Ұлт мақтанышына айналған суреткер

119

0

Ұлт мақтанышына айналған суреткерҰлы даланың таудай тарихы мен көлдей терең көркемдігіне тұңғыш бо­лып
құдіретті қаламымен жол бас­та­ған, әлемдегі миллиондаған оқыр­ман­ға ұлтының
тарихын танытқан қа­­зақ тарихи прозасының хас шебері Дү­кенбай Досжанның
екінші өмірі бас­талғалы жыл толды.

Дүкеңнің ұшан-теңіз еңбегін, қа­жыр-қайратын,
жаратылысын замандас­тары үзеңгі қағысып бір жүргенде «Біз­дің мынау прогресс заманында Ба­льзакқа
біткен, Флоберге біткен қа­зымырлықпен – о жақ, бұ жағынан еш­теңе
қалмайтындай, әкесінің өші кет­кендей қаза түсіп, талдай отырып жа­затын
қазбагер қаламгер» (Әбіш Ке­кілбаев), «Қалам қасиетіне берілген жазу­шы» (Олжас
Сүлейменов), «Барынша ақ­көңіл, кеңқолтық. Баяғы қазақы мі­нез­дің көшінен
түсіп қалған жұрнақ секілді. Бүгінгі күннің қақаң-сұқа­ңымен де, өсек-аяңымен
де ісі жоқ. Кісіге жақсылық жасауға бей­­­ім, жапа шексе – көбіне адал­дық­­­тан,
аңқаулықтан жапа шегетін. Жан баласына жаман­дық тілемейтін. Еш­кімге залалы
жоқ, шуағы мол. Бар білетіні – жазған шығармасы. Еңбекқор, көп оқып, көп
тоқитын ғұлама» (М.Жол­дасбеков), «Әдебиеттiң тереңiне бел шеше тү­сiп, екi
тiзгiнге, бiрi көркемдiк, екiн­шiсi, даналық санаға қол артып, шығармашылық
деген шыңға өрмелеп бара жатқан жазушы» (Ғарифолла Есім), – деп бағалады.

«Жырлайтын уақыт келді ерлігіңді,

Өзің де биігіңді көр бүгінгі.

Ұлы деп жүргендердің ешқайсысынан

Тұрмын мен байқай алмай кемді­гіңді», – деп (Тұманбай
Молдағалиев) жырға қосты.

«Ол қазақты қараңғы деп үкім шы­ғарған кешегі
кеңестік кер заманның өзінде «Отырар», «Фараби», «Жібек жо­лы» шығармалары
арқылы ұлы да­ланың төсінде жұлдызды шаһарлар бол­ғанын, өркениет таңы дүниеге
шығыс­тан атқанын айдай әлемге әйгіледі.

Абай, Мұхтар бастаған алыптар­дың ғибратын тың
деректермен көм­ке­ріп, байыта зерделеді, қараңғы қа­пас­қа батырылып, аты
өшірілген арыс­тарымызды ақтау ісінде де алғы шеп­тен көрініп, нәубет құрбаны
бол­ған арыстарымызды қапас архив түк­пі­рінен аршып, жарыққа шығаруға қа­жырлылықпен
үлес қосты. Сол алып­тардай үш әріппен айқасып, архив құ­жаттарының шаңын
жұтып, түнектегі құпия құжаттарды жолын тауып, жас ұрпаққа жеткізе алды.

Желтоқсан оқиғасының ізі суымай жатып «Алаң» романы
арқылы отан­шыл жастардың темір жүйеге қарсы келген тегеурінді ерлігіне елден
бұ­рын баға беріп, қызыл жендеттердің опа­сыз, оспадар қылмысын бүкпе­сіз
әшкереледі. Бұл бағыттағы шығар­ма­шылық жеңістерге ол көздің майын шы­рақ етіп
жағып, жүректегі ыстық қа­нын буырқантып, жүйке жүйесін сымдай ширатып қару
етті, қаламын қылыш етті, сиясын ырыс етті.

Қазақ қауымының аталы тарихы мен баталы шежіресін
ғасырлар қой­науынан тірнектеп тауып, бүгінгі ұр­паққа ұластырған тарихи
прозаның ке­руенді көшін негіздеген санаулы саңлақ тұлғаның бірі ғана емес,
бірегей өкілі болды.

«Мұхтар жолы», «Абай айнасы», «Алыптың азабы»,
«Абақты» секілді деректі прозасы арқылы ол тұлғатану бағытына соны соқпақ
қалдырып, өзін тек қана жазушы емес, табанды да зерделі зерттеуші екенін зиялы
қауымға дәлелдей алды. Ана тілінің қаймағын да, қаспағын да, шүйгінін де,
шүйкесін де қалдырмай, құм санағандай мехнат­ты еңбекқорлықпен жүміле жұрттың
зердесіне ұялата жеткізіп, әдет-ғұ­рып, салт-дәстүрдің небір нәзік тал­мау­рын
тұстарын бүге-шігесіне дей­ін сарқа жазып, ұлттың болмыс-біті­мі­нің
көркем галереясын нәрлі де сән­ді тілмен сомдай алды. Тәуелсіз Қа­зақстанның
рухани-саяси өмірін, отан­шыл сана мен оған қарсы келетін ке­селді күштердің
тартысын «Ақ ор­да» романы арқылы кең масштабта сергектікпен, тағы да қаламдас
достарынан озып су­реттей алды.

Сыпа да сырбаз, эстет, біртоға, адам-қоғам-табиғат
категориясын көркемдік түйсікпен ғана сезініп көре білетін, ба­ғалап, бағамдайтын
аса қабілетті да­рын иесі қазақы мінез-құлықтың бай кенішін қара сөзбен
кестелеп, қазақ прозасының деңгейін озық өреге, әлем­дік тұрғы-тұғырға көтерген
нағыз кә­сіби жазушы болды(«Дала мен қала» 18 қыркүйек, 2013 жыл. ), –
деп жоқтады Дүкең өмірден өткен күні қазақ тілді бұқаралық ақпарат құралдары.

Дүкенбай Досжанның қаламынан көркем тілді 11 роман, 24
хикаят, 100-ден астам әңгіме, 7,7 миллион тиражбен оқырман қолына тиді. Оның кітаптары әлемнің
негізгі тілдеріне: атап айтқанда ағылшын,
орыс, қытай, неміс, мадияр, испан, жапон, пұштын, моңғол, укра­ин,
молдаван, тамиль т.б. тілдерге ау­да­рылған. Қаламгер 1974 жылы «Труд­ный шаг»
кітабы үшін «Молодая гвар­дия» баспасының «Қазіргі заманғы жақ­сы роман»
сыйлығын иеленді. 1988 жылы «Жібек жолы» романы үшін Ук­раинаның «Дінепро»
баспасының «Та­рихи тақырыптағы жақсы кітап» сый­лығын алды. Суреткердің есімі
АҚШ-тың «Әдебиет және өнер адамдары» энциклопедиясының 2-томына, «Ұлт­тық эн­циклопедияның»
3-томына, «Абай эн­циклопедиясына» енген.

1983 жылы Мәскеудің «Дружба народов» журналының
жазылым арқы­лы тарайтын қосымшасымен «Жібек жолы» романы мен бір топ
әңгімелері 300 мың таралыммен басылып шықты.

Ол көбіне тарихи және осы күнгі күйіп тұрған тақырыпты
қозғады. Сол еңбегіне қарай, Досжанның қандай заманда да оқырманы тұрақты, әрі
із­деп жүріп оқитын оқырмандары көп. Сондықтан Дүкенбай Досжан Қа­зақ­стандағы
оқырманы қисапсыз жазушы атанды.

Дүкең өмірден өткенде орыс тілді бұқаралық ақпарат
құралдары «Ушел из жизни «самый читаемый писатель» Казахстана Дукенбай Досжан», – деп тебіреніп қоштасып
жатты.

Рахмет, жанкешті жазушының ақ тер, көк тер еңбегін
бағалаған сол оқыр­манға!

Мұрағаттарда жастығы озған, қара сөзді қашап
денсаулығы тозған, «Мен айтпасам – кім
айтады!», – деп жазған дуалы ауыз, уәлі сөздің иесі, ұлтының жоқшысы болған
Дүкенбайды төбесіне көтерген сол оқырманның аты ХА­ЛЫҚ еді.

«Қазақтар кітап оқымайды», – деп өкпелеп жүретіндерді
де естіп жатамыз. Неге қазақ кітап оқымасын, егер онда оқуға тұратындай,
жүрекке қонатындай нәрселер болса. Кеңестер Одағы кезінде біздің қазақтар кітап
оқуды өнер санап, үйіне кітапхана жасауды мақсат тұтқан. Сол кезде Абайдан
бастап, қа­зақтың классик жазушыларымен қатар Тәкен Әлімқұлов, Асқар
Сүлейменов, Мұқағали Мақатаев, Шерхан Мұртаза, Әкім Тарази, Әбіш Кекілбаев, Мұх­тар
Мағауин, Сайын Мұратбеков, Дү­кенбай Досжан, Қадыр Мырзалиев пен Тұманбай
Молдағалиев, Фари­за Оңғарсынова мен Марфуға Айт­қо­жина сияқты алпысыншы-жет­пі­сін­­ші
жылдары қазақ әдебиетінің ал­тын ғасырына үлес қосқан ақын-жа­зушылардың шығармалары
керемет се­риялармен, том-том болып шығып, қаз­дай тізіліп қазақтардың төрінде
тұратын. Ұрпағын атадан қалған асыл сөз­бен өсірген қазақтар, балаларын қо­лына
қалам мен қағаз ұстағаннан кітап оқытып үйреткен.

Одақтағы он бес ел жеке шаңырақ көтеріп, алдымен
экономиканы өркен­детуді мақсат етіп қойғалы кітап жа­затындар да, оны
шығаратындар да азай­ғаны шындық. Ол тек Қазақстанда ға­на емес, баяғы бауыр
болып табы­латын елдердің бәрінің бас ауруы. Тәу­елсіздігі қаз-қаз тұрып, елі
әлі аш­ты-тоқты мемлекеттегі оқырман қо­лын­дағы тиын-тебенін алдымен азық алу­ға
жұмсайтыны заңды. Оларға өк­пелеуге де болмайтын еді түсінгенге. «Ақы­рын бер!»
деп отыратын атала­ры­мыз айтқандай, ақыры жаман емес, ел еңсесін жиғалы
кітапты із­деп оқитындар табылып жатыр. Қа­лам­­ақысы аз деп жазбайтындар бол­маса,
шын таланттар, жазбаса жүре ал­майтындар кітаптарын шамасы жет­кен­ше шығарып,
оқырмандарына ұсынуда. Таралымы аз болып қалың қазақтың қолына тимей жатқаны
мен оқуға тұ­ратыны, тұрмайтыны жайында әңгіме басқа…

Бүгінде жастарға да «Кітап оқы­май­ды!», – деп
ренжімейік. Олар үшін кітапты да, газет-журналды да ин­тернет ауыстырып бара
жатқанына да өкпелемейік. Жастар қолына кі­тап тисе оқиды, тек талғап оқиды. Ин­тернет
арқылы қазақ әдебиеті мен әлем әдебиетін оқып отыратынын әр отбасы өз баласынан
байқап жүр­міз. Дүкеңнің тәуелсіздіктен бергі жаз­ған шығармаларын интернеттен
оқып, «Меломан» сауда жүйесінің дү­кендерінде орыс тілінде де, қазақ ті­лінде
де көп тұрғызбай алып кетіп жүрген осы бүгінгі заманның жас оқырмандары. «Когда
я умирал» және «Терезенің жарығы» атты әңгімелер жинағын орысша «Самый читаемый
писатель», қазақша «Оқырманы қисап­сыз жазушы» сериясымен он мың тиражбен
шығарғанда да қаны жерге тамбаған.

«Біздің елімізде жазушы Дүкенбай Досжанды білмейтіндер
кемде-кем десек қателеспейміз. Тырнақалды әң­гімесін он бес жасында жариялаған,
со­дан бері өз оқырмандарына жүз­дің үстінде әңгіме, жиырмадан ас­там хикаят,
оннан астам роман ұсын­ған Дүкең қазақ әдебиетінің көсе­гесін кө­гертіп жүрген
қабырғалы қа­лам­гер­лердің бірі еді. Әлі де беретіні мол еді. Әттең, сұм ажал
арамыздан ер­те­рек алып кетті. Мемлекеттік сый­лық­тың және М.Әуезов атындағы
ұлт­­тық сыйлықтың иегері, есімі АҚШ-тың «Әде­биет және өнер адам­да­ры» эн­цик­лопедиясына,
Ұлттық жә­не Абай энциклопедияларына ен­геноның кі­тап­тары әлемнің
20-дан ас­там тіліне ау­дарылып, 7,7 млн. та­ралыммен ба­сылған.Ол біз­дің
елі­мізде­гі оқыр­маны ең көп жазу­­шы еді.

Қалың оқырман оның әр кітабын асыға күтетін,
әріптестері де осыған дейін кітаптан кітапқа көшіп, халықтың көңілінен шығып
жатқан көл-көсір дүниені төгіп-төгіп тастаған Дүкең енді не берер екен
дегендей, әр қадамын жіті қадағалап, шығармашылық табыс­тарына ортақтасып
отыратын. Белгілі қаламгер Герольд Бельгер: «Д.Досжан тақырыбы бейне домбыраның
қос ішегі секілді: бірі – қоңыр үнді көне тарихи оқиғалар тізбегі; келесісі –
ащы шындығымен құлаққа қытымыр, шы­ңылтыр естілетін қазіргі өмірдің өз үні», –
деп оның парасат-пайымына, аза­маттық ұстанымына тәнті екенін біл­дірсе,
қазіргі қазақ әдебиетінің көшін бастап келе жатқан заңғар жазушы Әбіш
Кекілбаев: «…жазушының су­рет­шілігі басым, сөздің ішіне түсіп жазатын қазбагер
жазушы», – деп оның тереңдігі мен шеберлігін дәріптейді, – дейді жазушы,
журналист Жарасбай Сүлейменов Дүкең өмірден өткен соң «Түркістан» (2014 ж. 9
ақпан) газетінде жазған «АЛМАС СЕЗІМ. Дүкенбай Дос­жан шығармасындағы махаббат
пен ғадауат» деген мақаласында.

Замандас қаламгерлері «Қазақ про­засының деңгейін озық
өреге, әлемдік тұғырға көтерген нағыз кәсіби жазушы болды», – деп баға
берген Дүкең ар­мансыз жазды ма? Оның айтпағаны, қаламына ілінбеген ой-арманы
бар ма еді? – деп кейде менен халқы жары әрі рухани серігі ретінде сұрайды.

Дүкеңді қазақ әдебиетіндегі өнім­ді жазатын жазушы, –
деп достары кө­термелесе, енді бір дарынсыздар «аз жазса да, саз жазу керек»
деп сыртынан тиісіп те жүретін. Жоғарыдағы оқыр­мандары берген бағасына
қарасаңыз «Досжан көп жазыпты ол көпірме», – деп ешкім айта алмайды.

Дүкенбайдың «Жусан мен гүлдер» жинағы 24000 таралыммен
24 жасында (1966 ж.) «Жазушы» баспасынан шық­қан!

Кітаптың алғашқы бетіндегі «Қым­батты оқушы! Осы
кітаптан алған әсе­рің жайлы пікіріңді жібер. Алматы қа­ласы, Коммунист
проспекті, 105 үй, «Жазушы» баспасы» деген ескертпені оқыған әр оқырманның
пікірімен бас­паны хат басып қалған. Ол хаттар өз ұл­тының тарихи туралы білуге
сусап жүрген Ұлы мәртебелі оқырмандардан келген болатын.

Жиырмаға жаңа жеткенде «Оты­рар» повесін жазды. Оны
сол кездегі ең таралымы жоғары, кез келген мақаланы баса бермейтін – «Лениншіл жас» газеті апта бойы үзбей басып,
оқырмандардың ризашылығына бөленді. Жас талапкерді ұлты таныды!

Досжановты ұлтының тарихи про­за­сының негізін салу бақытына ие
еткен оның бойындағы жан таптырмай, ой
түс­се болды тұлпардай тықыршытып, жаз­басына қоймайтын ерен таланты еді.

Көп сөйлемейтін, томаға-тұйық боз­баланың керемет
ізденгіштік, құйма құ­лақтық, мықты
зерде, төзімділік си­яқ­ты өз тұрғыластарынан өзгешелігі бо­латын. Сабақтан
босай сала орталық кітапханаға жүгіріп, түстігіне сұйық сор­па ішіп алып, кітап
теңізіне сүңги ке­тетін. Өзінің әзілдеп айтатыны бар, «мен кітапханаға қонып,
мұрағаттарға түнеп тарих қопарып жүргенде бірге оқи­тын әдемі қыздардың бәрін
еті тірі, өнерлі жігіттер алып кетіпті», – деп.

Қаратаудың қойнауындағы ауыл­ын­да қатарластарымен
бірге штанга кө­тергені болмаса, спортпен де ай­на­лыспаған. Алпысыншы жылғы
жас­тар­дың кумирі болған Радж Капур түс­кен ғажайып үнді киноларын да та­машаламаған.
Тіпті, сол заманның ке­реметі опера және балет театрына да бармаған. Би
кештерінде табан тоздыру түгілі, жастардың ойын-сауық кештері дегеннен
уақытымды алады деп аулақ жүрген. Шахматты мектепте жақсы білген, аудандық,
облыс көлемінде жа­рыстарға қатысып
жүргенімен студент болған соң оны да тастап кеткен.

Күллі қызықтан безіндіріп, мұра­ғат­тан мұрағат
жағалатып, тарих оны өз тереңіне тарта берген…тарта берген.

Сол жиырма мен отыздың арасында ұлтының тарихын
тірілтіп, өзге өрке­ниетті елдер секілді – қазақ ұлы өзен­дердің бойына Отырар,
Сығанақ, Жент, Сұяб, Баласағын, Ортасағын, Бас­сағын, Қимақ, Бұзоқ секілді
бекініс, қа­ла салған деп мақалалар жазды. Өр­кениетті жапон, қытай, ағылшын
секілді қазақтың да өзге ұлттарға ұқсамайтын салт-дәстүрін ұлықтап Шабандоз,
Көк­пар, Қымыз, Бастаңғы, Екі дүние есігі, Күміс керуен атты көркем әңгіме, хи­каяттар
тудырды.

Сол бастағаннан жарты ғасыр­дан астам өмірін іздену
менжа­зу­ға жұм­сады. Қатарластарымен кар­­та да ойнамаған. Кейде бір қат­ты
шар­шағанда болмаса кино да қара­майтын. Шақырған қонақтыққа да ба­ра
бермейтін. Тіпті отбасында артық сөй­леп, әзіл де айтпайтын Дүкең бар саналы
ғұмырын қазақ әдебиетіне арнады. Ел­ге шығып, ауылдағы шешендер мен
шежірешілерді, тарихты терең білетін қарияларды тыңдап қайтатын. Ойына алғанды
терең зерттеп жазып, көп оқып, тіл шеберлігін жетілдіріп отыратын. Екеуміздің
илегеніміз бір терінің пұш­пағы болған соң, кейде жұмыста бір нәрсені бастай
алмай отырсам, кеңес сұрайтынмын. Сонда ол маған керек деген автордың аты жөні,
кітаптың аты түгілі сол кітаптың қай жерінде маған керек нәрсе барын шамалап
айтып бе­ретін. Оның зердесіне, оқығанын тоқып алатын санасына мен таңғалатынмын.

Дүкенбай Досжанов өткен ғасыр­дағы алпысыншы жылдардың
басында Кеңестер одағының лидері Хрущевтің пәрменімен Қазақстанды «Батыс Қазақ­стан
өлкесі», «Орталық Қазақстан өл­кесі», «Оңтүстік Қазақстан өлкесі» деп Ресей
федерациясының құрамдас бөлшегі етіп жіберуді көздеген қиын кезеңде досы Сұлтан
Оразалин екеуі Алматыда жасырын листовка
– үнқа­ғаз таратып, үндеместер соңына түсіп, ұстап алған. Сұр үйге апарып, жау­ап­қа
алады. Жігіттердің жігерін жа­сытатындай, енді қайтып ұлтына жоқ­шы
болмайтындай әрекеттер жасайды. Сон­да да жасымай, тарихты әрі қа­рай қаза
берді, қаза берді. Естігенін, жәдігерлерден жиғанын тереңдетіп жаза берді, жаза
берді…

1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі жайлы «Алаң»
жарыққа шыққанда – қа­зақтың ұлын ұрып, қызын сүйреп жұлдызын жоғарылатқан милиция май­о­ры:
«Кітабыңа кейіпкер етіпсің, бала-шағаңмен қырып кетем!» – деп телефон террорын
жасағанда да ешкімге ша­ғын­бай, қорықпай, төзіп жүріп шы­ғармаларын жалғастыра
берді.

Кеңестер одағы ыдырамай тұрған­да, тәуелсіздіктен көп
бұрын, 60 жыл бойына жабық болып келген Ұлттық қауіпсіздік комитетінің
мұрағатына сол кездегі Жазушылар одағының басшысы Олжас Сүлейменовтің көмегімен
ал­ғаш еніп, Алаш арыстарының тер­геу, хаттама құжаттарын көтеріп «Абақ­тыны»
жазды. Дүкеңе дейін де, одан кейін де ҰҚК мұрағатына енген кісілер болған.
Соның ішінде Әуезовтің, Ай­мауытовтың тергеу хаттамасын, үнде­местерге жазған
түсініктемесін, үштік үкімін алғаш жарыққа шығарып, ұлтына ұсынған Дүкенбай
Досжан болды!

Ұлтқа қызмет деп осыларды айтар­мыз бәлкім. Қазаққа
болсын деген адал­дық осы шығар!

Қайтсем халқымның тарихын келер ұрпаққа жеткізем,
қайтсем бүгінгіден де тереңдеу зерттеп, анықтау жазам, қайтсем бүгінгіден де
алыстау ойлап, көргенімді көркем бояуымен
жеткізем деп көзінің майын қалам мен қағазға сарқып, мұрағаттар мен
кітапханаларды ақтарып, жанын қаламның ұшына түйіп, өз жазғанына өзі разы
болмай, «мен айтпасам кім айтады» деп ғұмыр кешіп жүріп өмірден өтсе де
Дүкенбайды ар­ман­сыз жазды деп айтпас едім. Оның арманы орындалғандарынан көп
бо­ла­­тын. Қатты шаршап тұрғанын не ауы­рып тұрғанын байқап, «Дүке, бір айдай
дем алсаңызшы. Тағы бірнәрсені бастағансыз ба?», – деп жанашырлық та­нытсам:
«Маған 80 жасқа келуге кім кепілдік береді. Сондықтан үлгеріп қалуым керек. Әлі
қанша атқаратын ісім бар. Ұлттың тарихы енді ғана ақтарыла, енді ғана жазыла
бастады. Мыналарды мен жазбасам кім жазады?», – деп том-том болып үйіліп тұрған
мұрағаттық пәпкілерді көрсететін.

Дүкеңнің шығармаларын иемденіп кететіндер де болатын.
Соның бірі ке­зінде халық қызыға көрген Ардақ Әмір­құловтың «Отырардың күйреуі»
киносы түгелдей Д.Досжанның шығармасы бой­ынша түсірілген. Бірақ та еш жерде ав­тор
ретінде аты-жөні аталмаған. Оны Дүкең білсе де уақыт өзі дәлелдейді деп жүре беретін.
«Отырардың күйреуі» Дүкенбай Досжановтың еңбегі екенін ол өмірден өткенде халықтың бұқаралық ақпарат құралдары арқылы
жоқтауында айтылды. Уақыт өзі дәлелдегені осы шығар..

Досжанұлы Дүкенбай ХХI ғасыр нарық заманының
кейіпкерлерін сом­дап жүрген бірден-бір қаламгер еді. 2002 жылы Астанаға көшіп келуіне бай­ланысты
жазушының екінші тынысы ашылды.

Сол жылдары жазған «Дала гла­диаторлары» мен
Тәуелсіздігіміздің та­ри­хын көркем кестелеген «Ақ Орда» («Елорда» баспасы,
2005 жыл) романын оқырмандар жылы қабылдады. «Аста­на­ның бас архитекторы»
деректі хи­каяты «Роман-газета» (2007 жыл) ба­сылымына шығып, орыс тілді оқыр­ман­ның
игілігіне айналды.

«Алматы ақшамы» газетінің тілшісі: «Қазіргі көзі тірі
прозашыларды сапқа тізсе – өзіңізді қай орынға лайықпын дер едіңіз», – деп
жазушыны сөзге тарт­ты. Дүкенбай Досжан: «Жалықпай із­дену, дүниені суретпен
көру, жаңаша ой айту жағынан алдыма Кекілбаевты, Мағауинді ғана саламын, өзімді
үшінші орынға қояр едім», – деп жауап берді («Ал­маты ақшамы», №46, 2005 жыл, 21
сәуір). Жазушының осы сөзінің шын­дық екенін оның шағармаларын сүйіп оқитын Ұлы
мәртебелі оқырманы жақсы біледі.

Дүкенбай Досжанның лексика­сы мен қара сөзіндегі адам
феноме­нін қарастырған кандидаттық диссерта­ция­лар қорғалды. Сәуле
Сейденованың «Судьба писателя» (2008), Алпыс­бай Мұсаевтің «Д.Досжан шығарма­ларының
көркемдік көкжиегі» (2011) деген монографиялары жарық көрді. Хамза Көктәндінің
жазушы туралы «Ой гладиаторы» (2005) кітабы шықты.

Сәуле ДОСЖАНОВА.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз