЛИҰЛЫ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз